Қазақта «Елу жылда ел жаңа, жүз жылда қазан» деген тәмсіл бар. Бұдан шығаратын қорытынды – қоғам әрдайым өзгеріп отырады. Ел жаңарады, билік өзгереді, адамдардың ой-санасы биіктейді.
Бүгіндері елімізде отыз жылдан аса билік тізгінін қолына ұстаған Назарбаев дәуірі қыр асып, «Жаңа Қазақстан» құруға талпынған жаңа жүйе қалыптаса бастады. Жаманнан жиреніп, жақсыдан үйренетін кез келді. Жасыратыны жоқ, «ескілікті аңсаушылар» әлі күнге бар. Әсіресе әлеуметтік желіде қоғамдық пікір қалыптастыруға тырысып жүргендер қарасы аз емес. Осы орайда Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапидың ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Ермек Сағымбаевқа, Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваға әлеуметтік желілердегі ақпараттық шабуылға қатысты депутаттық сауал жолдағанын айта кеткен жөн. Онда ол Ескі Қазақстанды аңсаушылар желіде үгіт-насихат жүргізіп, қоғамдық санаға іріткі салып жүргенін айтып, үндеу жасады.
Депутат Ермұрат Бапи, депутаттық сауалында ең әуелі, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзін еске салып, желідегі «әдемі өмірдің» қандай екенін айтып берді.
«Қасым-Жомарт Тоқаев ауылшаруашылығы еңбеккерлерінің бірінші форумында «Бүгінде әлеуметтік желілердегі әдемі өмір мен «сәтті жетістік» деп аталатын агрессивті жарнама адамдарда бәріне қол жеткізу оңай және қарапайым деген ой тудырады. Кейбір жастар осыған сеніп, қымбат уақыттарын босқа өткізеді. Шыны керек, кез келген жетістіктің артында тынымсыз еңбек жатыр» деді. Міне, осы «сәтті жетістік» бүгінде қоғамдық пікірге, ықпал ету саясатына ауыз сала бастады», – деді Ермұрат Бапи.
Ермұраттың Бапидің айтуынша, таяуда әлеуметтік желілер арқылы Парламент сенатының бұрынғы басшысы Дариға Назарбаеваны жер-көкке сыйдырмай мақтаған видео тараған.
«Әлбетте, тақырыпқа желеу болған персонаждың басқалардан адами артықшылығы болса, оған мүлдем дау жоқ. Бірақ, бұл адам Дариға ханым... Кешегі елдегі екінші басшы ретінде жоғары саяси лауазымды адам болғанын ұмытпауы керек. Сондықтан мұны бұрынғы саяси режимнің артықшылығын дәріптеуге арналған, қоғамдық санаға сіңірілмек саяси манипуляция деп қабылдау керек. Әсіресе қазақ қоғамына. Іріткі салуға астыртын бағытталған, «ескіні» аңсау үрдісі сипат ала бастаған сияқты. Желі арқылы тарап жатқан мұндай манипуляцияға, Жаңа Қазақстанды саяси жік-жікке бөлу, өш алу, есе қайтару, қайтып келу әлпетін сезіну қиын болмаса керек», – деп түсіндірді депутат.
Депутат Қаңтар оқиғасындағы қантөгіске тікелей қатысы бар теріс діни ағым иелері ендігі жерде қоғамның саяси санасына қиқым салуға белсенді түрде кірісіп жатқанын мысалға келтіруді де ұмытпапты.
«Бұған «сәтті жетістікке» жеткендер мұрындық болып отыр. Қаңтар кезінде қашып кеткендер, қазір біртіндеп оралып жатыр. Енді олар ел ішіне ұлттық мұра мен салт-санаға қарсы идеологияны үйіріп, реваншистік саясатты қоғамға сіңіруге қам жасап жатыр. Мақсат – онсызда әзірге ала-құла қоғамға әлеуметтік протестік теңсеріспен толқулар тудыру. Таралымы, оқырманы миллионға жуық желілерге, ресурстарға қаржылай көмек беру арқылы оларды өз бауырларына басып, ашық платформалар арқылы ашық саяси теңселістер тудыруға ниетті», – деді мәжілісмен.
Елді жік-жікке бөлу жақсы нәрсе емес. Өткенді аңсап, бүгінгі жүйеге тас атуда ауыр сын. Иә, бүгінгі Үкімет басында отырғандардың көбі «Ескі Қазақстанның» түлектері. Бірақ олардың «Жаңа Қазақстан» құруға деген талпыныстары – құптауға тұрарлық. Себебі бұрынғы жіберген қателіктерді түзеуге, өткеннен сабақ алуға таптырмас мүмкіндік туып тұр. Тек сөз бен іс жарасым тапса болғаны.
Ел қазынасын әлдекімдер қашанғы иеленеді?
Мәжілістегі Үкімет сағатында депутат Ермұрат Бапи қазақтың ұлан-асыр байлығы ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетіп жатқанын айтып тағы да дабыл қақты.
Депутаттың сөзінше, бұрынғы билік тұсында жердің үстінде сатылмаған дүние қалмаған. Астының да қазынасы таусылуға айналған. Не істеу керек? Ең сорақысы, Жаңа Қазақстан құруға билік жанталасып жатқанда олигархтар әлі де жер астындағы байлықтан дәмелі көрінеді.
«Елдің иесі – билік, жердің иесі – қазақ» деген тәмсіл бар. Билік бүгін келеді, классикалық вариант бойынша ертең кетуі керек. Ал қазақ пен оның жері мәңгілік қалады. Бұрынғы билік жердің үстін сатып бітірді. Жер үстіндегі басқа байлықты айтпағанда, ауылдағы қазақтың азын-аулақ малын бағатын жер қалмады. Енді, міне, жаңа биліктің заманында жекелеген ескі олигархтар жердің астын, қазба байлықты сатуды әлі де жалғастырып жатыр деген деректер бар», – деді ол.
Депутаттың қолында үлкен факт бар секілді. Соған сүйеніп отырғаны байқалады. Оған дәлел IСIJ журналистердің халықаралық тексеру консорциумының зерттеулерінен деректер келтірді. Дерекке сүйенсек, Қазақстанның мұнайы мен мұнай өнімдерін шетелдерде тіркелген әртүрлі компаниялар сыртқы нарықта сатуда.
«Халықтық меншік саналатын пайдалы қазба өнімдерінің экспортына неге әлдебір, түсініксіз субъектілер ие болуы керек? Мәселен, қазақ мұнайын әлемдік нарықта саудалайтын ең ірі Vitol компаниясы Швейцарияда тіркелген. «ҚазМұнайГаз» трейдинг компаниясы да Швейцарияның резиденті. «Теңізшевройл» өндіретін теңіздің мұнайын Нидерланд елінде тіркелген «ҚазМұнайГаз» финанс трейдері саудаға шығарады. Қашағанның мұнайын бірнеше шетелдік трейдинг саудалайды», – деді ол.
Мәжіліс депутаты шетелдерде тіркелген, ішкі нарық пен әлемдік баға арасындағы мұнайдың маржасынан түскен пайданың қызығын көріп отырған ондаған шетелдік компания барын жеткізді. Ол бұл мәселеге Тимур Құлыбаевтың қандай қатысы барын да айтты.
«IСIJ консорциумының зерттеуіне қарағанда Vitol сауда трейдерлік компаниясының иесі – аты-жөні әйгілі олигарх Тимур Құлыбаев. Оның 22 шет мемлекетте 200-ден аса компаниясы және Тимур мен оның командасына тиесілі компаниялары бар. Тойым керек, қанағат керек. Болашақ қазаққа да, халыққа да бірдеңе қалдыру керек қой», – деді ол.
Ермұрат Бапидің сөзінше, Қазақстанның мұнайы шекараға дейін ішкі нарықтың бағасымен сатылады да, шекарадан әрі әлемдік баға бойынша саудаланады. Депутат осы тұста мұнайды сататын ұлттық оператор құру керек деген пікірде.
«Екі аралықтағы маржа офшорларда, шетелдік банктерде шөгіп қалады. Бұл екі арада биыл біздің ел тартқан табиғи апаттан мемлекеттік бюджет орасан зор тапшылыққа тап болды, енді елдің әлеуметтік сұранысын өтеу үшін ұлттық қорға қол салдық. Тіпті бюджеттің жыртығын жамау үшін шетелдік банктерден несие алып, еліміздің сыртқы қарызын тағы еселей түстік. Біз осындай әділетсіз және қазақ үшін қиянатты саудадан әлдекімдерді қисапсыз байытып отырмыз. Осы жолда бірегей оператор құру мәселесін шешуіміз керек деп ойлаймын. Бір парадокс: бізде мұнай өндіретін ұлттық компания бар, мұнайды тасымалдайтын ұлттық компания бар, ал мұнайды саудалайтын бірегей ұлттық оператор неге болмауы керек? Үкіметтің тарапынан ұсыныс болса, ұлттық оператор құру жөніндегі ұсыныстарды Парламент қарап, заңдастырып береді деген сенімдемін», – деді депутат.
PS: Депутаттың осы екі сауалына билік тарапынан берілетін жауапқа халық алаңдап отыр. Себебі «Ескі Қазақстанда» жалпақшешейлік көп еді. Астарлап, бипаздап айтылатын сауалдардың өзіне құзырлы органдар Ақорданың нұсқауымен, қаласа жауап беретін, қаламаса «жабулы қазанды жабулы күйінде» қалдыратын. Қазір заман басқа. «Жаңа Қазақстан». Олай болса, жаңа ойларға, жаңа идеяларға, тың бастамаларға, ащы жанайқайларға жауап берілуі тиіс. «Жаңа Қазақстан» сонысымен Жаңа Қазақстан емес пе?!