Діни мәселелерден адасу – тәуелсіздігіне қатер төндіреді

Діни мәселелерден адасу –  тәуелсіздігіне қатер төндіреді

Өңмеңдеп төрге шыққан діни ағымдарды әкелген кім?

 Өздерін «сәлафит» атайтындардың «қожайындары» билікте отыр деген де ақпарат та аракідік айтылып қалады. Оның ақ-қарасын заң орындары анықтар,  біздің мақал: еліміздегі ислам дінінің атын жамылып, өздерінің идеологиясын тықпалап жатқандар туралы болмақ.

Иә, қай қоғамда да діннің алатын орны айтарлықтай. «Дін – апиын» деген кешегі кеңестік кезеңде де ата буын дәстүрлі дінімізден қол үзіп, намазға жығылудан немесе дінмен байланысты берік орныққан әдет-ғұрыптардан жаңылған емес. Қазіргі жағдай сәл өзгешерек. Қуанарлығы – жастарымыздың имандылыққа бет бұра бастауы. Өкінерлігі – мұсылмандыққа жат басқаша көзқарас-ұстанымдардың пайда болуы. 

Өткенді саралай келе байқағанымыз, бағамдағанымыз қоғамға діни тұрғыдан жіктелу аса қауіпті екендігі. Оған көзіміз де жете бастады. Халифат құрамыз деп ұрандаған ат төбеліндей топтың алдауына еріп, алыс-жақын елдердегі жекелеген топтардың мүдделерінен туындаған ойынның құрбаны болып, басқа елдерде орын алып отырған қарулы қақтығыстарға қатысу ниетімен елден кеткен кей жастарымыз біз үшін жоғалған ұрпақ. Әрине, қайта оралғандарын дұрыс жолға салу ісі жүріп жатыр.  Бірақ жағдай өте күрделі. Санасы уланған  жастарды жаңа бағытқа, ұлттық болмысқа әкелу ұзақ үдеріс екені даусыз.  «Адасқанның айыбы жоқ, қайтіп үйірін тапқан соң» деген тәмсіл бұл жерге жүрмейді. Діни таным мүлде бөлек дүние...

Оларды біржақты кінәлай  берген де дұрыс болмас. Бәлкім, кейбірі тұрмыстық, әлеуметтік сипаттағы ауыр жағдайдан қиналып, ақша керек болған соң, теріс ағымдардың алдап құрған торына түскен шығар. Олай болса билік елдегі әлеуметтік мәселеге жіті назар аударып, әсіресе жастар саясатына мұқият болғаны дұрыс. Алып-ұшқан, еліктегіш жастарды әлеуметтік тұрғыдан ынталандырып, қолдап-қуаттап отыру да уақыт талабы!

Қалай ақтасақ та, ұлттық болмыстан ажырау – үлкен қасірет! «Әр қазақ менің жалғызым» дейтін халқымыз үшін орны толмас өкініш! Жалпы, өзге елде қолдарына қару алып, соғысып жүргендер қандай күнә арқалап жүргендерін біле ме екен?! Отанын қорғаса шейіт болар еді. Алайда, олар не үшін, кім үшін соғысып жатқандарын өздері де білмейді. Өзгенің жерінде, бөтен елде жүр. Біреулердің халифат болу дейтін пендешілік ойыны мен мақсатына құрбан болып, ақша үшін солардың сойылын соғуда. Осы мәселені жастарға дұрыстап түсіндіру – әрбір білікті, білімді азаматтың ұлт алдындағы міндеті! Оларды қудалай жөнелуге де болмайды. Сабырмен ортаға тарту керек. Адамның ең алдымен санасы өзгермей, жасап жүрген ісі өзгермейді. Саналарын дұрыс бағытқа бұру үшін біраз жұмыс істеуге тура келеді. Ең бастысы,  кейінгі жастардың теріс жолға түсіп кетуінен барынша абай болғанымыз дұрыс. 

Жалған діни ағымдар ел еңсесін тіктей бастаған тәуелсіздік жылдарында ашық-шашық шекарамыздан  емін-еркін кіріп, өңмендеп төрге шықты. Сол кезеңдегі  жағдайды білмек болып мұрағаттарды қотарып отырып, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында  Парламент пен Сенатта заң шығару ісіне белсене араласқан мемлекет және қоғам қайраткері Өмірбек Бәйгелді ағаның 2016 жылы «Егемен Қазақстан» газетіне жазған мақаласын тауып алдық.  Сол мақалада елімізге анталап кірген түрлі діни ағымдар туралы жақсы ой айтылыпты.

 

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы ислам

«Ашығын айтсам, тәуелсіздік алған алғашқы жылдары мұсылмандық, Ислам діні төңірегіндегі әңгімелер қоғамдағы тәрізді депутаттар арасында да танымдық сипаттағы құбылыс ретінде қабылданатын. Кейін келе Исламға қатысты жөнді-жөнсіз әңгімелер айтылып, мұсылмандыққа жат басқаша көзқарастар пайда бола бастады. Өзгеше ағымдар көрініс берген соң, заң қабылдаудың қажеттігі туды. Өйткені, бұл қауіптенуге тиіс жағдайға айналды. Негізі, Ислам діні бөлінуге әсте жол бере қоймайды. Бірлік, бүтіндік Құранда айтылған. Діни тұрғыда жіктелу, бөліну халықтың бөлінуіне алып келер еді. Оның түбі жанжалға соғады. 

Қазақ Ислам дінін қашан қабылдаған? Alashainasy.kz

Тәуелсіздік алған соң бес-он жыл шамасында осындай келеңсіздік байқалды. Шетелге барып, сол жақтағылардың қаржысымен діни білім, тәрбие алып келген жастардың арасында түсініксіз ағымның жетегінде кеткендер болды. Олар елге оралған соң кері идеяларын басқаларға таңғысы келді. Таңды да. Қаржыларына оқытып, жастарға басқаша діни білім мен жат тәрбие бергендер оларды өз мүддесіне пайдалануды мақсат тұтып, санасын бүлдірді. Бөліну осылай басталды. Бұған, әрине, бәріміз қарсы болдық. Мен кезінде «Қазағым, қайда барасың!» деген көлемді мақала да жаздым. Шеттен оқып келген бірқатар жас киім киісі, өзін ұстауы, діни құлшылық тұрғысынан басқалардан ерекшеленіп, сырттан үйреніп келген бағытымен жүргісі келді. Оны өзгелерге қатаң талаппен орындатуға тырысып, осы арқылы олардың құқына қол сұғуға дейін барды. Әуелі, ауыл-ауылды аралап үгіт айтып, онымен шектелмей, қорқытуға да кірісті. Қарапайым халықты өз айтқанына көндіру үшін діни шарттарды көлденең тартып, өздері оқып келген теріс идеямен ірітіп, уландыруға көшті. Алайда, біздің демократиялы, зайырлы мемлекетімізде оған жол жоқ. Бұл – заң бұзушылыққа жатады. Шетелден дін оқып келді, рухани кеңістігімізге қызмет етеді деген бір шоғыр жас осылай теріс бағыт алды. Әке-шешенің тәрбиесін көрген балалар ғой, ондай мінезін түзеп алар деп ойлап едім, олар, керісінше, әке-шешесіне қарсы шығып, олардың өзіне орынсыз талап қоя бастады. Тіпті, істеген тамағын «харам» деп жемей, олардан безінуге барды... Баланың туған әке-шешесіне бұлай шабуылға көшуі қай дінге салсаң да, адамгершілік тұрғысынан қарасаң да ешбір жөнге келмейді. Жарық дүниеге әкеліп, бағып-қағып, адам қатарына қосқан ата-анаға жақсылық жасаудың орнына, оған қарсы келуді қалай айтсаң да ақтап ала алмасаң керек. Бұдан шығатын қорытынды – оларға оқыған жері теріс тәрбие берді деген сөз.

 Жаңағы жастар өздері шалыс басқандарымен қоймай, өзгелерді адастырып, елдің тыныштығын шайқауға ұрынатыны жаман. Біздің халқымыз кең мінезді, өзгеге құрметпен қарайтын халық қой. Ондайға аса қатты бүлініп кетпеді, өз ұстанымдарына берік болды. Қазақ халқы дініне берік болғандықтан, ешбір жаңа ағым, бөтен көзқарас біздің арамызға кіре алған емес» дейді Өмірбек аға ағынан жарылып. Рас, қазақ халқы біртұтас ел болып, Ресейдің бодандық қамытын кимей тұрғанда асыл діні ардақты еді. Бәрі салт-дәстүрге, күнделікті тіршілікке қайшы емес еді.  Қалай Ресейге басыбайлы құл болдық, солай түте-түтесі шыққан жүн болдық. Осындай қысылтаяң кезеңде еске Алаш арыстары түседі. Қазіргідей діни, саяси ахуалдың күрделі кезеңінде Алаш зиялылары ұстанған мемлекетшілдік, ұлттық салт-дәстүр мен әдет-ғұрыпты дәріптеу, дін бірлігі идеялары өзектілігін жоймағаны қайран қалдырады.

Бодандыққа мойынсұнған қазақтарды Ресей қалай қарсы алды? Әрине құшақ жая қарсы алды. Тіпті сол кездегі Ресей императрицасы II Екатерина ислам дініне қолдау көрсету саясатын ұстанды» деп нақтылайды өнертанушы Шайзада Тоқтабаева. Оны былай түсіндіреді: «Біріншіден, патша үкіметі қазақтарды Ресеймен тығыз байланыстырмақ болды. Бұл ретте молдалар тек қана Ресей татарларынан іріктелді. Екіншіден, мұндай қадам жасау қазақтардың Орта Азиядағы мұсылман орталықтарымен байланысын шектеуге тиіс болды. Үшіншіден, бұл шаралар көшпелі қазақтардың жауынгерлік мінез-құлқын едәуір жұмсартады деп ұйғарылды. Сондықтан да қазақ даласымен шекаралас жерлердің барлығында да мемлекет қазынасы есебінен мешіттер салына бастады. Әдетте ол мешіттер патша үкіметі әкімшілігінің бастамасы немесе қазақ хандары мен сұлтандарының және старшындарының өтініші бойынша бекіністер жанынан салынды».

 

Алаш қайраткерлері дүмшелермен қалай күресті?

Ресейдің осы бір құйтырқы әрекетіне ХХ ғасыр басында Алаш қайраткерлері қарсы тұрды.  Қазақтың дәстүр-салты мен өміріне үлкен өзгерістер алып келген діни саясаттың астарын жақсы түсінді олар.  Содан да болар  дін мен мемлекет бөлек болуы тиіс деп, зайырлы мемлекет құруды мақсат тұтты. Мұны неге айтып жатырмыз? Сол кезде де «өлең айту, күй тарту күнә» деп, елді азғырған «указной» молдалар аз болмаған. «Указной» молдалардың әшкере қылықтары туралы Құрбанғали Халиди кітабында аз жазылмаған. Оны қайталап жатпайық. Қажет адам тауып алып оқыр.

Міне, көріп отырсыздар ма,  ата-баба салған діни жолдан айыру үшін дұшпандар не харекет қылмаған. Кеңес үкіметіндегі жағдай белгілі. Атеисттік  қоғам дінді құбыжық етіп көрсетіп, қазақ халқының санасынан өшіруге күш салды. 70 жыл бойы сең соққан балықтай адасқан халық, әупіріммен тәуелсіздікке қол жеткізді. Міне осы кезде ата дініне сусаған халық шөліркеп отырған еді. Жастар шет елге  ағылып діни білім ала бастады. Сыртта тағылым алған шәкірттердің көпшілігі қазақтың ата-бабадан мирас боп қалған дәстүрлі түсінігіндегі емес, көбіне араб ұғымындағы діни түсінікпен елге оралды. Оның ішінде салафшыл-уахабшыл сынды асыра сілтеуші бағытты ұстанғандар да табылды. Екі арада жастарымыздың беталды діни сауат алуымен шаруасы шамалы лауазымды орындар қол қусырумен отырды. Дін саласы әбден бетімен кетті. Енді  міне, соның зардабын тарта бастадық.

Рас, дін атаулыны, оның қыр-сырын, ғибадат амалдарын әркім өзінше қабылдап атқаруы – бұл оның жеке ықтияры. Алайда өз ұстанымын ғана хақ санап оны басқаға мәжбүрлеп, келіспегенді кәпір деп сөгіп қыспаққа алу, басқаның пікіріне деген асқан төзімсіздік таныту діншілдікке жатпайды. Жүре-бара салафшылар ұлтымыздың сан ғасырлық әдет-ғұрпын, құндылықтарын жоққа шығарды. Оның арасында ата-бабаның аруағын қастер тұтуды, зират басында құран бағыштауды иә болмаса келіннің сәлем бергенін Аллаға серік қосқанмен теңеп болдырмауға тырысып-бақты. Онысы адал, көкірегі ояу азаматтардың намысына тиді. Өткенге топырақ шашу – кімге абырой әперсін. Олардың кімдер екені қазір ешкімге жасырын емес...

Адам баласы шыр етіп дүниеге келген сәттен бастап бір сенімнің жетегінде есейеді. Тылсым дүниенің ғажайыптарын көре келе, бір құдіретті күштің бар екеніне шүбәсіз сенеді. Оны тануға, білуге асығады.  Міне, осы кезде ұлттық таным, салт-дәстүрмен ауызданған, өткен тарихынан хабары бар адам – өзіне қажетін ала біледі. Ал ұлттық болмыстан жұрдай, өзгенің қаңсығына таңсық пенделер адасады. Тура жолға емес, бұралаң сүрлеуге түседі. 

Діннің жасампаз әлеуетінен гөрі оның атын жамылған қауіпті идеологияның етек жаюы, әлбетте, жекелеген мемлекеттің әлсіздігін білдіреді. Әсіресе, аталған жағдай материалдық құндылықтарды бірінші орынға шығарып, руханиятқа немқұрайлық танытқан елдерге тән. Керісінше жауапкершілігін жіті ұғынған билік дер кезінде әрекеттеніп, зор пәленің алдын алады.

Жалпы, экстремизм біткеннің бәрі шектен шыққандық дегенді білдіреді. Соның ішінде діни экстремизмге иә радикализмге тоқталсақ, оның артында жамағаттың сенім-нанымын саясиландыруды көздеген арам пиғылдың, сырт күштердің арандатуы жатқанын көреміз. Ал бұған мойын ұсынар болса, арты неге ұласатынын кезінде экстремизмнің жетегінде кетіп, бүгінде быт-шыты шыққан Сирияның, Ливияның, Йеменнің, Египеттің, Алжирдің тағдыры куә.

 

     Заңның солқылдақтығы – адасудың басты кепілі

Елімізде діни экстремизмнің алдын алуға жылына 270 миллиард теңге бөлінеді екен,  ҚМДБ-ның білікті мамандары қанша күресіп жатқанымен  нәтиже аз, қайта көбейіп бара  жатқандай әсерге бөлейді. Себебі мешіттерге келетін шолақ балақ, селдір сақал жамағат қарасы мол. Сенімді ақпарат көздерінің жазуынша әсіресе, радикалдық салафизм (вакхабизм) ағымы күшейіп келеді. Оларды кім тексереді, кім мониторинг жүргізеді,  зерттеуші теологтар кімдер, ол жағынан көпшілік хабарсыз. Негізі бұл іс – астыртын жүргізілетін тәрізді. Мүмкін жоғарыдан сондай пәрмен бар... 

Сәләфизм», «Уаһһабизм» ағымдары несімен қауіпті

Обалы қане, діни ағымдардың ұстанған бағытынан шошынған қазақ билігі, Дін істері агенттігін құрылды. Оның көмегімен діни конфессиялар толғағы жеткен мәселелерді мемлекетпен бірге шешуге тиіс. Агенттіктің өзі діни ахуалға мониторинг жасау жөнінде жұмыс жүргізеді, бірақ бұл ретте мемлекет діни бірлестіктердің қызметіне араласпайды. Алайда Конституцияны, заңдарды сақтауда, елдің бірлігін нығайтуда мәселе туындап жатса, онда бұл жерде ешқандай бөлінушілік болмауы керек. Осы тарапта жұмыстар істеліп келді. Оны жоққа шығаруға болмас. Бірақ әттеген-айлар жетерлік. Шындығына келгенде бәрі заңның солқылдақтығына барып тіреле береді....

Дінге сусаған көптеген жастар адасушылыққа түскенін, өзге наным-сенім құрсауында жүргенін білмеуі әбден мүмкін. Басқа емес діни мәселеде адасу ұлт үшін қатерлі екенін көпшілігі білмейді. «Дін саласындағы адасушылық неден басталады?» деген сауалға «Нұр Астана» мешітінің наиб имамы Руслан Байзақов былай жауап беріпті: «Білімнің қайнарына көңіл бөлмеу. Яғни, қайдан, кімнен білім алып жатқанына мән бермеу. Құранда Кәрімде: قُلْ هَلْ يَسْتَوِي الَّذِينَ يَعْلَمُونَ وَالَّذِينَ لَا يَعْلَمُونَ «Білгендер мен білмегендер тең бола ма?» («Зүмәр» сүресі, 9-аят) дейді. Яғни, білімді шынайы білетін адамнан, дұрыс қайнарлардан үйрену керек. Ғаламтор желісінен дұрыс емес сайттардан келсе-келмес білім алу, түйткілді мәселелер мен мазалаған сұрақтардың жауабын діни білімі таяз адамдардан сұрау, солардың ғана жауабын қанағат тұту, дінді білетін бекітілген имамдардан емес көшедегі көлденең көк аттыдан үйренудің адасушылыққа бастайтынын бағамдаймыз. «Жәбірейіл хадисі» атанған әйгілі хадиске назар салатын болсақ, адам кейпінде келген Жәбірейіл (ғ.с.) Пайғамбарымыздың (ﷺ) алдында отырып сұрақтар қойып, жауабын алады. Біз бұдан екі түрлі ғибрат аламыз. Біріншісі, білімді нағыз маманы болған және сол саладағы жауапты тұлғадан алу керек. Құран Кәрімде: فَاسْأَلُوا أَهْلَ الذِّكْرِ إِن كُنتُمْ لَا تَعْلَمُونَ «Егер  білмесеңдер, білім  иелерінен сұраңдар» («Нәхл» сүресі, 43-аят), – дейді. Бүгінгі таңда күнделікті практикамызда да шетелдерде тиісті орындардың қадағалауынсыз өз бетінше білім алған азаматтардан дін үйренудің, ютубтағы ресми емес арналарындағы белгісіз тұлғалардың діни уағызын тыңдаудың, ҚМДБ-ның сараптау комиссиясының мақұлдауынан өтпеген діни әдебиеттерді оқудың да салдары теріс ағымның жетегінде кету екенін көреміз. Екінші, ұстаз бен шәкірттің бетпе-бет отырып білім алуы керектігін бағамдаймыз. Бүгінгі таңда білім алудың осы заңдылығына мән бермей ғаламтор желісіндегі сенімсіз дерек көздері мен әлеуметтік желілерді таралған тұлғасы белгісіз адамдардың уағызы мен келу қайнары белгісіз діни мәтіндерді, діни көзқарастарды ұстану, насихаттау, олардың айтқанын амалға асыруға ұрыну да адасушылыққа алып келіп жатады. Құран аяттары мен хадистерді өз бетінше, жүйелі білім болмастан түсінуге тырысу да адамды жат діни көзқарастарға жетелейді. Қала берді, Алла Елшісі (ﷺ) бір хадисінде адамның досының дінінде болатынын айтып, дос таңдау мәселесіне де көңіл бөлуді насихат етеді. Бұл да көңіл бөлуге тиісті мәселе. Міне, біздің заманымызда күнделікті өмірде жиі кездесетін азматтарды діни адасушылыққа жетелейтін жайттар деп айтуға болады». 

 

Өзбекстанның сәләфизммен күресі...

Саясаттанушы Расул Жұмалының сөзіне қарасақ, діни ағымдарға тосқауыл қоюға тіпті оларды жойып жіберуге мүмкіндік бар екен: «Айтылғанға дәлел ретінде бүгінгі Өзбекстандағы ахуалға зер салайық. Ауғанстан мен Тәжікстандағы соғыстың жақындығына, іштегі алуан түрлі діншіл радикалдардың сесіне қарамастан, неліктен көршімізде уахабшы атаулылар тойтарыс алды? Себеп оларды қатқыл түрде басып-жаншуда ғана жатқан жоқ. Мәселе діннің құдіретін дұрыс бағалап, Өзбек билігі 1990-жылдардың өзінде-ақ дәстүрлі бағыттағы имам-молдаларына барынша қолдау көрсетіп жеткілікті түрде еркіндік бере алғанында. Жастарының діни тағылымын шетте емес, өз елінде алуын кешенді түрде қамтамасыз еткенінде. Осының негізінде олар елдің сана-сезімі үшін күресте бүгінгі заман тілімен айтқанда бәсекелестікке қабілетті болды. Сонымен қатар, ел ағалары ұлттық болмысты жаңғырту, қоғамды өзбектендіру тұрғысынан жалаң ұрандарға салынбай, жүйелі шаруаларды тындыра алды. Яғни, сенім мен наным сияқты өте сезімтал салада тек тыйым салумен шектеліп қалмай, балама идеология ұсыну арқылы қатерлі дерттің жолын кесті.

Ендеше кеш те болса, осындай игі тәжірибені Қазақстан да қолға алғаны жөн. Айналып келгенде Абайды, Шәкәрімді, Мәшһүр Жүсіпті оқып-білген, қазақ тілі мен мәдениетінен сусындаған, ішкі жан-бітімі мығым боп өскен ұрпақ ешқашан келімсек ағымдардың арбауына түспейді. Тиісінше кері ағымдардың бой көтеруіне белгілі дәрежеде егемендік алған жылдары қазақ  тілін тежеп, ұлттық сана-сезімнің қалыптасуына мейлінше қарсыласып, елге жөн сілтей алатын зиялыларды қыспаққа алып келген ресми орталар кінәлі. ХХІ ғасырда аңқау елге арамза молда болғандығы, рухани тұрғыдан халықтың қорғансыз қалғандығы осының кесірі болар».

Жат ағымдардан қалай құтыламыз?

ТҮЙІН: Сәләфизм ағымына түбегейлі тыйым салуға не кедергі? Олардың «тіреуіштері» шынымен билікте отыр ма?  Осы сұрақтарға әлі күнге құнын жоймаған бірнеше азаматтың пікірін ұсынып отырмыз.

ENU.KZ | Евразийский национальный университет имени Л.Н. ГумилеваДосай Кенжетаев, теолог: 

«Бұл мәселе шешіледі. Ертелі-кеш болса да... Себебі басқа жол жоқ. Ал айтылған уәждер тек биліктің бұл істе дайын еместігін ғана көрсетеді. Мемлекет қазақ болмысының мәніне жете көңіл бөле алмай келеді. Орта жол таппай қойды немесе әдейі кешеуілдетіп отыр. Оның астары бізге беймәлім себептері болуы ықтимал. Дін саясатын қайта қарау керек. Ал ҚМДБ діни саясатын қайта сараптауы тиіс. Егер билік пен мүфтият та «діни саясатын» өзара ұштастырса, онда қазақ болмысына қарай бет алар еді. Дінді, ең алдымен, реалды құбылыс ретінде тануымыз тиіс. Билік әлі дінді сыртқы формасымен, қабығымен ғана тануға машықтанып алған. Бұл дұрыс бағыт емес».

Дос Көшім | Әдебиет порталыДос Көшім, саясаткер: 

«Өзіміз «дін – мемлекеттен бөлек» дейміз де, үкімет қандай шаралар қолдану керек деп жалтақтаймыз. Өз басым, билік тарапынан жат пиғылды діни ағымдарға толықтай заң арқылы тыйым салуды тиімді тәсіл деп айта алмаймын. Біріншіден, діни ағымдарға енген азаматтардың қолында «салафилік» дейтіндей нақты құжат жоқ, демек оларды анықтаудың өзі үлкен мәселе тудырады. Екіншіден, тыйым салған сайын олардың қатары көбейе түсе ме деген қаупім де бар. Бір сөзбен айтқанда, діни сенім бостандығы мен тыйым салу мәселесі бір жерде өмір сүре алмайды деп ойлаймын. Ал христиандық бағыттағы діни секталарға қазақтардың кіріп жатқандығы туралы мәселе 90-жылдары өте көп әңгіме болған. Қазір оның қаупінен Исламда жікке бөлінген жат ағымдардың қаупі асып кеткен сияқты. Ең басты мәселелердің бірі – жат пиғылдағы ағымдардан ұлттың салт-дәстүрін, мәдениетін сақтап қалу деп түсінемін. Осыны түсінген кез келген қазақ жат ағымдарға ермейді». 

Qalamger.kz::-Қаламгер порталыҚұдияр Біләл, ҚР Мәдениет қайраткері: 

«Рас, өзге дінге бет бұрып жатқан бауырларымыз аз емес. Алайда билік оларды аңғармағандай пейіл танытып отыр. Оған қоғамдық ұйымдар да жете мән беріп отырған жоқ. Себебі бұл – адамдардың өз таңдауы. Әзірге ұлттық тұтастыққа тигізер пәлендей залалы жоқ. Біз қауіпті өз ішіміздегі діни ағымдардан сезіп отырмыз. Бірақ солай екен деп оларды да назардан тыс қалдыруға болмайды. Екі жағдайда да негізгі кілтипан әлеуметтік мәселелерге келіп тірелетіндігін де ескерген жөн. Дін – қазір қаржыға тәуелді. Дін, бір жағынан, бизнес. Жат пиғылдылардың сойылын соғып жүргендердің дені діндарлар емес, өз қаржыларын айналымға салғандар. Олардың құрығына ілінгендердің, жасыратыны жоқ, ақыл-есі жадыланған».

P.S: Үш азаматтың пікірі өте құнды екенін мойындаймыз. Бірақ қалай болғанда да заңды қайта қарау керек. 1992 жылғы заң өте солқылдақ заң. Кейін бұл заң қайта қаралғанмен түп тамырымен қопарған түзетулер жасалмайды. Сондықтан қатаң заң керек. Сонда жат ағымдардан құтыламыз.

 

Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК
24.02.2022

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 332
2
Өркенді қала-қуатты өңірге жетелейді
Show more
Дахан Шөкшир - 2023-06-02 6435
3
Желтоқсан батырлары—саяси қуғын-сүргін құрбандарының бірі
Show more
Сұхбаттасқан Шаргүл Қасымханқызы - 2023-06-02 8047
4
Қарағандыда саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні өтті
Show more
- 2023-06-01 6515
5
Қарағандыда “Қасіретті КарЛаг” Республикалық жыр мүшәйрасы өтті
Show more
- 2023-05-31 6651