Билік келген шығындарды есептеп «3 миллиардтай доллар» деп жатыр. Әрине, бұл - алдын ала болжам болар. Кім, қалай есептегенін бір Алла ғана біледі.
Айтайын дегенім - сол шығынның бәрін мемлекет Сіз бен біздің салығымыздың есебінен төлей ме? Әлде, Тоқаев айтқан қордың есебінен бе? Кімге қанша төленерін кім шешеді? "Атамекен" қоры құрған комиссия ма? Оның құрамында кімдер бар? Неге жаһанға жарияламайды "мыналар" деп.
Оны сұрап отырған себебім - мен заңгер не экономист емеспін. Сондықтан көкейімде төмендегідей сұрақ туындады.
1. Мәселен, тұрмыстық техникалар мен электронды байланыс құралдары тоналған дүкендердегі тауарлар елге ашық жолмен жеткізілген болса, міндетті түрде сақтандырылулары керек емес пе? Және, ол үшін аз ақша төлемеген болар. Ендеше, неге сол сақтандыру компаниялары төлемейді? Егер, Тоқаев құрған қормен бөлісіп төлесе қанша пайызын төлеуге тиіс? Заңгерлер мен экономисттердің осы сауалдарға түсінікті тілмен толыққанды жауап бергендері жөн болар.
2. Тоналған бизнес нысандарының барлығы отставкадағы генералдардың майшелпектеріне айналған жекеменшік күзет құрылымдарының қорғауларында болды емес пе? Оларға да қызметтері үшін ай сайын ақша төленіп тұрды. Десек, сол күзет құрылымдары жасасқан келісім-шарттар негізінде сол нысандарды неге қорғамады? Келісім-шарттарға сай міндеттерін орындамағандары үшін олардан неге жауапкершілік сұралмайды? Әншейінде, жер баса алмай жүретін қызметкерлерінің қауіп төнге нысандарға барудан қашып, бассауғалап кеткендігі үшін сол заңды тұлғалар жауап берсін. Дәлірек айтсақ, келісім-шартта көрсетілген міндеттерін орындамағандары үшін айып төлесін. Құрылтайшылары генералдық зейнетақыларына ғана қарап отырған жоқ қой - төлейтін ақшаны тапсын солар.
Әлде, мен қателесіп отырмын ба? Мәселенің анық-қанығын білмегендіктен қате жазып отырсам - білікті мамандар "мына заң бойынша былай, анау акт бойынша анандай" деп түсіндірер болса сөзімді қайтып алуға дайынмын.
P.S. Соңғы күндері арандатушылар туралы көп айтылды, жазылды. «Ату керек, шабу керек» дегендер де болды.
Сұрақ - күзетуге тиісті нысандарды ашық-шашық тастап кеткен «күзет құрылымдарының» әрекетсіздіктері анадатуға жата ма жоқ па?
Сіз не ойлайсыз?