Әйел атаулы басына қандай бір сынақ түссе де мойымай, қиындықты еңсере білуге өте қабілетті. Еліміз алғаш тәуелсіздік алған жылдардағы қаржылық дағдарыс кезінде әйел біткен ала доп арқалап, базарға шығып, отбасын асырағаны көпшіліктің жадында. Біз сөз еткелі отырған Бибігүл Ордашева да сол кездері жұмыссыз қалып, бос жүрудің зардабын бір кісідей тартқан адам. Онымен әңгімелесу барысында қолында қалақтай дипломы бола тұра мекемеде штат қысқарып, мамандығы бойынша жұмыс таппай қиналғанда отбасын асырау үшін, отағасына болысу үшін қолынан келгенін жасап баққан қайсарлығын аңғардық. Осы арқылы әйел атаулының бейнеткеш, отбасы бақыты, бала болашағы үшін күрескерлік қабілетке ие екеніне қаныға түстік.
Бибігүл Ордашева бүгінде «2021-2025 жылдарға арналған Ұлттық кәсіпкерлікті дамыту жобасы» аясында жүзеге асырылып жатқан «Күміс жас» жобасы бойынша дүкенде сатушы болып еңбек етіп жүр. Ол кезінде «Мейірбике ісі» мамандығын меңгерсе де аумалы-төкпелі заманда мамандығы бойынша жұмыс жоқ деп қарап отырмай, қоғамдық тамақтандыру саласында еңбек еткенді жөн көріпті.
– Қордай ауданы, Қаракемер ауылының тумасымын. 1986 жылы Қырғыз Республикасының Тоқмақ қаласындағы медициналық училишеге оқуға түстім. Орта буын медицина қызметкерлерін даярлайтын аталған оқу орнында үш жыл білім алдым. Онда студенттер «Емдеу ісі», «Акушерлік іс», «Мейірбике ісі», «Фармация» секілді мамандықтар бойынша білім алатын. Мен де осы оқу орнынан 1989 жылы мейірбике мамандығын игеріп, елге оралдым. Сол жылы Қаракемер ауылындағы емдеу мекемесіне жұмысқа тұрдым. Бір жылдан кейін Керу деген ауылдың жігітіне тұрмысқа шықтым. Ол ауылда емдеу мекемесі болмағандықтан Масаншы ауылындағы әртүрлі аурумен жүгінетін науқастарға медициналық көмек көрсету үшін жұмыс істейтін тәуліктік стационарға жұмысқа орналастым. Одан кейін бала күтімімен үйде отырдым. 1996 жылға дейін қайта жұмыс істеуім қажет болып талпынсам да жұмыс таппадым. Өйткені бұл бұрынғы жұмыс орнымда жалғыз мен емес, көптеген штат қысқарып, ел ішін жаппай жұмыссыздық жайлаған қиын уақыт еді. Біз отбасымызбен Керуден Қарасу ауылына қоныс аудардық. 1996 жылы осы ауылдағы А.С.Пушкин атындағы №7 орта мектептің буфетін жалға алып, жеке ісімді бастадым. 2000 жылға қарай орта мектептерде бастауыш сынып балаларының ыстық тамақ ішуіне мүмкіндік беретін жүйе енгізілгенен кейін осы білім ошағының асханасына аға аспаз болып орналастым. Дегенмен біршама жылдан кейін денсаулығым сыр беріп, ол жұмыстан қол үзуіме тура келді. Кейіннен қайта жұмыс іздеп, 2011 жылы ауылдағы «Балапан» балабақшасына аспаз болып жұмысқа орналастым. Мұнда 11 жыл жұмыс істедім. 2022 жылы денсаулығым нашарлап, шұғыл ота жасатуым керек болды. Дәрігерлер оттың ыстық лебі ұратын жерде жұмыс істеуіме болмайтынын айтты. Одан кейін жұмыс іздеген сәттерімде жасымның егде тартуы жолымды бөгей берді, – деді Бибүгіл Жеңісқызы.
Амалы болмаған соң наурыз айында аудандық мансаптық орталыққа (бұрынғы халықты жұмыспен қамту орталығына) жұмыс сұрап барыпты. Ол жердегі мамандар кейіпкеріміздің ауылы қырғыз елімен шекаралас болғандықтан «Қарасу» өткізу бекеті маңындағы «Ұлы дала» дүкеніне сатушы қажет екенін айтып, кейіпкерімізді «Күміс жас» жобасы арқылы аталған дүкенге жұмысқа орналастырған екен.
Б.Ордашева сол бір қиын-қыстау кезеңде дүниеге сәби әкелу, оның буынын қатайту, отағасының жағдайын жасау, отбасылық бюджет үшін жұмыс істеу өзіне ғана емес, барлық әйел аналар үшін бұлжымас парыз болғанын айтады.
– Әйел адам еңбекті де, үй шаруасын да, өмірге ұрпақ әкелу міндетін де ұмытпауы керек. Себебі әйелдің ең басты міндеті – тұрмысқа шығу. Өмірге ұрпақ әкеліп, оларға тәлім-тәрбие беру. Кез келген ана осыны жасайды деп ойлаймын. Біз отағасы екеуміз екі ұл, екі қыз тәрбиелеп өсірдік. Бір қыздан басқасы отбасылы, яғни екі келінім мен бір күйеу балам бар. Олардан оншақты немере көріп отырмыз. Өмірлік серігім Тараз қаласындағы бұрынғы Жамбыл гидромелиоративтік құрылыс институтын бітірген. Көп жыл өз мамандығымен жұмыс істеді. Қазіргі таңда жеке шаруамен айналысады. 58-жаста. Өзімнің жасым 54-ке таяп қалды. Алайда мұндай жастағы адамды кез келген мекеме жұмысқа ала бермейді. «Күміс жас» жобасы жүзеге асырылып жатқанын ауылдастардан естідім. Міне, соның пайдасын мен де көріп отырмын. Мұны мемлекеттің егде тартқан адамдарға жасап отырған қамқорлығы деп түсінемін, – дейді ол.
Жалпы «Күміс жас» жобасы табыссыз, міндетті зейнетақы жарнасын құюға мүмкіндігі жоқ азаматтарға арналған. Мақсат – зейнет жасына дейінгі жұмыссыз азаматтарды жұмыспен қамту.