Жақын күндерде 2022 жылдың парағы да жабылғалы тұр. Уақыт-арғымақ зулап барады алды-артына қарамай. Өмір деген осы. Бүгін барсың, ертең жоқсың. Бүгінгі күн – ертең тарих. Бәрімізге. Қарапайым жұртқа да, бай-бағыланға да. Шенді-шекпендіге де. Қалың қазақ көнбіс тірлігімен күнін көре берер, басқа амалы да жоқ. Ұлт алдында билік бишігін ұстағандар жауапты қай кезде де. Солар мемлекетті даму шыңына шығаратын да, солар елді кері кетіріп, шыңыраудың түбіне лақтыратын да. Мен айтар едім, «билік басына келсең, артыңда ұлағатты ісің, риза жұртың, тойған қозыдай ұрпағың, парасатты пайымың, егіліп жоқтайтын жайсаң елің қалсын» деп. Тірліктің мәні де сонда ғой. Бұл үдеден шығу оңай емес, негізі. Шығуға талпынудың өзі үлкен жетістік.
Алла алдында да, ар алдында да жауап беруі тиіс!
Өткен ғасырларға көз жүгіртсек, қазақтың мамыражай күндері аз болыпты. Көргендері жау шапқын. Қуғын-сүргін. Хандарына қарап отырсам, өзара қырқыс. Таққа талас... Әйтсе де ұлан-байтақ даласының бір пұшпағын жауға бермепті. Дұшпанға сенбепті. Жер төсіндегі қазба байлықтың қызығын да көрмепті. Ұрпағына аманаттап ерлепті. Өткенге салауат дейік. Бүгінгі тәуелсіз елдің халі нешік? Тұрмыстары қалай? Билігіне малай ма, әлде өздерін бақытты санай ма? Мұны ойлаған біреу бар ма алайда. Жылжабар бұл мақаламда 2022 жылға шолу жасап, Президент Тоқаев пен оның командасының «Әп-бәрекелді!» дегізген шақтары мен «Әттеген-ай» деп түңілдірген сәттеріне көз жүгіртіп көрмекпін.
Бірден айтайын, тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев – өткен шақ. Өткен шаққа оралып, омалып отыруды қаламадым. Тәуелсіздіктің 30 жылының жақсылығы мен жамандығы соның мойнында. Алла алдында да, ар алдында да жауап беретін өзі. Оның дәурені біткен миссиясын мыжи беру артық. Бәрін болашаққа тапсырдым. Олар әділ бағасын берері даусыз... Иә, тірі адам тіршілігін жасайды. «Көсем» кетсе де, көсегесі көгергір қазақтың аналары ел басқарар бір ұл табар. Сол халықтың қажетіне жарар. Осымен «елбасы» туралы әңгімем тамам. Тек билікке қайта келем деп далбасаласа, әңгіме басқа.
«Өлмеген жанға өлі балық» демекші, 2019 жыл ел тарихынан ойып тұрып орын алған кезең дүр. Ширек ғасыр бойы сірескен мұз еріп, саясат-көлінің мұз құрсауы сөгілген өлара уақыт. Үміт-ит пен күдік-бөрі шайнасқан, шайқасқан жыл. Елдің еңсесі түсіп, жарқын болашақты аңсап, уәделерге әбден мелдете тойған кез. Сақылдаған сары аязда аспанда найзағай жарқ ете қалғандай көрініс естен кетпес сірә да. 19 наурыз... ойламаған жерден Нұрсұлтан Назарбаев Президенттік өкілеттілігін тоқтататынын хабарлады. Мұны естіген біреулер шын қамықты, көздеріне жас алып жылап жатты. Бәзбіреулер шын шаттанды. Өзгеріс күтіп баптанды. Қуаныштан жүректері жарылуға шақ қалды. Әттең... әттең!.. «Енді кім Президент болады?» деген көптің көзқарасымен санасқан жан болмады. Бірақ оған ешкім де таң қалмады. Назарбаевтың көңілі заңға сәйкес Сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевқа құлапты. «Неге?» деген сауалға салмады ешкім құлақты. Осылайша күтпеген жерден Тоқаев Президент қызметін атқаруға кірісті. Бастамақ болып «ұлы істі». «Ұстазының» даңғыл жолын жалғады, бүгулі еді бармағы. 20 күннен кейін көргенінен жаңылмай, кезектен тыс сайлау өтетінін жариялады. Осылайша тұтас елдің аманатын арқалаған Қасым-Жомарт Тоқаев 9 маусымда өткен кезектен тыс Президент сайлауында 70,96 пайыз дауыс жинап, Қазақстан Республикасының су жаңа Президенті болып сайланды. 12 маусымда ҚР Конституциясының 42-бабына сәйкес ант беріп, ресми түрде бетке алды «майданды».
Анау де, мынау де, Тоқаев мырза 66 жасында Қазақстан мемлекетінің тәуелсіздік шежіресінде екінші Президент атанды. «Сенетін кісі» жүретін онда қасында. Кейін араларында кикілжің болды-ау, расында. Жүргендей қазір екеуі бірінің-бірі тасасында...
Сәби-халық мемлекет енді жаңа саяси кезеңге аяқ басады деп бөріктерін аспанға ата қуанды. Кейін бірі қуанды, бірі қуарды. Құдайшылығын айту керек, Президент Тоқаевтың жолы ауыр болды. Көрмегенді көрдік, сенбегенге сендік. 21 қыркүйек күні Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан Президенті болып сайланғанына тура 3 жыл толды. 3 жылы 3 ғасырға бергісіз өткені рас. 3 жылда от пен өрттен көз ашпадық. Шырылдап сәбилер өртенді, ұлтараздық дерті асқынды. Қымбатшылық құрық салды, талай жемқор құрықталды. Ұрандатқан Жолдаулардан көз тұнды, ел барлығын пыс-пыс сөз қылды. Жаһанды жайлаған пандемия да Тоқаевтың билікке келуін күтіп отырғандай сопаң етіп шыға келді. Елдің бәрін бір қауыздың ішіне тықты. Арыстағы ойран, Тараздағы майдан, қаңтардағы қырғын, Екібастұздағы ылаң деп санамалай берсек, жақсылықты көретін көз қалмайды-ау. Тоқаевтың берген уәделері жүзеге асса, Қазақстанға жетер жер болмайды-ау...
Алды-артын бір шолып алған Президент Тоқаев 3 жылда кеткен есесін қайтаруды, елге берген уәдесінің үдесінен шығуды ойласа керек, 1 қыркүйектегі Жолдауында кезектен тыс Президент сайлауын жариялап, «халықтан жаңа сенім мандаты» қажет деген ойын ашық айтты. «Мен үшін мемлекет мүддесі бәрінен биік. Сондықтан мен өкілеттік мерзімімді қысқартуға және кезектен тыс Президент сайлауына баруға дайынмын» деді ол.
Сондай-ақ ол президенттікті 7 жылдан тұратын бір мерзіммен шектеуді ұсынып, бұл ұсынысты күздегі Президент сайлауынан кейін Парламентке жолдайтынын мәлімдеді. Ұсыныс жүзеге асса, болашақта Қазақстанда бір адам екінші рет Президент болып сайлана алмауы тиіс. Бұл бастаманың негізі қандай? Бір жағынан, 7 жыл – кез келген ауқымды бағдарламаны жүзеге асыру үшін жеткілікті кезең… Мен ұсынып отырған конституциялық жаңалық билікті монополизациялау қаупін айтарлықтай азайтады» деді Президент. Бұған да халық сенді, айтқанына көнді.
БИЛІКТЕ ӨЗГЕРІС БОЛА МА, ӘЛДЕ БӘРІ БАЯҒЫША ҚАЛА МА?
Сонымен Президент Тоқаев үш жылда не атқарды? Елде не өзгерді? Мемлекет басшысы қандай реформалар жасады? Үкімет қашан жаңарады? Ұлт сенімін арқалап, ел билігін қолға алған екен, қандай қырымен ел көңілінен шықты? Әділін айтайық, халыққа жолдаған ең алғашқы Жолдауында қоғаммен ашық байланыс орнату, халықтың сұранысына дер кезінде үн қату, әлеуметтің әл-ауқатын арттыру, сот-құқық саласын жетілдіру, сыбайлас жемқорлыққа қарсы тиімді саясат ұстану секілді бағыттарға басымдық берді. Бұл жайлы өзі: «Азаматтардың барлық сындарлы өтініш-тілектерін жедел әрі тиімді қарастыратын «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру – бәрімізге ортақ міндет. Билік пен қоғам арасында тұрақты диалог орнату арқылы ғана қазіргі геосаяси ахуалға бейімделген үйлесімді мемлекет қалыптастыруға болады» деді. Дұрыс сөз. Сөз бен істің қабысуы дегенді де естен шығармайық. Ол – ол ма, әсіресе, несиесін төлей алмай жүрген әл-ауқаты төмен және көпбалалы отбасылардың қарызын кешіру туралы Президенттің Жарлығы жұртшылықты жадыратқан бастама болды. Денсаулық сақтау, білім-ғылым, жастар саясаты, халықтың тұрмысы, жарқын болашақ, «Жаңа Қазақстан», «Еститін Үкімет»... әр Жолдау сайын жаңа серпінді сөз, жаңа толғау.