Қазір елімізде азаматтық қоғам қалыптасып келеді. Бұл – қуанарлық жағдай.
Ең алдымен анықтап алатын нәрсе – азаматтық қоғам деген не? Оның атқаратын қызметі қандай? Азаматтық қоғам деп адамның жеке тұлғасының және бейресми, мемлекеттік емес қоғамдық ұйымдардың дамуына қолайлы жағдай туғызатын әлеуметтік тәртіп түрін айтады.
Азаматтық қоғам – бұл мемлекеттік құрылымдардан тәуелсіз, азаматтардың өз мүдделерін, құқықтарын және қажеттіліктерін қорғау үшін ерікті түрде бірігетін (бейүкіметтік ұйымдар, кәсіподақтар, қозғалыстар) дербес әлеуметтік кеңістік. Ол демократиялық мемлекеттің маңызды тірегі ретінде билік пен халық арасындағы диалогты қамтамасыз етеді.
Елімізде азаматтық қоғам дамуының 3 негізгі бағыты айқындалған. Яғни институционалдық негіздерді құру, өзара іс-қимылдың диалогтық форматын құру, үкіметтік емес секторды, волонтерлік қоғамдастықты өзекті міндеттерді шешуге тарту жүйесін жетілдіру жөнінде бірқатар жүйелі шаралар қабылданып отыр. Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында осылай деді.
Мемлекет басшысының тапсырмасы шеңберінде алғаш рет «Қоғамдық бақылау туралы» жаңа заң қабылданды, ол қоғаммен қатар талқыланып, терең сарапталып дайындалды. Алғаш рет заңнамалық деңгейде петициялар институты енгізілді.
2023 жылдың 21 желтоқсанында азаматтардың бірлестіктер құрудағы еркіндік құқықтарын кеңейтуге бағытталған «Қоғамдық бірлестіктер туралы» заңға өзгерістер енгізу туралы ҚР заңына қол қойылды.
«Қоғамдық кеңестердің қызметін қайта форматтау бойынша қарқынды жұмыс жүргізілді. Олардың құрамындағы азаматтық сектордың өкілдігі 23,5%-ға өсіп, 86%-ды құрап отыр. Кеңестердегі жастардың үлесі 10%-ға дейін өсті. Министрлік волонтерлер қозғалысын белсенді дамытуда. 2020 жылдан бастап республикалық және өңірлік фронт-офистер жұмыс істейді. Ауқымды жұмыс нәтижесінде еріктілер ұйымдарының саны 3 есеге, белсенді еріктілер саны 5 есеге артты», – деді Аида Балаева.
Сондай-ақ үкіметтік емес ұйымдар өзара іс-қимылдың әртүрлі диалогтық форматтарын қамтамасыз етіп отыр. Осындай алаңдардың бірі – 2003 жылдан бері жүйелі негізде жұмыс істеп келе жатқан Қазақстанның Азаматтық форумының платформасы. Бұл бағытта Ұлттық құрылтай да маңызды диалог алаңы болып табылады.
Волонтерлік қауымдастықты өзекті міндеттерді шешуге тарту да азаматтық қоғамды дамытудың басты тетіктерінің бірі болып табылады. Бұл секторда гранттық қаржыландыру жүйесі қайта форматталды.
«Гранттар жастар және волонтерлік бастамаларды қолдау, инклюзивті азаматтық қоғамды дамыту, отбасылық-демографиялық мәселелерді шешу, ауылдағы азаматтық бастамаларды дамыту бағыттары бойынша іске асырылуда», – деді спикер.
Азаматтық қоғамды қолдау мемлекеттік әлеуметтік саясаттың маңызды басымдығы болып қала береді. Ауқымды бағдарламаларды іске асыру, қаржыландыру көлемін арттыру және азаматтық бастамаларды қолдау халықтың өмір сүру сапасын жақсартып қана қоймай, азаматтық қоғам институттарын нығайтуға, олардың әлеуеті мен әлеуметтік мәселелерді шешудегі рөлін арттыруға мүмкіндік береді.
















