Халықаралық «Qazaqstan dauiri» қоғамдық-саяси газеті бірнеше жылдың бедерінде билік үнін бұқараға жеткізіп, алтын көпірге айналып келеді. Дәстүрлі экспедиция мүшелері қала мен дала халқының тынысын тыңдап, тамырын тап басып, қарапайым халықтың мұңы мен бұқараның базынасына құлақ түруде. Биыл да «Qazaqstan dauiri» газетінің, «Мөлдір бұлақ» журналының және «Елана» сайтының Бас директоры, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Журналистер одағының мүшесі Сәуле Мешітбайқызы «Ауыл аманаты – ел аманаты» экспедициясы аясында Жамбыл жеріне ат ізін салды.
«Ауыл аманаты – ел аманаты» атты «АMANAT» партиясы, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі, ҚР Оқу-ағарту министрлігі, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі,
«Ардагерлер кеңесі» РҚБ, «ЕлАна» қоғамдық, әлеуметтік-танымдық сайты, «Qazaqstan dauiri» газеті, «Мөлдір бұлақ» журналының бірлескен экспедициясы Жамбыл облысында
Сарысу ауданы
Жұртшылықпен жылы жүздесу
Сәуле Мешітбайқызын ең әуелі Сарысу ауданының әкімі Сәкен Мамытов бастаған зиялы қауым өкілдері Жаңатас қаласының қақпасынан күтіп алып, берері мен айтары мол Еланасына алқызыл гүл шоқтарын тарту етті. Бұдан кейін экспедиция мүшелері ауданның бұрынғы орталығы, қаймағы бұзылмаған Байқадам ауылдық округінің тұрғындармен жүздесті.
Тағылымды кездесуде келелі мәселелер көтеріліп, сүбелі ойлар айтылды.
– Әр сапарымның мақсаты – ел ішінде орын алып жатқан ізгі істерді, жақсылықтарды жариялап, халықтың рухани кемелденуіне үлес қосу. Әсіресе, қазақ қоғамының руханияты, ұлттық құндылықтар, қоғамдық сананың жаңғыруы секілді маңызды мәселелер сіз бен біздің тарапымыздан елеусіз қалмауы тиіс.
Ұлттық құндылықтардың әрбір халықтың өмірінде алатын орны ерекше. Сол себепті ұлтымыздың салт-санасын жаңғырту еліміздің саясатын, қоғамда қолға алынып жатқан жобаларды ұлттық сипатта жүргізу керек. Ұлттық идеяның қалыптасуы – ұлттық құндылықтарды дұрыс насихаттаудан бастау алады, – деген Сәуле Мешітбайқызы отбасылық құндылықтар, бала тәрбиесі, қоғамдағы ер мен әйелдің рөлі, тіл мәселесі сынды өзекті тақырыптарға кеңінен тоқталды.
Сондай-ақ, ел анасы телефонға телмірген ұрпақтың жадын оятудың бірден-бір жолы газет-журнал оқу екенін баса айтты.
– Ұялы телефонға құл болған қазіргі кезде қазақ газеттеріне жазылу бәсеңдеп келе жатқаны белгілі. Сондықтан, жас ұрпағымыз көбірек газет-журнал, кітап оқып, тіл байлығын дамытса, есте сақтау қабілетін арттырса деген ниетім бар. Сонымен қатар, біз «Ауыл аманаты – ел аманаты» деген атаумен бекерден-бекер жүргеніміз жоқ. Өйткені, біз аграрлы мемлекетпіз, елдегі шаруашылық пен білім мәселесін жинақтай келе, елдің, жердің аманатын сол өңірде қалдырмай, жоғары жаққа жеткізіп, теңізге тамшы құйғандай болса да көмегімізді тигізгіміз келеді, – деді Сәуле Мешітбайқызы.
«Ауыл аманаты» жобасы бойынша облыстық басқармадан келген Бақыт Сейтімбетова ауылдықтар алдында «Ауыл аманаты» жобасы аясында атқарылған және алдағы атқарылатын жұмыстарға кеңінен тоқталды.
Жиналған жұрт ойларын ортаға салып, сауалдарын жолдап, тұщымды жауаптар алды. Сәуле Мешітбайқызы қоғамдағы газеттің беделі мен оқылымы жайында сүбелі сөз қозғап, «Qazaqstan dauiri» газетінің журналистері қозғаған мәселелер ешқашан назардан тыс қалмайтынын атап өтті.
Ал аудан әкімнің орынбасары Е. Дайрабаев аталмыш газетте тұрақты түрде жарияланып тұратын есімі елге белгілі тұғырлы тұлғалар жайындағы мақалаларды жиі оқитындығын, бұл газеттің бұрын «Қазақстан ZAMAN» деп аталғандығын тілге тиек ете келіп, жиынға қатысушыларды «Qazaqstan dauiri» газетіне жазылуға шақырды.
Көп ішінен сытыла шығып «Ардақты да асыл ел анасы» деп жас ақын Самат Тоқпанов жырын арнаса, бірқатар азаматтар ауданға жиі-жиі ат басын бұрсаңыз, айтарыңызды барлық тұрғындар тыңдаса, басылымын міндетті түрде оқып, тұрақты оқырманы болатындықтарын жеткізіп жатты. Сәуле Мешітбайқызы да жылы шырай танытып, зор құрмет көрсеткен ауыл жұртына ризашылығын білдірді. Іссапар Мұхтар Әуезовтің «Түркістан осылай туған» очеркін жазуға мұрындық болған Көк Жон Түркістан өңірінде жалғасын тапты.
Ауданда асыраушы сала алшаң басуда
Ауылшаруашылығы – ел экономикасының негізгі драйвері. Мемлекет тарапынан қабылданған бағдарламалардың нәтижесінде елімізде асыраушы саланы дамыту жүйелі түрде іске асырылып, қарқынды дамуда.
Біздің ауданда да ауылшаруашылығы саласы бойынша көңілге қонымды көрсеткіш аз емес. Жыл басынан бері ауылшаруашылығы саласында өндірілген өнім көлемі 13 млрд 961,2 млн теңгені құраған.
Ауылшаруашылығын дамыту мақсатында ауданда 1716 шаруа қожалығы тіркелген. Оларға тиесілі егістік алқаптың көлемі 24 914 гектарды құраса, ауылшаруашылығы дақылдары 24 235,6 гектар алқапқа орналастырылған.
Биылғы жылы қамбаға ойдағыдай өнім жиналып, мемлекеттік қолдаулардың нәтижесінде мал шаруашылығы да дамуда.
Төрт түліктің саны артып, өндірілген ет пен сүт өнімдерінің көлемі ұлғайған. Осыдан 5 жыл бұрын тұрғындардың табысын арттыруға бағытталған «Ауыл аманаты» жобасының игілігін қазіргі таңда ел көруде. Бұл жоба аясында тұрғындарға есік алдындағы, ауыл сыртындағы егістік жерлерін игеріп, мал және өзге де қосалқы шаруашылығын дамытуға үлкен мүмкіндіктер туды. Бұл жобаның 5-ші бағыты барлық ауылдық округте іске асатын болады. Аталған жұмыстар одан әрі жалғасын тауып, жобаның ел игілігіне айналары сөзсіз. Жыл өткен сайын ауылшаруашылығы техникалары да жаңаланып келеді. Биылдың өзінде 842,9 млн теңгеге 53 дана ауылшаруашылығы техникалары сатып алынған. Жалпы аудан көлемінде «Ауыл аманаты» пилоттық жобасының жемісі толайым.
«Халықтың тұрмыстық табысын арттыру» – пилоттық жобасы маңызды бастамалардың бірі. 2019 жылдан бастау алған бұл жоба бүгінгі күнде өз нәтижесін беруде.
І. Жоба 6 ауылдық округте (Байқадам, Жайылма, Жаңаталап, Жаңаарық, Игілік, Түркістан) жүзеге асырылды. Жалпы жобаны іске асыруға 3 млрд 734,8 млн теңгемен қаржыландырылды. 6 округке қарасты 14 елді мекенде 855 кәсіпкер қаржыландырылып, 22045-ге жуық мал сатып алынып, бірдейлендіру базасына енгізілді. 6 кооператив несиелендіріліп, кооперативтерге 59 дана ауылшаруашылығы техникаларын алып жұмыстарын жасауда. 5-бағыт бойынша 4 азамат қаржыландырылып наубайхана және нығыздалған кірпіш цехтарын ашып жұмыстарын жүргізуде. Жобамен 6 ауылдық округтегі 17 569 тұрғын, яғни 2 800 аула қамтылады. Нәтижесінде 697 жаңадан жеке кәсіпкерлер тіркеліп, 697-ден астам жаңа жұмыс орындары ашылды. Осындай жүйелі жұмыстардың және тынымсыз еңбектің нәтижесінде ауданымыздың ауылшаруашылығы саласының әлеуеті зор болатындығына сенім мол. Сарысулықтар одан әрі еңбектеніп, бұл саланы дамыта беретін болады.
Шаруасы шираған «Мұрат» шаруа қожалығында
Бүгінгі таңда облысымызда дәнді дақылдар өнімін арттыруға бағытталған жұмыстары бір жолға қойылып келеді. Мәселен, Сарысу ауданының шаруалары көршілес өңірлерімен тығыз байланыс орнатып, өз жұмыстарын жандандыруда.
Солардың бірі Түркістан ауылдық округіндегі «Мұрат» шаруақожалығында экспедиция мүшелері болып, атқарылып жатқан жұмыстармен танысты. «Мұрат» шаруа қожалығы негізінен егін және мал шаруашылығымен айналысады. Шаруашылықта масақты дәнді дақылдар мен мақсары дақылының егіс алқабы аумағы жыл сайын ұлғайып келеді. Кәсіптің көзін табамын дегендерге бүгінгі таңда мүмкіндік көп. «Мұрат» шаруа қожалығы да бүгінде кәсіптің көзін тапқан қожалықтардың қатарында.
«Қазақ жастары ата кәсіппен айналысуы керек. Адам баласы өзіне сеніп, еркін өмір сүргені дұрыс. Бізге көп жағдайда батылдық жетпей жатады. Қазақта «Торғайдан қорыққан тары екпейді» деген сөз бар. Сондықтан шаруаның адамы боламын, кәсіп бастаймын дегендерге «қорықсаң, бизнеске барма, кәсіп оңай емес» дер едім. Расында, оның жауапкершілігі мол.Ұры-қары болады, далада ыстық-суықта жүресің, соған төзу керек. Сонда ғана сен шыңдаласың. Мына бейбіт заманда тірлік жасап, адал еңбектенсең ғана тірлігіңнің нәтижесін көресің.
Шаруаның адамдары адал еңбектенсе, оның жемісін міндетті түрде жейді. Ал, біздің шаруа қожалыққа келер болсақ, жыл сайын жұмысымыз жанданып келе жатыр. Алдағы уақытта үлкен мақсатымыз – шаруашылықты әрмен қарай дамыту, сондай-ақ уақ малдың санын арттыру. Айтарлықтай мәселе жоқ. Барлығы жақсы. Тек ерінбей еңбек еткенге береке берері анық», – дейді кәсіпкер.
Сәуле Мешітбайқызы қамба толы дәнді, айнала толған техникаларды көргенде еріксіз риза болып, ақ батасын берді. Сәуле анамызға сапар барысында аудан ардагерлерінің төрағасы Жанат Жұмаділдаев пен алқа билер төрағасы Қалмырза Жандарбеков және аудан әкімінің орынбасары Ерлан Дайрабаев пен ішкі саясат бөлімінің басшысы Ұлбике Әлібекқызы еріп, таныстырып жүрді.
Ақиқатында мемлекет тарапынан қолдау болса, шаруаның қай түрі болса да ширайтыны рас. Бастысы еңбек ету керек. «Еңкейгеннің еңсесін еңбек көтереді» демекші, еңбек етіп, мақсатқа жеткен жанның шаруасы шалқып, несібесі артатыны белгілі.
Ендеше, біз де бейнеттің зейнетін көріп, адал еңбегінің ақ майын татып отырған «Мұрат» шаруа қожалығының жұмысы көпшілікке үлгі етуге тұрарлық дедік.
Арақтан ада ауылда
Табиғаты ерек, адамдары іскер Түркістаннан шыққан соң Сәуле апамыз Жаңаарық ауылдық округіне ат басын бұрды.
Жалпы ішімдік ішпейтін елді мекендердің саны еліміз бойынша 100-ге жуық көрінеді.
Ал, Жамбыл облысында 12 ауылдық округ тұрғындары арақты ауызға алмайтын болған. Соның арқасында аталған елді мекендерде төрт жылдың бедерінде бірде-бір қылмыс тіркелмеген екен. Осындай арақтан ада ауылдардың қатарында Сарысудың Жаңаарық ауылдық округі де бар.
– Арақсыз-ақ пайда, табыс табуға болады. Саудада береке болады. Ішімдік тыныштықты бұзады. Соны сатпағалы ауылымыз тыныш. Барлығының негізгі күнкөрісі – диқандық кәсіп. Қыстыгүні де мұнда ешкім қарап жатпайды. Техникасын оңдап, жерін жыртып, көктемге қам жасайды. Тынымсыз еңбектің арқасында көбінің тұрмысы жақсы, тірлігі түзу. Ауыл рухани жағынан да кемелденіп келеді.
Жалпы округте 47 шаруа қожалық тіркелген. Онда 104 адам еңбек етеді. Аталған шаруашылықтардың ішінде 31-і тек мал бағумен айналысады. Қалған шаруа қожалықтар мал және егіншаруашылығы бағытын ұстанады. Ауылдық округтегі 214 түтін мал ұстау арқылы күнелтіп отыр, – дейді округ әкімі Қуандық Алдабергенов.
Берекелі «Диас» шаруа қожалығында
«Еңбекпен ғана ісің өнеді, тер төккен еңбек өз жемісін береді, еңбек қана қиындықты жеңеді» деген тәмсіл бар қазекеңде. Барлық байыпты бастама мен тындырымды тірлік адам қолымен жасалатыны жасырын емес. Иә, Тәуелсіздік біздің қоғамға еңбек еркіндігін сыйлады. Бұрынғы Кеңес заманындағыдай мәжбүрлеп жұмыс істеу жоқ. Әркім қандай кәсіппен шұғылданамын десе де өз еркі, қалауы біледі.
Бүгінгі таңда шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуды қолға алуда. Осы орайда ауыл тұрғындарының кәсіп ашуға деген құлшынысы артқаны көңілге қуаныш ұялатады. Қазіргі таңда ауыл тұрғындары ішінде мақсатын айқындап, қадамын нықтап кәсіпкерлікке бет бұрғандардың қатары артып келеді. Бүгінгі мемлекет жасаған қолдаудан қанаттанып, өз ісін алға бастырып, өркендетіп отырған жандар заман талабына сай қоғамның ағысымен ілесіп келеді. Еңбек етіп табыс тауып, жетістікке жетудің жолын кәсіпкерлік деп білгені адамдардың масылдық көзқарастан арылғаны деп түсінеміз.
Бұған Жаңаарық ауылдық округінде болғанда көзіміз жете түсті. Егін және мал шаруашылығымен айналысып отырған іргелі «Диас» шаруа қожалығының жұмысымен таныстық. «Ауыл аманаты» жобасының ауылдарда іске асу барысын аралап көрдік.
Ауылшаруашылығында ауыртпалық көп. Төрт түліктің жайын күйттеген әрбір шаруа малдың күйін кетірмей ұстауға тырысады. Бұл орайда уақытылы залалсыздандыру, түрлі ауруға қарсы екпе жүргізудің маңызы зор. Мал – халықтың тұрмыс-тіршілігі, күнкөріс көзі. Оның үстіне мал бағу арқылы жан бағып, қаншама отбасы төрт түлікті тіршілік көзіне айналдыруда. Сондықтан болар, қазақ саулық сұрасқанда ең алдымен «Мал-жан аман ба?» деген жөн-жоралғыны ұмыт қалдырмаған. Осылайша мал-жан амандығын сұрап, Сәуле Мешітбайқызы бастаған топ шаруа қожалығының иелері Бұралқы Есмұрзаев және жұбайы Мейрамкүл Қаракесековамен әңгімелесіп, ой-пікірлерін тыңдады.
Мейрамкүл Жамбылбекқызы тек алтын алқа иегері ғана емес, жеке «Диас» шаруа қожалығының төрайымы. Мал шаруашылығымен балалары айналысып, білдей шаруаны дөңгелентіп отырған жайы бар. Шаруасы мығым, ісі нық Мейрамкүл ананың оннан астам жеміс талдарын күтіп ұстап отырған бағбаншылық қасиеттері де бар. Алма, өрік, сары, қара өрік, жаңғақ, шие тағы басқа талдармен қатар, картоп, қызанақ, қияр, жүгері өсіріп, қарапайым заттар экономикасының дамуына бірден-бір үлес қосып келе жатқан жәйі тағы бар.
– Мемлекет тарапынан беріліп жатқан тиімді бағдарламалардың да шарапатын көріп отырмыз. Жақсы қартая білудің өзі өнер ғой. Сондықтан тек қана игі істердің бастамашысы болғым келеді. Перзенттерімізге де білім ал, оқы, еңбектен деп жиі айтып отырамыз. Соның нәтижесі балаларымыз өз салаларының биігін бағындырып жүрген азаматтар. Осы күнге дейін ешкімнің ала жібін аттаған емеспіз. Соның өтеуі болар, бұл күнде ұрпақ амандығы мен тірлігімізді тиянақты, бірлігімізді сақтаған әулеттер қатарында келеміз, – деп ағынан жарылды еңбекқор ана.
Осы аралау барысында Есмұрзаевтар әулетімен танысып, қора толы төрт түлік малды, қамба толы дәнді, үй ішінде асыр салып ойнап жүрген қарадомалақтарды, сәлемін салып майысқан келін мен ата-анасына қарап, еңбегіне жарау үшін қаладағы тірлігін тастаған баланы көрдік. «Еңбек етемін деген адамға мемлекет тарапынан қолдау көп. Тек көптеген азаматтар сол қолдауларды білмей жатады. Осы мақсатта ауыл аманатын арқалаған топ барлық жерде мемлекет тарапынан берілетін қолдауларға жеке-жеке тоқталып айтып жатты.
Қайраткер ананың ерлігіне құрмет
Қоғамның ең үлкен құрметі де, алғысы да аналарға десек, қателеспейміз. Бір қолымен әлемді, бір қолымен бесік тербететін аналарға деген сарысулық азаматтардың да қошеметі ерекше.
Сексеннің сеңгіріне қарай адымдаған анамыздың ауданға бұл келуі бірінші рет емес. Өйткені жыл сайын, тек біздің өңірді ғана емес, барлық облыстарды аралап, жақсылықтарын жария етуді үрдіске айналдырған апамыздың бұл ерлігін мойындамасқа болмас.
Бұл жолы да көптің алғысын арқалап, ұрпақтың ертеңі үшін шырылдап, елдің әл-ауқатын көтеру үшін «Ауыл аманаты» деп жарғақ құлағы жастыққа тимеген анаға аудан әкімі Сәкен Мамытов айрықша құрмет көрсетті.
Естелік болсын деп «Жаңатас қаласына 55 жыл» мерекелік төсбелгісін тағып, құшақ толы гүлді тарту етті.