Наурыздың 29 күні Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияевтің арнайы шақыртуына орай 2 күндік мемлекеттік сапармен Ташкентке келді. Ресей мен Украина арасындағы соғыс өрті басылмай тұрған шақта Түркия басшысының Орталық Азияға сапарлай келуі жұрт назарын өзіне аударды. Алайда Өзбекстандағы БАҚ-тардың хабарлауынша бұл сапар туралы соғыстан бұрын жоспарланған екен. Яғни кейбір сарапшылар айтып жатқан «Ресейдің халықаралық аренада абыройы айрандай төгіліп жатқан шағында, Ташкенттің Ресей ықпалынан құтылуға ұмтылуы" деп болжауға негіз жоқ көрінеді. Екі мемлекет басшысының бұл кездесуі – Жоғары дәрежелі Стратегиялық ынтымақтастық кеңесі деп аталады. Ташкенттегі Көксарай резиденциясында өткен кездесуде екі ел басшысы энергетика, транспорт, медицина, оқу-ағарту және мәдениет, әскери ынтымақтастық саласындағы бірқатар келісімдерге қол қойды. Қол қою рәсімінен кейінгі журналистердің қатысуымен өткен брифингте сөз сөйлеген Ердоған Түркия мен Өзбекстан арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың 30 жылдығына тоқталып өтті.
– «Біз келіссөздер арқылы қарым-қатынасымызды жан-жақты стратегиялық серіктестік деңгейіне көтердік. Түркия мен Өзбекстан арасындағы сауда көлемі 2021 жылы 3,6 миллиард доллардан асып, 72 пайызға артты. Әрине сауда көлемінің мақсаты бұл деңгейде тоқтап қалмайды. Бірлескен қадамдар арқылы біз тауар айналымын 10 миллиард долларға жеткіземіз», – деді ол. Сондай-ақ Ердоған мырза, екі жақты стратегиялық ынтымақтастық кеңесінің кезекті жиналысына қатысу үшін Шавкат Мирзияевті Түркияға мемлекеттік сапармен келуге шақырды.
Түркия республикасы Өзбекстанның тәуелсіздігін алғашқы болып мойындаған ел. Анкара мен Ташкент арасында дипломатиялық қарым-қатынастардың орнағанына 30 жыл болғанымен бұрынғы президент Ислам Каримовтың ұстанған «дара саясатына» байланысты өзбек-түрік қатынасы жоғары деңгейге көтеріле қоймаған еді. Өзбекстан түркітілдес елдердің түрлі ұйымдарына қатысу жағында белсенділік таныта қоймаған болатын. Ел билігіне Шавкат Мирзияев келгелі Өзбекстанның сыртқы саясаты жандана түскені белгілі. Соның бір көрінісі Түркия мен Өзбекстан республикасы арасындағы стратегиялық серіктестік қатынастардың жолға қойылғандығына биыл 5 жыл толды. Осындай аралас-құраластықтың нәтижесінде соңғы жылдары екі елдің арасында сауда және инвестиция саласы жедел дамып, өзара тауар айырбастау 2,5 есеге өсіп, жалпы құны 3,6 миллиард долларға жетіпті. Біріккен кәсіпорындар саны 5 есеге көбейіп 2 мыңнан артқан.
2021 жылы «Өзбекстанның Түркиядағы мәдениет күндері» аталып өтсе, биыл Ташкент, Самарқант қалаларында «Түркияның мәдениет күндері» өтіп жатыр.
Түркия президентінің кезекті сапары кезінде Ташкент облысы Қыбырай ауданында заманауи жылу электр станциясын іске қосу, сондай-ақ Сырдария облысының Ховос ауданындағы ЖЭС-ның құрылысын бастау рәсімі өткізілді. Бұл жобаларды Түркияның «Cengiz Enerji» компаниясы орындап шыққан.
2 күндік маңызды сапар аясында өткен келіссөздер барысында сауда мен экономика, инвестициялар, транспорт, тоқымашылық, энергетика, ауылшаруашылығы, мәдени-гуманитарлық қатынастар жағындағы байланысты артыруға келісімдер жасалды. Жоғары дәрежелі Стратегиялық ынтымақтастық кеңесінің екінші жиналысының қорытындысы бойынша біріккен мәлімдемелерге қол қойылды. Олар мыналар:
- жеңілдетілген сауда туралы келісім;
- мемлекеттік шекаралар арқылы туарлар мен транспорттардың өтуі туралы алдын ала ақпарат алмасу туралы мәлімдеме;
- еңбек және жұмысбастылық саласында ынтымақтастық туралы түсіністік меморандумы туралы;
- сот экспертизасы саласында ынтымақтастық меморандумы;
- құрылыс саласында түсіністік меморандумы;
- денсаулық сақтау министрліктері арасында 2022-2023 жылдарға арналған әрекеттер жоспары;
- Өзбекстан Ұлттық ақпарат агенттігі мен Түркияның «Анадолу» агенттігі арасында Ынтымақтастық келісімі.
Түркия президенті Ташкенттен кейін елдегі екінші қала Самарқанд қаласына ат басын бұрды. Онда «Түркия республикасының Өзбекстандағы мәдениет күндері» өтіп жатыр. Екі елдің басшысы алдағы уақытта тағы да кездесуге уағдаласты.