«Қаралы қаңтар» оқиғасына төрт айдан асты. Сол қақтығыстан кейін, құрамында сегіз адамы бар «Аманат» комиссиясы құрылған. Қоғам арасында бұл комиссияға деген екіұдай пікір бар. Бірі халықтың қамы үшін ашылған ұйым десе, енді бірі биліктің кезекті жобасы дейді.
Осы мәселе төңірегінде пікір білдірген «Аманат» комиссиясын құрушы, танымал адвокат Абзал Құспан: «Біз ең алғаш жұмысымызды 24 қаңтар күні Алматы қаласынан бастадық. Алғашында ашық түрде азапталған, жараланған, оқ тиген азаматтарды көрсетіп, видео үндеу жасадық. Біздің тікелей және жанама қатысуымызбен 300 адам босап шықты. Қазір еш жерде көрсетіп, жария түрде жұмыс жасап жатқан жоқпыз. Әр өңірге барып жария түрде жұмыс істеудің қажеті жоқ деп таптық. 1,5 ай жұмыс істегенде түсінгенім, барлық қала «бір типтік» режиммен жұмыс істеп жатыр. Яғни, біздің объектіміздің көбі Қылмыстық кодекстің 272-бабының 2- бөлімімен жүргізіліп жатыр. Бірақ Алматы қаласы, Алматы облысы және Жамбыл облысында Қылмыстық кодекстің 291-бабымен жұмыстар жүргіздік. Себебі, ол жақтағы азаматтар аңшыларға арналған дүкендерден және полиция бөлімшелерінен қару алып кеткен. Барлық жерде картина бірдей болғандықтан, халықпен жеке-жеке кездесіп, қылмыстық іспен танысып жатудың қажеті болмағандықтан, Нұр-Сұлтан қаласында отырып-ақ істі жүргіздік. Қазіргі таңда Еуропадан, АҚШ-тан келген журналистерге сұхбат беріп, жасалып жатқан жұмыстар туралы айтып жүрміз. Сонымен қатар, үкімет мүшелерімен кездесіп, парламентте екі мәрте сөз сөйлеп, ұсыныстарымызды жеткіздік. «Парламентаризм институты» деген бар екен, кешеден бастап солармен бірге жұмыс істейтін болып келістік. Өткен аптада Жамбыл облысында ата-аналармен кездесуде болдым. Оны өзім ұйымдастырмадым, өздері шақырғандықтан баруға тура келді. Атқарылып жатқан жұмыстар өте көп, «Аманат» комиссиясының жұмысы алға қарай баспаса, бәсендеп қалған жоқ. Рас, азаптау ісіне қатысты қылмыстық іс өте көп. Бірақ оны анықтау қиынға соғып жатыр. Полиция қызметкерлері беттеріне қара маска киіп, айрықша белгілерін азаматтарға көрсетпей, жәбір көрсеткен. Қылмыстық істер нақты факт бойынша қозғалып жатыр, бірақ нақты кім азаптағанын тап басып табу қиын. Көп жерлерде видео камера тұрса да, оны мақсатты түрде өшіріп, ойларына келгенін істеген. Азаматтарға полиция өкілдерінен бөлек, ҰҚК қызметкерлері де жәбір көрсеткен. Қазір «антикор» өкілдері қылмыстық іс қозғап, жұмыс жүргізіп жатыр. Менің ойымша, көшеге шығып елдерді тонаған, қару жарақты күшпен тартып алған жандар да, азаптау ісіне қатысқан құзырлы орган өкілдері де өз жазасын алуы керек. Расында, біздің қызметті ешкім де қаржыландырмайды. Бұл ұйымды құру менің ұсынысым болды. Жаңа айтып кеткенімдей, бір орталықтан жұмыс істейміз. Қазір жүріп-тұруымыздың өзі қиындап кетті. Біздің комиссиядан басқа да ұйымдар құрылып жатыр ғой. Бәрі бізің комиссияны ғана биліктікі деп ойлайды. Ең бірінші мен Президент әкімшілігіне барып ұсынысымды айттым, олар қолдады. Мен енді оларға «маған ақша беріңдер» деп сұрай алмаймын ғой. Бастапқы екі айда маған маңғыстаулық кәсіпкер ақшалай көмектесті. Бірақ қазір ешкімнен ешқандай қаржы алып отырған жоқпыз. Ата-аналар тарапынан ақша ұсынып, «қаржылай көмектесеміз, біздің облысқа келіңіздер» дегендер де болды. Бірақ біз принципті түрде бас тарттық. Енді «Аманат» партиясына келетін болсақ, біздің комиссия қаңтарда құрылды. Ал «Нұр-Отанның» аты жақында өзгерді. Менің тарапыма комиссияны «Аманат» партиясы қаржыландырады деген қисынға келмейтін әңгімелер айтылып жатыр Менің қазір ол сөздерге етім үйреніп кетті. Біздің комиссияны ешкім қаржыландырмайды. Сенбесеңдер, есепшотымды тексеріңдер. Тазамын! Ал, Президентке алғыс айтқаным рас. Халық мұны қай саққа жүгітрсе де, маған бәрібір. Президентке алғыс айтуға болмайды деген сөз қай жерде жазылыпты?! Осы уақытқа дейін Назарбаев тарапына мадақ айтқан жан емеспін, ал Тоқаевқа босап шыққан 300 адамның атынан өз алғысымды жеткіздім. Құр айғаймен еш нәрсе бітпейді. Бұл – менің жеке пікірім. Сосын, бір адам бір жүйені өзгерте алмайды. Депутат болу үшін сайлану керек. Жаңа парламенттік сайлау болып жатса, депутат болу үшін сайлауға түсуім бек мүмкін. Бірақ тағайындалатын депутаттардың қатарынан болғым келмейді. Ондай ұсыныстан мен сөзсіз бас тартамын. Мен адвокат ретінде ел алдында онсыз да танымал адаммын. Адвокат болып жүріп те ешнәрседен кем қалмаймын. Қатардағы дәрігер немесе мұғалім болсам, жоғары қызметке қол созып, көп қаржыны көздейтін едім. Қазіргі таңда мен қалталы адвокаттардың қатарына жатамын. Маған қоғам алдындағы беделім бәрінен қымбат. «Қаңтардағы қақтығысқа» қарапайым халықтың қатысуы, әрине, бұл – бұрынғы билікке деген өкпе мен бағаның қымбаттауынан туған халық ашуы. Қаңтардың 4-і күні тып-тыныш бейбіт митинг болды. Тиісінше, 5-і күні одан да көп халық жиналды. Бірақ сол күні сыртқы күштер де, ішкі күштер де іріткі салып, үлкен бүлік болды. Арты қайғылы оқиғаға ұласты. Ең өкініштісі, бұдан халық қатты зардап шекті. Президент «Жаңа Қазақстан» құру туралы идея көтерді. Тоқаевтың қабылдап жатқан шешімдерін толық қолдаймын. Осы биылғы жылдың 5-і қаңтарынан кейін ол билікті толық алды деп есептеймін. Оған дейін ол кісіде мұндай билік болған жоқ. «Жаңа Қазақстанды» құру үшін жаңа кадрларды қызметке тарту керек. Сонда жаңашыл көзқарастағы қоғам құрылады. Ең бастысы қабылдаған шешімдер, жақында жариялаған саяси реформа елімізді дамытуға, өңірлердің инфрақұрылымын жақсартуға, халықтың әл-ауқатын көтеруге бағытталған. Менің көңіліме жағатыны да осы» – дейді ағынан жарылып.