Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов дәрі-дәрмек тіркеу жүйесіндегі бюрократия мен фармацевтикалық саясаттағы әділетсіздікті өткір сынға алды. Оның сөзінше, бұл – адамдардың өміріне тікелей қауіп төндіретін жүйелі мәселе. Бұл қалайда шешімін табуы тиіс.
Мәжіліс депутаты дәрі-дәрмек бағасының шектен тыс өсіп кеткенін, ал медициналық ғылымда айтарлықтай жетістік жоқ екенін жасырмады.
Ең сорақысы дәрілердің бағасы кейде өндіруші зауыт бағасынан 172%-ға дейін көтерілгенінде болып тұр.
«Препараттарға шамадан тыс маркетингтік және тасымалдау шығындары қосылып, баға бірнеше есе өсіп кеткен. Тіпті кейбір дәрілер түпнұсқадан да қымбат. Бір ғана мысал – түпнұсқа препарат 344 теңге тұрса, отандық баламасы 1273 теңгеге дейін жеткен. Бұл төрт есеге қымбат», – деді Аймағамбетов.
Келтірілген мәліметке көз жүгіртсек, шынымен-ақ жан шошиды. Бір дәрінің әртүрлі дәріханалардағы бағасы 3-5 есеге дейін ауытқиды. Ал Еуропа елдерінде дәріге қойылатын үстеме баға 30 пайыздан аспайды.
Сонымен қатар депутат медициналық ғылымдағы ахуалдың да мәз емес екенін баса айтты.
«QazVac-тан басқа ештеңе жоқ деуге болады. Соңғы 10 жылда тек 2 препарат әзірленген – йод пен калия йодиды. Бұл жобаларға 4,6 млрд теңге жұмсалған, бірақ олардың бірде-біреуі ұлттық формулярға енгізілмеген, яғни қолданылмайды», – деді депутат.
Аймағамбетовтың айтуынша, қазіргі жүйе науқастарға қажетті препараттарды қолжетімсіз етіп отырған көрінеді.
Отырыс барысында депутат қарапайым бір тұрғынның өмірінен мысал келтірді. «Раушан есімді 42 жастағы азаматтың өмірі жай сөніп барады. Себебі ол қажет дәріні сатып ала алмайды. Ем бар, бірақ дәрі ұлттық формулярға енгізілмеген, емдеу хаттамасы 7 жылдан бері жаңартылмаған. Оның күресі – бюрократиямен күрес. Мұндай Раушандар – бір емес, мың», – деді Аймағамбетов.
Депутаттың айтуынша, НацЭЛС (Ұлттық дәрілік сараптама орталығы) тарапынан дәрі-дәрмек тіркеу процесінде өрескел заң бұзушылықтар анықталған. Тіркеу норматив бойынша 210 күн ішінде өтуге тиіс болса, кейбір компаниялар үшін бұл мерзім 1275 күнге дейін созылған. Ал кейбір «таныс» фармкомпаниялар үшін небәрі 25 күнде рәсімделген.
НацЭЛС саяхатшылар клубына айналған. Қызметкерлер зауыттарды көреміз деген желеумен шетелге шығады. Барлық шығындарды фармацевтикалық компаниялар өтейді. Нәтижесі қандай – белгісіз. Бұл сапарлар жүйеге еш пайда әкелмейді, – деді депутат.
Аймағамбетовтің мәліметінше, арзан, бірақ қажетті дәрілер – мысалы, ішетін пенициллин – елде мүлдем тіркелмеген. Себебі ол компанияларға пайда әкелмейді, ал мемлекет мұндай препараттарды өз бетінше тіркеуге бастамашы емес.
Бізде жүйе тек ірі және қымбат фармацевтикалық өнімдерді ғана нарыққа шығаруға мүдделі. Ал қарапайым халыққа қажет дәрілер мүлде ескерусіз, – деді ол.
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК