ГЕРМАНИЯ АЭС-тен НЕГЕ БАС ТАРТТЫ

ГЕРМАНИЯ АЭС-тен НЕГЕ БАС ТАРТТЫ

Қазақстанда АЭС салу туралы жалпыхалықтық референдумның уақыты жақындаған сайын ел ішінде алуан түрлі пікірлер толастамай тұр. Бір бөлім адамдар энергия тапшылығын шешудің ең тиімді жолы АЭС салу десе, екінші топтағылар оның алапат зиянын ескере отырып, өздерінің қарсылықтарын білдіріп жатыр. Әлбетте, пікір қайшылығының болуы заңды дүние. Дегенмен оның пайдасы мен зиянын, әлеуметтік және саяси ықпал күшін ғалымдарымызбен, саясаттанушыларымызбен ақылдаса отырып, қоғамға шынайы ақпараттар жеткізе алсақ, қалғанын халық өзі шеше жатар деп үміттенеміз.

Жалпы адамзат қоғамы 1950 жылдардан бастап атомды бейбіт мақсатқа пайдалануға ұмтыла бастады. Бұлардың ішінде Атом электр стансаларын салу арқылы энергия өндіру мәселесі алға озған еді. 1954 жылы Кеңес одағының ғалымдары әлемдегі алғашқы АЭС Обнинск атом электр стансасын іске қосты. Осыдан екі жылдан соң Англияда коммерциялық бағыттағы Calder Hall АЭС іске қосылды. Қазірге дейін дүниежүзінде 31 елде шамамен 415 ядролық реактор жұмыс істейді екен. Бұлардың арасында алғашқы бестікке кіретін елдер де АҚШ-та (94), Францияда (56), Қытайда (56), Ресейде (36) АЭС жұмыс істеп тұр. 

Дегенмен адамзат қоғамы оның пайдасынан гөрі зиянына да айрықша көңіл бөлумен келеді. Тіпті қарсы пікірлердің өнімділігі соншалық, Германия әлемде алғашқы болып АЭС-тен бас тартты. Неміс Үкіметі халық алдында берген уәделерін орындап, кезең-кезеңімен ядролық энергетика өндірісін жауып тынды. 

Негізі атом бомбасының алғашқы жобасы соғыстан бұрын Германияда жасалған деген дерек бар. Ал 1950-1960 жылдары бейбіт мақсатқа пайдалану бойынша реакторлармен жұмыс істеу қолға алынған екен. Сенімді дереккөздерге үңілер болсақ, Германияда 1957 жылдан 2004 жылға дейін шамамен 110 ядролық қондырғы іске қосылыпты. Оның ішінде электр энергиясын өндіру үшін пайдаланылатын ядролық энергетикалық реакторлар және зерттеу мақсатындағы ядролық реакторлар бар. Карлна Майнедегі тәжірибелік Карл атом электр станциясы 1962 жылы ақпанда бірінші атом электр станциясы ретінде желіге қосылған. Бірінші коммерциялық атом электр станциясы Обригейм АЭС 1969 жылы жұмысын бастады және 2005 жылға дейін бірінші желіге қосылған электр станциясы ретінде қызмет етіпті.

Дегенмен соғыстың зардабын әбден тартқан немістер сол 1950 жылдардың өзінде ел ішіндегі зерттеу жұмыстарына қарата ядролық қаруға қарсы қозғалыстар ұйымдастырып, ядролық энергетиканың қауіпсіздігіне қатысты қарсы пікірлерін баспасөз беттерінде айта бастапты. Бұлардың арасында ядролық қалдықтарды кәдеге жарату мәселесіне айрықша бас қатырған көрінеді.  Алайда жалпыхалықтық референдум бола қоймаған секілді. Соғыстан кейін жылдам өсе бастаған экономикалық қуат пен өндірістің өзі қыруар электр энергиясына қажеттілік тудырған. Бұған қоса 1970 жылдары туылған мұнай дағдарысы да энергияға деген қажеттілікті еселей түскен. Сондықтан халықтың басым бөлігі АЭС мәселесіне «түсіністікпен» қараған секілді. 

Ядролық электр энергиясын өндіруді тоқтам мәселесі 1986 жылы Чернобыль атом электр станциясындағы апаттан кейін тіпті де күшейіп, әлеуметтік қарама-қайшылықты тудырды. Уақыт алға озып, жаңа адамзат баласы жаңа ғасырдың табалдырығын аттаған 2000 жылдары Германия үкіметі алғашында Герхард Шрөдердің канцлер болған кезінде, Социал-демократиялық және Жасылдар партиясының үкіметтері ел ішіндегі қолданыста тұрған АЭС-терді біртіндеп жабуға қаулы қабылдады. Көп ұзамай Германия парламенті 2002 жылғы 22 сәуірде күшіне енетін «Ядролық энергия туралы заңға» түзетулер енгізді. Онда «бұдан былай азаматтық мақсатқа пайдаланылатын атом электр станцияларын салуға тыйым салынады; қолданыстағы атом электр станциялары біртіндеп жұмысын тоқтатуы керек» деп белгіленген еді. 

2011 жылы 24 наурыздағы Фукусима АЭС-інде болған ауыр апат немістердің қарсылығын онан ары үдете түсті. Фукусима апатынан бірнеше күн өткен соң Берлин, Гамбург, Кельн және Мюнхенде жалпы саны 200 мыңнан астам адам Меркельдің ядролық энергетика саясатына наразылық білдіріп, ереуілге шықты. Германия үкіметі бірден атом электр станцияларының қызмет ету мерзімін ұзартуға мораторий жариялады және көп ұзамай Германия өзінің ең ескі жеті реакторын уақытша жабатынын мәлімдеді. Осылайша 2011 жылы Баден-Вюртембергтегі Филипсбург атом электр станциясының 1-ші блогы жұмысын тоқтатады. Оның 2-ші блок 2019 жылдың соңында тоқтатылады. Германия билігі АЭС-терді біржолата жабуға шешім шығарып, жоспары белгіленгенімен, 2022 жылы ақпанда Ресейдің Украинаға басып кіруі бұл жоспарды кейінге қалдыруға итермеледі. Себебі энергиямен қамтамасыз етуді тұрақтандыру үшін Германия өзінің соңғы үш атом электр станциясының жұмысын бір жылға ұзартты. 2023 жылдың 15 сәуірінде Германияның соңғы үш атом электр станциялары жұмысын тоқтатты. Әрі бұдан былай электр энергиясын өндіру үшін атом энергиясын пайдаланбайтын болып біржолата шешім қабылдады. Неміс жұрты осылайша АЭС-терден бас тартты. Бұл тұрғыда неміс сарапшылары теориялық тұрғыдағы ядролық бөліну мәселесі немесе практикалық жағынан атом бомбасын жасау қаупі болсын барлығы да қаперге алынған деген пікірлерін айтыпты. Бұдан бөлек жаһандық жылыну мәселесі мен қоршаған ортаның тазалығы мәселелеріне де халық бей-жай қарамаған секілді.

Ендігі жерде Германия үкіметі күн энергиясы, жел энергиясы, гидроэнергетика және биомасса сияқты жаңартылатын энергия көздерімен қамтамасыз етілетін электр энергиясы саласын дамытуға шындап кірісіп жатыр. Қазірше қажетті электр энергиясының бір бөлегін Франциядан сатып алса, кейбір орындарда көмірді пайдаланатын стансаларды уақытша қайта қосқан.

Немістердің бұл бастамаларына қарата сарапшылар түрлі көзқарастарын білдіріп отыр. Қытайдағы Жершары білім бюросының ғалымы Юе Шияң аталмыш тақырыпқа арнаған «Германияда АЭС-тер біржолата жабылды» атты мақаласында «дегенмен, жаңартылатын энергия көздерін өндіру өнеркәсібі мен атом энергетикасы арасындағы өмір мен өлім күресін ескере отырып, ядролық энергетика саясатынан бас тарту Германияны жаңартылатын энергия көздерін өндіруде әлемдік деңгейдегі  көшбасшы болуға мәжбүр етеді. Тиімділікті одан әрі жақсарту мүмкін болса, ол көміртегі шығарындыларын азайтудағы үлкен артықшылықтарын көрсете отырып, қазбалы энергия өндіруді алмастырады деп күтілуде. Керісінше, Франциядағы атом энергетикасының қарқынды дамуы жаңартылатын энергияның өмір сүру кеңістігін міндетті түрде ығыстырады. Ресей мен Украина арасындағы қазіргі қақтығыс жалғасып жатқандықтан және энергия бағасы жоғары болып жатқандықтан, Германияның атом электр станцияларының кешенді түрде тоқтатылуы елдің өңдеу өнеркәсібі мен жаһандық өнеркәсіпке қандай әсер ететіні қазірше белгісіз» деген пікірін айтыпты.

Түйін: Сөз басында 2024 жылғы дерек бойынша әлемдегі 31 мемлекетте шамамен 415 ядролық реактор жұмыс істейді деген деректі айтып өттік. Солардың арасында қазірге дейін 3 рет апат туылған екен. Ал АЭС-тердің саны алдағы уақытта арта түсетін секілді. Оған дәлел қазір Түркияда әлемдегі ең үлкен АЭС-тің құрлысы жүріп жатыр. Ал Қытай елі энергия тапшылығын шешу үшін 7-орыннан АЭС (бір мәліметте 6-орында делінген) салуды бастаған. Көршілес Өзбекстан осыдан 3 жылдың алдында Ташкент қаласына жақын маңнан АЭС салуды жоспарлап отырғандығын мәлімдеген болатын. Бұл ақпарат кейін көп айтылмай кетті. Есесіне соңғы жаңалықтарда Жиззақ облысында көлемі шағындау бір АЭС салуды мақұлдады деген хабар таралып жатыр.

Дегенмен Германия халқының АЭС-терден шығатын қалдықтар мен ауаға таралып кетуі мүмкін радиоактивті заттардың алапат зардабын ескере отырып осылай шешім қабылдағандығын мойындаған жөн секілді...

ЕРҚАЗЫ СЕЙТҚАЛИ
25.09.2024

Ұқсас жаңалықтар

СӘБИДІҢ ОБАЛЫ КІМГЕ?
Ертай АЙҒАЛИҰЛЫ - 11.10.2024 197
Алаш жұрты  Ғарифолласынан айырылды
«Qazaqstan dauiri» газеті мен «Мөлдір бұлақ» журналының ұжымы - 25.09.2024 1068
13 жасар оқушы  бес түрлі қамшы өреді
Бағдәулет Нұрмат, Түркістан облысы - 25.09.2024 1107
Ұстаздар 8 перзент  тәрбиелеп отыр
Бағдәулет Нұрмат, Түркістан облысы - 25.09.2024 1087

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 6081
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 5523
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 8710
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 6514
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 7721