Гиннес рекордтар кітабына кірген Жаңаарқа қымызы

Гиннес рекордтар   кітабына кірген   Жаңаарқа қымызы

Шадиев Азамат Шадиұлы, Ұлытау облысы Жаңаарқа ауданы Түгіскен ауылындағы «Азат» шаруа қожалығы директоры:

 – Біз 2007 жылдан бастап шаруашылықпен айналысып келеміз. Мал шаруашылығы бойынша, ауыл өнімдеріне көңіл бөлеміз. Сиыр, жылқы, қой түліктерін бағамыз. Мал бордақылауды да қолға алдық. Ет, сүт өнімдерін базарға шығарамыз. Қызылорда – Павлодар тас жолының бойында 607-бекетке орналастық. Міне, өздеріңіз көріп тұрғандай, «Азат» деген кафеміз бар. Мұнда ұлттық тағамдар, өзіміздің ет, сүт өнімдерін сатамыз. Мал басымыз өсіп келеді, қысқы мал азығы шөпті толық жинап алдық. Үкіметтен ептеген көмек бар. Қожалықта 350 бас жылқы, 215 тұяқ ірі қара сиыр малы, оның ішінде 100 аналық ақ бас сиыр, 350 тұяқ ұсақ мал қойымыз бар. Өздеріңіз де білесіздер, «Жаңаарқаның қымызы» деген бренд бар, әне, сол қымызды өндіруші біз боламыз. Мамыр айынан бастап, қазанға дейін бес ай бие сауып, қымыз ашытамыз. Қымыз осы «Азат» кафесінен және Жезқазған қаласынан ашқан «Ауыл өнімдері» деген дүкенімізде сатылып жатыр. Сұраныстың артуына байланысты кейде өз өнімдерімізге қоса, өзге шаруа қожалықтарынан да ауыл өнімдерін алып сатамыз. Осыдан екі жыл бұрын Жаңаарқаның қымызын әлемге әйгілеп, «мың күбі» пісіліп, ұлы дүбір той жасап, «Гиннес» рекордтар кітабына кірдік. Жаңаарқаның қымызының күшті болатыны бұл жақтың шөбі мың түрлі, өте құнарлы, соның ішінде жусанымыз ерекше. 

Арнайы диқаншылықпен айналыспаймыз. Егіске қолайсыз, мал жайылымына ыңғайлы. Табиғи дала шөбін өзіміз шауып, өзіміз дайындаймыз. Жемді Қарағанды қаласынан сатып аламыз. Осы арадан 15 км Түгіскен ауылының орталығында 350 адамдық тойханамыз бар. Осы кезде шаруашылықтың жұмысында екі Камаз, бір «Орал», қаладан зат таситын тағы бір Камазым бар. Жүк тасуға төрт трактор, бір жүк түсіруші тракторым (погрузчик) бар. Шаруашылықта тұрақты 12 адамға жалақы төлеп отырмын. Кафе мен дүкен, тойханада керек кезінде шақыратын ондаған жұмыскерлер бар. Ауылдағы жағдайы төмен отбасыларға көмек беріп тұрамын. Әртүрлі оқиғалар болып қалады, ондай кезде қарап отырмаймын. Мешітке де жәрдем беріп тұрамын. Кейде малдай, кейде ақшалай арнап тұрамыз. Саят Смағұлұлы Сәлкебаев деген ауыл әкіміміз жұртты ұйымдастырып, жақсы жұмыстар атқарып жатыр.      

Бәрі бар, бірақ тасқынды болдырмайтын суағарлар қажет

Қаппар Жарылғапов, Ұлытау облысы Жаңаарқа ауданы Түгіскен ауылындағы «Едіге» шаруа қожалығының жетекшісі: 

 – «Едіге» шаруа қожалығында 800 қой, 700 сиыр, 500 жылқы бар. Үлкен екі базда сиыр тұрады, анау ұзын базда қой тұрады, оның арғы жағында қоймамыз бар. Малға арпа секілді дәнді дақылдарды әкеліп, өзіміз тартып жарма жем дайындаймыз. Биылғы қысқа дайындығымыз жаман емес, 5000 орам (рулон) шөп жинап алдық. Әлі тасылмай жатқан мың орам шөп бар. Осыдан 80 шақырым жерде 35 мың гектар жеріміз бар. Шабындық жер, сиыр мен жылқының жайылымы сол жақта. Мынау қонысымыздың айналасында 3000 гектар жеріміз бар. Жайлауымыз 10 мың гектар. Су көзі дерлік құдық арқылы болады. Шет ауданы Бұғылық тауынан келетін Сарысу өзені ағады. Қалың қар басып қалғанша өзен мал өрісінде  бізден 2-3 км жерде болғандықтан, малға суатқа жарайды. Қыс бойы мал құдықтан ғана су ішеді. Төрт трактор, бір жүк тиейтін трактор, үлкен жүк машинамыз бар. Сиыр сүтінен қаймақ, май, ірімшік өнімдерін шығарамыз. Жезқазғандағы дүкендерге өткіземіз. Қымыз бізде басты өнім саналады, 20 биені бес ай бойы сауып, күбі-күбі қымыз дайындаймыз. Шаруа қожалығының жұмыскерлері негізінен туыс-туған ағайындардан тұрады. Он шақты адам жұмыс істейміз. Дәл осы ауылға 1972 жылы көшіп келгенбіз, содан бері тапжылмай еңбек етіп келеміз. Әкем, ағам кеңшардың қойын бағатын еді, кезінде мен көмекші шопан болып жұмысқа тұрдым. Бүгінде ол кісілер марқұм болып кетті. Шаруашылықты біз жалғастырып жатырмыз. 

Үкімет ауылшаруашылығы арқылы өз көмектерін беріп жатыр. Мал басына берілетін ақша, техника секілді керекті нәрселерді алып жүрміз. Айта кететін мәселе, бұл жерге қар қалың жауады. Қыстайғы қар көктемде тез еріп, жерге сіңбей айналаны су басып қалады. Таяу маңда «Жалын» деген көмір карьері бар. Солардың салған жолы тасқын суды іркіп тастайды да, жиналған су бізге қарай кері ағып келеді. Олар үлкен жолға суағар жасамағандықтан, кесірі бізге тиіп жатыр. 2015 жылы ауыр апатты жағдай туындатты. Осы 2024 жылы да үлкен зардабын тигізді. «Жер кепсін, бөгет болып тұрған жолдан суағарлар ашамыз» деп уәде берген еді, бірақ әлі орындаған жоқ. Егер биылғы жағдай қайталанса, тағы да қиындыққа душар боламыз ба деп қорқамыз. 

Қожалықтың басты ерекшелігі – тазалық пен тәртіп

Ноян Жаманов, Ұлытау облысы Жаңаарқа ауданы Түгіскен ауылындағы «Мирас» шаруа қожылығы:

 – Бұл «Мирас» шаруа қожалығының басшысы – Арайлым Төлеубекова. Мен оның қайнысы  боламын. Өзімнің «Ислам» деген шаруа қожалығым бар. Бүгін ағам Төлеген мен жеңгем Арайлым Жезқазғанға жұмыспен кетіп еді, сол кісілердің атынан жауап берейін. 

Бұл қожалықтың жұмысын 2012 жылы ештеңесі жоқ ақ жерден бастадық. Ағайынды жігіттердің тірлігі болатын. Мал шаруашылығында 150 бас ақбас сиыр (герефорд), 200-ден аса жылқы ұстаймыз. Биелерді әлі ағытқан жоқпыз, сауып, қымыз ашытып отырмыз. Біздің басқа қожалықтардан өзгешелігіміз – жермен де айналысамыз. Бес-алты жылдан бері 150 гектар жерге жоңышқа, еркекшөп (житняк) шөп, арпа секілді дақылдарды себеміз. Жемді сатып алмай, өзіміз дайындаймыз. Болашақта мың гектарға дейін кеңейтсек деген ойымыз бар.  Төрт трактор, бір жүк тиеуші трактор, оратын комбаин, таситын Камаз жұмыс істеп тұр.  Өзіңіз де байқап отырған боларсыз, біздің шаруа қожалық бөліктерге бөлініп, тәртіппен орналасқан. Анда мал қоралар, оның арғы жағында жем-шөп базасы, мынау жақта трактор, комбаин, техникалар тізбегі, ортада тұрмысқа қажетті үй, қойма, гараж өзінше бөлек қоршалған. Біздің қожалықтың басты ерекшелігі – тазалық пен тәртіп. Иелігімізде 4 мың гектар жер бар. 

Еті семіз, қымызы балдай ұжым

Қайрат Рақымжанов, Ұлытау облысы Жаңаарқа ауданы Байдалы би ауылы Атасу кентіндегі «Медет» шаруа қожалығының басшысы: 

– Атасу деп аталатын ауылда тұрамыз, әкіміміз Бауыржан Қалжанов деген жас жігіт. Иелігімде шабындық, жайылым болып 3000 гектар жерім және 100-ден аса жылқы мен 100 шамалы сиыр бар. Малды бордақылаймыз, семіргендерін сатып, орнын толтырып отырамыз. Мен малды тірідей сатқаннан гөрі бордақылап, семіртіп сойып, етін өткізгенді дұрыс көремін. Бес айдан кем байламаймын, салмағы толғанда соямын, алатын тұрақты тұтынушыларым бар. Тракторым арқылы өзімнің жұмыстарымды бітіремін, онан қала берсе, қыстайғы ауылдың қарын тазалап жол ашамын. Осы тракторым бәріне жетеді. Көктем шыға бие байлаймыз, міне, бүгінге дейін қымыз дайындап, керекті жеріне сұраныс бойынша өткізіп отырамыз. Бізге Жезқазғанға барғаннан Қарағандыға барған біршама жеңіл. Үлкен қала, адам көп, базар бар. Етіміз семіз, қымызымыз балдай. Қаймақ пен май сапалы, құртымыз таза. 

Әке-шешемнің қара шаңырағында отырмын, ескі үйді бұзып, жаңартып салдым. Міне, көріп отырсыздар, қораларды да жаңадан осы заманға лайықтап тұрғызып жатырмын. Негізгі мамандығым педагог болса да, 1998 жылдан бері шаруашылықпен айналысып келемін. Бес балам бар. Екі балам оқуын бітіріп, өз алдына жұмыс істеп жүр. Үшеуі студент. Қазір өзге жұмыскерлермен тіршілік етіп жүрмін. Алда шаруашылыққа ие болатын бір балам қасымда болатын шығар деп ойлаймын. 

Үкімет көмек ретінде аналықтың басына он мың теңгеден береді. Шаруашылықтың жұмысын жандандыру үшін несие алуға тура келеді, ол жағын да ойластырудамын. Жеңілдетілген несиеге де құжат өткізуді ойластырып жүрмін. Мал шаруашылығымен айналысу өте қиын. Жем-шөбін дайындау, төлін алу деген машақат. Қыстың қаһарлы суығы да ауыр соғады. Арқаның шертіп тұрған аязы, бүркеп тастайтын қалың қары әр жылғы ауыр сынақ. Мал деген бүгін ала салып, ертең өнімін беретін нәрсе емес, пайдасын көру үшін уақыт керек.  Ауылдағы бір қиыншылық: шаруашылыққа келіп істейтін адамдар жоқ. Жастар ауылда еңбек етуден гөрі қалаға қашады. Еңбек күш жағы жетіспей жатыр.

Мал түрлері тұқымдарын жақсартамыз

Баязитов Сәрсембек Амангелдіұлы, Ұлытау облысы Жаңаарқа ауданы Ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:   

 – Жаңаарқа ауданының агроөнеркәсіптік кешенінде 12 ЖШС, 987 фермерлік қожалықтар мен шаруа қожалықтары, 16 ауылшаруашылық өндірістік кооперативтері жұмыс істейді. Біздің аудан негізінен мал шаруашылығын дамыту аймағына жататындықтан, мал түрлері тұқымдарын жақсарту бойынша тиісті жұмыстар жүргізілуде. 

Аудан бойынша асылтұқымды мал түрлерін өсірумен 42 шаруашылық айналысады. Олардағы жалпы асылтұқымды мал басы 4392 басты құрайды. Оның ішінде асылтұқымды ет бағытындағы «Қазақтың ақбас» 3399 бас ірі қара малын өсірумен 30 шаруашылық, 991 бас «Герефорд» малын өсірумен 10 шаруашылық, «Сименталь» малын өсірумен 2 шаруашылық субъектілері айналысады. Нәтижесінде асылтұқымды ірі қара мал басының жалпы мал басына шаққандағы үлес салмағы 5,9 пайызды құрап отыр. Саны 1184 асылтұқымды «Жабы» жылқысын өсірумен 2 шаруашылық айналысады. Қазақтың қылшық жүнді құйрықты қойын өсіру бағытындағы 19384 бас «Еділбай» асылтұқымды қой малын өсірумен 6 шаруашылық айналысып келеді. 

«Ақтау ауылдық округіне» қарасты «Ұлы дала» ЖШС-де жобалық құны 1215,0 миллион теңге тұратын құрылыс салынып бітіп, іске қосылуға дайын тұр. «Мал сою цехы салқындатқыш қоймаларымен, кейіннен етті қайта өңдеу және шұжық өнімдерін өндіру арқылы 10000 бас малға арналған мал шаруашылығы кешенін құру» жобасы іске асырылуда. Жобалық қуаты: жылына 1164 тонна ет өнімдерін өндіруді көздейді. Қазіргі уақытта ет комбинатының және консерві цехының құрылыс жұмыстары аяқталып, іске қосылды. Толықтай қуатына енген кезде күніне 50 бас ірі қара мал сойылып, әр ауысымда 3000 банкіге дейін консервілер шығару жүзеге асырылатын болады.   

Ауыл жолдарының сапасы мәз емес

Жансағымов Қайрат Амангелдіұлы, Ұлытау облысы Қаражал қаласы Жәйрем кентінің әкімі: 

 – Көргендеріңіз бен түйгендеріңізді өзіңіз жазарсыз. Мен халық тарапынан сайланған әкіммін. Сондықтан да, кезі келгенде халықтың алдында жауап беріп отыруға тиіспін. Мынандай мәселелерді айтқым келеді. 

Бірінші, халық саны өсіп келеді, жастардың да қатары молаюда. Жасөспірімдер уақыттарын тиімді пайдалану үшін Жәйрем кентіне дене шынықтыруға арналған спорт кешені салыну керек. 

Екінші, Жезқазған мен Қаражал ортасындағы жолды көріп отырсыз. Былайғы ауылдардың жолдары да мәз емес. Халықтың хал-жағдайы, тіршілік етуі, қаламен қатынасы дұрысталу үшін жол құрылысы дұрысталу керек. Біздегі жол бітпейтін жырға айналды. 

Үшінші, Жәйрем кентіндегі үш мектептің бірі №30 мектептің салынғанына 50 жыл болған. Содан бері бір рет те күрделі жөндеуден өтпепті. Бұл туралы жоғары мен төменнің бәрі біледі. Хаттар жазылып, комиссия тексеруден өткізіп, шұғыл ремонттау керек екенін мақұлдаған. Сөйте тұра, Астанадан келетін қаржы әлі бөлінбегендіктен, мектеп жүдеу қалпында тұр. Ол мектеп толық жөндеуден өткізіліп, осы заманғы техникамен жабдықталуға тиіс. 

Дәулетбек БАЙТҰРСЫНҰЛЫ
31.10.2024

Ұқсас жаңалықтар

Облыстың даму қарқыны көңіл қуантады
Сәтжан ҚАСЫМЖАНҰЛЫ, Абай облысы - 08.11.2024 36
МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТТЕРДІ КӨРСЕТУ ТӘРТІБІ ҚАТАҢ САҚТАЛУЫ ТИІС
Руслан Шарипов ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің басшысы - 07.11.2024 27
АБАЙ ОБЛЫСЫНЫҢ ДЕЛЕГАЦИЯСЫ – ҚАЗАН ҚАЛАСЫНДА
Сәтжан ҚАСЫМЖАНҰЛЫ, Абай облысы - 07.11.2024 34
ЖАЗУШЫНЫҢ АТЫНДАҒЫ МЕКТЕП-ГИМНАЗИЯ
Райымбек АЙТУБАЙ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі - 07.11.2024 19
Облыстың даму қарқыны көңіл қуантады
Сәтжан ҚАСЫМЖАНҰЛЫ, Абай облысы - 08.11.2024 36
ӘДІЛДІКТІ ЕЛ ПРЕЗИДЕНТІНЕН СҰРА, АЛЕКСАНДР!
Талап БЕЙСЕНОВ, Астана қаласы - 07.11.2024 31
АБАЙ ОБЛЫСЫНЫҢ ДЕЛЕГАЦИЯСЫ – ҚАЗАН ҚАЛАСЫНДА
Сәтжан ҚАСЫМЖАНҰЛЫ, Абай облысы - 07.11.2024 34

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 7750
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 7170
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 10382
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 8147
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 9381