Гүлбаршын Қарабалина: Құқықтық сауатыңды жетілдіріп, әлеуметтік қолдауға қол жеткіз!

Гүлбаршын Қарабалина: Құқықтық сауатыңды жетілдіріп, әлеуметтік қолдауға қол жеткіз!

Дүние есігін ашқан нәрестелер даму үдерісіндегі тежеуге, тірек-қимыл жүйесіндегі ақауға, дімкәстігіне қарамастан, қалыпты өмір сүруге құқылы. Ерекше қажеттілігі бар балаларды  қоғам өміріне бейімдеу, олар үшін кедергісіз ортаны қалыптастыру, дарын-қабілетін дамыту, еңбекке баулу, саналы тұлға ретінде бой түзеуіне септесу – инклюзивті қоғам құрудың басты мұраты. Біздің еліміз бұл бағытқа біртіндеп қадам басуда. Инклюзивті білім беру ісін жетілдіру,  оқу-әдістемелік құралдардың мазмұнын байыту мен кәсіби мамандар даярлауда үздіксіз ізденіс пен ілкімді ілгерілеушілік байқалады. Бүгінде балабақшалар мен орта білім беру ұйымдарында инклюзивті оқыту мен тәрбие беру ісі жолға қойылған. Десек те мүмкіндігі шектеулі бүлдіршіндер үшін қолайлы орта құру, денсаулығын оңалту, қоғам өміріне бейімдеуде кезігетін кедергілер жоқ емес. Осыған орай «Өркениетті келешек» қоғамдық қорының төрайымы, «Періште» оңалту орталығының директоры  Гүлбаршын Қарабалинаның пікіріне құлақ түрген едік.

 – Гүлбаршын ханым, бірнеше жылдан бері жарымжан жандардың жан айқайына үздіксіз халық пен билік назарын аударып келесіз. Қоғам жұмысына белсене кірісуіңізге не түрткі болды?

– Сонау 2015 жылы құрылған «Өркениетті келешек» қоғамдық қорының мақсатты тобы – мүмкіндігі шектеулі ересектер мен балалар және олардың ата-аналары. 2005 жылы дүниеге келген балама ауыр диагноз қойылды. Баламды аяғынан тұрғызуды ниет етіп, ем-дом қабылдап жүргенімде көптеген кедергілермен бетпе-бет келдім. Бұл мәселе мені ойландыра бастады. Осылайша әлеуметтік салаға бет бұруға шешім қабылдадым. Біз мүгедек балалардың денсаулығын оңалтумен қоса гуманистік құндылыққа иек арта отыра инклюзивті білім беру  үдерісін оңтайландыру, кемтар баланы тәрбиелеп отырған ата-анаға психологиялық-моральдық қолдау көрсету секілді кең ауқымда, сан алуан бағытта өз қызметімізді жүзеге асырамыз. Мемлекеттік тапсырыс аясында осы бағыттағы бюджет қаржысын ұтымды игеру мен бюджет ресурстарын сауатты басқару үдерісіне бақылау мен зерттеу жүргіземіз. Қазіргі таңда біздің бірнеше жобамыз жұмысын сәтті жалғауда. «Періште»  орталығында аутизм, психикалық дамуы тежелген, сөйлеу қабілетінің дамуы бұзылған, Даун синдромына шалдыққан науқас балалар оңалту-түзету бағытында ем-дом алады.  Емдік массаж қабылдап, емдеу және ағзаны нығайту мақсатында дене шынықтыру құралдарының  кешенімен, логопед, психолог мамандармен жұмыс жасалады, мектепке даярлық бағытында сабақтар өткізіледі. Біздің қоғамдық қор жетекшілігімен әрі  өңірлік мәдениет, архивтер мен құжаттама және дене шынықтыру мен спорт басқармаларының тапсырысымен инклюзивті үйірмелер жобасы іске асып жатыр. Бүгінде дімкәс балалардың өз қатар-құрбысы секілді бос уақытында сүйікті ісімен айналысуы үшін әртүрлі  үйірмелерге қатысуына мүлдем жағдай жасалмаған. Біздің үйірмелерде ерекше қажеттілігі бар балаларды түзете дамыту, оқыту әдіс-тәсілдерін меңгерген арнайы мамандар дәріс береді. Тігін, сурет салу, кестелеу, тоқыма секілді шығармашылық бағытқа баулиды. Бір топта он бала болса, соның бірі немесе екеуі дамуында тежеуі бар ерекше балалар. Бұның өзі инклюзивті орта қалыптастыруға жасалған маңызды қадам дер едім. Бұндай үйірмелерге қатынау тегін, мемлекеттік тапсырыспен жан басына қаржыландыру тетігі аясында жүзеге асады.  Сондай-ақ Еуразия қорының бағдарламасы шеңберінде шалғай ауыл-аймақтарда, елдімекендерде арнайы мамандар даярлау жобасы да сәтті жүзеге асты. Ауылдарда балалар тек мамандандырылмаған балабақшаларға ғана бара алады, өйткені олардың басқа мүмкіндіктері жоқ, мұнда мүгедектігі бар балаларға арналған арнайы  жағдайлар жоқ. Біз ауылдардағы психологтарға семинар-тренинг ұйымдастырып, даму мүмкіндіктері шектеулі балаларды психологиялық-педагогикалық сүйемелдеу қызметінің басты бағыттарын теория және тәжірибе жүзінде  талқыладық. Қазіргі таңда бұл тренингтерді сәтті тамамдаған психолог-педагог мамандар дімкәс балалармен нәтижелі жұмыс істеп, тәжірибесін ұштауда. Сонымен қатар біз белсенді ересектер мен ерекше мұқтаж баланы тәрбиелеп отырған ата-аналарды қоғамдық жұмыстарға жұмылдыру жолдарын үйлестіру ісін бір ізге қоюды мақсат тұттық. Әр алуан тренингтер арқылы әлеуметтік жобаларды жасақтау және оларды іске асыруда қаржы көздерін табу тетіктерін егжей-тегжейлі түсіндірдік.  Дамыған елдерде көкейтесті мәселелер қоғамның қызу талқысына түсіп, бірлесе шешімі қарастырылады. Тек биліктен талап ету – тиімді тетік, мәселе шешімі емес. Мінеки, осындай жан-жақты ізденіс, ұмтылыс, еңбек нәтижесінде екі қоғамдық қордың құрылуына ықпал еттік. Олар:  «Асылдар Next» және «Даму Time» қорлары. Олардың қызметінің бір тарауы мүмкіндігі шектеулі жандарды қоғам өміріне бейімдеуге бағытталған.

– Мүмкіндігі шектеулі балалардың  ата-анасымен жұмыс жайлы кеңірек тоқталып өтсеңіз.

– Қазіргі таңда мүгедек баласы бар     ата-аналардың белсенділігі артып келеді. Құқықтық сауатын жетілдіріп, қолданыстағы заңнама аясында тиісті әлеуметтік қолдауға қол жеткізе білуі, мемлекеттік тегін медициналық көмекке кедергісіз жүгіне білуі өте-өте маңызды дүниелер. Осы тұста айта өтер дүние халықтың қалауына сай келетін өзекті жобалар мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдардың өзара тиімді іс-қимылы нәтижесінде іске асса құба-құп. Мәселен, өңірлік білім басқармасы мемлекеттік түзету орталықтарымен ғана  жұмыс жасайды. Бұл тұста ескере кетер дүние – Маңғыстау өңірінде тіркеудегі мүгедек балалар саны 8 мыңнан асып отыр. Ал мүлдем мүгедектігі тіркелмегендер санын болжау қиын. Себебі елімізде ерекше қажеттілігі бар балаларды анықтау әдістемесіндегі, медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізу, құжаттарды ресімдеу үдерістеріндегі олқылықтар, ұзақ уақытқа созылатын қағазбастылық дерті  дамуында тежеуі бар балаларды дер кезінде  диагностикалау, оңалту әрі түзете дамыту секілді іс-шаралардың кешеуілдеуіне өз ықпалын тигізеді. Бұдан шығарар нәтиже – мемлекет тарапынан басты қызметі мүмкіндігі шектеулі балаларды медициналық-психологиялық-педагогикалық және әлеуметтік тұрғыдан кешенді сауықтыруға бағытталған жекеменшік орталықтарға қолдау болуы шарт. Барлық жүк пен жауапкершілік тек мемлекеттік орган мойнына артылар болса, инклюзивті білім беруді ілгерілетем деу бос әурешілік болмақ. Өз ойымша,  мақсат пен  мүдде бір арнаға тоғысқанда, орындалмас міндет, шешілмейтін мәселе болмақ емес. Өркениетті қоғамда  кез келген түйін түйіткілін сындарлы диалогпен, тиімді тетіктерді іске қосу арқылы тарқатуға болады. 

– Мүгедек балаларды қоғам өміріне араластыру және тең мүмкіндіктермен қамтамасыз ету мақсатындағы инклюзивті сыныптар мен балабақша топтарына орналастыру тәжірибесі туралы не айтасыз?

–  Біз арнайы жоба аясында 60-қа жуық балабақшалар мен орта  мектептердегі психологтар мен логопедтерді оқыттық. Бұл өте аз. Егер мемлекет тарапынан осы бағытта мемлекеттік тапсырыс болса, біз ауқымды жобаны жасақтауға әлеуетті мүмкіндіктерімізді жұмылдырар едік. Осы уақытқа дейін мемлекет қолдауынсыз, еліміздің бас қалаларынан өте білікті, тәжірибелі мамандарды арнайы шақыртып, ақылы тренингтерді ұйымдастырдық. Ескере кетер дүние, арнайы білім беру және дағдыларға үйрету мүгедектігі бар балалармен жұмыс істейтін мұғалімдер үшін жүргізілуге тиіс,  өйткені көптеген мұғалімдер инклюзивті сыныптарды басқаруға дайын емес. Сондықтан мүгедектігі бар балаларды әлеуметтік интеграциялауға және тең мүмкіндіктерді қамтамасыз етуге, оларға көрсетілетін барлық әлеуметтік қызмет ауқымын  кеңейтуге арналған қаржыландыру құрылымы жаңғыртылуы тиіс. Біз өз орталығымызда  мамандардың кәсіби біліктілігін ұдайы жетілдіруге ерекше назар аударамыз. Біздің оңалту орталығында балаға нақты диагноз қою үдерісі ата-ана және психолог-логопед-педагог мамандардың қатысуымен жүзеге асады.  Психологиялық-педагогикалық консультациялар ерекше мұқтаж балалардың білім беру тұрғысынан даму деңгейін анықтайды және ата-аналарға білім беру түрлерін ұсынудың тиімді нұсқасын таңдауға кәсіби кеңес береді.  Мен жетекшілік ететін қордың басты жобасы – «Періште» оңалту орталығын жаңа ғимаратқа көшіру мәселесі де жуырда шешімін тапты. Ақтау қаласының әкімі Нұрдәулет Қилыбайдың қолдауымен кең, жарық әрі жайлы ғимаратқа қоныс аударуды жоспарлап отырмыз. Сөз соңында айтарым,  біздің елімізде ерекше қажеттілігі бар жандарға жан-жақты көмек көрсетілуі тиіс. Мейлі ол мемлекет тарапынан, не үкіметтік емес ұйымдар жетекшілігімен болсын. Себебі олар әркез қолдауға зәру. Бұл орайда ерекше мұқтаж  балалары бар отбасыларға қолдау көрсету, инклюзивті білім беру, қоғамдағы мүгедектікке деген көзқарасты өзгерту, олардың толыққанды өмір сүруіне жағдай жасау мен қоғамға өз үлесін қосуға ынталандыру  аса маңызды. Біздің қоғамда мүгедектік мәртебесіне қарамастан, әр бала құнды қабілеттерге ие адам ретінде қарастырылуы тиіс. 

 

Сұхбаттасқан – Голрох ЖЕМЕНЕЙ
20.10.2022

Ұқсас жаңалықтар

ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 70
Бәйтерек ауданы:  Берері мол бағдарламаның жемісін көруде
Ләззат ҚАЖЫМОВА, Батыс Қазақстан облысы - 15.11.2024 592
Бірлік қайда болса, еркіндік сонда, Еркіндік қайда болса, елдік сонда
Бейбітбек БҮРКІТБАЙҰЛЫ, Қызылорда облысы - 15.11.2024 708
ТУҒАН КЕНТІНЕН ЗАУЫТ АШҚАН ЖАҚСЫЛЫҚ
Тұрақ АДИСҰЛЫ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы - 15.11.2024 621
Аспан таулар етегіндегі  еңбекқор жандар
Ертай АЙҒАЛИҰЛЫ, Асым СУЛАЙМАНОВ, Алматы облысы - 13.11.2024 631

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 8767
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8166
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11395
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9149
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10380