Ісмер ана Айымгүл: Барлығы өз уақытымен болады

Ісмер ана Айымгүл:  Барлығы өз уақытымен болады

Орал қаласында он саусағынан өнер тамған қолөнер шеберлері мен ісмерлер аз емес. Мемлекеттің қолдауына ие болып, өз кәсіптерін өрістеткен жерлестеріміздің бірі – Айымгүл Көшкінова.

Отыз екі жастағы кейіпкеріміздің негізгі мамандығы – ұстаз. Алдымен 2007-2011 жылдары Ж.Досмұхамедов атындағы Орал педагогикалық колледжінде «мектепалды даярлық тәрбиешісі», одан кейін 2011-2014 жылдары Батыс Қазақстан инновациялық-техникалық университетінде «бастауыш сынып мұғалімі» мамандықтары бойынша білім алған Айымгүл тігіншілік өнерге кездейсоқ келмепті. 

– Кішкентайымнан нағашыларымның қолында өскен едім. Нағашы әжемнің көйлектерді қолдан тігетін шеберлігі болды. 2019 жылы дүниеге келген төртінші сәбиіммен үйде отырған кезде мен де осы тігін өнерін қолға алуды жөн көрдім. Жалпы оған дейін де мамандығым бойынша балабақшаларға арнап дамытушы ойыншықтар тігетінмін. Кейін ұл-қыздарыма да өз қолымнан шыққан киімдерді кигізсем деген қызығушылық басым болды, – дейді Айымгүл Естайқызы. Осылайша көпбалалы ана 2020 жылдан бастап осы кәсіпке ден қойыпты.

Төртінші қызы Бахардың бесігін тербете жүріп ісмер ана бір айлық арнайы курсты оқып алған. Содан соң өзі секілді осы өнерге қызыққан аналар үшін курс ұйымдастырып, білгенін үйреткен. Өзінің дүние есігін ашуымен қатар анасының он саусағына ине-жіп ұстатқан перзенті Бахардың есімі бүгінде жас шебердің брендіне айналған. Айымгүлдің «BAHAR» атты брендтегі дүниелерін тұтынушылар қатары да көбеюде. Бүгінде тігін курстарын онлайн және оффлайн түрінде ұйымдастырып жүрген кейіпкеріміз мемлекеттік қолдаулардан да шет қалмапты.

2022 жылы 400 айлық есептік көрсеткіш көлемінде 1 225 200 теңге қайтарымсыз гранттық қаржыны ұтып алса, өткен жылы «Zhas Project» жобасына қатысып, шағын грант иеленген. Бұл қаржыларды өзінің кәсібіне және оқу орталығына қажетті құрал-жабдықтар алу мақсатында жұмсаған.  

Республикалық деңгейдегі түрлі сән көрсетілімдеріне қатысқан жерлесіміз Айымгүл Көшкінова – Батыс Қазақстан облыстық дизайнерлер  қауымдастығының мүшесі. «Үздік іскер әйел», «Үздік этнодизайнер» аталымдарының иегері. Жолдасы Тимур Сүлимен де  өнерден алыс емес. Бастапқыда отағасы ауылдық жерде Балалар шығармашылық орталығында «Жас зергер» үйірмесінің жетекшісі болып қызмет атқарса, отанасы мектепте бастауыш сынып мұғалімі болып еңбек еткен. Ал қазір алты бала тәрбиелеп отырған көпбалалы отбасының иелері жеке кәсіпкерлікпен айналысып келеді.

Түрлі іс-шараларға белсене қатысып, ұлттық өнерді ұлықтап жүрген отбасы «Мерейлі отбасы» байқауының қалалық кезеңінде бас жүлдені жеңіп алған. 

– Алға қойған мақсатымыз – отбасы құндылықтарын сақтап, көне дәстүрімізді жаңғырту. Осы бағытта жұмыс жасап келеміз. Әлі де ауқымды жобаларға қатысып, кәсібімізді, өзімізді дамытсақ дейміз. Алға қойған мақсатыңа жету үшін талмай еңбек ету керек, жаңа нәрселерді байқап көру қажет. Тәуекелге барудан қорықпаған дұрыс, сонда ғана көздеген мақсатыңа жетуге болады, – дейді кейіпкеріміз.

«Ештеңе де бекер емес. Барлығы өз уақытымен болады» деген қағиданы ұстанатын Айымгүл Естайқызы мұғалімдік қызметін тастағанына өкінген емес. Керісінше, сол білімінің арқасында тігін курстарын емін-еркін өткізіп жүргенін мақтан етеді. Сондай-ақ нағашы әжесінің ізін жалғап, өзінің кәсібін уақытында бастағанына қуанышты. 

Кейінгі буын жастарға үлгі болып, адал еңбегімен, маңдай терімен биіктерді бағындырған мұндай отбасыларды кеңірек насихаттаған жөн деп ойлаймыз. «Өнерлінің өзегі талмас» демекші, кәсіпті нәсіп еткен жанұяның еңбекқорлығына біз де тәнті болдық.

 

Ләззат Қажымова
14.08.2024

Ұқсас жаңалықтар

ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 97
Бәйтерек ауданы:  Берері мол бағдарламаның жемісін көруде
Ләззат ҚАЖЫМОВА, Батыс Қазақстан облысы - 15.11.2024 617
Бірлік қайда болса, еркіндік сонда, Еркіндік қайда болса, елдік сонда
Бейбітбек БҮРКІТБАЙҰЛЫ, Қызылорда облысы - 15.11.2024 735
ТУҒАН КЕНТІНЕН ЗАУЫТ АШҚАН ЖАҚСЫЛЫҚ
Тұрақ АДИСҰЛЫ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы - 15.11.2024 647
Аспан таулар етегіндегі  еңбекқор жандар
Ертай АЙҒАЛИҰЛЫ, Асым СУЛАЙМАНОВ, Алматы облысы - 13.11.2024 656

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 8791
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8192
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11419
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9173
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10404