Оңай жолмен ақша тауып, тегін олжаға қарқ болғысы келетіндердің қатары ғаламтор «әлемінде» де күн санап артып келеді. «Ұрлық түбі – қорлық» екенін ұқпайтын интернет алаяқтары тонаудың небір әдісайласын табуға әдеттенген. Әсіресе 20 мен 35 жас аралығындағы «тепсе, темір үзетін» азаматтардың ұрлық жасауы тиылар емес. Нұр-Сұлтан қаласы Полиция департаментінде өткен баспасөз мәслихатында жыл басынан бері қала бойынша 3 250 интернет алаяқтық қылмысы тіркелгені айтылды. Полиция департаменті киберқылмыспен күрес бөлімінің басшысы Талғат Бөлегенов:
«Бұл өткен жылмен салыстырғанда 135 пайызға көп. Интернет алаяқтық әсіресе пандемия кезінде өршігені байқалады. Карантиндік шектеулерге байланысты көп адамдар интернет қызметтің көмегіне жүгіне бастады. Біздің департамент тарапынан интернет алаяқтықпен күресу жолында бірқатар шаралар іске асып жатыр. Соның бірі, аталған қылмыс түрін зерттеу және ашу бойынша мамандандырылған жедел тергеу тобы құрылды. Нәтижесінде бүгінде елордада 100 интернет алаяқ ұсталып, қылмыстық жауапқа тартылды. Олар жалпы сомасы 150 млн теңгенің шығынын келтірді, оның 50 млн теңгесі зардап шегушілерге қайтарылды. Ұсталған 100 қылмыскердің 45-і бұған дейін интернет алаяқтық бойынша жауапқа тартылған болып шықты», – деді.
Интернет игілігімен бірге түсінігімізге енген киберқылмыспен күресу үшін елордада арнайы мамандарды оқыту қолға алынған екен.
– «Интернет алаяқтықтың алдын алу мен күресуде мамандардың біліктілігін көтеру қарастырылған. Біздің қызметкерлер киберқылмыспен күресу бойынша арнайы оқу курсын өтіп отырады. Сонымен қатар аталған қылмыспен күресте БАҚ арқылы да халықты сақ болуға шақырып жатырмыз. Одан бөлек біздің департамент интернет алаяқтық туралы арнайы бейнероликтер әзірледі. Ол халық жиі шоғырланатын жерлерде көрсетілетін болады», – дейді Талғат Бөлегенов.