Осындай қорқынышты хабар тарағанына көп болды. Әлем назарындағы бірден-бір жәдігеріміз, ғасырлар бойына міз бақпай келген кесенеміз мұндай мүшкіл жағдайға қалай тап болды? Бұл бүкіл қалың мұсылман қауымын елеңдеткен хабардың шыққанына біршама уақыт болғанына қарамастан, әлі де нақты әрекет жасалмай отырғаны қатты қынжылтады. Негізінен, бұл дабылды көтерген «Әзірет Сұлтан қоры» мекемесі. Кесененің қабырғасында сыз пайда болған. Ол уақыт өткен сайын жоғары көтеріліп келеді. Егерде ол сыз жоғарыдағы ою-өрнектерге (сталиктер) жетсе, онда ол оны бірден бойына сіңіріп, бірден екі-үш есе ауырлайды. Онда арғы жағын көзге елестетудің өзі қиын. Бұл ауырлық кесененің қабырғасын езіп жіберуі әбден мүмкін. Қазір не істелініп жатыр? Жергілікті жанашыр мамандар оны тоқтатудың жолын тапқан сияқты. Үкіметтен 317 млн теңге аударылған. Дегенмен бұл көңіл көншітпейді. ЮНЕСКО тарапымен бірлесіп әлемдік сәулетшілерді тартып, жедел комиссия құрылуы керек. Себебі Әмір Темір кезінде салынған кесененің ауа келетін жолдары жабылып, тағы да көптеген келеңсіз өзгертулер жасалынған. Міне, осының бәрі кешенді түрде терең әрі тез зерттелініп, содан кейін ғана нақты ғылыми әрекеттер жасалынғаны дұрыс.