Қазақстан егемендік алған кезден бастап зайырлы, демократиялы қоғам құру жолын таңдағаны белгілі. Мемлекет басшысының пәрменімен, ҚР Парламенті қабырғасында қоғамның әр саласындағы қатынастарды реттейтін заңдар мен ережелердің үнемі қабылданып отыруы, қолданыстағы заңдарға түзетулер мен толықтырулардың енгізілуі біздің құқықтық мемлекет құру жолындағы талпыныстарымыздың айғағы дер едік. Яғни құқықтық саясат тақырыбы, еліміздің саяси өміріндегі аса маңызды әрі бірегей жобалардың бірі деуге толық негіз бар. Ендеше, мемлекеттің құқықтық саясатты жолға қою мен жүзеге асыру, азаматтардың бойында құқықтық сананың қалыптасуы мен өздерінің құқықтық мәртебесін заң аясында қорғай алу жағдайлары қандай деген сұрақтың туындайтыны сөзсіз. Бұл жағынан атқарылып жатқан іс-шаралар аз емес. Алайда жұмыстың бірқалыпты жүргізілуі мен кездесетін кемшіліктері туралы қоғамның пікірі қандай деген мәселе төңірегінде сұрақтар туындайтыны бар. Бізді толғандырған сұрақтардың жауабын арнайы сала мамандарына қоюды жөн көрдік. Елге белгілі заңгер Ләззат Ахатова ханым қарбалас жүрсе де, өтінішімізді жерге тастамай, өз ойларымен бөлісті.
– Мемлекет тәуелсіздіктен бері құқықтық саясатты жүзеге асыруды жолға қойып келе жатыр. Осы жерде мемлекеттің саясаты мен азаматтардың оған деген сенімі қаншалықты? Қазіргі күні халықтың құқықтық сауаты қаншалықты деңгейде деп ойлайсыз?
– Құқықтық саясат жүргізу – мемлекетіміздің басты ұстанымдарының бірі. Бұл сөздің ауқымы кең. Біз демократиялық қоғам құру жолын таңдаған елміз. Ендеше, шынайы демократиялы, зайырлы қоғамды орнату бір күнде біте салатын шаруа емес дер едім. Бастысы мемлекеттің таңдаған жолы, ұстанымы белгіленгеннен кейін қалғанын заң аясында біртіндеп реттеп отырады. Осы жерде «Құқықтық мемлекет – ең алдымен, құқықтық мемлекет идеялары іске асқан конституциялық мемлекет» деген сөзбен анықтама бере кеткен жөн. Құқықтық мемлекеттің басты ұстанымдары, қағидаттары, идеялары Конституциямен бекітіледі. Міне, ең маңыздысы біздің Конституциямыз. Қоғамдағы барлық институттар мен азаматтар түгелдей осыған бағынуы, оның белгілемелерін қатаң атқаруы әрі ол оның абыройына нұқсан келмеуі тиіс
Мемлекетіміз құқықтық саясатты жүзеге асыру жолында үздіксіз талпыныс жасап келе жатыр. Оның ең басында әр жолы қабылданып отыратын заңдар мен белгілемелерді айтуға болады. Құзырлы мекемелер зерттеулер жүргізе отырып, қоғамның әр саласына қатысты заңдар қабылдайды. Ол талқылауға беріледі. Парламенттің, Сенаттың мақұлдауынан өтіп барып Президентке жолданады. Бұл жерде әрбір нәзік түйіндерге көңіл бөлу жағы басты назарда. Сосын құқықтық саясат тұжырымдамасы мемлекет басшыларының пәрменімен бекітіліп, қоғамға ұсынылғандығын айта кету керек. Қазіргі күнде мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың 2021 жылы арнайы жарлығымен бекітілген құқықтық саясат тұжырымдамасы жүзеге асырылып жатыр. Бұл жерде құқық деген сөздің қамтитын аясы өте кең екендігін айта кеткен жөн. Ол азаматтардың абыройы мен бостандығын қорғауға кепілдік беруі тиіс. Экономика саласындағы мәселелерді реттеу деп, сонан соң ауылшаруашылығы, емдеу, денсаулық сақтау, ғылым-білім салалары болып кете береді. Демократиялы елде осындайлардың барлығы заң аясында реттеліп отырады. Мысалы, бізде денсаулық сақтау саласындағы сақтандыру туралы арнайы заңдар мен белгілемелер жұмыс істеп жатыр. Сіз ай сайын сақтандыру қаражатын төлеп жүрсіз. Енді мемлекеттің азаматтарға берген құқықтық еркіндігі бойынша, сіз емханаларға барып қаралуға, заңда белгіленген жеңілдіктерді пайдалануға толық қақыңыз бар деген сөз. Егер сала мамандары сізге белгіленген өлшемдер бойынша қызмет көрсете алмаса немесе сізді емхана есігінен сығалатпай қойса, сіз заңда көрсетілген құқықтарыңыздың аяққа тапталғандығын дәлелдей отырып, сол мекемені сотқа беруге, сол арқылы мемлекеттің өзіңізге берген құқығын қорғап шығуыңызға мүмкіндігіңіз бар. Білім алу саласына да осыны айтуға болады. Тіпті түнгі сағат 23:00-ден кейін көршілеріңіз демалысыңызға нұқсан келтірсе, оларға шағымдануыңызға болады. Бұл жерде сіздің тыныштығыңыз бен демалу туралы құқығыңыз тапталып жатыр деген сөз.
Бізде бұл салаларды реттеу мен дамытуға арналған жұмыстар атқарылып келе жатыр. Яғни мемлекет құқықты саясатты жүзеге асыру жолында біраз жұмыстар атқарып келеді. Бұған мемлекет басшыларының жарлығымен қабылданған тұжырымдамалар, арнайы мекемелердің түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатқаны жөнінде халықты ақпараттандыру, құқықтық сауатын дамытуға арналған түрлі іс-шараларды айтуға болады. Бұл салада қозғалыс бар. Ал, менің ойымша, халықтың құқықтық сауатын әлі де арттыру керек. Халық әлі өз құқықтарын жақсы білмейді. Төмен деңгейде болмаса да, жоғары деңгейде дей алмас едім. Сондықтан үгіт-насихат, түсіндіру жұмыстары, ақпаратпен қамтамасыз ету жағын үнемі қадағалап отыру артық болмайды.
– Халықтың құқықтық мәдениеті мен құқықтық санасын қалыптастыру жолында атқарылып жатқан істерге көңіліңіз тола ма? Бұл жұмыстарды одан әрі ілгерілету үшін қандай ұсыныстар айтар едіңіз?
– Жоғарыда айттым, мемлекет Конституцияны бекітті. Соған сабақтас түрлі заңдар мен белгілемелер жұмыс істеп жатыр. Әлі де жетілдіріліп келеді. Енді осыларды қағаз жүзінде қалдырып қоймауымыз керек. Өкінішке орай, кейбір жұмыстарға көңілім толмайды. Халықты құқықтық жағынан сауаттандыру үшін, жалпы құқықтық көмек көрсету үшін заңгерлерді көптеп тартып, қоғамдық ұйымдарға кіргізу керек. Осы бағытта құқықтық жобалар көптеп жасалу керек. Әсіресе ауылды жерлерде тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшырайтын қазақы тәрбиедегі әйелдер көп. Көбіне сол қазақы менталитеттен, елдің сөзінен, ұяттан аса алмай, небір қорлыққа шыдап жүре беретінін, кейде оның соңы орны толмас өкінішке, өлімге әкелетін жағдайларды естіп, көріп жүрміз. Ондай отбасыларда балалар да зардап шегеді. Қазір қоғамда қилы жағдайлар орын алып отырғанын көріп жүрміз. Балаларын тастап, басқа күйеуге тиіп кететін әйелдер де бар, мысалы. Бұл жайттар қазіргі қоғамдағы күйіп тұрған өзекті мәселе боп тұр. Қай жерде де қорғансыз, әлсіз балалар зардап шегеді. Сондықтан құқықтық мәдениет пен құқықтық сананы қалыптастыру жолында атқарылатын жұмыстар өте көп.
– Сіз заңгер ретінде үнемі соттармен жұмыс істейсіз. Еліміздегі Сот жүйесінің ашықтығы мен адамдардың сот арқылы қорғалу құқықтары және бостандықтарын іске асыру мәселелеріне қандай баға берер едіңіз?
– Сот саласына да көп өзгеріс керек. Соңғы жылдары сот саласын реформалау бағытында біраз жұмыстар істелді. Заңдар қабылданды. Ондағы басты мақсат та жаңа өзіңіз айтып отырған азаматтардың құқықтық мәртебесінің қорғалуы, сақталуы дегендермен жалғасып жатыр. Бұл жағында кейде мемлекеттің саясатына кінә арта алмайтын жағдайлар бар. Яғни сот саласындағы негізгі саясат, ұстаным, заң және белгілемелер қабылданған. Ол жағында мін жоқ. Алайда іс жүзінде жергілікті соттарда мемлекеттің осы саясатын жүзеге асыруда заң талаптарының толығымен орындала бермейтін жағдайлар кездесіп жатады. Соттағы әділетсіздік, заңсыз актілер қанша адамның өмірін өксітіп, құқығын белден басып жатыр. Ел әділдік іздеп сотқа жүгінеді. Қазір қоғамда «Ет сасыса, тұз себер, тұз сасыса, не себер?» дегендей жайт орын алып, әділетсіздік көріп, қаншама халықтың тауы шағылып, меселі қайтып жатыр. Кейде заң білмегеннен құқықтары бұзылып жатады. Зайырлы, құқықтық мемлекет болу үшін сол елдің халқының құқы шектелмеу керек. Әділ сот жүйесі керек.
– Уақытыңызды қиып, ой бөліскеніңізге көп рақмет!