Адамның өмірге келген әр сәті, өлшеулі уақыты заңдылықтар мен түрлі қағидаларға байланысты болады. Айтқан қағидаларымыз заманның талабына сай мың құбылуы һәм өзгеруі мүмкін. Бірақ, қай жағынан алсақ та адамның кемелденуі ой өрісін дамытуы, мәдениетінің мәнін тереңінен ұғына алғанда ғана шарықтамақ. Менің ойымша, мәдениет - тұңғиыққа бойлаған адамның қараңғыдағы рухын - жарыққа алып шығатын сәулелі шуағы секілді. Сонда ғана мәдениетті түсінген адам өмірдің кілтін тапқан жетістігі болады деп ойлаймын. Сол себепті оның айтылар тармақтары мен бөлімдері өте көп. Ендеше оның екі сатысын қарастырып көрейік. Біріншіден, қоғамды тану құбылысының мәдениеті және сынның түрлері. Екіншіден, олардың қызметінің құрылым күрделілігі.
Біріншіден, қоғамды тану құбылысының мәдениетпен байланысы деген сөзімді дәлелдейін. Жалпы адам өмірінде айтылатын ақпараттардың түрі көп. Мәселен, әдеби сын немесе күнделікті пендауи сындар не одан да басқа түрлі сындар жолығуы мүмкін. Бірақ ескеретін жәйт, бұның тармақтары көп болғанымен сайып келгенде арнасы бір мәдениеттің негізіне байланып отыр. Менің ойымша, жалпы кез-келген өнер мен әдебиет не қарабайыр өмірде болсын әр бастамаларда айтылар сындар мен міндер табылады. Әрине, барлығы пенде болған соң бірі асырып бірі жасырып сынның қиыр шегіне жеткізбей міндеуі немесе асыра шектен шығып күндеуі мүмкін. Сондықтан өмір талабы осы болғаннан кейін сынды оң көзқараспен қабылдап үйрену керек деп ойлаймын. Неге десеңіз, адам сынды есту арқылы көгеріп, көктей алады. Ал ол болмаған жерде оны шаң басып қажетсіз қоқысқа әп сәтте айнала салуы мүмкін. Оны қарапайым мысалмен де түсіндіріп көрейін. Мәселен, сен үлкен бизнес бастап жатырсың делік. Еңбек жолыңда бір өзің таудай жұмысты арқалай алмайтының белгілі, не істемек керек? Әрине осы жолда тәжірибесі бар тұлғалардың ақылын сұрап, пікірін біліспекке асығасың. Бұл дегеніміз, сынына іліну емес, сол сындарының арқасында кемшіліктерін айшықтап, ойының нықталуына, сенімділігіне ие болғысы келеді. Сүйтіп сен сынын қабылдап, бизнесіңнің өрісін өрге өрелетесің. Ал егер олардың ақылын тыңдамағанда аз уақытта банкротқа ұшырауың мүмкін еді. Демек сынды қабылдай алған пенде ғана мәдениеттің даму сатысында жоғары орынға ие адам болғаны. Мәдениеттің адам өміріндегі қызметі мен рөлінің осыншалықты маңызды екенін жоғарыда дәлелдеп көрсеттім. Себебі, "сын" деген сөзді қабылдай алатын жандар кемде кем. Ал оның мәнін түсінген жан ғана өз өмірінің сұлулығы мен жүрегінің тазалығына қол жеткізетін "мәдениетті" адам деп нық сеніммен айта аламын.
Екіншіден, жүйелі күмән құрылымының күрделілігі. Жалпы жүйелі күмән деуімнің себебі, қазіргі адамдар "күмәндану құбылысын" әдетке айналдырып алған. Ол жағдай күнделікті өмірде, жұмыста не дәл қазіргі сәтте орын алуы мүмкін. Сайып келгенде бұл да мәдениеттің үлкен күрделі тақырыбына айналып тұр. Мысалы, "күмән" отбасында орын алуы үйреншікті жағдай. Әсіресе, жас құрылған отбасыларда
сенімділіктің аз болу себебінен күмәнге көп бой алдырып, соңы баянсыз махаббатпен нүктесін қойып жатқан жастар қаншама?
"Қызғаныш күмәнмен қоректенеді, күмән сенімділікке айнала бастаған сәтте ол не өледі, не долылыққа айналады",-деп даналарымыз айтпақшы қашан да қос жарты біріне деген сенімділіктеріне кірбің ұялатпауы керек. Әрине, оны ауызбен талай адам ақылға қосып, тіліне тиек етіп жеткізуі мүмкін. Алайда адам оны қабылдай алуы ең маңызды дүние болып саналады. Себебі, оны қабылдау, жүрекке салу да оңай іс емес. Оны ұғыну үшін де мәдениет танымың биік тұруы керек деп ойлаймын.
Жалпы адамға отбасылық жағдайдан бөлек кез келген істе немесе жаңа ортада болсын түрлі уақытта күмән туындауы мүмкін. Тіпті әр нәрсеге күмәнмен қарау үйреншікті әдетіңе айналуы да мүмкін. Әрине бұл құлаққа үйреншікті естілгенімен бір нәрсені жадыдан шығармау керек. Ол- арылу. Иә, сен өмірде күмәніңмен күресем деп жүргенде уақыт зымырап өтіп кетуі мүмкін. Тіпті ауруға шалдығуың да мүмкін. Оған осы даналық ой да толық жауап бола алады: "Қырық жасымда күмәннан арылдым. Елу жасымда көктің еркін таныдым. Алпыс жасымда шындық пен өтірікті ажырата бастадым. Жетпіс жасымда жүрегімнің қалауына ере бастадым",- деген нақылда күмән ойыңа жұмыртқаласа, араға уақыт салмай арылу қиын болатынын аңғаруға болады. Күмән ислам дінінде де болуы мүмкін. Мәселен, сен бөгде жерден алғалы отырған тағамыңның халал екеніне күмәнмен қарау орын алуы мүмкін. Көрдің бе, күмәннің пайдалы тұстары да бар. Себебі, сен күмәндану арқылы сақтанып, тамақтан тиылып оның таза өнім екеніне көз жеткізгің келе бастады. Сондықтан, күмән да оңай шеше салатын күрмеулі жіп емес. Ол туралы айтылған философиялық әңгіме де, баяндама да, мәдени танымдар да, жазылған дастандар да аз емес. Сондықтан, айтылған әңгімені ары қарай саралау өзіңе байланысты.
Қорытындылай келе, адам ойлауының жемісі мәдениеттің кілтінюе екенін дәлелдеп жаздым. Қоғамды тану үшін әр құбылыстың сынмен, мәдениетпен тығыз байланысы болатынын дәлелдедім. Екіншіден, жүйелі күмәннің зияны қандай болатынын тарқатып жаздым. Олардың шешімі қандай болатынын айта отырып, адамның өзін тану үшін мәдениеттің рөлі жоғары екендігімен қорытындылағым келеді. Ұмытпа, адам өзін жоғалтпау үшін, сенімді болу үшін және өзгеге сенімді болуы үшін әр қасиетіне құрметпен қарап өзін бағалай алуы керек деп есептеймін. Ал егер бұл қасиеттерді сақтай алмаса жаны өмір сүріп жатқанымен, ойы жоғалып кетуі әбден мүмкін... Оның барлығы адам психологиясы мен мәдени танымдарында талай баяндалды. Саналы адамның әр қасиеті мен құралған бөлшегі мәдениет кірпіштерімен бірге қаланып жатқанын ұмытпауы тиіс. Біз жоғарыда айтқан сынды да, күмәнді де тең қабылдай алу - өзін және мәдениетін дұрыс қалыптастыра алғандардың ғана қолынан келетін асыл құбылыс.
Жансая Толқынбек