Иә, саясаттанушы Болат аға Дүйсембі туралы дәл осылай ауыз толтырып тұрып айтуға болады. Таяуда ғана Алматыдағы Қазақстан Жазушыларының кітапханасында өткен ол кісінің «Ұлттық мүддені қалай қорғаймыз?» атты кітабының таныстырылымы осының нақты айғағы.
Кейбіріміздің Тәуелсіздікті өз-өзінен келгендей, аспаннан салбырап түсе қалғандай қабылдайтынымыз рас. Алайда алысқа бармай-ақ, Тәуелсіздік қарсаңындағы Өскемен қаласындағы хал-ахуалға үңілсек, бұл байламның үстірттігіне оп-оңай көз жеткізесіз. Ол кезде Өскеменде қазақтың саны 12-ақ пайыз болған, яғни бүкіл тұрғынның оннан бірінен сәл ғана асады екен. Оның үстіне Желтоқсан көтерілісін аяусыз басып-жаныштаған соң, сол он екі пайыздың өзінің еңсесі езіліп, рухы жаншылып, екі көзімен жер шұқып қалған еді. Қазақ болып өмір сүрудің тиімсіздігін айқын сезінген кейбір әлжуаз сатымсақтар, міне, сол кезде «Қазақ болып туғаныма өкінемін!» дегенге дейін барған болатын. Осы ахуалды шебер пайдаланған ұлыорыстық шовинистер Өскеменде «Славяндар мәдени қоғамы», «Орыс автономиясының ерікті-ұлтшыл интеллигенттерінің бірлестігі», «Ерікті казактар одағы» деген сияқты сепаратистік ұйымдар құрып, облысты Қазақстаннан бөліп алып, Ресейге қосып жіберуге тырысты. Әлгі шовинистердің көбі ірі-ірі партия, кәсіподақ және мемлекеттік қызметте істегендіктен, олардың мұндай әрекеттерін облыстың славян тектес бірінші хатшылары астыртын қолдап, барлық жағдайды жасап беріп отырды.
Үй ішінен үй тігуді көздеген мұндай басбұзар топқа, «заңдасқан қарақшыларға» қарсы аса тегеурінді күш керек еді. Арасынан «Қазақ болып туғаныма өкінемін!» дейтін бейшаралар шыққан әлгі әлжуаз 12 пайызда ондай күш қайдан болсын дерсіз сіз. Жоқ, мың өліп мың тірілген қазақтың ішінде ондай күш бар екен! «Бұл қазақта жігіттер бар нар қасқа, Жарқылдаған алмас па» деп, Төлеген ақын жырлағандай, мақтануды білмейтін, мақтауды сүймейтін сондай азаматтар, шүкір, бар еді! «Осы жағдайды көріп, салауатты түрде саралай білген Болат Дүйсембі өз қатарына тек ұлтжанды, турашыл азаматтарды ғана жинап қоймай, – деп жазады «Шығыстағы текетірес» деген деректі хикаяттың авторы Бақытөмір Шалғынбаев, – қазақ жеріне әртүрлі себептермен қудаланып келген өзге ұлт өкілдерінің де басын қосып, «Бірлік-Единства» атты интернационалдық қозғалыс құрды. Сөйтіп, Шығысты бөлшектеп, Ресейге қосуға тосқауыл бола білді». Жә, кітаптың мазмұнын айтып, құндылығына баға беруден аулақпыз. Оған көз жеткізу үшін Болат Дүйсембінің «Ұлттық мүддені қалай қорғаймыз?» атты кітабын бастан-аяқ оқу керек!
Иә, осы кітаптың тұсаукесеріне жазушылар, журналистер, ғалымдар, қоғам қайраткерлері қатысты. Кітап жайында белгілі қоғам қайраткері, жазушы, тарихшы Бейбіт Қойшыбаевтың мына төмендегі пікірін назарларыңызға ұсынып отырмыз.
Саналы көзқарасқа шақыратын кітап хақында
Бейбіт Қойшыбаев:
– Қоғам қайраткері, экономист, ақын, публицист Болат Дүйсембінің «Ұлттық мүддені қалай қорғаймыз?» атты кітабы бүгінгі Жаңа Қазақстан, Әділетті Қазақстан ұранын жанымен түсініп, азат елімізге, тәуелсіз даму жолына түскен халқымызға адал қызмет етуге бейіл барша азаматқа, әсіресе жастарға арналған.
Бөкеңнің өзі Кеңес өкіметі тұсында партия-кеңес қызметтерінде адал қызмет еткен тұлға. Билеуші партия қайта құру саясатын жариялағаннан бастап еліміздің шығысында орын алған қилы қоғамдық үдерістерге тікелей араласып, әрдайым ұлт мүддесін қорғауға атсалысқан, республика көлемінде ұлттық қозғалыстардың дамуына ерекше үлес қосқан қайраткер.
Ол тәуелсіз ұлттық мемлекеттің іргетасын қалауға ұзақ жылдарғы социалистік құрылыс барысында қалыптасып қалған кеңестік қоғамдық сананың бірден мүмкіндік бере қоймағанын, оның, тіпті, заманауи қоғамдық сананың өріс алуына кедергі келтіруге тырысқанын көрді. Сондықтан соны дұрыстау жолындағы күреске, экономикалық, саяси-әлеуметтік мәселелерді шешуде жол беріліп келе жатқан кемшіліктерді жоюға бағытталған күреске тікелей өзі де атсалысты.
Осы тараптардағы ойларын, талдаулары мен сараптамаларын, тұжырымдарын әрқашан түрлі жиындарда, баспасөз беттерінде ортаға салып отырды. Қайраткер Болат Дүйсембінің қазіргі таныстырылымы өткізіліп отырған мақалалар жинағы солардың ондаған жылдар бойғы іс-дағдыда дамытылып, қорытылған нұсқалары болып табылады.
Автор кітабының алғашқы беттерінен-ақ алда тұрған негізгі мақсатымызды айқындап алуды мұрат еткен. Ол бұқаралық ақпарат құралдарындағы пікір алмасуларды шола келе, бізге әрқашан ұлттық мүддемізді қорғайтын, болашақта халқымызды әлемдік жаһандандыру үдерісінің құрбаны болдырмайтын, шын мәніндегі заманауи, бекем ұлттық идея өзегіне айналған мықты мемлекет құру ауадай қажет деп тұжырады. Мемлекет пен оның экономикалық және саяси дамуы ұлттық идеяға тәуелді болуы тиіс деп есептейді.
Осындай ұстанымды арқау етіп, ұлттық мемлекетімізді мұнай сынды табиғи байлық пен индустрия ауқымында ғана қарастырмай, ұлттық менталитетімізге тән дәстүрлі ауылшаруашылығын ғылымға негізделген жаңа технологияны пайдалана отырып дамыту қажет дейді. Тек сондай іс-әрекет арқылы табиғи қасиеті мен рухани байлығы жан-жақты қайта түлейтін халқымыз әлемді жасампаз ұлт ретінде мойындата алатынына Бөкеңнің сенімі кәміл.
Бұл үшін бұрынғы және қазіргі замандардың идеологиялары «интернационализм», «рационалды даму интеграциясының демократиясы» атауларымен ой-өрісімізге, жан-дүниемізге құйып, дарытқан уы әсерінен арылып, заманауи шабуылдарға төтеп бере алатын шынайы ұлттық сананы қалыптастыру қажет деп санайды. Осы орайда «үш тұғырлы тіл», «қазақстандық ұлт» іспетті нигилистік концепциялардан арылып, жаңа мемлекеттік сананы тек қазақ тілінде дамытуды парасатпен жүйелі жолға қоюға шақырады.
Кітапқа Болат Дүйсембінің жетпістен астам мақаласы енгізілген. Солар түгелдей, негізінен тәуелсіздіктің әр кезіндегі қоғами тыныс-тіршілік көріністерін талдауды, солардан сыни ой қорытуды, алған бағытқа әділ баға беріп, кемшіліктерді түзеу жолдарын іздестіруді көздейді. Мәселен, тәуелсіздігіміздің жиырма жылдығына орай жазған «Тәуелсіздік үшін күрестің сабақтары» атты толғамдарында автор көзі ашық, көкірегі ояу көпшілік көкейіндегі «мемлекет құрушы қазақ халқының қордаланып қалған біраз мәселелерінің әлі де болса шешімін таппай жатқанының себебі» хақында пікір білдіреді.
Ол халқымыздың «өзіне тән бейғамдау, тым төзімділік танытатын сабырлылығы мен ...мойнына ілінген отарлық саясаттың ықпалы салдарынан жігерінен айрылып, құлмінездікке душар болуы» ұлт мүддесі жолындағы күресте аз табысқа тоқмейілсуімізге апарды дегенді айтады. Сондай-ақ біздің өз құқықтарымызды белсенділікпен қорғауымызға «кезінде рушылдық пен жершілдікті тиімді пайдаланған отарлық саясат қазақтың бойына шым-шымдап сіңірген өзімшілдік пен алауыздық» та зиянын тигізіп жүр дейді. Оған озық өркениетке ие батыстың пайда мен байлықты адам бақытының шыңы деп білетін сыңаржақ ұғымына біздің еуроцентристік философиямен тәрбиеленген замандастарымыздың құлай берілуі, сөйтіп шығыс пәлсапасының адами құндылықты бағалауды уағыздайтын рухани өркениетінен айырылуы да себепкер екенін ескертеді.
Осындай ахуалда, автордың иланымына қарағанда, дамуымыздың жолында болып жатқан өзгерістерге сын көзбен қарап, қайда бара жатырмыз, бетімізді қалай түзейміз деген сұрақты өзімізге жиі қойып отыруға тиіспіз. Бұл ретте кітапта қайта құру жылдарында тәуелсіздікке ұмтылған республикалар ішіндегі іріткі жұмыстардың бел алуына орталық биліктің империялық амбициясы әсер еткені жайында сөз болады. Бұрын бодандығында болған халықтарды өз уысынан шығармауға бағытталған партия саясаты, оның Қазақ Республикасында 1989 жылы тілдер туралы заң қабылданғанда әр жерде орын алған теріс көріністері, әсіресе қазақ халқының тәуелсіз ел болуына Шығыс Қазақстанда ұйымдастырылған қарсылық, сондағы сепараттық әрекеттер туғызған келеңсіз жағдай Бөкеңнің жазбаларында жан-жақты қарастырылған.
Автор «Ұлттық мемлекеттің экономикалық дамуының өзекті мәселелері» деген тақырыпта қазақ құрылтайында арнайы баяндама жасап, еліміз үшін ең маңызды деген мәселелерге орай пікірін ортаға салған-ды. Соның жинақта келтірілген мәтінінде ол қазақ ұлтының жаңғыруына, құндылықтарының сақталуына атсалысу бәріміздің борышымыз екенін еске сала отырып, «мемлекеттің экономикасын тек ұлттық идея негізінде, халқымыздың мүддесін қызғыштай қорғай алатын, әр азаматтың дәулетті, ауқатты болуын шешетін саяси ұстанымда дамыту» жолдарын саралайды. Тәуелсіздігіміздің, ұлтымыздың берік сақталуы тек тарихи даму жолымыздан сабақ алып, халқымыздың менталитетіне сай, ғылымға сүйенген дұрыс жол табу арқылы ғана мүмкін әм баянды болмағын дәлелдейді. Байлығы мол қазақ жерінде халықты кедейшілікке ұшыратудың қазаққа қастандық жасаумен барабар екенін ескертеді. Адамдардың әлеуметтік теңсіздік алшақтығы арта түсуіне жол берілмейтін механизмдерді ұтымды пайдалану арқылы экономикалық дамудың қуатын арттыруға болатынына назар аударады.
Болат Дүйсембінің Жер реформасы жөніндегі комиссия төрағасына жолдаған ашық хаты, жұмыссыздықтың тамырын іздестіріп, бұл құбылыстың ақиқатын ашуға тырысқан мақаласы, жұмыссыздық мәселесін әлемдегі тиімді тәжірибелерді ғылыми сараптамадан өткізіп, ұлттық менталитетті ескеру, ел байлығын үнемшілдікпен пайдалану, жемқорлықтан арылу жолымен шешу жайындағы ұсынысы оқырманды биік мемлекетшілдік ойға жетелейді.
Жалпы, мемлекетшілдік қасиетті автор «Мемлекетшілдік – азаматтық борыш» деген мақаласында арнайы талдаған. Мемлекетшілдік пен патриотизмнің өшпес отын жастардың кеудесіне лаулата жағудағы аға ұрпақ рөліне автор «Зиялы азаматтар, қайдасыңдар?» атты мақаласында ерекше мән берген. Кітаптан оқырман жаңа қоғамдық сананы, ұлттық сананы қалыптастыру және оның мән-мағынасы хақындағы Бөкеңнің бірнеше сындарлы, байыпты мақаласымен таныса алады. Ал еліміздің даму барысында кездесіп тұрған түрлі күрделі мәселелерге байланысты Үкімет басшысына, бірнеше мәрте Мемлекет басшысына бағыттаған хаттары кім-кімді де жайбарақат қалдырмайтыны анық.
Елін бар жүрегімен сүйетін, халқының болашағына жаны ауыра қарайтын Болат Дүйсембі сынды азаматтың осы кітабындағы күллі жазбалары бүгінгі тәуелсіздік күрескерлерінің кәдесіне асарына, жалпы жоғары және арнайы орта оқу орындарының оқытушылары мен студенттерін, барша оқырманды қанағаттандырып, ізденімпаз жастарды разы етеріне күмән жоқ. Тек таралым мәселесін реттеуді қатты ойластырған жөн.
Дәуіржан ТӨЛЕБАЙ, «Ақиқат» ұлттық қоғамдық-саяси журналының бас редакторы:
– Ұлттық мүддені қалай қорғаймыз деген мәселе бүгін де өзекті болып тұр. Ұлттық мүддесі жоқ мемлекет болмайды. Ал сол ұлттық мүддені қалай қалыптастырамыз, қалай дамытамыз деген сұраққа осы кітаптың ішінде жан-жақты жауап берілген. Кітаптың құндылығы осында деп білемін. Жалпы, кітапқа енген барлық мақалаларды біз мұқият зерделеп, сана сарабынан өткізуіміз керек. Онда айтылған идеялар, жасалған тұжырымдар тереңдігімен, ауқымдылығымен, концептуалдығымен ерекшеленеді. Болат аға қаламының жүйріктігі, өзінің ой жүйріктігімен, парасат-пайымымен тең түсіп отырады. Сөз бен ой бір арнада тоғысады. Әрбір мақаланың тақырыбы автор жүрегінің түкпіріндегі ұлтшылдық, отаншылдық сезімдерді жеткізеді. Қарап тұрсақ, Болат аға қалам тартпаған мәселе кемде-кем және олардың бәрі де аса ірі тақырыптар. Сондықтан ұлттық мүддені дұрыс мағынасында қалыптастыруымыз үшін нағыз идеологиялық құрал бола алатын еңбек деп осы қазыналы кітапты айтар едім.
Пікір айтқандар ұлттық идеологияның қаймағы осы кітаптағы мақалаларда жинақталған деген тұжырымға тіреді. Шіркін, осы кітапқа билік назар аударса деген игі тілектің жетегінде кеттік. Ондай болса, қанекей!