Елімізде 2020 жылдан бастап міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесі іске қосылды. Бұған дейін үкіметте медицина саласына дәл осы міндетті әлеуметтік сақтандыруды енгізу туралы 1997-1998 жылдары және 2000 жылдары мәселе көтерілгенімен, ұсыныс қолдау таппай, «жабулы қазан» күйінде қалған болатын. Тек 2017 жылы мәселе қайта қаралып, біртіндеп жүзеге аса бастады. 2020 жылдан бастап тұрақты жарна аударушылар тобы қалыптасты. «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының» мәліметіне сүйенсек, 2022 жылдың 1 қаңтарынан 31 қазанға дейін МӘМС-ке 823,2 млрд теңге көлемінде жарналар мен аударымдар түскен. Сонымен қатар өткен жылдың 10 айының қорытындысына сәйкес елімізде 16,2 миллионнан астам сақтандырылған азамат бар, яғни олар халықтың 82,1%-ын құрап отыр. Тағы бір ескеретін мәселе былтыр 5 қыркүйегінен бастап МӘМС жарналарын төлеудің жаңа тетігі – алдағы 12 айға төлем жасау механизмі іске қосылды. Бұл жаңа тәсілді 6 мыңнан астам адам пайдаланған. Қорға аударылған барлық қаражат ҚР Ұлттық банкіндегі арнайы шотқа түседі де, ортақ қазынадан қажетіне қарай сақтандырылған азаматтардың ем-домына жұмсалады. Дегенмен МӘМС төңірегінде әлі күнге дейін шешімін таппай қордаланған мәселе көп. Былтыр Мемлекет басшсы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Медицина саласына бөлінген қаржы көлемі артқанымен, мұнда қордаланған мәселелер шешімін таппай отыр. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі тиімді болмады, нақты нәтиже жоқ. Үш миллионға жуық адам медициналық сақтандырудан тыс қалған. Соның кесірінен олар денсаулық сақтау саласындағы қызметтерді толық пайдалана алмайды. Үкімет Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігімен бірлесіп, медициналық сақтандыру жүйесін жетілдіру жөнінде ұсыныстар дайындауы керек» деген болатын. Бірақ 2023 жылғы 10 қаңтарда өткен ведомствоның қорытынды алқа мәжілісінде ҚР Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният Президент тапсырмасына қатысты ешқандай жаңалық айтпады. Кепілдендірілген тегін медициналық көмек пен МӘМС қаржысы біріктірілетінін, сала қызметкерлерінің жалақысының өсетінін алға тартқан министр халықты толғандырған сұрақтарға жауап беруге асықпайтын секілді. Ал қазіргі талаптарға сай сақтандырылған азаматтар тұрақты жарна төлеп, ақша аударып отырғандықтан, медициналық көмектің сапалы болғанын қалайды. Бірақ азаматтардың кез келген емханаға жүгініп, қалаған медициналық көмекті ала алмайтыны, көрсетілген қызметтің сапасына көңіл толмау, емханаларда кезек күту мәселесі, алдын ала дәрігерге жазылғанымен, қалаған уақытында дәрігер қабылдауына кіре алмауы, көрсетілетін қызметтер мен берілетін дәрілік заттардың шектеулі тізбесі, қызметтерді алуға болатын медициналық мекемелердің нақты тізімінің болмауы пациенттің уақытын ұрлайды, жүйкесін жұқартады. Тіпті 18 жасқа дейінгі балаға көрсетілетін тегін медициналық көмектің нақты, айқын, қолжетімді тетігі қалыптаспаған. Бір ғана мысал баланың үш тісін емдету үшін стоматологтың әр қарағанына учаскелік дәрігерден жеке-жеке жолдама (направление) алуың керек. Ал әр жолдама үшін, мысалы үш тіс емдету үшін учаскелік дәрігердің қабылдауына (запись арқылы) үш рет жеке-жеке жазылу керек. Стоматолог та әр қабылдағаны үшін жеке-жеке жолдамамен қатар, жеке-жеке жазылуды талап етеді. Мұндай механизм тіркеу (регистрация) бөліміне қайта-қайта жүгірумен қатар, дәрігердің бос уақытына қай күні дөп келетінің белгісіз деген сөз. Ақыры қағаз «қуып» жүргенше, ақылы қызметке жүгінуге тура келеді. Тағы бірде баламның құлағын қараған дәрігер: «Бәрі жақсы, бірақ баланың мұрнына операция жасау керек пе, тексеру керек» деді. «Тексеріп, айтпайсыз ба, енді» десем, «Ол үшін ақылы емханаға баруыңыз керек, МӘМС шеңберінде керек көмектің бәрін жасадым, кешкі беске қарай барыңыз» деп, ақылы емханаға жолдама берді. Алып ұшып дәрігер айтқан уақытта көрсетілген мекенжайға барсам, таңертең қабылдаған дәрігерім отыр. Ақысын алған соң айтпағы «баланың мұрнына эндоскопия жасату керек» екен. Сонда МӘМС шеңберінде «эндоскопия жасатыңыз» деп айтуға болмай ма? Ауруына шипа іздеген кез келген адамнан сұрасаңыз, «сақтандыру қорына не үшін ақша аударып отырмыз» деп күрсінеді. Ал сала мамандары «МӘМС неге көпшіліктің көңілінен шықпай отыр?», «Тиімділігі неге төмен?» деген сұрағымызға «Мәселе МӘМС-те емес, мәселе медициналық қызмет көрсетуді ұйымдастыруда. Көрсетілетін қызмет түрлеріне ақы төлеу, яғни қаржыландыру бойынша еш кедергі жоқ. Емханалардағы учаскелік дәрігердің жұмысын оңтайландыру, санитарлық-медициналық көмек көрсететін ұйымдардың жауапкершілігін арттыру керек. Ұзын-сонар кезек те, дәрігер қабылдауына жазылудағы шу да осы жерден шығады. Сондықтан денсаулық сақтау саласындағы осы механизмді жүйелеп, ретке келтіру қажет» дейді. Бірақ кім, қашан? Әуелде осы МӘМС жүйесін еліміздің денсаулық сақтау саласына енгізу мәселесі қайта-қайта кейін шегеріліп, толық «піспеген» жоба екені айтылған. Бірақ осы үлгіні таңдау барысында 50-ден астам елдің тәжірибесі зерделеніп, зерттеліп, ақыры біздің еліміз үшін медициналық сақтандырудың қазіргі аралас моделі таңдалған. Бірақ «Басы ауырып, балтыры сыздаған» халық қашан сапалы әрі қолжетімді медициналық қызметке қол жеткіземіз деп шырылдағанымен, әзірге елеп-ескеріп, жауап берер ешкім болмай тұр.