МӘНІ МЕН ӘРІ ҚАШҚАН МӘМС-ТЕН НЕ ҚАЙЫР?

МӘНІ МЕН ӘРІ ҚАШҚАН МӘМС-ТЕН НЕ ҚАЙЫР?

МӘМС-тің (Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру) жыры бітер емес. Алты жылдан аса талқыланып келеді. Мемлекеттің бөліп жатқан қаржысы да қомақты. Бірақ нәтиже аз. Салғырттық басым.  Сондықтан да халықтың МӘМС-ке көңілі толмайды. Басынан дау-дамай арылмай тұр. Депутаттардың да жанайқайы, данышпан Абай айтпақшы, «Жартасқа бардым, күнде айқай салдым, одан да шықты жаңғырық» дегенімен бірдей болып тұр. Қайтпек керек?

Соңғы 3 жылда денсаулық сақтау саласында шығыстар шамамен 3 есе артқан. Бүгінгі таңда қазақстандықтардың 83%-ы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне қосылған. Бірақ халықтың жартысынан астамының медициналық қызмет сапасына көңілі толмайды. Неге? Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы Асхат Аймағамбетов МӘМС қорынан көбірек қаржы алу үшін емханалар көрсетілген қызметтер санын негізсіз көбейтіп, есеп беретінін айтады. Демек, жең ұшынан жалғасатын сыбайлас-жемқорлықтың «исі» шығады.  МӘМС-тің мәселесі Парламентте талқыланғалы да екі-үш жылдың жүзі болды. 

Обалы нешік, депутаттар аянып қалған емес. Депутаттық сауалмен қаруланған мәжілісмендер қара сөзден «оқты боратады». Қазақта «Сөз сүйектен, таяқ еттен өтеді» дейтін тәмсіл бар.  Бірақ қарша жауған «сөз оқтан» «жараланған», «таяқ жеген», «басы айналған», тәубесіне келген Үкіметтің бір мүшесін көрмедік.  Үкімет сағатынан ұнжырғалары түсіп, депутаттарға ұрлана қарап кеткендерімен, қайта келгенде қуаттанып, қайраттанып шыға келеді. 

Бұл жолы Үкімет сағатында айтылған ең үлкен қауіп: Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры 2031 жылға қарай өз міндеттемелерін орындай алмай қалуы мүмкін. Қорға, оның өңірлік филиалдарының қызметіне мемлекеттік тексеріс жүргізген Жоғары аудиторлық палата Мәжілістің Үкімет сағатында «өттерің жарылып кетсе де айтарым осы» дегенді жеткізді.  Өйткені қордың қаржылық моделінде бірқатар кемшілік бар екені анықталыпты.

Бүгіндері тегін кепілдендірілген медициналық көмек пен МӘМС негізінде сақтандырылған медициналық көмек бар. Президент осы екеуін бірыңғай жүйеге айналдыруды тапсырған еді. Ал жаңа жүйе қалай жұмыс істейді? Кемшілігі көп МӘМС-ті жетілдіру жолдары қандай? Ол аз десеңіз, қаражаттың жұмсалуына қатысты да шағым жетерлік.  Депутаттық корпуста осы тектес сауалдан аяқ алып жүргісіз. Тіпті жүйе толық реттелгенше МӘМС-ті уақытша тоқтатуды ұсынғандар да болды.

 

ҚОС ДЕПУТАТТЫ  АШЫНДЫРҒАН  ШЫРҒАЛАҢ 

Үкімет сағатында депутаттар бұл мәселеге бел шеше кірісті. Көптеген пікірлер айтылды. Сын жебесі де ұшты.  Бір заманда президент болғысы келіп, «таққа таласқан» депутат Дания Еспаева ханым бір жайттың бетін ашты. Ол кісінің айтуынша, мемлекет 14 млн сақтандырылған адамның қаржылық жүктемесін көтеріп отыр. Дегенмен, жоғары аудиторлық палата медициналық мекемелерде бірқатар заңбұзушылықты анықтады. Мәселен, Астанада екі медициналық ұйымда қажет жабдықтар болмаған. Кейбір медициналық ұйымдар тиісті лицензиясыз қызмет көрсеткен және мүгедектігі бар адамдарға жағдай жасамағаны анықталды. Сондай-ақ ашық ақпараттық жүйенің болмауынан 28 млрд теңгеге жуық көрсетілген медициналық қызметтердің расталмағаны анықталды. Аудиторлық палата алдағы жылы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының  шығысы түсімнен асып, 2031 жылдан бастап қор міндеттемелерін орындай алмайды деп есептейді. Осылайша, аудит нәтижелері бойынша анықталған фактілер, әкелген ықтимал шығындар мен жіберіп алған пайда көлемі 34 млрд теңгені құрады. Осыған байланысты аталған материалдар Бас прокуратураға процестік шешім қабылдау үшін жіберілді. Аудит бүкіл денсаулық сақтау жүйесі мен негізгі мемлекеттік органдардың бірыңғай ақпараттық ортасының арасында байланыстың жоқ екендігін көрсетті. Мәселен, Денсаулық сақтау, Ішкі істер және Әділет министрліктерінің ақпараттық жүйелерінің деректерін салыстыру кезінде шетелге тұрақты тұруға кеткен азаматтарға сомасы 8 млн теңгеге дәрі-дәрмектер ресімдеу фактілері анықталғанын жасырмады.

Мәжіліс депутаты Абзал Құспан: «Таяуда ғана өңірлерді аралап қайттық. Халықтың басым көпшілігінің сұрақ-сауалдары Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесіне қатысты. Ел Президенті Денсаулық министрлігіне жүйені мүлтіксіз орындалуын қамтамасыз етуді қатаң тапсырған. Қазынадан қыруар қаржы да қарастырылды. Әл-әзір, министрдің сөзінше «орындалу сатысында».

Жалпы, осы жүйенің жұмыс істеп келе жатқанына алты жылдың жүзі болды. Бірақ нәтиже өте аз… Сала басшылары, министрлер қызметке келген сайын жүйені қатырамыз деп уәдені үйіп-төгеді. Бірақ халықтың денсаулығы күйреген үстіне күйреп барады.

Бүгін Мәжілісте МӘМС жүйесін одан әрі жетілдіру тақырыбындағы Үкімет сағаты өтуде.

Жиынды жүргізіп отырған вице-спикер Дания Мәдиқызы отырыстың басында айтқан кіріспе сөзінде Мемлекет басшысының салаға қатысты берген тапсырмасы толыққанды орындалмай жатыр деп мәлімдеді.

Сосын Денсаулық министрі Ақмарал Әлназарова жұмыс істеліп жатыр деген сипатта баяндама жасады. 

Үкімет сағатына қатысып отырған Жоғары аудиторлық палатаның мүшесі Нұрлан Нұржанов өткен жылы МӘМС жүйесіне қатысты жүргізілген аудит барысында көптеген құқық бұзушылықтардың орын алғанын ашық айтты.

Ал Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы Асхат Аймағамбетовтің жасаған қосымша баяндамасы МӘМС-тің дәл қазіргі жай-күйінің бетпердесін ашып берді. Бұған дейін де комитет деңгейінде бірнеше жиын өткен. Сан рет депутаттық сауал жолданды. Нәтиже шамалы болып тұр».

 

ТАЛҚЫҒА ТҮСКЕН  8 ҰСЫНЫС

 

Бұған дейін де МӘМС мәселесін депутаттық сауал етіп Үкіметке сауал жолдаған, Үкімет сағатында  талқыға қатысқан  Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжан Фб әлеуметтік желісіне «ҮКІМЕТ САҒАТЫ: 

МӘМС-ке ҚАТЫСТЫ САУАЛДАР МЕН ҰСЫНЫСТАР» деген тақырыппен жазба жариялады.  Ол жерде де депутат көптен қордаланып келе жатқан МӘМС-ке қатысты ойларын  халықтың алдына шығарған. Депутаттың жазбасынан біз қолымыздан келгенді істеп жатырмыз, не айтасыздар? Үкіметке сөзіміз өтер емес деген емеурінді түсінуге болады.  Тіпті депутат МӘМС-ке қатысты 8 пункттен тұратын ұсынысын талқыға салған.

1. Қазір емханалар іс жүзінде ай сайын квота арқылы қаражат алады. Мысалы, бір айға КТ, МРТ жасауға белгілі бір квота беріледі. Ал, егер науқастар саны бұдан көп болса, онда дәрігер науқасты келесі айға жазуға мәжбүр. Осыны ескерсек, ай сайынғы қаржыландыруды әр емхана өздері шешу керек.

2. Екінші, медициналық ақпараттық жүйелер (КМИС, Дамумед, РБиЖФВ, ХПН-портал, гепатит-портал, НРБТ, НРБСД) арасында байланыс жоқ. Дәрігерлер науқастардың деректерін түрлі медициналық ақпараттық жүйеге енгізуге мәжбүр болғандықтан, науқастарды қарауға уақыттары да жоқ. Бір науқасты тексеруге берілетін стандартты уақыт компьютер толтыруға кетіп отыр. Сондықтан, дәрігерлердің жүктемесін азайту мақсатында бірыңғай ақпараттық жүйені іске қосу керек немесе жоғарыда аталған медициналық ақпараттық жүйелер арасында байланыс болу керек.

3. Жылдың басында тариф белгісіз болады, ауруханалар, емханалар ай сайын науқастарға болжалды шамамен емдеу шараларын жүргізеді. Бірақ жыл басында белгіленген тариф нарықтағы бағамен сәйкес келмейді. Ал медициналық ұйымдардың қызмет көрсетуі әр айға белгіленген мөлшерден асып кетсе, қосымша қаржыландырылмайды. Ал жетпей қалса, артылған қаржыны қайтарып алады. Бұл медициналық мекемеге үлкен зиян әкеледі. Сондықтан медициналық ұйымдарға жалпы жасалған қызметіне қарай төлену керек.

4. Емханаларды қаржыландыру жүйесі тіркелген азаматтар санына байланысты болу керек. Егер азамат бір емханадан басқа емханаға ауысқан жағдайда сол азаматқа бөлінетін ақшасы ауысқан емханасына аударылу керек.

5. ТМККК (Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі) және МӘМС (Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру) пакеттерінің аражігін ажырату. Кейде пациент ауруханаға бір диагноз бойынша келіп түседі, ал тексеру және емдеу барысында ол диагноз өзгеруі мүмкін. Ақпарат өзгергесін, оған қаражат қарастырылмайды және бұл сома кесіледі. Соған байланысты соңғы нақтыланған қорытынды диагнозы бойынша қаржыландыру бөліну керек.

6.  Қазіргі уақытта скринингтің 1-ші кезеңі ТМККК шеңберінде жүргізіледі. Ал 2-ші кезең МӘМС пакетімен қаржыландырылады. Егер пациент медициналық сақтандырылмаған болса, екінші кезеңнен өте алмайды. Бұл әлеуметтік маңызы бар ауруларды (мысалы: онкологиялық ауруларды, қант диабеті, туберкулез, АИТВ, вирустық гепатиттер және бауыр циррозы және т.б) ерте анықтауға нұқсан келтіреді. Сондықтан скринингтің 2 кезеңінде ТМККК (Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі) шеңберінде жүргізу керек.

7. Егер азаматтарда «сақтандырылған» мәртебесі болмаған жағдайда онымен медициналық қызметкерлері емес, азаматтарды қолдау орталығы немесе әлеуметтік қызметкерлер айналысу керек.

8. Тағы бір түйткілді мәселе – сызықтық шкаланың (линейная шкала) қолданылуы. Сызықтық шкала әр емхана мен аурухананың емдейтін сырқаттарының санын квоталап, шектейді. Салдарынан, медициналық ұйымдар науқас қанша жерден медициналық сақтандырылған болса да  бетін қайтаруға мәжбүр. Ол үшін МӘМС ақша төлемейді. Осы себепті сызықтық шкаланы алып тастауды ұсынамыз.

 

АЙМАҒАМБЕТОВТЫҢ  СЫНЫНА «СЫНБАҒАН» ҮКІМЕТ

 

Мәжілісте өткен Үкімет сағатында депутат Асхат Аймағамбетов міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін сынға алды.  Оған айызы қанбаған адам аз. Енді ше, сөзіңді біреу сөйлесе, аузың қышып бара ма!

Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің   төрағасы Асхат Аймағамбетов МӘМС қорынан көбірек қаржы алу үшін емханалар көрсетілген қызметтер санын негізсіз көбейтіп есеп беретінін ашына айтты. 

«Қараңыздар, үш мысал келтірейін. МӘМС бойынша 5 айлық баланың тісін қанқұрттан емдеген екен. 5 айында әлі тісі шықпаған балада қандай қанқұрт болуы мүмкін? Бұдан да сорақы жағдай: басқа  бір адамның 82 тісі емделген екен және соған қаражат төлесін деп клиника Қордан ақша сұраған. Тағы бір кейіс – бір күнде бір адамға бір аурухана 32 қызмет көрсеттік деп есеп толтырған. Мұндай мысалдар өте көп. Неге? Өйткені МӘМС бойынша енгізілген қаржыландыру жүйесінің өзі артық қызмет көрсету мен «қосып жазуға» итермелейді, себебі қаражат әр емделген жағдай үшін емес, әр қызмет үшін төленеді. Нормативтер жоқ, цифрландыру жоқ, ал клиникалық хаттамалар мен стандарттар анық емес», – деді ол.

Аймағамбетовтің сөзінше, қазір остеохондрозды анықтау үшін бір науқасқа рентген, одан кейін КТ, сосын МРТ және басқа да қосымша тексерулер тағайындалады. Бұның бәрі ақша табудың «заңды» жолы деді депутат.

Құрметті оқырман, сіздің МӘМС бойынша қаралуыңыз, көрсетілетін көмек пен берілетін дәрі-дәрмек көңіліңізден шыға ма? 

 

НАҒАШЫБАЙ ҚАБЫЛБЕК
31.01.2025

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 14065
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 12879
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 16139
4
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 15042
5
Өркенді қала-қуатты өңірге жетелейді
Show more
Дахан Шөкшир - 2023-06-02 20091