Қазақстандық архившілер қауымдастығы үшін маңызы зор «Архив – 2025» бағдарламасы жер жаһанда шашылған қазақ тарихы жайлы деректерді жинап зерттеуге мүмкіндік беретін, қазақ тарихын жүйелеуді жаңа кезеңге шығаратын қадам болды. Біздің даламыз тарихы тереңде жатқан үлкен мемлекеттердің отаны, үлкен өркениеттердің алтын бесігі болған. Қазақ жері үлкен рухани, философияның, әдебиеттің, өнер мен ілім-білімнің, тіпті діндердің бастауы да болған. Сол себепті біз өзіміздің ежелгі тарихымызды, деректерімізді жинайтын болсақ қана өз тарихымызды жүйелей аламыз. Ал біздің тарих кез келген ұлт тарихынан артық болмаса, кем емес. Бұл жоба тарихи санамызға сілкініс беретіні рас. Тарихи санасы қалыптаспаған елдің болашақтағы бейнесі бұлыңғыр көрінеді. Сол себепті жетіспейтін тарихи деректерді қалпына келтіру мақсатында отандық және шетел архивтерінде іргелі зерттеулер жүргізу, рухани дүниелерді жинақтап, түгендеу миссиясы еліміздің архив қызметкерлеріне жүктелді.
Жобаны жүзеге асыру аясында Орталық мемлекеттік ғылыми-техникалық архивінің қызметкерлері Тұрсынбек Нұрдина, Ерғалиева Инабат, Молдағали Әлихан 2022 жылдың маусым айының 19-29 күндері аралығында Ресей Федерациясы Мәскеу қаласындағы Ресей мемлекеттік әлеуметтік-саяси тарихи архиві мен Ресей мемлекеттік ғылыми-техникалық архивіне іссапармен барды.
Алғашқы күні Ресей мемлекеттік әлеуметтік-саяси тарих архивінің директоры Роговая Лариса Александровна, Ресей мемлекеттік ғылыми-техникалық архивінің ҰАҚ толықтыру бөлімінің меңгерушісі Прошина Ирина Олеговамен кездесу барысында саланың өзекті мәселелерін талқылап, архивтің жұмыс барысымен таныстырды.
Архив деректерін қарау кезінде, бұрын-соңды кездеспеген Қазақстанға қатысты қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық және мәдени-рухани өмірі, тарих беттерін қайта жаңғыртатын құжаттар табылды. Айта кетсек, жоғарыда көрсетілген архивтерде құжаттармен жұмыс істеу кезінде 26 құжат түрі – іс іріктелініп алынды. Қазақстанға жеткізілген құжаттардың ішінде Свирский Владимир Александровичтің еңбегі 337-қор 3-тізімдеме 4-істегі Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Яссауи кесенесінің құрылыс жоспарының өлшемдері көрсетілген құжатты ерекше атап айтсақ болады. Құжаттармен жұмыс істеу кезінде, құжаттардың физикалық-химиялық жәй-күйі айтарлықтай қанағаттандырарлық, кейбір істегі құжаттардың тігілмегендігін аңғаруға болады. Сонымен қатар, жеңіл және ауыр өнеркәсіпті, ауылшаруашылығын, Көлік және өзге де инфрақұрылымды, сондай-ақ Қазақстандағы жекелеген өндірістік кәсіпорындарды дамыту мәселелері бойынша РКФСР мемлекеттік органдары мен министрліктерінің қорларынан алынған құжаттарды атап өтуге болады. Сондай-ақ, 1920-1930 жылдары ҚазКСР-дегі денсаулық сақтау жүйесінің жай-күйі және Қазақстанда сібір жарасының таралуының эпидемиологиялық жағдайы және оған қарсы күрес жөніндегі іс-шаралар туралы есептерді қамтиды. Қарастырылған құжаттардың хронологиялық шегі 1928 жылдан бастап, 1976 жылдар аралығын құрайды.
«Архив – 2025» бағдарламасы аясында шетел архивтерінен әкелінген құжаттар Ұлттық архив қорын Қазақстан тарихына қатысты құнды материалдармен толықтырары және тарихшылар қауымымен ғылыми айналымға еніп, тарихымызды бүтіндеуге септігін тигізері сөзсіз.