Жақында төменгі палатаға Туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев Мәжіліс депутаттары алдында жаңа заң жобасын таныстырып, оның негізі әлеуетті әрі медаль әкелетін спорт түрлеріне бағытталғанын атап өтті. Серік Жарасбаев елімізде спорттың түрі көбейіп, тиісінше қаржы тапшылығы туындап, нәтиже көрсеткіші төмендей бастағанын алға тартты.
– Олимпиадалық емес спорт түрлерінде 53-тен 110-ға дейін спорт түрі дамып келеді. Бұл спорт резервінің және олимпиадалық нәтижелердің төмендеуіне алып келеді. Одан қалды кейбір спорт түрлері бірнеше бағытпен дамуда. Мысалы, каратэнің 11 түрі бар. Ал Азия ойындарының бағдарламасына соның бір ғана түрі енген. Дәл осындай жағдай таеквондода да бар. Бұдан бөлек жекпе-жек түрлері де солай, – деді Жарасбаев.
Вице-министрдің сөзіне қарағанда, бүгінде 180 спорт түрі болса, бұдан былай жылына соның 30-40 түрі қысқарып отырады. Тиісінше 2026 жылға дейін 180-нің жартысы қалса, 2027 жылы 60-70 спорт түрі болады. Депутат Қазыбек Иса да спорттың қаржыландырылатын түрі тым көп деп санап, бірқатар елдің тәжірибесін мысал ретінде келтірді. 83 млн халқы бар Германияда 18 спорт түрі, 70 млн халқы бар Ұлыбританияда 19 спорт түрі бар. Оларды Еуропа десек, көрші Өзбекстанда 17 спорт түрі ғана. Біздегі спорт түрлерінен 10 есе аз. Бұл қандай батпан құйрық? – деді депутат. Ал депутат Еділ Жаңбыршин тек олимпиадалық спорт түрлеріне қаржы бөлу дұрыс емес деп санайды. Мәжілісменнің сөзіне қарағанда, мұның бәрі бұқаралық спорт түрлерінің дамуына кедергі. Критерийлер қойып, жақсы жұмыс істеп жатқан спорт түрлерін дамытуымыз керек, өлтірмеуіміз керек. Әрең күн көріп жүрген федерациялардың бәрін жоқ қылсаңыздар, онда бұқаралық спорт түрлерін қалай дамытамыз? Бәрі бірдей шаңғы теуіп, бәрі бірдей тұғырдан секіре алмайды. Боксы дамыған Маңғыстаудың өзінде спорт кешендері жетіспейді. Футбол ойнайтындай өңірлерде дені дұрыс стадион жоқ. Алдымен инфрақұрылымды дамытыңыздар, сонан соң қаржыландырыңыздар. Құлыбаевтың адамдары федерацияларды бөліп алып, ақшаны жеп отыр. Неге соларды құртпайсыздар, әлде солармен біргесіздер ме? – деп килікті Жаңбыршин.
Жалпы, Қазақстан 2018-2020 жылдары спорттың барлық түрінің дамуына 646 млрд теңге бөлінсе, соның 72 пайызына жуығы еліміз үшін басымдығы мен маңызы ескерілмей бөлінген көрінеді. Жеңіп алған медальдардың саны 2018 жылдан бастап 370-тен 2020 жылы 105 медальға дейін қысқарғаны дәлел болса керек.
Сонымен қатар футболға бөлінетін қаржы көлеміне де қатысты мәселе көтерілді. Министрдің орынбасары қаржының басым бөлігі балалар спортына бағытталып жатқанын тілге тиек етті. Ол Қазақстан премьер-лигасының Olimpbet деп букмекерлік кеңсенің атауын алуының өзі дұрыс еместігін және алдағы уақытта бұл мәселе де жеке қаралатынын айтып сендірді.
Депутат Ерлан Саировтың ойы да Жаңбыршинмен бір жерден шықты. Ол спорттан қалталылардың бәрін құрту керек деп санайды.
Министрлікке Қазақстанның спорттық процесіне олигархтарды қатыстырмай, түгел алып тастауды ұсынамын. Қазір Тимур Құлыбаев пен оның қарамағындағылар отандық спортқа кедергі келтіріп жатыр. Бұл мәселені қалай шешеміз? Құзыретті министрліктің олигархтарды спорттан қууға құқығы бар ма? Соңғы төрт жылда көрші Өзбекстанға жете алмай келеміз. Әйтпесе Қазақстан спортқа 1 млрд доллар бөледі. Көршіміз мұндай қаржыны бөлген емес. Сонда миллиардтың бәрі ұрланып жатыр деген сөз ғой, – деп ой қосты Саиров.
Вице-министр жаңа заң жобасы осы олқылықтардың орнын толтырып, нәтиженің де жақсаруға көмектесетінін алға тартып отыр. Қалай болған да отандық спортқа, өмірін осы салаға арнаған спортшылар мен мамандарға пайдалы заң болса екен дейміз.
– Қазақтың Ұлттық Олимпиада комитетінің президенті қызметіне Тимур Құлыбаев келгеннен бері елдің спорттық жетістіктері құлдырай бастады, – деді депутат Ермұрат Бапи.
Бапи былай дейді:
– Құлыбаев келгелі Ұлттық Олимпиада комитетінің басшылығына кілең «Ескі Қазақстанның» өкілдері іріктеліп алынды. Оның ішінде бір-біріне айнымас құда-жекжаттар мен миллиардер күйеудің олигарх-достары өріп жүр.
Сонымен қатар, комитетке мүше болып сайлануға 70 жастық шектеу белгіленген. Қазіргі мүшелердің ішінен бұл цензден асып кеткендер де, күні ертең толайын деп отырғандар да бар.
Ұлттық Олимпиада комитеті басқарушы органының осындай шал-шауқандар құрамымен қандай жеңіске жетуге болады? Тимур Құлыбаев Қазақстанның ең ірі 50 жеке бизнесі қатарына кіретін компаниялардың активтерін иелене отырып, бірқатар ірі бизнес жобаларды бақылайды, Оның ішінде: «АЛМЭКС» Холдингтік тобы, «Каспий Мұнай» және «Retro Retail» мұнай компаниялары бар. Мұндай шамадан тыс жүктемемен оның олимпиадалық спорт түрлерін дамытуға мүлдем уақыты жоқ деуге болады! Оның ойы – елдің мұнайын сатып, қалтасын толтыру. Спортты қайтсін?! Қысқасы, комитеттің жұмысында «Әділетті Қазақстан» бағытында трансформация әлі де жүріп жатқан жоқ. Айтпақшы, Токиодағы соңғы жазғы Олимпиада ойындарында біздің спортшылар бірде-бір алтын-күміс медаль алған жоқ, 8 қола медальмен қайтты. Медаль есебінен еліміз 83- орынға бір-ақ түсті.
1994 жылдан 2014 жылға дейін жазғы Азия ойындарында қазақстандық спортшылар тұрақты түрде 4-5-орын алып келген. Ал 2018 жылы біз 9-орынға, 2023 жылы 11-орынға түстік. Шамамен, Парижде де осының кебін киюіміз әбден мүмкін.
Депутаттардың айтқандары мен ескертпелерін халық толық қолдайды. Жаңа Үкімет спортымыздың дамуына жаңаша көзқараспен қарайды деп сенеміз.