Нүкісте неге қан төгілді?

Нүкісте неге қан төгілді?

Өзбек билігі өзгерткен баптар

Қарақалпақстан бір-ақ күнде әлем назарына ілікті. Негізі, Өзбекстан тақырыбына көңіл аударып жүрген көзі қарақты оқырмандар өзбек Президентінің конситуцияға өзгерістер енгізу туралы референдум жайлы ұсынысы шыққан бойда-ақ оқиға бірнеше мазмұнға айрықша өрбіген болатын. Оның ең басында қазіргі президенттің билікте отыру мерзімінің тағы да ұзара түсетіндігі еді. Мұның алғашқысы – Конституцияға өзгертулер енетін болса, Мирзиёевтің бұрынғы Президенттік өтілі «нөлге» теңелетіндігі сөз болған-ды. «Егер осындай «жеңілдікті» пайдаланса, Шавкат мырза 2026 жылы да сайлауға жалғасты түрде түсе алады» деді саясаткерлер. Тіпті «Мирзиёев Путиннің жолына түсті» деп жорығандар да табылды. 

26 маусым күні баспасөз бетінде өзгертулердің толық мәтіні жарияланысымен Мирзиёевтің өкілеттілігінен де маңыздысы Өзбекстан құрамындағы автономиялық республика Қарақалпақстанға қатысты бірнеше баптар жұрт назарын бірден аударды. Яғни «Қарақалпақстанның егемендігі біржолата жойылатын болды» деп алаңдаған азаматтар түрлі пікірлерін айта бастады.

Қарақалпақстан Республикасының өткені мен бүгіні, оның неліктен егемендік ала алмай қалғаны туралы баспасөз беттерінде көп айтылып жатқандықтан, бұл тақырыпқа аса тоқталмадық. 

Қазірге дейін Қарақалпақстанның «халықтық референдум арқылы Өзбекстаннан бөлініп шығу» мүмкінгіді айтылып келген конституция баптарында былай делінген екен: 

70-бап: Егеменді Қарақалпақстан Республикасы Өзбекстан Республикасының құрамына кіреді. Республиканың егемендігін Өзбекстан Республикасы қорғайды. 

71-бап: Қарақалпақстан Республикасының өзінің конституциясы бар. Қарақалпақстан Республикасының конституциясы Өзбекстан Республикасының конституциясына қайшы келе алмайды.

72-бап: Өзбекстан Республикасының заңдары Қарақалпақстан Республикасының аумағында да сақталады.

73-бап: Қарақалпақстан Республикасының аумағы мен шекарасы Республиканың келісімінсіз өзгермейді. Қарақалпақстан Республикасы өзінің әкімшілік-аймақтық мәселесін дербес шешеді.

74-бап: Қарақалпақстан Республикасының халқы жалпы референдумы негізінде Өзбекстан Республикасы құрамынан бөлініп шығуға құқығы бар.

75-бап: Өзбекстан Республикасы мен Қарақалпақстан Республикасы арасындағы өзара қарым-қатынас Өзбекстан Республикасы Конституциясының шеңберінде Өзбекстан Республикасы мен Қарақалпақстан Республикасы арасында бекітілген келісімшарт және келісімдер арқылы реттеледі. Өзбекстан Республикасы мен Қарақалпақстан Республикасы арасындағы даулы мәселелер келісім процедуралары арқылы шешіледі.

Осындай баптар арқылы егемендік мәселесі қағаз жүзінде болса да сақталып келген Қарақалпақстанда өзбектерден бөлініп шығып, өз алдарына шаңырақ көтеру мәселесі бүкілхалықтық талап ету деңгейіне жетпеген екен. Себебі 1993 жылғы жасалған келісім бойынша Қарақалпақстанның тәуелсіздік алу мәселесі 20 жылға шегерілген. Алайда 2013 жылдары бұл мәселе азғантай адамдардың талап етуінен ары аспай қалыпты да, Ташкенттің пәрмені барлығынан басым түскен. Ал соңғы жағдайлар ең алдымен қарақалпақ ұлтшылдарының намысына тисе керек.

Жаңадан ұсынылған жобада жоғарыдағы көрсетілген 70-бап былай өзгертілген. «Қарақалпақстан Республикасы Өзбекстан Республикасы құрамына кіреді. Қарақалпақстан Республикасы аумағында Өзбекстан Республикасы Конституциясы мен заңнамаларында қарастырылған еркіндік пен барлық құқыққа кепілдік берілген». Мұнда «Егеменді» сөзі алынып тасталған.

Ал қолданыстағы 74-бап жаңа жобаға енгізілмей қалған. Оның орнына «Қарақалпақстан Республикасы өз аумағында Өзбекстан Республикасы Конституциясы мен заңдары, Қарақалпақстан Республикасы Конституциясы мен заңдарына сәйкес заңнамалық, атқарушылық және сот билігін жүргізеді. Қарақалпақстан Республикасы Жокаркы Кенешінің төрағасы Қарақалпақстан Республикасы жоғары лауазымды тұлғасы болып табылады» деген бап енгізілген. Бұл жерде «Қарақалпақстан халқының жалпы референдумы негізінде Өзбекстан Республикасы құрамынан шығуға құқығы бар» делінген бап мүлде қарастырылмаған.

 

Наразылықтың соңықантөгіспен аяқталды

Қарақалпақстанда наразылық білдірген азаматтар өз пікірлерін ең алдымен әлеуметтік желі беттерінде жаза бастаған. Солардың ішінде заңгер әрі тәуелсіз журналист Дәулетмұрат Тәжімұратов осы жолы айрықша көзге түсті. Оның әлеуметтік желі беттеріндегі үндеулері халықтың наразылығын оята бастаған тұста, Тәжімұратовтың ұсталғандығы хабарланды. Осыдан соң топтала бастаған наразы жұрт журналисті босатуды сұраған.

Қарақалпақстан жұрты республиканы "егемен" статусынан айыруға қарсы шықты

Осылайша басталған наразылықтың соңы 1-2 шілде күні адамдардың Нүкіс көшелеріне көптеп жиналуына ұласты. Ең алдымен әлеуметтік желілерден жеткен видеолардан мәлім болғанындай, наразы жұрттың барлығы «егемендік, мемлекет» деп ұрандатып тұрғанын көрдік. Нүкістегі тәртіпсіздікті басу үшін Өзбекстан Ұлттық гвардиясының жасақтары тартылғандығы белгілі. Бір анығы, наразы жұрт пен күштік құрылымдар арасында қақтығыс болғандығы еді. Сондай-ақ күштік құрылым өкілдерінің қару жұмсағандығы анықталды. Қазір ресми органдардың хабарлауынша, «Нүкістегі тәртіпсіздіктер кезінде 18 адам өліп, 245 адам жараланған. Жаралылардың арасында орган қызметкерлерінен 38 адам бар. Полиция 4 шілдеге дейін 500-ден астам адамды ұстаған»  екен.

Баспасөз беттерінде жарияланған бұл өзгертулерді «Қарақалпақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесі дайындап, ұсынған» көрінеді. Мирзиёев Нүкіске барып, Жоғарғы кеңес мүшелеріне ренішпен айтқан сөзінен осыны аңғардық. Сөйтіп, айдай әлемге оқиға мәнісін түсіндіргендей болды.

 

Кінәлілер жазаланады

Қазіргі таңда Нүкістегі жағдай тұрақтанды. Президент шешімімен Қарақалпақстанда 3 шілдеден 2 тамызға дейін төтенше жағдай режимі енгізілді. 

Халықтың наразылығынан кейін 70-75 баптарда қарастырылған Қарақалпақстан Республикасына қатысты баптар өзгеріссіз қалдырылатын болып шешім қабылданды. Өзгертулер мен толықтырулардың жаңа мәтіні баспасөз беттерінде қайтадан жарияланады. Бұдан бөлек Олий Мажлистің шешімімен референдум уақыты 15 шілдеде өтетін болып бекітілді. Осылайша қарақалпақтардың талабы орындалғандай болды. Қазіргі таңда өзбек баспасөз беттерінде екі халықтың достығы көбірек дәріптеліп жатыр.

Кейбір журналистер сала мамандарынан кінәлілердің қалай жазаланатындығы туралы да сұраған екен. 

Қоғамдық тәртіпті бұзу және азаматтарға қарсы күш қолдануға жария түрде шақыру – негізгі есеп айырысу мөлшерінің жүзден үш жүзге дейінгі мөлшерінде айыппұл салуға, не екі жылға дейінгі мерзімге түзеу жұмыстарына, не үш жылдан бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не айыруға жазаланады. Үш жылдан бес жылға дейін бас бостандығынан айыруға болады.

Бір топ адамдар қоғамдық тәртіпсіздікке немесе әлеуметтік желі арқылы көпшілік алдында тәртіпсіздікке шақырса, негізгі есептік көрсеткіштің үш жүзден төрт жүзге дейінгі мөлшерінде айыппұл салуға, не екі жылдан үш жылға дейінгі мерзімге түзеу жұмыстарына, не бес жылдан он жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 

Қаруды немесе қару ретiнде пайдаланылатын өзге де заттарды қолдану немесе қолданамын деп қорқыту арқылы адамға күш көрсету, жаппай қыру, өртеу, мүлiктi бүлдiру немесе жою, билiк өкiлiне қарсылық көрсету арқылы жасалған қоғамдық тәртiпсiздiктi ұйымдастыру, сондай-ақ оған белсене қатысу секілді қоғамдық тәртіпсіздіктер он жылдан он бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады», – деп жауап берген.

PS: Қарақалпастандағы бұл жағдайдың соңы немен аяқталары белгісіз. Ресми билік «18 адам өлді» деп мәлімет таратты. Алайда ел аузында 2000-нан астам адам қаза тапты деген қауесет тарап жатыр. Әлеуметтік желі беттерінде қанға боялған көше, өліп жатқан және ауыр жараланған адамдардың емханада жатқан көріністері бар видеолар өріп жүр. Бір анығы, бүгінге дейін үнсіз келген қарақалпақ халқының аяқ астынан егемендікке деген ұмтылысының оянғандығы еді...

 

Ерқазы СЕЙТҚАЛИ
07.07.2022

Ұқсас жаңалықтар

ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 141
КВАДРОБЕР – ҰЛТ  БОЛАШАҒЫНА  ҚАУІПТІ ДЕРТ
Сәуле Мешітбайқызы - 21.11.2024 140
Бәйтерек ауданы:  Берері мол бағдарламаның жемісін көруде
Ләззат ҚАЖЫМОВА, Батыс Қазақстан облысы - 15.11.2024 654
Бірлік қайда болса, еркіндік сонда, Еркіндік қайда болса, елдік сонда
Бейбітбек БҮРКІТБАЙҰЛЫ, Қызылорда облысы - 15.11.2024 774
ТУҒАН КЕНТІНЕН ЗАУЫТ АШҚАН ЖАҚСЫЛЫҚ
Тұрақ АДИСҰЛЫ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы - 15.11.2024 687
Аспан таулар етегіндегі  еңбекқор жандар
Ертай АЙҒАЛИҰЛЫ, Асым СУЛАЙМАНОВ, Алматы облысы - 13.11.2024 697

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 8833
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8231
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11458
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9215
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10442