Нұржан Нұржігітов, Жамбыл облысының әкімі: Басты мақсатымыз – жамбылдықтардың тұрмыс жағдайын жақсарту

Нұржан Нұржігітов, Жамбыл облысының әкімі: Басты мақсатымыз –  жамбылдықтардың тұрмыс жағдайын жақсарту

Әулиеата өңірі көпшілікке тасын түртсең тарихы көрінетін қасиетімен ерекше ыстық. Себебі бір ғана Тараз қаласының өзі 2000 жылдық тарихымен туристерді өзіне тартып тұрады, әрі тұнған шежіре. 

Жалпы, Жамбылдың жер жағдайы да осал емес, қойнауы құтқа толы. Ауылшаруашылығымен қатар, өнеркәсіптің де тасы өрге домалап тұр. Осы орайда облыс әкімі Нұржан Нұржігітовтың облыс тізгінін қолына алғанына 6 ай толуына орай аймақ басшысымен сұхбат құрудың сәті түсті. Сұхбатта облыстың өткен үш айдағы атқарған жұмыстары, алдағы жоспары кеңірек баяндалады. 

 

Өңірдің даму жоспары 3 бөлімнен тұрады

– Нұржан Молдиярұлы, әкімдік қызметтегі 100 күндігіңіз құтты болсын!

Жүз күн деген, бұл – үш айдан астам уақыт. Осы аралықта әкім ретінде облыс өміріне нендей жаңалық енгізіп, қандай нәтижеге қол жеткізуге болады екен?

– Облыс әкімі лауазымына тағайындалған күннен бері Тараз қаласы, аудан әкімдері мен басқарма басшыларының жеке-жеке есебін тыңдап, атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарларды сараладық. Барлық аудандарды аралап, жергілікті тұрғындармен кездесулер өткізіп, олардың ұсыныс-пікірлерін тыңдадық. Негізгі міндеттер мен мүмкіндіктерді пысықтадық.

Басты талап – халықтың табысын арттыру, тұрмысын жақсарту, қордаланған мәселелерін шешу. Бұл тұрғыда Мемлекет басшысының тапсырмасымен әзірленген «Халықтың табысын арттыру» бағдарламасын жемісті жүзеге асыру маңызды.

Бізде оған барлық мүмкіндік бар! Ендігі кезекте, сол ресурстарды тиімді пайдалана отырып, жұмысты жүйелеу міндеті тұр.

Осы мақсатта 2025 жылға дейінгі Жамбыл облысының даму жоспарының жаңа сипаттағы жобасы әзірленді. Даму жоспары ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ЖОБАЛАР, БЮДЖЕТТІК ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ЖОБАЛАР, ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ секілді 3 негізгі бөлімнен тұрады.

Мақсатымыз – ауылшаруашылығы және өнеркәсіпті дамыта отырып, ауыл тұрғындары үшін тұрақты жұмыс орындарын құру, тұрмыс жағдайын жақсарту, табысын арттыру.

Сонымен қатар халықтың әлеуметтік игіліктер мен мемлекеттік қызметтерге қолжетімділігін қамтамасыз ету және жалпы жайлы өмір сүру ортасын қалыптастыру бойынша бірқатар міндеттерді шешуді көздейді.

– Қазір мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі – халықтың әл-ауқатын арттыра түсу. Бұл бағытта елімізде қолға алынған жобалар аз емес екені анық. Биылдан бастап «Жамбыл облысы тұрғындарының тұрмыстық табысын арттыру» пилоттық жобасы ел көлемінде қолданысқа енгізіле бастады. Оның басы-қасында Үкімет басшысының орынбасары Ералы Тоғжановтың өзі жүр. Осы шаруаның қазіргі аяқ алысы қалай болып жатыр?

– Мемлекет басшысы халықтың тұрмысын арттыруға, әлеуметтік мәселелерді шешуге айрықша басымдық беріп отыр. Ауыл тұрғындарының тұрмыстық табысын жақсарту пилоттық жобасы осы тұрғыдағы маңызды тетік деуге болады.

2019 жылы бастау алған ауыл тұрғындарының тұрмыстық табысын жақсарту бағытындағы пилоттық жоба өзінің жалғасын табады.

Бір ай бұрын облысқа арнайы келген Үкіметтік делегация жобаның тиімділігіне көз жеткізіп, бұл тәжірибені ел көлемінде тарату ісін қолға алуда.

Өздеріңізге белгілі, жобаның бірінші кезеңінде өңірдегі 11 ауылдық округке қарасты 25 елдімекендегі 7 856 отбасы қамтылды. Бұл мақсатта жалпы 9,2 млрд теңге несие қаражаты бағытталды.

Бес бағыт бойынша жүзеге асқан жобаның нәтижесінде қосымша 2 282 жеке кәсіпкерлік субъектілері ашылды, үй және жер құжаттары ресми түрде реттелді, жұмыссыздар саны 194 адамға кеміді, 589 жаңа жұмыс орындары ашылды, атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны 1 058 отбасыға немесе 65 пайызға кеміді, жобаға қатысушылардың орташа айлық табысы 44 мың теңгеден 73 мың теңгеге немесе 65 пайызға артты.

2021 жылы қайтарылған несиелер есебінен Байзақ, Жамбыл, Жуалы аудандарынан – әр ауданнан 1 округтен 3 ауылдық округте жоба жалғасын тапты.

Пилоттық жобамен өңірдегі қалған 139 ауылдық округтерді қамтуға қажетті қаржы көлемі 75,5 млрд теңгені құрап отыр. Ұсынысымыз Үкіметтен қолдау тапты. 

Бізде бұл жобаны ары қарай нәтижелі жүзеге асыру үшін тиісті кадрлар да, тәжірибе де жеткілікті.

Ағымдағы жылы пилоттық жоба аясындағы жеңілдіктермен қамту үшін облыстың тағы 10 ауылдық округі айқындалып отыр. Бұл бағытқа 6,4 млрд теңге қаржы қажет. Қазіргі таңда жобаның бес бағыты бойынша ауылдық округтердің жоба-есептері нақтылануда. Қаржы мәселесі Үкіметпен бірлесе шешілуде.

– Жуырда Шу ауданына жұмыс сапарымен барғаныңызда ондағы арнайы экономикалық аймақ тек химиялық өндіріспен шектеліп қалмауы керектігін айтып қалдыңыз. Бұл аймақта тағы қандай бағыттағы жобаларды жүзеге асыруға болады?

– Дұрыс айтасыз. Біз қазір осы арнайы экономикалық аймақтың жұмысын жандандыру бойынша шаралар қабылдап жатырмыз. Шу ауданына жұмыс сапарымның барысында оған айрықша көңіл бөліп, жоспарлы жобалар бойынша инвесторлармен онлайн кездесулер өткізіп, бірқатар мәселелерді талқыладық.

Расында, арнайы экономикалық аймақтың статусын қайта қарап, онда тек химиялық жобалармен шектелмеу керектігіне назар аударудамыз.

Жалпы, «Тараз химиялық паркі» арнайы экономикалық аймағының негізгі міндеті – АЭА-ға жаңа қатысушыларды тарту, оларға ақпараттық және консультациялық қолдау көрсету, дайын инфрақұрылым жүргізу, АЭА қатысушыларына қызметтер, жұмыстар мен шикізат ұсыну.

Экономикалық аймаққа жаңа инвесторлар мен қатысушыларды тарту үшін «Тараз химиялық паркі» арнайы экономикалық аймағының басым бағыттар тізіміне қара және түсті металлургия, электр энергиясын өндіру бағыттарын енгізу жөнінде ҚР Үкіметіне ұсыныс берілді, ол қаралу сатысында.

Бүгінгі таңда «ХимПарк Тараз» АЭА аумағында 4 инвестициялық жобаны жүзеге асыруға күш салып жатырмыз. Олардың қатарында жылдық қуаты 150 мың тонна өнім өндіруге мүмкіндігі бар «Qazsugar Co» ЖШС – қант зауытының құрылысы. Жобаның құны – 98,2 млрд теңге. 2023 жылдың IV тоқсанында пайдалануға беру жоспарлануда. Сондай-ақ жылына 25 мың тоннаға дейін натрий цианидін өндіретін «AltynalmasReagents» ЖШС, жылдық қуаттылығы 60 мыңнан 100 мың тоннаға дейін ферросилиций, ферросиликомарганец, техникалық кремний, түсті металл өндіретін металлургиялық комбинаты «TAS Market» ЖШС секілді жобалар бар.

 

Инвестиция тартудың маңызы зор

– Тұрғындардың әл-ауқатын арттыру туралы айтып қалдық. Осы ретте өңірге инвестиция тартудың маңызы өте зор. Қазір қандай инвестициялық жобалар жүзеге асып жатыр? Бізге ұсыныспен келіп жатқан шетелдік инвесторларға аймақтың бизнес климаты қаншалықты тиімді? Осы ретте бизнеске, инвесторларға қолдау көрсету бағытында облыста атқарылып жатқан жұмыстар жайлы айтып өтсеңіз.

– Агроөнеркәсіптік аймақ болып саналатын Жамбыл облысы инвесторлар үшін аса тартымды екені белгілі.

Жоғарыда атап өткенімдей, 2025 жылға дейінгі Жамбыл облысының даму жоспарының алғашқы бөлімі осы инвестициялық жобаларға негізделген. Бұл бөлім екі ірі сала – ауылшаруашылығы және өнеркәсіп салаларында 2025 жылға дейін құны 2 трлн теңгені құрайтын 1154 жобаны іске асыра отырып, 14,4 мың жұмыс орнын құруға бағытталды.

Даму жоспары аясында агроөнеркәсіп кешені саласында жалпы құны 73,5 млрд теңгені құрайтын 711 жобаны іске асырып, 4,3 мың жаңа жұмыс орындарын ашу көзделуде (оның 2,7 мыңы тұрақты, 1,6 мыңы маусымдық жұмыстар. Соның есебінен Тараз қаласында 2 млрд теңгеге 7 инвестициялық жоба жүзеге асып, 260 азамат жұмыспен қамтылады).

Жыл қорытындысымен жалпы салада 110 жоба іске қосылып, 400-ге жуық адам тұрақты жұмысқа орналасады.

Агроөнеркәсіп кешенін дамыту 10 бағытта жүзеге аспақ. Атап айтсақ, 451 жылыжай кешені салу, 40 су үнемдеу технологияларын енгізу, 37 жеміс және көкөніс сақтау қоймаларын салу, 29 сүтті қайта өңдеу кәсіпорындары ашу, 9 сүт тауарлы ферма, 51 мал бордақылау алаңдарын,  26 құс фермасын, 36  балық шаруашылықтары ашу және 32 өзге де шағын жобалар іске асыру көзделуде.

Ауылдық елдімекендерде кооперация жүйесін дамыту мақсатында аудан әкімдері елдімекеннің ауылшаруашылығы саласы әлеуетін түбегейлі зерделеп, әр ауылдық округтің өнім өндіру, қайта өңдеу және өнімді өткеруде кластерлік тәсілді қолданып, жоспарын әзірледі.

Бұл тәсілді қолдану үшін 10 ауданнан бір ауылдық округтен таңдап алынды.

Аталған жобалар кластерлік бағытта «бір ауылда – бір жоба» қағидатымен жүзеге асырылатын болады. 

2021 жылы ауылшаруашылығы саласын қолдауға барлық көздерден 36,3 млрд теңге, оның ішінде 19,4 млрд теңге субсидия қаралған болса, биыл бұл мақсатқа 60 млрд теңге бөлінді. Оның 31,2 млрд теңгесі субсидияға бағытталып, көлемі 50 пайызға артты.

Аталған қолдау шараларымен әрбір ауыл, әрбір кәсіпкер қамтылуы тиіс.

Бұл жұмыстарды нәтижелі іске асыру –аудан, ауыл әкімдерінің НЕГІЗГІ МІНДЕТІ.

Бұл саладағы жұмыстарды жетілдіру, инвесторлармен тығыз  қарым-қатынас орнату әрі тиімділігін арттыру мақсатында 4 арнайы алаң жұмысын іске қостық. 

Біріншіден, апта сайын өтетін инвестициялық штаб жұмысын бастады. 

Штаб жұмысына әрбір кәсіпкер қатысып, өз жобасын таныстыра алады. 

Бүгінге дейін штабтың 7 отырысы өтіп, 37 жоба қаралды. Оның 17-сі жаңа жобалар.

Қаралған жобалардың жалпы құны 1,5 трлн теңгені құрайды. 

Екінші кезекте,  прокуратура жанынан құрылған сараптамалық кеңестің жұмысын жалғастырамыз. Ондағы мақсат – әрбір кәсіпкердің құқықтары мен мүддесін қорғау. 

Үшінші, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы жанындағы Өңірлік кеңес пен   палата жанындағы іскер әйелдер кеңестері де кәсіпкерлерге қолдау көрсету алаңына айналатын болады.

 

Өндірушінің қант  қызылшасына ең алдымен су қажет

– Қант қызылшасы мәселесіне тоқталсақ. Биыл елде қант бағасы күрт қымбаттап, елді де, Үкіметті де әбден әбігерге салып келеді. Расында, бұл қант мәселесі Үкіметті стратегиялық шаралар қабылдауға мәжбүрлеп отыр. Алдағы уақытта аграрлық-индустриялық аймақ саналатын Жамбыл жерінде де қант қызылшасын өсіру, қант зауытын салу, бар зауыттардың жұмысын жандандыру сынды жұмыстардың өзектілігі артатын сияқты. Ауылшаруашылығы саласының маманы ретінде айтып өтіңізші, алдағы жылдары Әулиеата өңірі қызылша шаруашылығын, қант өндірісін дамыту бойынша жұмысты неден бастауы керек?

– Қант қызылшасы жақсы өнім беру үшін оған судың, минералды тыңайтқыштардың жеткілікті қоры болуы қажет. Су мәселесінде көрші Қырғыз елімен жылда мәселе шешілгендей болып жатады. Бірақ жеме-жемге келгенде құлақтың басында отырған көрші ағайын бірінші өз диқандарын сумен қамтамасыз етеді. Айлап тамшы су көрмей біздің мыңдаған гектар суармалы алқаптың қурап қалған кездері де болған. Су үнемдеу технологияларын көптеп енгізу, қосымша су қоймаларын салу мәселесі де әкімдікте ауық-ауық айтылып қалады. Бірақ нәтиже шамалы. Меніңше, осы мәселелерге өте сергек қарайтын кез жеткен сияқты.

Облыста 2022 жылы қант қызылшасы егіс алқабы 6,1 мың гектарды құрап, (2021 жылмен салыстырғанда) 0,6 мың гектарға артты (оның ішінде қант қызылшасы астындағы су үнемдеу технологиялары жаңбырлатып суару алаңында – 1200 гектар және тамшылатып суару алаңында – 1850 гектар енгізілді).

Су үнемдеу технологиялары мен цифрландыруды енгізу есебінен қант қызылшасының шығымдылығын арттыра отырып, кезең-кезеңімен (2023 жылы 10 мың гектар, 2024 жылы 18 мың гектар) 2025 жылы 30 мың гектарға дейін ұлғайту көзделіп отыр. 

Бірінші кезекте қант қызылшасы дақылын дамыту үшін сумен толық қамтылуы тиіс. 

Облыстың суармалы жерлерінің көлемі 179,2 мың гектарды құрайды. Оның 55,2 мың гектары тиісті нормативтерге сәйкес сумен қамтамасыз етілсе, 47 мың гектар алқап 30-40 пайыз деңгейде қамтылған (қалған 77 мың гектар тәлімі алқап ретінде пайдаланылуда). 

 Осыған байланысты, облыс бойынша суармалы алқаптарды қалпына келтіру жол картасы әзірленді. Жол картасының аясында негізгі жұмыстар 2019 жылы басталды. Нәтижесінде 2025 жылға дейін 124 мың гектар алқапты қалпына келтіру көзделуде.  

Халықаралық қаржы институттары («Еуропа қайта құру және даму банкі» мен «Халықаралық қайта құру және даму банкінен») арқылы 34,9 млрд теңге қаржы бөлініп (13,9 млрд теңге игерілді), 25,1 мың гектар суармалы алқап қалпына келтірілді (жоспар 69,1 мың гектар).

Сонымен қатар су жүйелерін қалпына келтіру жол картасы аясында 2022-2024 жылдары 306 су нысанына жөндеу жұмыстарын жүргізіп, 57,3 мың гектар алқапты айналымға қосу көзделген.

Сондай-ақ 2020-2021 жылдары жұмыспен қамту жол картасы аясында жергілікті бюджеттен бөлінген 1,1 млрд теңгеге ұзындығы 374,8 шақырымды құрайтын 81 каналға жөндеу жұмыстары жүргізіліп, 22,9 мың гектар алқап қалпына келтірілді. 

Өңірде жыл сайын туындайтын су тапшылығы мәселесін шешу мақсатында жаңа 6 су қоймасының құрылысын жүргізу жоспарланған.

Бұл ретте жергілікті бюджет қаражаты есебінен «Андас – 1, 2, 3» су қоймаларының құжаттары әзірленіп, құрылыс жұмыстарына 2,0 млрд теңге қарастырылуда. 

Ал «Ырғайты», «Қалғұтты» және «Ақмола» жаңа су қоймаларының құрылысына арналған жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлеуге 276,0 млн теңге қаражат бөлінді.

3 су қойма салынған жағдайда 34,5 мың гектар алқап сумен қамтамасыз етіліп, алынатын өнім көлемі жыл сайын 13,8 млрд теңгеге артады.

Одан бөлек, облыста суды тиімді пайдалану мақсатында су үнемдеу технологиялары 2021 жылы 40,5 мың гектарға ендірілсе, 2022 жылы 50 мың гектарға жеткізілді (оның ішінде, тамшылатып суғару 32,7 мың гектар, жаңбырлатып суғару 17,3 мың гектар).

2022-2025 жылдары 29,2 млрд теңгеге 325 дана жаңбырлатқыш машиналарды және инфрақұрылымды лизингтеу («QZQ Finance» ЖШС арқылы) жоспарлануда (2022 жылы 4,5 млрд теңге бөлінді). 

Екінші кезекте облыс қолда бар 243 бірлік техникамен 5 мың гектарға дейін қант қызылшасын өсіруді қамтамасыз етуде.

2024 жылға дейін 103 бірлік заманауи қызылша жинайтын комбайндар мен 255 бірлік тіркемелі және аспалы құралдарды лизингке сатып алуды көздеуде.

Одан бөлек, ағымдағы жылы жергілікті бюджеттен 717 млн теңгеге 35 дана қант қызылшасына арналған техникалар алынуда. 

2022 жылы жергілікті бюджеттен қант қызылшасын субсидиялау түріндегі мемлекеттік қолдау тоннасына 15,0 мың теңгеге дейін ұлғайтылып, 2,1 млрд теңге бөлінді (2021 жылы 1,2 млрд теңге). 

Облыста қант қызылшасын қайта өңдеуші 2 зауыт (Меркі және Тараз қант зауыттары) жұмыс істеуде, Меркі қант зауыты 2017 жылы 1 млрд теңгеге қайта жаңғырту жұмыстарын жүргізу есебінен тәулігіне қант қамысы өндірісі қуаттылығын 450-ден 600 тоннаға дейін ұлғайтты.

Шу ауданында тәулігіне 8 мың тонна қант қызылшасын өңдейтін қант зауытының құрылысы жүзеге асырылуда («Qyzylsha» ЖШС).

Дегенмен құрал-жабдықтардың, құрылыс материалдары, логистикалық қызметтердің бағасының өсуіне және халықаралық жағдайды ескере отырып, компания қазіргі уақытта жобалық-сметалық құжаттарын қайта қарап, іске асыру мерзімін ұзартуда. «Қазақстанның Даму Банкі» АҚ-мен қаржыландыру мақұлданды. 

Жамбыл облысы әкімдігі мен «Qyzylsha» ЖШС арасында бекітілген Жол картасына сәйкес 10,7 мың гектар жер берілсе,  2023-2024 жылдары 20 мың гектар ауылшаруашылығы жерлері берілетін болады.

 

– Енді Жамбыл өңірінің жалпылама экономикалық-әлеуметтік даму көрсеткіштеріне ойыссақ. Соңғы тоқсанда қай саланың индикаторлық көрсеткіштері бойынша алға шыға алдық. Республикамен салыстырғандағы жетістіктеріміз қай шамада?

– Бірінші жартыжылдықта  облыстың экономикалық өсімі 104,1 пайызды құрады (ҚР – 104,5 пайыз).

Өнеркәсіп (108,1 пайыз), ауылшаруашылығы (102 пайыз), құрылыс  (105,7 пайыз), тұрғын үй құрылысы (103,7 пайыз), сауда  (105,3 пайыз), байланыс  (101,9 пайыз) салаларында оң динамика қалыптасты.  

155,8 млрд теңге инвестиция тартылды (92,9 пайыз).

 255 млрд теңгеге көлік қызметі көрсетілді (98,5 пайыз).

Инфляция деңгейі жыл басынан (2021 жылдың желтоқсанына) 110 пайызды құрады (ҚР – 110,5 пайыз).

Өзіндік кірістер 60 млрд теңгеге (жоспар – 46,9 млрд теңге) орындалып,  25,7 пайызға  артты (ҚР – 119,2 пайыз).

Бюджет қаражаты 99,9 пайызға игерілді (ҚР – 99,2 пайыз).

 

Энергия көздері бойынша  республикада алдыңғы орындамыз

– Баламалы қуат көздерінен энергия өндіру бойынша Жамбыл облысы елімізде алдыңғы орында болатын. Қазір де аяқ алысы жаман емес. Оның үстіне Жуалы жеріндегі «Бурное Солар» күн электр станциясының Орта Азияда теңдесі жоқ. Осы жасыл энергетика саласындағы қазіргі жобалар жайлы айтып өтсеңіз. Алда қандай жоспарлар бар?

– Жамбыл облысында күн, жел және су арқылы электр энергиясын салуға барлық жағдай жасалған. 

Қазіргі уақытта өңірде жалпы қуаты 437,8 МВт жаңартылатын энергия көздерінің 18 нысаны жұмыс істейді. Оның ішінде, жиынтық қуаты 24,4 МВт алты су электр станциясы, жалпы қуаты 162,15 МВт алты жел электр станциясы, сондай-ақ қуаты 251,25 МВт алты күн электр станциясы бар.

Қазақстанда барлығы 2010 МВт қуаттылығымен 134 жаңартылатын энергия көздері нысандары жұмыс істейді. Бұл ретте Жамбыл облысы жаңартылатын энергия көздерін пайдалану жағынан алдыңғы қатарлардың бірінде.

2021 жылы өңірдегі ірі жобалардың бірі, құны 49 млрд теңгені құрайтын, қуаты 100 МВт Жаңатас жел электр станциясы пайдалануға берілсе, қуаты 9,2 МВт құрайтын Тасөткел су қоймасындағы су электр станциясының 2-ші кезегі іске қосылды.

Сондай-ақ, ағымдағы жылдың мамыр айында Жамбыл ауданында жалпы қуаты 50 МВт құрайтын «AEC ASA» күн электр станциясының құрылыс жұмыстары аяқталып, іске қосылды.

Одан бөлек, қазіргі уақытта қосымша жаңартылатын энергия көздері бойынша жалпы қуаты 13,5 МВт құрайтын 3 жел электр станцияларының құрылыс жобалары іске асырылуда. Олардың барлығы Талас ауданында. Атап айтқанда, қуаты 4,5 МВт «Шеңгелді ЖЭС», қуаты 4,5 МВт «Шеңгелді ЖЭС-2», қуаты 4,5 МВт болатын үшінші «Новатэкс ЖЭС» құрылысы жүріп жатыр.

Жоғарыда аталған жел электр станцияларының құрылыс жұмыстарын 2022 жылдың аяғына дейін аяқтау жоспарлануда. Жобалар іске қосылғаннан кейін облыстың жаңартылатын энергия көздерінің жалпы қуаты 451,3 МВт құрайды.

Бұдан бөлек, Мойынқұм ауданында «Total Eren» ЖШС тарапынан жалпы қуаты 1 гигаватты құрайтын жел электр станциясын салуды жоспарлап отыр. Қазіргі таңда келіссөздер жүргізілуде.

2022 жылдың 6 айында 2 243,74 млн кВтсағат электр энергия өндірілсе, оның 1 749,14 млн кВтсағат электр энергия дәстүрлі энергия көздерінен және 495,0 млн кВтсағат электр энергия ЖЭК нысандарынан өндірілген.

Сонымен қатар өңірде күн, жел және су электр станцияларын орналастыру әлеуетін ескере отырып, 2030 жылға дейін жаңартылатын энергия көздерін дамытудың болжамды картасы әзірленгенін атап өткен жөн. Жоспарға сәйкес, 2030 жылға қарай жаңартылатын энергия көздерінің санын 1,2 гигаватт қуатымен 32 нысанға дейін жеткізу жоспарланып отыр.

 

– Тұрғын үй мәселесіне келсек. Бірнеше жылдан бері облыс орталығындағы 15-ықшамауданнан жыл сайын мыңдап пәтер беріліп жатыр. Бастысы құрылыс тоқтап тұрған жоқ. Десе де, 14-ықшамауданда қашан құрылыс басталар екен деп күтіп жүргендер де жоқ емес. 15-ықшамаудан болашақта қаланың орталығы болады екен деген де айтылып жүр еді. Бұл жөнінде не айтасыз?

– Тараз қаласының жаңа 15-шағынауданы расында алдағы уақытта үлкен орталыққа айналары сөзсіз. Қазіргі таңда құрылыс қарқынды жүруде. Жалпы тұрғын аумағы – 917 418 шаршы метр, 14 402 пәтер салынады деп жоспарлануда. Аталған аумақта жоспарында 170 көпқабатты тұрғын үй, 967 жеке тұрғын үй, 4 орта мектеп, 5 балабақша, 2 медициналық орталық жедел жәрдем станциясы қарастырылған. 

Сонымен қатар «Тараз-Сити» тұрғын үй кешенінде 20 үйдің астыңғы қабаттарында сауда-коммерциялық, әлеуметтік, тұрмыстық нысандар орналасады деп күтілуде.

Бүгінгі таңда 2018 жылдан бері 55 көпқабатты тұрғын үйлердің құрылысы аяқталып, 2545 пәтер пайдалануға берілді. Ағымдағы жылы 37 көпқабатты үй мен оңалту орталығының құрылысы жүргізілуде. Егжей-тегжей жоспарлау жобасына сәйкес қосымша 50 көпқабатты тұрғын үйдің жобалық-сметалық құжаттамалары әзірленді. «Нұрлы жер» бағдарламасына сәйкес 255 жеке тұрғын үйдің құрылысы жоспарланып, 21 үйдің құрылысы аяқталды. Қазіргі таңда 1200 орындық 2 орта мектептің жобалық-сметалық құжаттамалары әзірленіп, мемлекеттік сараптамадан өтуде. 

Алдағы уақытта халыққа қолайлы орта қалыптастыру мақсатында, 15-шағынаудандағы каналдың жағалауын абаттандыру және саябақ салу жоспарлануда. Бұдан бөлек шағынауданның инженерлік-инфрақұрылым жүйелеріне қатысты бірқатар мәселелерді шешу шаралары қолға алынуда.

Сол секілді 14-шағынауданның егжей-тегжейлі жоспарлау жобасы бойынша аумағы 100 гектарды, халық саны 13 700 адамды құрайды. 

Жобада 65 көпқабатты тұрғын үйдің, (оның ішінде 5 қабатты – 40, 9 қабатты – 20, 12 қабатты – 5), 2 мектеп, 5 балабақша, 6 шағын орталық, 6 медицина орталығы, 6 дәріхана нысандары қарастырылған.

Аталған аумақта 200 төсек-орынға арналған онкологиялық аурухана құрылысы ағымдағы жылдың шілде айында аяқталуы жоспарлануда. Сондай-ақ 450 орындық көпсалалы аурухана құрылысы үшін 14,2 гектар жер телімі бөлінді.

Бүгінгі таңға бұл аумақты инженерлік инфрақұрылыммен қамту бойынша жылу, газ, байланыс жүйелері жүргізілді. Электр және су-кәріз жүйелерімен қамтамасыз ету бойынша жобалық-сметалық құжаттамалары дайындалды. Қазіргі уақытта құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде.

– Мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында облыста көптеген әлеуметтік нысандардың құрылысы қолға алынып, жұмыс жүйесін тауып еді. Әсіресе шағын балабақшалар мен медициналық, ветеринариялық пункттер көптеп ашылды. Бұл жоба қазір қаншалықты іске асып жатыр?

– Жамбыл облысында мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында денсаулық сақтау саласында шалғай жатқан елдімекендердегі халыққа алғашқы медициналық санитарлық көмек көрсетудің сапасы мен қолжетімділігін арттыру мақсатында 2018-2021 жылдары 29 елдімекенде медициналық нысандары құрылды. 29 нысан әлеуетті жекешелік әріптестік қаражаты есебінен соғылды. 

2020-2021 жылдары денсаулық сақтау нысандарында құрал-жабдықтарды орнату бойынша 4 жобаға келісімшарт жасалды. 

Ал білім беру саласында 33 жоба іске асырылды.

Дегенмен 2022 жылы мемлекеттік-жекешелік әріптестік талаптарының өзгеруіне байланысты әлеуметтік нысандарды салу жолы өзгеріп, құрылысы бюджет есебінен жүзеге асырылуда.

 

Аудан, ауыл әкімдеріне  артылып отырған  жауапкершілік зор

– Жүз күннің ішінде облыс әкімі өзінің ойына алған кейбір жобаларын аяқтамақ түгілі бастап та үлгермейді. Сіздер ауқымды жоба-жоспар әзірлеп, кірісіп жатыр екенсіздер. Облыс әкімі ретінде тағайындалған күннен бастап, ауыл әкімдерінің жұмысына ерекше басымдық беріп келесіз. Ондағы мақсат қандай?

– Расында, қазіргі таңда аудан, ауылдық округ әкімдеріне артылып отырған жауапкершілік жүгі ауқымды. Өйткені олардың қызметі жергілікті халықтың тұрмысына, ахуалына тікелей қатысты. Сондықтан ауыл әкімдері күніне кем дегенде бір үйге кіріп, кәсіпкерлік пен шаруа қожалығын аралап, жағдайымен танысып отыруы тиіс. Біз осыны міндеттеп отырмыз.

Ондағы мақсат – әрбір отбасының әлеуметтік жағдайын жете зерделеп, табысы тұрақсыз жанұяларға жүйелі түрде қолдаулар көрсетуді ұйымдастыру. Сондықтан ауыл, аудан, қала әкімдерінің жұмысын жетілдіруге  айрықша басымдық берудеміз.

Қазір жұмысқа деген жаңаша көзқарас қажет. Біз оны әрқайсысымыз өзімізден бастауымыз керек. Бөлінген бюджет қаражаты есебінен атқарылған жұмыстармен шектелуге болмайды. Бюджет қаражатын тиімді игеру – біздің қызметтік міндетіміз!

Әкімдер инвестициялар тарту, жаңа жобаларды жүзеге асыру, сол арқылы жаңа жұмыс орындарын құру, тұрғындарды тұрақты табыспен қамту мәселесін шешуге күш салу керек. Бұл – олардың жұмысын бағалаудың негізгі өлшемдерінің бірі. Мұнда басшылар тек мәселені анықтап, көрсетіп қана қоймай, оны шешу жолдарын да қоса ұсынулары тиіс.

 

– Жалпы, Жаңа Қазақстанның бір саясаты – елге ашық болу, қоғаммен кері байланысты барынша дамыту, сөйтіп, халық пен биліктің алшақтап кеткен арасын жақындату. Бұл бағытта қандай шаралар қабылдап жатырсыздар?

– Ел Президентінің «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы – біздің жұмысымыздың басым бағыттарының бірі және халықтың беретін бағасы.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес халықпен кездесулер жаңа форматта өтуде. 

Бүгінгі күнге барлығы 414 кездесу өткізілсе, оның 15-і менің қатысуыммен ұйымдастырылды.

Кері байланыс – қоғам мен билік арасындағы диалогтың, өзара іс-қимыл мен ынтымақтастықтың негізі.

Біз облыстық әкімдікте үш ай бойы үздіксіз әр апта сайын мемлекеттік органдардың халықпен кері байланысын нығайту мәселелерін қарастырдық. Бірқатар нәтижеге қол жеткіздік. Аталған кеңестерде тұрғындар тарапынан көтерілген 28 мәселені қарадық. Нәтижесінде 25 мәселе шешімін тапты.

 

Ешбір тұрғынның мәселесі назардан тыс қалмайды

Жергілікті атқарушы органдар кез келген өзекті мәселеге қатысты шешім қабылдайтын кезде алдымен қоғамдық пікірмен, халықпен санасу керек. Шешім қабылдарда олардың ой-ұсыныстарын, пікірлерін ескеру маңызды.  Сонда ғана түсінбестік, наразылық туындамайды.

Біз өзіміздің атқарып жатқан жұмыстарымызды жан-жақты көрсетіп, халыққа дұрыс ақпарат беруге тиіспіз. Десе де, бүгінде әлеуметтік желіде жөн-жосықсыз жазғыштар мен негізсіз ақпарат тарататын арандатушылар аз емес.

Кез келген мәселенің шешімін байыппен күтудің орнына, облыс әкімдігінің алдына жиналып, аттандауға әуестенген мақсаты бұлыңғыр топтар да кездеседі. Бұл ретте жергілікті тұрғындардың билікке деген сенімі де аса маңызды. Біз өзара түсініскен жағдайда ғана қандай да бір нәтижеге қол жеткізе аламыз!

– Әңгімеңізге рақмет!

 

Сұхбаттасқан – Жасұлан СЕЙІЛХАН, Жамбыл облысы
28.07.2022

Ұқсас жаңалықтар

ТҮРКІСТАН: САУРАН АУДАНЫНДА КҮЗГІ КӨШЕТ ЕГУ ЖҰМЫСТАРЫ АЯҚТАЛДЫ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 03.12.2024 132
ТҮРКІСТАН: Р.СЕЙТМЕТОВ АТЫНДАҒЫ ТЕАТРДА БИЫЛ 130-ҒА ЖУЫҚ ҚОЙЫЛЫМ ҚОЙЫЛҒАН
Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі - 03.12.2024 16
МӘСКЕУДЕН ТҮРКІСТАНҒА НҰРТАС ОҢДАСЫНОВТЫҢ ШАПАНЫ МЕН КІТАПТАРЫ ӘКЕЛІНДІ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 03.12.2024 68
МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТТЕРДІ КӨРСЕТУДЕН НЕГІЗСІЗ БАС ТАРТУҒА ЖОЛ БЕРІЛМЕЙДІ
Р.Шарипов, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің басшысы - 03.12.2024 62
ТҮРКІСТАНДЫҚ ДЕЛЕГАЦИЯНЫҢ ТҮРКИЯҒА ІССАПАРЫ БАРЫСЫНДА 9 МЕМОРАНДУМҒА ҚОЛ ҚОЙДЫ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 03.12.2024 47
Батыс Қазақстан: Тарихи мекенге сапар
Ләззат ҚАЖЫМОВА, Орал-Хан ордасы-Орал - 30.11.2024 464
Ауылшаруашылығын өркендеткен ауқымды істер
Голрох ЖЕМЕНЕЙ, Маңғыстау облысы - 29.11.2024 432
Сыр өңіріндегі өрісті істер
Ерқазы СЕЙТҚАЛИ - 28.11.2024 456
Тал түсте Шығысты қараңғылық бастырған «бір сағаттық белдеуге қарсымыз» дейді халық
Дәулетбек БАЙТҰРСЫНҰЛЫ, экспедицияның мүшесі, «Мөлдір бұлақ» журналының Бас редакторы - 28.11.2024 448
МӘСЛИХАТ МЕРЕЙТОЙЫ – ЖАҢАРУДЫҢ ЖАРҚЫН ҮЛГІСІ
С. КӘРІПБАЕВ, Абай облысы - 28.11.2024 446
 Павлодарда бірнеше зауыт салу жоспарлануда
Тілеуберді САХАБА, Павлодар облысы - 28.11.2024 463
 Қала бюджеті артып отыр
Ш.МЕКЕНБАЙҰЛЫ, Шымкент қаласы - 28.11.2024 453
АЛҚАБЫ АСТЫҚҚА ТОЛҒАН АҚМОЛА
Дахан ШӨКШИР, Ақмола облысы - 25.11.2024 646

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 9688
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 9067
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 12301
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 10072
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 11281