Мәселенің өзектілігі мынада: ақпарат құралдары кеңістігі отарланған, өз халқының жалған тарихын, мәдениетін санасына сіңіріп алғандардан біржола айырылмай тәуелсіз ел, егемен мемлекет бола алмаймыз.
«ОП-ДАТ» газетінің 14-қазан күнгі санында «Екі пікір» айдарымен жарияланған «Қораздың логикасы» деген жауап-мақаланы оқып, содан соң оның алдында жарияланған «Алжасқан кім?» мен «Мәнсіз мадаққа» қайырылдым.
«Алжасқан кім?» (Қанағат Жүкешев жазған): «Олжас Сүлейменов – оза шауып, көптен қара үзіп кеткен сәйгүлік. Озғанда көптің алдында кетіп бара жатқан жоқ, бел асып озып кеткен. Соңындағы қара нөпір «ол неге шаңдатадымен» наразылығын білдіріп жүр.
Ол – планетарлық ауқымдағы лингвист. Қазақ тілі мәселелерімен айналысып жүргендер оның атын атамайды. Неге? Өйткені Қазақстанда «филология» деген ғылым жоқ, «филолог» деген атақ пен дәрежені алғандар бар. Мыңнан астам дәрежеленген қазақ «ғалымдары» О.Сүлейменовтың идеяларын түсінбейді»; «...Ал енді аздаған киелі адамдарыңды аташы? Олардың алдыңғы қатарында бір ақырғанынан билік атаулы отырған жеріне жіберіп қоятын, бір шақырғанынан бүкіл қазақ ұрандап шығатын ұлы Олжас Сүлейменов емес пе?» деген аспандаған сөздері, «Мәнсіз мадақтың» авторына ғана емес, газет оқырмандарының көпшілігіне бас шайқатқаны сөзсіз.
«Қазақ тілі – кухняның тілі... Қазақстанға толық тәуелсіздік – үлкен қауіп...»
О.Сүлейменовтің кеңқұлашты ғажап лингвист екенін білмесем де, оның: «Қазақ тілі – кухняның тілі; қазақтың мәдениеті орыс тілінсіз дами алмайды; Қазақстандағы тілдерді ағаш бөшкені құраған қабырғалар десек, оларды шашылып қалудан сақтап ұстап тұрған темір шеңбер – орыс тілі; Қазақстанға толық тәуелсіздік – үлкен қауіп, сондықтан Ресеймен одақ құруымыз керек» дегендей «идеяларын» түсінгенмін. Ал оның қашан, қайда, неге шақырып, «бүкіл қазақты ұрандап шығарғаны» туралы дәнеңе естіген жоқпын және «сөйтіпті, естідім» деген қазақты көрген емеспін. Ал «бір ақырғанынан билік атаулының отырған жерінде жіберіп қойғанын» жалғыз өзі көрген (көрген соң жазған да!) Жүкешевтің «арқасында» газет оқырмандары алдағы уақытта мұндай «ғасыр жаңалығының» талайын оқитын шығар. Ал лингвист ақын ағасы жалбақай інісінің өзін бұлайша майлап-сылап сипаттағанына қалай қарады екен? Сірә, риза болған шығар. Юрий Гагариннің космосқа ұшуына арнаған саяси бояулы жырында Адамзаттың Анасы – Жерге: «Земля! Поклонись Человеку! Я – твой Бог!» деген тұрпайы қиқуымен аты шығып, даңғаза даңқ-атаққа бауыр басқан кісі ғой.
Жүкешевтің «әп!» дегенінде-ақ: «Қазақстанда «филология» деген ғылым жоқ» деп «ғұламалық тұжырым» жасағаны оның да «өркешті» екенін көрсетіп берді. Ол «бәрін білгішке» филологтар қауымымыз «қатты қуанып», қандай сыйлық беруді ойластырып жатқан шығар. Бізде «филология ғылымы жоқ» екенін енді ғана білген Президент, Премьер-министр, Білім министрі алақандарына түкірісіп, жоғары оқу орындарымызда бар филология факультеттерін жабуға кірісер. Ол дегенің – халыққа керек қыруар қаржыны үнемдеу!.. Президент «халық қамқоршысы Қ.Жүкешев мырзаға» қай атақ, қай орден лайықты боларын ойлап, басы біраз қатар-ақ.
Ә, қ, ғ, ө, ү, ұ, ң, і әріптерінен қалайда арылу керек...
Жүкешев мақалаларының сөз-сөйлем тізбелерін «Шеттілдер сөздігін» алып отырып оқуға мәжбүрленгім келмей, шолып қана шықтым. «Лингвист» дейін десем, ата-бабамыздың тілін уақ-уақ түрткілейтін әдеті бар ақын көкесіне қосылып, әуелі «ы» әрпімізге сүйкеніп, содан кейін «қазақ тілін үйренуді қиындатушы» әріптерімізден (әрине: ә, қ, ғ, ө, ү, ұ, ң, і) халықаралық әлдебір талаптар бойынша қалайда арылып, қазақ тілін үйренуге оңай тілге айналдыруды көксеген сыңай бар. Қазақ жерінде туып-өскен орыс ағайындардың көбі қазақ тілін жақсы білетінінен, өнерпаз қыз-жігіттерінің домбыра тартып, ән шырқап, күй шертіп жүргендерінен хабар-ошары жоқ секілді. Екінші тілді меңгеру әркімнің құлқына байланысты ғой. Ал қазақ тілі – үйренуге қиын тіл емес, онда, мәселен, орыс тіліндегідей: мужской, женский, средний род және сөздердің белгілі бір буынына міндетті дауыс екпінін түсіру (ударение) жоқ.
О.Сүлейменов Жазушылар одағын 8 жыл басқарғанында жиын-жиналыстарда ана тілінде сөйлеген емес, яғни оның «Алма-Атаны» оралтуды, «Алматы» сөзінен құтылуды қайта-қайта (бірінші рет 2007-жылы) насихаттауы – ата-бабамыздың тілін алымсынбайтыны. Қазақта ауыл, қала аттарында: ы, і; ты, ті; ды, ді; лы, лі... (Алматы, Алмалы, Көкпекті, Қарағанды, Теректі, Қайыңды, Шиелі, Аюлы, Шилі, Қамысты, Жуалы...) көптік жалғауы ежелден барын білмегені және білгісі келмейтіні.
Қысқаша айтқанда: сонау аласапыран заманда келімсектер қазақ ауылдары мен қалаларының көне аттарын өздері біліп орысша атап, соларды әлі күнге дейін түгел дұрыстай алмай жүргенімізде ата-бабаларымыздан мұра мінсіз мәнерлі, бай мән-мағыналы, көркем де кең тынысты Қазақ тілін – Ана тілімізді «ревизиялаумен» әуестенуші О.Сүлейменовтің, оның шабарманы секілді Қ.Жүкешевтің, оларға ойсыз еліктеушілердің ес жиып, ойланып байқағандары жөн болар.
...Сәкен Елшібектің «Мәнсіз мадақ» мақаласына бірде-бір көлденең пікір айта алмаймын, себебі ол жұртшылыққа мәлім нақты деректерді «Алжасқан кім?» деген мақаласымаққа жауап ретінде жазған. Ал Жүкешев болса, Сәкен айтқан ақиқаттарды түгелдей жоққа шығаруды көксеген.
Кешірім Бозтаевты неге көлеңкеде қалдырған?
Бір ғана мысал: ол Е.П.Велиховты қазаққа қарсы шовинистердің тобына қосыпты. Кешірім Бозтаевтың Семей полигонын көшіру, жабу туралы Горбачевқа жазған тарихи талап хаты Кремльді дүрліктірген кезде КСРО Ғылым академиясының ядро-физика саласының академигі Евгений Павлович полигоншылардың Курчатов қаласына келіп, бірнеше күннен кейін Семейде Кешіріммен танысып, жұртшылықпен кездесіп қайтқан да, Горбачевқа Кешірімді толық қолдаған хатын тапсырған. Шовинистігі сол ма?.. Жүкешев академиктің, «Мәнсіз мадақта» еске алынған АҚШ-тағы келіссөзде Олжас Сүлейменовтің атына сыни сөз айтып, Кешірім Бозтаевты аузына алмағанына қызыныпты. Велихов ол кездесуге Семей полигоны, Семей облыстық партия комитеті, Кешірім Бозтаев туралы лекция оқуға барып па екен?
Осыған жалғастыра айтуым керек сөз «Мәнсіз мадақтың» мына түйінімен байланысты: «Сонымен, жүкешевтерге «Невада-Семей» қозғалысының акционерлік қоғамға айналып, полигоннан тауқымет тартқан бізге – семейліктерге – көмектесу үшін арнаулы Қор ашқанын, алайда ол «қамқорлықтың» ақыры не болғаны жөнінде Қаржы министрлігіміздің Бақылау-тексеру басқармасы 1993-жылы жасаған актінің қалайша жым-жылас болғанын Семей полигоны аймағының тұрғыны Бекеш Жапашевтың жазғанынан білуге болады. (Үзінділер):
«Семей ядролық полигонын жабуға үлкен еңбек еткен Семей өңірінің 1 хатшысы Кешірім Бозтаев болды... Кейін бұл мәселені көтергендей «иемденіп» алған Олжас Сүлейменов... 1991 жылы ол «Невада – Семей» деген қозғалысын құрды... Ол тез арада 70 кәсіпорын құрған. 1992 жылы Қаржы министрлігі... тексеру жұмыстарын жүргізген... Олардың басшысы етіп Олжас Сүлейменов кездейсоқ неше түрлі «жемқорларды» қойды... А.Беленбаум, А.Ибрагимов, П.Шодиев, К Шодиевтар болды.
Полигон азабын тартушы азамат ретінде айтарым, сол кездегі халыққа деп жиналған қордағы қаржының бір тиыны да біз сияқты зардап шегушілерге берілген жоқ... Олжастың сұрауымен сол кездегі премьер-министр Сергей Терещенко арнайы қаулы шығарып, оның қарауындағы фирмалар салық төлеуден мүлдем босатылды... Бұнымен қоймай, халыққа қажетті жеңілдік алу үшін Олжас Елбасы мен Үкімет басына жалған мәлімдеме жазып, «Невада – Семей» қозғалысына түскен қаржының 70% халықтың мұң-мұқтажына бөлінетінін... айтқан. Ақшаны Беленбаум Рига қаласының Парадекс банкінен 2 млн 737 мың АҚШ долларын қолма-қол санап алып, қозғалыстың кассасына салудың орнына өзі иемденіп алған... Бұдан өзге «сыбайластар» он шақты банктен өте көп сомада төменгі пайыздық көрсеткішпен несиелер алған (тізімдері жазылған). Банктерден алынған несиелердің көпшілігі қайтарылмады... Қайырымдылыққа түскен мол ақшадан Семей аймағының... Өскемен... Павлодар... Қарағанды... зардап шеккен халқы көмек алған емес... Бұл жайлы жүргізілген тексеруі 133 беттегі (19.09.1993 ж.) 100 томдық қылмыстық іске айналды... Тексерудің актісі Президенттің сейфіне түсті. Олжас Президент сайлауына түсуге бекінгенде Назарбаев сол акт арқылы оның «үнін» өшірген көрінеді... Қазір жабулы қазан жабулы күйінде қалды. ...сорлаған қарапайым халық қана... дұрыс жәрдемге ие болып жүрген жоқ... Бірақ түбі бұның сейф түбінде жатпасы анық...».
«Олжас туралы ақиқаттар» («Тарлан» газеті, 30.04.2010 ж.).
Кім туралы болсын мәнсіз мадақты үйіп-төкпей, егер білсең, бір уақ шындықты айту керек. «Жым-жылас болған» актінің де тарихы В.Пигаваевтың мақаласында «менмұндалап» тұр.
«Олжастанушылардың» бірі – Жүкешев мырзаның лепірмесіне қарай мен де білгенімді айта отырайын:
Әлі де әрқалай септеліп жүрген бір «мәселе» – Олжастың 1986 жылғы Желтоқсан күндері қайда болғаны. Тоқ етері: алғашқы күні Одақтағы кабинетінде отырғаны, ғимараттың сыртқы есігін жаптырып тастағаны, «Ағатайлар, қайдасыңдар?! Олжас аға, қайдасың?!» деп келген жастарды кіргізбей қойғаны кейінде айтылды да, жазылды да. Ал ертеңінде... сол жылдары партияның Орталық комитетінде Мәдениет мәселелері жөніндегі сектор меңгерушісі жазушы Софы Сматаев бертінде «Жас алаштағы» мақаласында былай деген: «Таңертең радиодан ақын Фариза Оңғарсынованың
«...бұл бүлікті ұйымдастырушылардың бірі Олжас Сүлейменов екені сөзсіз» дегенін естідім де, Олжекең бірдеңеге ұрынып қалып жүрер ме екен деп қауіптеніп, Одақпен хабарластым, бірақ, ақын ағамызды таба алмадым. Қайда екенін ешкім білмейді. Содан кейін досы Толмачевты тауып алып: «Олжасты дереу іздеңіз, маған тез келсін!» дедім. Бір сағат шамасында Олжекең келді. Іздеткен, шақырған себебімді айттым. Ол кабинеттегі газет-журналдарды, кітаптарды аударыстырып, ара-арасында терезеге барып, алаңға қарап қойып, қысқасы: түс ауғанша менің кабинетімде отырды. Әңгімелескен жоқпыз. Содан кейін «үйге барайын» деп шығып кетті».
Колбин Мәскеуіне қайтып кеткеннен кейін Олжекең: «Мен алаңдағы жастардың алдына шығып сөйлейін деп едім, шығармады» дейтін болды. «Әттең-ай, обал-ай!». Егер Софының кабинетін паналамай, алаңдағы жұртты қорқытып-үркітіп тұрған басшыларға баруға беттесе, милиция оны бассалып ұстап әкетпес еді; жастарға басу айта сөз сөйлегісі келген ойы барын білдірсе, мысалы, Колбин бетінен қақпас еді. Ол сөйлеу, ойын айту құқынан айырылған жоқ еді ғой?
«Ты с ума сошла, хулиганка! Я тебя увольняю!»
Жазушылар одағында комендант болып жүрген әйел Антаева Шолпан Мұратқызы алаңға барғанын естіп, шақырып алып, айқайлап ұрсып, жұмыстан шығарып жіберген. Алаңда не болып жатқанын көруге ғана барып қайтқан байғұс әйел содан кейін жұмыс таба алмай сенделіп, ақырында екі баласын жетектеп ауылына қайтқан. Олжас Сүлейменовтің ақырып: «Ты с ума сошла, хулиганка! Я тебя увольняю! Ты можешь уходить!», – крикнул он на меня. На что я ответила, ...чтобы отстоять свое достоинство». О. Сулейменов: «Не надо заниматься пустой болтовней, выгоните ее как собаку!» деген. (Қасым Кенжебаев «Исповедь декабристки», газ. «Саясат алаңы», 18.12.2013г.)
Жүкешевтің ақын көкесі билік басындағы Н.Назарбаевқа, оның қасында болған премьер-министрлерге «отырған орындарына жіберіп қоярдай» бір ауыз қатқыл сөз айтқан емес. Керісінше, мысалы, Назарбаевтың Қазақ мемлекетінің тарихы 1991 жылдан басталуы керек; қазақта шекара болмаған, бүгінгі шекарасында мемлекеті болмады деген сияқты шикі ойларын дереу қостады. Әйгілі «Қазақгейтті» жақтап, мемлекет қаржысын өсімі жоғары шетелдік банкке сала тұру керек болды деді. Н.Назарбаев Конституциямыздағы: «Орыс тілі – ұлтаралық қарым-қатынас тілі» делінген мәтінді жеке жарлығымен: «Орыс тілі – ресми тіл»деп өзгертіп, тәуелсіз еліміздің мемлекеттік тілімен теңестіргенде қыңқ етпеді. Биліктің қиямпұрыстықтарына қарсы тұрған Ғалымжан Жақиянов жала жабумен сотталып, түрмеге қамалғанда оны босатуды талап етушілер жиын жасады. Сол күннің ертеңінде О.Сүлейменовке кездесе қалған журналшы-тілші: «Ғалымжанды босату жөніндегі талапты қолдайсыз ба?» дегенде ақын: «Не үшін? Оппозицияны күшейту үшін бе?» деп (әрине, орыс тілінде) мысқылды жауап берген болатын.
«Олжас – мой друг, но Истина дороже»
(Куда ушли миллионы фонда АО «Невада-Семей»?)
«Мәнсіз мадақ» авторының: «Қ.Жүкешевтің бас кейіпкері – Олжас Сүлейменовтің кім екенін атүсті білетінін байқадым», дегеніне орынсыз шамданған Жүкешевке және оның сойылын ұстасушыларға, мен де: В.Пигаваевтың «Олжас – мой друг, но Истина дороже» (Куда ушли миллионы фонда АО «Невада-Семей») атты мақаласын оқып шығуды ұсынамын. «Қазақ үні», №18, 03.05 – 10.05, 2012 (интернетте бар)! Онда ақынның полигонды жабуға қаншалықты «күш жұмсағанын» анық айтылған. «Невада-Семей» қозғалысына Кешірім Бозтаев 1992-жылы шығарған «Семей полигоны» кітабында берген бағаны нақты деректермен толықтырған. Ақиқат бағаға К.Бозтаев бар кезде амалсыз шыдаған О.Сүлейменов кейін, Кешірім марқұм болған соң, өкіректеп қарсы сөйлеп, жазып, «асыл арманына» қолы жетті. Ойына келгенін істеп, аузына келгенін айтып, Семей полигонын жабу күресін жанпидалықпен бастаған, жалғастырған, мақсатына жеткен қарапайым қаһарман – Кешірімді есінен шығарды. «Семей полигонын біз жаптық, мен жаптым!» мейілінше «түсіндірген» мақала-сұхбаттары интернет жүйесінде бықып тұр. Семей полигоны жайындағы жиындарда, түсірілген «деректі» телефильмдерде аталатын аты-жөн – «әлемдік қайраткер ақын Олжас Сүлейменов». Кешірім Бозтаев бұл өмірде болмаған сияқты. Көргенсіздік пен бөстекі мақтан, екіжүзділік пен көлгірлік, жағымпаздық, шашбаулаушылық, өтірік-өсекшілдік... бір шалшықтың бақалары секілді ме, қалай...
Олжас Сүлейменовты орысқұлдығы үшін, қазақ тілін кемсіткені үшін Алдан Айымбетовтің газетінде «Казахская правда» тұрақты сынға алып тұратын. Мысалы, инженер Сейілбек Қышқашұлының жазғаны: «Олжас Сүлейменов 15 жыл егемендігімізде 15 қазақтың сөзін үйренбеген». 13жыл (1993-2006 жж.) «Казахская правда» қазақтың рухын көтерген, мәңгүрттенген қазақтардың көзін ашқан, келімсектерді (диаспора) орнына қойған Алдан ағамыз ұлттық қазақ мемлекет болуына үлкен үлес қосқан батырымыз еді.
Өткен жылғы тамыз айының соңғы күнінде Алматыда зұлмат полигонның жабылғанына 30 жыл толуына арналған конференция болып өтті. Қатысқан «жайсаңдар мен қасқалардың», әлбетте, «ұлы» ақынның жақтастарының бірде-бірі Кешірім Бозтаев туралы жақ ашпады.
Р.S. Сәкен, Құлбектерді «талқандаған» Жүкешов кім?
Сөз соңында Қ.Жүкешевтің мәдениеттілік деңгейіне қысқаша тоқталайын, өйткені бұл «ғұламаның» шайпау тілділігін түгендеу тым жиіркенішті. Екінші мақаласымағына «Қораздың логикасы» деп ат қойып, тілін безеп, Сәкен Елшібекке сес көрсеткен былапыт сөз-сөйлемдерін былай қойып, абыройлы әдебиетші, сыншы Құлбек Ергөбекке қарата не дегенін оқылық: «...Әлеуметтік желіден талай гераномахия сарбаздары тіл қатты. Бәрінің фенеботтары ұқсас. Солардың бірі Құлбек Ергөбек деген ғылым докторы Олжасқа қатысты «көкіді», «алжасты» деген инабаттарды қолданыпты. Мен бұған ыза болған жоқпын. Тек әжептәуір салихалы санап жүрген адамымның пигмейлігін жариялап отырғанына асқазаным айнып кетті.
Жөн сөзге тоқтауға екінің бірінің ақылы жете бермейді. Тұмсығына жұдырық таяғанда сүйкімді болу – салауатты адамның қадырына жат. Құлбектер шәуілдей көтеріле берсін. Сен оларға қосылма. Мұндай иттікті тоқтатудың жолы жоқ емес. Тек ұлттың ұлы тұлғаларына қарсы иауыздардың фенелексикаларын жариялауды кескін тоқтату керек. Ұлтты ұйымдастыруға алып баратын бірінші адым осы болсын».
Ал қазақ оқырмандар, бұдан нені түсіндіңдер? Қолдарыңда «Шет тілдер сөздігі» болса, «гераномахия, фенеботтар, пигмейлігін, фенелексикаларын» дегендері, әуелгі мақаласымағында: феляр, фарингал... дегендері немене екен? Екіншіден, «инабаттарды қолданыпты» деген шалағай сөзінің мәнісі не? Атамыз қазақ мінез-құлқы сыпайы адамды «инабатты» деген ғой, Жүкешев әлде ол сөзді де «түзетпекші» ме? «...жарияланымды кескін тоқтату керек» деп нені «ұқтырды»? Үшіншіден, «асқазаным айнып кетті» деуі... қазекемнің «жүрегім айныды» деген сөз тіркесінің «ескіріп қалғанын білген соң оны да «жаңартқаны» ма екен? Асқазаны барына шүкіршілік, егер, құдай сақтасын, онысы болмаса, қай жері айныр еді?..
Қ.Жүкешев бір сұхбатында барлық қазақ тілдегі ғалымдарды сынға салып кемітеді. Оның ойынша қазақ ғалымдарының ой-өрісі тар, дүние танымы таяз және шектеулі.
Ал өзінің жалпы сауатсыздығын мынадай пікірі көрсетіп тұр. ХҮШ ғасырдың 30 жылдарына дейін қазақтардың ұлттық құндылықтары мол болса да (батырлар рухы, билердің ақылы, ақындар айтысы, табындаған жылқылары, қыран құстары, миллиондаған қойлары) бәрібір қазақтарды отарлықтан құтқармады дейді. Сонда Жүкешевтің ойынша қазақ кедей болып ұлттық құндылықтары болмаса отаршылыққа түспес еді ме?
Жүкешевтің тағы бір шектеулі көзқарасы: ол қазақ хандығын тұрақты қарулы әскер күшін ұйымдастырмаған, шекарада бекіністер тұрғызбаған, халықты отырықшылық өмірге үйретпеген деп кінәлайды. 1931-33 жж. отаршылар қазақты отырықшылыққа мәжбүрлеп, 2,5 млн халықты аштан қырғанын ұмытқан болар. Орысшадан қазақшаға аударған Қ.Жүкешев пен Е.Бапидың сұхбаты «Родина должна знать своих предателей и подлецов». («ДАТ» газ., №22, 13.06.2013 г.).
Қорыта айтқанда, О.Сүлейменов, Қ.Жүкешевтер сияқты жалғыз емес, мыңы болмаса да жүзі бар. Бірақ бұлар билікте, лауазымдылардың қатарында болғандықтан қазақ халқының өркендеуіне кедергі болып тұр. Сондықтан бұлардың қатарын азайтуға бірігіп, тойтарыс бермесек, ұлтымыздан айырылатын кезең жақын.