Ораза – сабырдың жартысы

Ораза – сабырдың   жартысы

Биыл әлем мұсылмандары 2 сәуірден бастап, қасиетті Рамазан айының оразасын ұстады. Күллі мұсылман үшін он екі айдың сұлтаны болған Рамазан – адамдарға тура жол нұсқаушы, ақ пен қараны айырушы, бекем тұтынатын дәлел ретінде Құран түсіріле бастаған ай. Құранда мұсылманның бес парызының бірі – ораза осы айда орындалады. Ислам діні ұғымында ораза жан мен тәнді рухани тазартатын, үлкен сабыр мектебі саналады. Дегенмен қасиетті айда жасалатын құлшылық төңірегінде әртүрлі сұрақтар бар. Әсіресе жастардың, оқушылардың оразасына қатысты қайшылықты пікірлер көп. Осыған орай, біз, Нұр-Сұлтан қаласындағы «Ырыскелді қажы» мешітінің бас имамы Яхия Исмайлов қажыны әңгімеге тартқан болатынбыз.

– «Қазақта ораза-намаз тоқтықта» деген сөз бар. Осы сөздің мағынасын, ислам діні мен бүгінгі қазақ  ұғымына сай қалай түсіндірер едіңіз? 

– Ассалаумағалейкум уа рахматуллахи уа баракатух! Қасиетті рамазан айында ұстаған оразаларыңыз қабыл болсын! Рамазан айы мүбәрак болсын! Оразадан оразаға аман-есен жете берейік. 

Біріншіден рухани тоқтық та керек. Әрине адам баласының тамағы тоқ болса, дені сау болса, тыныш заман болса, тағат-ғибадаты, намазы, басқа да құлшылықтары дұрыс орындалады деген сөз. Негізі «кедейшілік күпірлікке әкеледі» деген де сөз бар. Кейбір адам кедейшілікке сабыр сақтай алмайды, сабырсыз болып, кейін бір күпірлікке, күнәға батып, ұрлыққа ұрынуы мүмкін. Егер рухани иманы сәл әлсіз болса, күпірлік сөздер айтуы мүмкін. Сондықтан бірінші адамның денсаулығы, көңіл тоқтығы рухани толық болуы керек. 

Хадисте «Әлсіз мұсылманнан, әлді мұсылман жақсы» дейді. Иә, бір жағынан қарасақ, мұсылманның қарны тоқ, тамағы бар болса, қоғамға көбірек пайдасы тиеді. Бірақ тоқтық деген тек қарынның тойғаны емес. Хадисте «Аурудың басы – көп жеу, дауаның басы – ораза» деген сөз бар. Қазақ та «ішің ауырса, аузыңды тый» дейді. Сол сияқты адамның нәпсісін тәрбиелеуге, көкірек көзін ашуға арналған көп нақыл сөз, мақал-мәтелдер бар. Ислам діні аз ішіп-жеуді, көбірек ғибадат етуді құптайды. Бұл адамның денсаулығына, рухани болмысына керек.

– Қазір қасиетті Рамазан айы,  мектеп оқушылары арасында да ораза ұстап жүргендер бар. Осы жағдайға қатысты Сіздің көзқарасыңыз қандай? Ислам діні тұрғысындағы үкімі қандай? 

– Ораза ұстау туралы айтар болсақ, Алла Тағаланың Құрандағы әмірі «Йә әййуһәл ләзиинә әмәнуу кутибә ъаләйкумус сийәму кәмә кутибә ъаләл ләзиинә мин қабликум ләъалләкум тәттәқуун», «Ей, иман келтіргендер! Сендерден бұрынғы үмбетілерге парыз етілгендей, тақуалыққа жетулерің үшін ораза ұстау сендерге де парыз етілді» («Бақара» сүресі, 183-аят) деп бұйрылған. Ораза парыз болғаннан кейін, Алла Тағаланың бес парызының бірі саналғандықтан, орындауға әркім міндетті. Оразаның шариғатқа сай өзінің уақыты, сағаты, атқарылатын кезі бәрі белгіленген. Әрі ораза ұстаушы адам бірінші мұсылман болуы, балиғат жасына жетуі, азат болуы, дені сау, болуы керек. Жолаушы болмауы керек деген сияқты өз шарттары, міндеттері бар. Шариғаттың арнайы үкімдеріне қарап, ораза ұстау парыз. Мұндағы ең басты мән беру керегі балиғат жасына жеткен әрбір адам, қыз да ұл да ораза ұстауға міндетті. Ал ауру-сырқау адамдар ораза ұстағысы келсе, дәрігермен ақылдасып шешуі керек.

– Бүгінде елімізде қасиетті ислам дінін қаралаушылар мен дінді жақтаймын деп тым асыра сілтеушілер қатары көбейіп барады. Бұған не дейсіз? 

– Дінді жамандау, жамандамау – бұл фанаттардың жұмысы. Пайғамбарымыз Мұхаммед с.ғ.с бір хадисінде, тіпті басқа діндегілер туралы «Басқа діндегілерді жамандамаңдар, себебі олар сіздердің діндеріңді жамандауы мүмкін, Пайғамбарларыңды қорлауы мүмкін. Сол үшін басқа діндегілерді жамандамаңдар», – деген. Ислам өзі хақ дін, оны Алла Тағала жіберді. Бүкіл хадис, аятпен бекітті. Сондықтан, ол үшін таласып және осы талас, дау-дамайдың кесірінен біреуі жаман сөздер айтып, күпірлік етсе, біреуі дінімді қорғаймын деп, қатігездікке бой алдырып, қатты сөздер айтса, бұл әлбетте дұрыс емес. Ислам дінін Алла Тағала жіберді ме, демек өзі қорғайды. Біз тек тыңдайтын, ұғатын адамға шамамыз келгенше, түсіндіруіміз, айтуымыз керек. Ал қалғанын әркім өзі біледі. Бұл мәселеде сабырлы болған дұрыс, дін үшін таласып-тартысып, күнәға батудың керегі жоқ.

– Қазір ақпарат ағыны адамды адастырмай, тура жолдан тайдырмай тынбайтындай тым жедел. Қорытып үлгеру мүмкін емес сияқты. Ендеше ақылға жүгінген иман мен иманға ұйыған ғибадатты қазіргі ұрпақ бойына саф таза күйінде сіңіру үшін не істеу керек деп ойлайсыз? 

– Ең мықты иман-жүректегі иман. Жүректегі иман адамды қадағалап тұрады. Артық сөз айтпасын, ғайбат, күпірлікке бармасын, біреуді ренжітпесін деп... Ал жүрегіндегі иманы мықты болса, ол адам ешқашан біреуді ренжітпейді, біреуді балағаттамайды, біреуді қорламайды, біреуді зорламайды, біреуге қиянат жасамайды. Егер жасаған күнде де иманы оны жібермейді, міндетті түрде кешірім сұрауға, басқада бір тәубәға келуге итермелеп, иманы жамандыққа, қатыгездікке жібермейді. 

Біздің ислам дініміздің негізі ақылмен қабылдау... Адам дінді өзінің ақылымен, нанымымен қабылдауы керек. Себебі, Алла Тағала Құранда айтқан «Лә икрәһә фиид диини», «Дінде зорлық жоқ» («Бақара» сүресі, 256-аят). Ешкімді мәжбүрлеп, дінге келтіру, басқа дінде болсын, рұқсат етілмейді. Құранда бұл тоқтатылған. Сонымен қатар жоғарыда айтқанымдай, кедейлік те жақсы емес. Сол үшін Пайғамбарымыз Мұхаммед с.ғ.с кедейліктен де пана тілейтін болған. Алла Тағаладан «Мені де, үмбетімді де кедейліктен сақта» деп сұрайтын болған. 

Ислам дінінің сенімі бойынша бұрынғы діндер әу баста Аллаһтан түскен тура жол болғанымен, кейін басқа діндер көп жаңалық пен адасу кіргізіп, таза шариғаттарды өзгертіп толықтырып, қосып, кейбір қажет жерлерін алып тастады деп саналады. Ал Алла Тағала Құранды жібергеннен кейін, Құранда «Біз Құранды қияметке дейін қорғаймыз» деді. Осылайша Құранның бір әрпі өзгермей сақталып, бүгінге жетті. Иә, Құран сүресін, аятын, бір әрпін, шариғатын, мағынасын өзгертуге жол берілмейді. Құран барлық замандағы күллі адамзатқа уағыз ретінде жіберілген бірден бір киелі кітап. Иншалла, әрқашанда имандылық бірінші ғой.

– ХХІ ғасыр, жаһандық біртұтастық жағдайында ұрпақты иманды, рухани толысқан тұлға етіп тәрбиелеудің негізгі алғышарты қандай болу керек деп ойлайсыз?

– Пайғамбарымыз Мұхаммед с.ғ.с бір хадисінде «Балаларыңызға Құранды үйретіңіздер. Ал Құран оларға барлығын үйретеді» дейді. Құранда білім де, ғылым да, иман да, тәрбие де, ихсан да, үлкенге құрмет, кішіге ізет те ,бәрі бар. Қазіргі ғалымдар да осы пікірді қолдайды. Құранды білген адам, оны түсінген адам, иманды болған адам ешқашан біреуге зиянын тигізбейді, біреудің малын ұрламайды, әрқашан да Алла Тағала көріп тұрғанын сезініп, ешқандай қателікке жол бермейді. Сондықтан ұрпаққа имани, ислами тәрбие беру өте маңызды. Әрі өте керек. Жастайынан ата-ана иман, ғибадат қағидаларын санасына құюы керек.

– Әңгімеңізге рахмет! Қасиетті Рамазан айы барша мұсылманға мүбәрак болсын! 

 

Сұхбаттасқан – Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ
28.04.2022

Ұқсас жаңалықтар

ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 50
Бәйтерек ауданы:  Берері мол бағдарламаның жемісін көруде
Ләззат ҚАЖЫМОВА, Батыс Қазақстан облысы - 15.11.2024 578
Бірлік қайда болса, еркіндік сонда, Еркіндік қайда болса, елдік сонда
Бейбітбек БҮРКІТБАЙҰЛЫ, Қызылорда облысы - 15.11.2024 692
ТУҒАН КЕНТІНЕН ЗАУЫТ АШҚАН ЖАҚСЫЛЫҚ
Тұрақ АДИСҰЛЫ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы - 15.11.2024 607
Аспан таулар етегіндегі  еңбекқор жандар
Ертай АЙҒАЛИҰЛЫ, Асым СУЛАЙМАНОВ, Алматы облысы - 13.11.2024 616

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 8753
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8153
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11382
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9136
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10367