ОРЫС МЕКТЕПТЕРІНДЕГІ ҚАЗАҚ ТІЛІН ОҚЫТУ МӘСЕЛЕСІ КӨҢІЛ КӨНШітпейді

ОРЫС  МЕКТЕПТЕРІНДЕГІ ҚАЗАҚ ТІЛІН ОҚЫТУ МӘСЕЛЕСІ КӨҢІЛ  КӨНШітпейді

Қазақстан мектептерінде қазақ тілін оқытуға қатысты олқылықтар уақыт өткен сайын  өршіп   барады.            Ата-ана баласын қай мектепке беретінін өзі шешсе де, билік қай тарапқа басымдық береді, соны дұрыс деп есептейтіні анық. Өзекті мәселеге байланысты Мемлекеттік тілді дамыту институты «Қазақстан Республикасында мемлекеттік тілді деңгейлік оқытудың жүйесі» жобасы аясында бірқатар бастамалар көтеріп жүр. 14 мамырда «Қазақ мектептері мен педагогикалық колледждерде мемлекеттік тілді оқыту мәселесі» тақырыбында дөңгелек үстел өтсе, 21 мамырда «Орыс мектептері мен педагогикалық емес колледждерде мемлекеттік тілді оқыту мәселесіне» қатысты тіл жанашырлары мен оқытушылар пікір білдірді. 

 

Педагогика ғылымдарының докторы Р.С.Рахметова оқу бағдарламасындағы грамматикалық тақырыптардың берілуіне тоқталып, оқулықтардағы олқылықтарды атап өтті. Филология ғылымдарының кандидаты Б.Қапалбек орыс бөлімінде оқытылатын қазақ тілі пәніне қатысты оқу ресурстарына тоқталып, қазақ тілін тегін және өз бетінше үйренуге арналған портал бағдарламасымен таныстырды. Үш бөлімнен (Әдістемелік ақпараттар, Оқу ресурстары, Өз бетінше үйрену) тұратын порталдың ауқымы кең. Қазақ тілін үйретуші мен үйренушіге қатысты барлық ақпараттар жүктелген. Тіпті оқу құралдарына дейін жүктеп алуға болады. Болашақта мобильді нұсқасы шығатынын хабарлады.

Мектептердегі оқулықтар баспасының әртүрлілігі мен сапасыздығы, педагогикалық емес колледждердегі оқу бағдарламасынан «Кәсіби қазақ тілі» мен «Мемлекеттік тілде іс қағаздарын жүргізу» пәні алынып тасталғандығы да сөз болды. Осыған қатысты PhD доктор Рысқұлбек Дидар Жылқыбайқызы өз зерттеу жұмысында кездескен мәселелерге тоқталды. Қала мектептері мен еліміздің батыс, оңтүстік және солтүстік облыстарындағы мектеп мұғалімдерінен алған сауалнама нәтижесін көрсете отырып, жаңартылған бағдарламаға қатысты мұғалімдердің көзқарастарын білдірді. Алматы қаласындағы №97 жалпы білім беретін мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Қыстаубаева Айгүл Серікқызы: «Өзге ұлт өкілдеріне қазақ тілін оқытуда мәтінмен жұмыс істеу үлкен рөл атқарады.  Өйткені, мәтін – сөйлеуге жаттықтыру, сөйлеу дағдысын қалыптастыру құралы. Мәтінмен байланысты жүргізілетін жұмыстардың бәрі де сөйлеу дағдысын қалыптастырумен байланысты болғанда ғана тілге үйрету жұмысы нәтижелі болмақ. Оқу мәтіндегі қазақша сөйлеудің дұрыс үлгісін көрсетіп қана қоймайды, оған бірте-бірте дағдыландырады. Тілді оқытудың алғашқы кезінен бастап соңғы кезіне дейін мәтін ұзақ уақыт сабақта қолданылатын болғандықтан, ол – сөйлеудің дұрыс үлгісінің еске сақталуына мүмкіндік беретін дидактикалық материал. Мәтінмен жүргізілетін жұмыс түрлері оны оқу, мәтіндегі дұрыс сөйлеу үлгілері арқылы оқығанын, аударғанын жеңіл диалогқа айналдыру, қарапайым мазмұнын айту арқылы көрінеді. Мақсат – оқушылардың мәтіндерді практика жүзінде іске асуына, байланыстырып сөйлеуге қалыптастыруға дұрыс пайдалану. Қазақ тілін оқытудың  алғашқы кезеңінен бастап, мәтінмен жұмыс жүргізу тіл дамытуда өте пайдалы. Сондықтан бұл жұмысқа жеткілікті мән берілуі қажет», – дейді. Сондай-ақ, баяндамашы бірқатар ұсыныстар білдірді. Атап айтқанда, «оқулықтарымыздың тілі ғылымиланып, оқушылардың түсінуіне қиындық тудырып жатқанын ескере отырып, ұлттық құндылықтарымызды дәріптейтін шығармалардың берілуін, «Қазақ тілі мен әдебиеті» пәнінің сағат санын қайта қарауды, авторлық бағдарламалар мен элективті курстардың авторларына жазған жұмыстарын өздерінің жеке тәжірибесінен өткізуіне мектеп әкімшілігі тарапынан қолдау көрсетілуін» сұрады. 

Фаузия Шамсиқызы Оразбаева  «Жаһандану және қазақ тілі» атты мақаласында: «Егер біз қазіргі жаһандану кезеңінде тәуелсіздігімізді сақтап қалу үшін күрескіміз келетін болса, ең әуелі, тілімізді қорғай отырып, оның мемлекеттік тіл ретінде мәртебесі түбегейлі бекіп, тамыр жаюына ата-ана, тәрбиеші, оқушы, оқытушы, қызметкер – бәріміз бірдей жауап беруге тиіс екенімізді естен шығармауға міндеттіміз. Мемлекеттік тілдің функциясы балабақшадан басталып, одан кейінгі білім беру сатыларының барлығында (мектеп, орта білім, арнаулы білім, жоғары білім, мекемелер т.б.) жалғасын, сабақтастығын табуы орынды. Мектептер мен арнайы орта және жоғары оқу орындарының бағдарламаларында мемлекеттік тілге бөлінген сағат санын көбейтіп, тілді оқыту әдістемесінің сапасын арттыра отырып, оны жаңа технология түрлерімен ұштастыру мәселесі бүгінгі күн тәртібінен түспегені тиімді» деген еді. Семинарға жиналғандардың басты мақсаттары да – осы. Бұдан бөлек, басқа да мектеп мұғалімдері мен колледж оқытушылары өз тәжірибелеріндегі қиындықтары мен артықшылықтарын ортаға салды. 

Білім берудегі жыл сайын қайталана беретін бұл тақырыптар ұстаз үшін де, ана-ана үшін де жауыр. Десек те, мемлекеттік тіл алдымен, сіз бен бізге керек. Аталмыш жобаның мақсаты да сол – Қазақстан Республикасында қазақ тілін оқытудың қолданыстағы жүйесін талдау, әр деңгейге арнап жасалған бағдарламаларды сараптау, қазақ тілі оқытушыларына арналған нұсқаулықтар мен әдістемелік құралдар әзірлеп шығару, қазақ тілін мемлекеттік тіл ретінде білуді анықтаудың деңгейлік тестілік жүйесін жасап, мемлекеттік тілді білудің құқықтық талаптарын әзірлеп, ұсыну.

 

Редакциядан: 

Көтерілген мәселе өте өзекті. Статистика бойынша орыс мектептерінде оқып жүргендердің 70 пайызы қазақ балалары. Бұл, әрине, өте өкінішті, миға сыймайтын нәрсе. Неге осыншама бала өзінің ана тілінен безіп, қазақ мектебінен теріс айналған? Әрине, бұл биліктің әлсіздігі, немқұрайлылығы. Біз орыс мектептерін бітіргендер қазақ тілін білмейтіндігін байқадық. Жоғарыда айтылған жиын осы түйінді шешпекке бас қосқан. Нәтижеге жетті ме, әлде жетпеді ме, оны уақыт көрсетеді. Мемлекет тарапынан мемлекеттік тілді білуге қатаң талап қоймай, мәжбүрлікті туғызбай, біз діттеген мақсатымызға жете алмаймыз.

 

БЕКЗАТ ҒАБИТҚЫЗЫ

 

10.06.2024

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 1753
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 1244
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 2671
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 2248
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 3448