Майя Плисецкая деген азаматшаның мына сөзі қай қазақты болсын селт еткізетіні сөзсіз деп ойлаймын. Сіз де оқып көріңіз. «Қазақтың орысқа осылай итше байлануы, құлдығы, құлай берілгендігі, орыс тілін акцентсіз сөйлеуге тырысып маймылдай құбылуы қандай жиіркенішті, өкінішті, опасыздық». Ойландырады емес пе? Тек қана ойландырып қоймай, намысыңа тиеді. Бірден ойыңа келетін мына ойлар: «Орыс тілін жатық білгенде тұрған не бар? Олардың бәрін орысқа байланып қалды деп, құл деп, опасыз жиіркенішті деп айтуға бола ма? Басқаларды айтпағанның өзінде Алаш арыстары да орысшаны жетік білген. Тіптен қазір екінің бірі ағылшынша сөйлейді. Оның бәрін осылай ғайбаттай береміз бе?» Меніңше, Майя бұл сөздерді басқаша оймен айтып отырған секілді.
Рас, Кеңес өкіметі кезінде орысша мүдірмей акцентсіз сөйлеу мақтаныш болатын. Акцентпен сөйлегендерге күліп қарайтын, мазақтайтын. Ондай қазақтарды жұмыстан да шеттетіп, «ауылбайский», «мәмбет» дегенін несіне жасырамыз? Тәуелсіздік алғаннан кейін бұл көзқарас сөзсіз өзгеру керек еді. Қайта қазақша сөйлегендердің мәртебесі өсіп, жұмысқа да солар кезексіз қабылданады деп қуандық. Еркін тыныстай бастадық. Қазақ тілімізге мемлекеттік тіл деген ресми мәртебе бердік. Бірақ орыс тілін де қосамжарластырып «мемлекеттік тілмен тең болады» деп Ата Заңымызға баттитып жазып қойдық. Осы кемшілігіміз өзімізге пәле болып жабысатынын білмедік. Себебі осы «теңдік» орыстілділерге зор медеу болды. Тәуелсіздігімізді алғанымызға 32 жыл болса да, орыс тілінде сөйлеушілер үстемдік танытып келеді. Орыс тілін қызғыштай қорғайтындар пайда болды. Масқара болғанда ресми тілді білмейтіндерді әлі де болса да төмен санайтындар өте көп. Майя Плисецкаяның айтып отырғаны осындай адамдар. Олар тек өздері орыс тілін жақсы біліп қана қоймай, балаларын да осы деңгейде тәрбиелеп жатыр.
Бұл өте қауіпті нәрсе! Біріншіден, өзі аз қазақтың арасына селкеу түседі. Екіншіден, олар әлі де Ресейге жағымпазданып, солардан демеу іздеп кез келген уақытта сол жаққа шығып кетуден тайынбайды.
Үшіншіден, қазақ мемлекетін әлі де мойындамайтын сепаратист орыстарды жақтап, біздің тәуелсіздігімізге қауіп төндіреді.
Төртіншіден, олар балаларын орыс балабақшаларына, мектептеріне береді. Қазір орыс мектептерінде 72 пайыз қазақ баласы оқып жүр. Бұл сұмдық нәрсе! Майяның «опасыз, жиіркенішті» деген сөздері осындай намыссыз қазақтарға арналғаны бесенеден белгілі. Осы төрт жолды 180 градусқа бұрсаңыз, орыс тілінің құлдық бұғауынан құтыламыз.
Біздіңше, мемлекет, қоғам болып осындайлармен күресуіміз керек. Түсіндіріп, оларды теріс ойдан қайтарайық. Бұл құлдық психологияны жою үшін қазақ тіліне мәжбүрлікті күшейтуіміз тиіс. Ол тек биліктің қолынан келеді.