Орыс-украин соғысының әлемге әсері

Орыс-украин соғысының әлемге әсері

Ресейдің Украинаға шапқыншылық соғысы басталғалы АҚШ-қа ілесе Ресейге қарсы жаппай санкциялар салғандардың қатарында Еуропа одағына мүше мемлекеттер де аянып қалған жоқ. Ал орыстардың әуелдегі «үш күнде Киевті басып аламыз» деген жоспарлары, екі ай өтсе де орындалмай келеді. Соғыстың лаңы екі тарапқа да оңай соқпай тұрғаны белгілі. Алайда оның әсері екі мемлекетті қойып, айнала жұртқа, тіпті тұтас халықаралық экономикаға кері әсерін тигізіп жатқандығы күн өткен сайын айқын көрініс бере бастады. Кейбір сарапшылар осы зардаптардың көбін Еуропа одағына мүше мемлекеттер тартуы мүмкін деп болжап отыр.

 

Еуропаның шығар жолы қайсы?

Кто в ЕС больше всего поддерживает Украину? - Новости мира и Украины

Ресейден табиғи газ бен мұнай сатып алып отырған Еуропа елдері, соғыс бастала салысымен АҚШ-тың ықпалына көбірек ұшырағандай болды. Себебі Еуропалық одақ  Ресейге қарсы бірнеше рет санкциялар енгізді. Соңғы санкциялар энергетика саласына қатысты еді. «Еруліге қарулы» дегендей Ресей басшысы Путин еуропалықтарға қарата «1 сәуірден бастап энергетика саласындағы сауда түгелдей Ресей рублімен жасалады» деп мәлімдеді. Осы төңіректе «Ресейдің мұнайы мен газынан, көмірінен бас тарту» секілді мәлімдемелер қарша борап жатыр. Бұл теке-тірестерге алаңдаған сарапшылар Еуропа экономикасындағы соңғы кездері болып жатқан жайсыз жағдайлар – инфляцияның жоғарылауы мен экономикалық өсімнің кері шегінуі, энергетикалық, бюджеттік және ақша-несие саясатындағы белгісіздікті одан әрі арттыратындығын айтып дабыл қаға бастады. Яғни бұл соғыстан зардап шегетіндердің қатарында ЕО елдері де оңбай ұтылатын көрінеді. 

Экономикалық санкциялардың жаңа раундының негізгі шарасы ретінде ЕО Ресейден көмір импорттауға тыйым салу және оның ресейлік мұнай мен табиғи газ импортына тәуелділігін азайту туралы шешім қабылдады. Бұл шешім энергетика саласында жылдар бойы Ресейге тәуелді болып келген Еуропаның жағдайын қиындатып жіберді. Еуропа елдері осы қиыншылықтан шығу үшін қазіргі күнде түрлі жолдарды қарастырып жатыр. Оның ішінде АҚШ-нан тасымалданатын сұйытылған газ бен отынға деген қажеттілікті қамтамасыз ету басты назарда тұр. Бұл мәселені шешу үшін ең алдымен жаңа қабылдау терминалдары мен газ қоймаларын салу да кезек күттірмейтін мәселеге айналатын сияқты. Бұдан бөлек қысқа мерзім ішінде өздері бас тартып жатқан жылу электр стансаларын қайта жандандыру жағын да ойластырып жатқан көрінеді. Бұл үшін кейбір елдер тіпті көмірді көбірек импорттауды жоспарлап отыр. Алайда оны Ресейден емес, өзге елдерден тасымалдау үшін де қыруар қиыншылықтар жолығатыны анық. 

Қазіргі таңда әлеуметтік желі беттерінде АҚШ-қа көзсіздікпен еру арқылы Ресейге қарсы санкцияларға белсене араласудың  – Еуропа елдеріне тиімсіз екендігін айтып, билікке қарата наразылықтарын жолдаушылар көбейген. Өйткені Еуропаның Ресейге деген энергетикалық тәуелділігінен қысқа мерзімде шығып кетуі қисынға келмейтіні баршаға түсінкіті болса керек. Онан бөлек жасыл энергияға көшу мәселесі де жуыр маңда орындалмасы белгілі. 

Германиядағы химия және тау-кен өнеркәсібі саласы қызметкерлерін реттейтін BCE кәсіподағының жетекшісі Михаэль Василиадис: «Ресейдің Еуропаға газ жеткізуін ішінара тоқтатудың өзі мыңдаған жұмыс орнын жоғалтуға әкелуі мүмкін», – депті. Ал Германияның ең ірі энергетикалық компаниясы Eon Energy компаниясының бас директоры Филипп Торн: «Еуропалық Одақ Ресей газын импорттауды тоқтатса, Германия тұтынушылары электр энергиясы мен газ бағасының күрт өсуіне дайындала берсе болады», –  деп кесіп айтыпты. Бұл жерде Еуропа елдерінің Ресей мен Украинаның мұнай-газ саласынан бөлек бағалы металдары мен көмір секілді қазба байлықтарына да тәуелді екендігі тағы бар. 

 

Экономикалық қиындықтар артып келеді

Өткен жылдың төртінші тоқсанында ЕО-ның экономикалық өсу қарқыны 0,4%-ға дейін төмендеген екен. Экономистер, бұл алдыңғы екі тоқсандағы қатарынан 2%-дан астам өсіммен салыстырғанда әлдеқайда төмен деп бағалаған. Украинадағы дағдарыс  – коронавирус пандемиясы теңселтіп кеткен Еуропа экономикасының қиыншылығын одан ары көбейте түскен. Еуропадағы Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының баяндамасында Ресей-Украина қақтығысынан Еуропа экономикасы ең көп зардап шеккені айтылған екен. «Ресейге қарсы ауқымды санкциялардан зардап шеккен Еуропаның көптеген экономикалық көрсеткіштері нашарлады. Наурызда Еуроаймақтағы инфляция рекордтық деңгейге көтеріліп, 7,5%-ды құрады. Қазір Еуроаймақтағы барлық елдерде инфляция жоғары. Балтық жағалауы елдері мен Нидерландыда екі таңбалы инфляция тіркелген. Еуропалық Орталық банк ағымдағы жылы еуроаймақтағы инфляция болжамын 5,1%-ға дейін көтерілуі мүмкін деп болжайды. Ал экономикалық өсу болжамын биылғы 3,7%-ға дейін төмендейді және алдағы екі жылда сәйкесінше өсім 2,8% және 1,6% болады»,  – дейді.

Халықаралық валюта қоры еуроаймақтың экономикалық өсуіне Ресей-Украина қақтығысынан туындаған энергия бағасына, энергия қауіпсіздігіне және өндіріске келтірілген залал және оған қатысты санкциялардың айтарлықтай әсер ететініне назар аударған.

 

Көп елдер азық-түліктен тарығуы мүмкін

В России цены на продукты питания в 2020 году росли в 7 раз быстрее, чем в  Евросоюзе | Общая Газета

Ресей мен Украина Еуропа нарығындағы көптеген шикізаттардың экспорттаушысы болып табылады. Бұл елдер сонымен қоса азық-түліктің басты шикізаты есептелетін бидай, күнбағыс майы және жүгеріні дүниенің түкпір-түкпіріне сатып келген еді. Соңғы күндері әлемдік баспасөз беттерінде Ресей мен Украинадан жеткізілетін астықтың мөлшері азаяр болса, адамзатқа ашаршылық қаупі төнуі мүмкін деген болжамдар айтыла бастады.

19 сәуір күні BBC агенттігінің сайтында Еуропа елдеріне төніп келе жатқан қатерлерге қарата болжам жасаған, «Ресей мен Украинадан экспортталатын төрт  түрлі стратегиялық тауар» атты мақала жарық көрді. Автор бұл жазбасында энергетика, азық-түлік, бағалы металдар және неон секілді түрлі газдарды экспорттау арқылы әлемдік нарықты қамтамасыз етіп отырған екі елдегі шиеленіс шешімін таппаған сайын, айнала жұртқа ықпалы зорайып келе жатқандығын жіліктеп көрсеткен екен.

«Украинаның «Еуропаның астық қоймасы» деген лақабы бар. JPMorgan Chase & Co мәліметтері бойынша, Ресей мен Украинаның бидай мен жүгері экспортының әлемдік нарықтағы үлесі 29% және 19% құрайды. Бұған қоса әлемдік нарыққа қажеті күнбағыс майының 60 пайызы осы елдерде өндіріледі. Сарапшылар соғыстың азық-түлік өндірісіне әсер етуіне байланысты бидайдың әлемдік нарықтағы бағасы екі есеге қымбаттауы мүмкін деп ескертіп жатыр. Қазір фьючерстік нарықтағы бидай бағасы соңғы 14 жылдағы ең жоғары деңгейге жетті. Егер аграрлық салаға соғыстың зардабы тиер болса немесе экспортқа шектеу қойылса, импорттаушы елдер жеткізудің балама көздерін табуға мәжбүр болмақ. Түркия мен Мысыр бидайдың 70 пайызға жуығын Ресей мен Украинадан импорттайды. Украина сонымен қатар Қытайға жүгерінің негізгі жеткізушісі болып табылады.

Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасының директоры Дэвид Бисли ВВС-ге берген сұхбатында: «Украинадағы қақтығысқа байланысты азық-түлік бағасының көтерілуі әлемнің ең кедей елдеріне апатты әсер етуі мүмкін. Мысалы Ливанның азық-түлік импортының жартысына жуығы Украинадан келеді. Йемен, Сирия, Тунис және т.б. елдерде украин астығына сүйенеді», – деген.

Әлемдік сауда мәселесінде өрмекшінің торындай болған өзара байланыстардың нәзік тұстары тым көп. Сарапшылар астықтан алаңдап жатқан тұста келесі бір дереккөздерден «ресейліктер бидайдың сапалы тұқымын Германиядан сатып алып отыр. Өкінішке қарай Ресей жерінде өнген бидай, келесі жылы тұқымдыққа жарамайды. Яғни немістер дайындаған тұқымның гені өзгертілген» деген ақпаратты көзіміз шалды. Бұл мәселенің дәл қазір қалай шешім тауып жатқаны бізге белгісіз. Бір анығы соғыстың зардабы екі елдегі астық өндірісіне әсер етпей қоймайтыны сияқты. Сондықтан алдағы уақытта әлем елдері азық-түліктен тарығуы мүмкін деген болжамға жұрттың көзі жете бастағандай.

 

Санкциялардан Ресей ғана зардап шекпейді

Санкции против России: что о них нужно знать - BBC News Україна

Соғыс бастала салысымен Ресейге салынған санкциялардың түрі көбейіп кетті. Автомобиль өндіретін алпауыттар мен қосалқы бөлшек өндіретін ірі кәсіпорындар Ресейге тауар жеткізуден бас тартты немесе Ресейдегі компанияларын жапты. Ал салқын қанды сарапшылардың соңғы мәліметтеріне құлақ түрсек, көптеген алпауыт кәсіпорындар өндіріске қажеті шикізаттарын Ресейден, Украинадан сатып алып келген екен. 

Ресей алюмин банкілері мен мыс кабельдерден бастап автомобиль бөлшектеріне дейін қолданылатын металдардың ірі өндірушісі әрі әлемдік нарыққа жеткізушілердің бірі болып табылады. Ол сондай-ақ әлемдегі төртінші ірі алюмин экспорттаушы және болат, никель, палладий, мыс өндірушілерінің бестігіне кіреді. Ал Украина әлемдегі өнеркәсіптік металдардың негізгі өндірушісі, сонымен бірге палладий мен платина экспортының айтарлықтай үлесіне ие. Қазір Лондон металл биржасында алюмин мен никель бағасы жыл басынан бері 30%-ға қымбаттаған екен. Бұдан бөлек Ресей әлемдік реитингте алтын өндіру бойынша Аустралия мен Қытайдан кейінгі үшінші орында тұратын ел. Қазір нарықтағы алтын бағасы соңғы екі жылдан бері ең жоғары көрсеткішке жеткен. 

Reuters агенттігінің жақында жариялаған бір материалында, «наурыздың басында литий-ионды аккумуляторларды жасау үшін пайдаланылған никельдің бағасы 76%-ға өсті, жарақсыз заттарды азайту үшін қолданылатын каталитикалық түрлендіргіш палладийдің бағасы да рекордтық көрсеткішке жетті», – деп хабарлады.  Ал Германияның Commerzbank (Коммерцбанк концерны) стратегі Дэниел Брисманн Business Insider басылымына берген сұхбатында: «әлемдік палладий өндірісінің 38%-ы Ресейдің үлесіне тиесілі. Ресейге салынған санкциялардың кесірінен болатын палладий шикізатын жеткізудегі үзіліс   автокөлік өндірушілері үшін елеулі проблемалар тудырады. Ресейдің орнын басатын өндірушілер жетіспегендіктен нарықта үлкен өзгерістер болуы мүмкін», –  депті.

Ресейдің Украинаға жасаған шапқыншылық соғысының басталғанына екі айдан асты. Орыстардың «шекарадан кірген бойда салып ұрып Киевке кіреміз» деген жоспарларының күл-талқаны шыққанын көзіміз көрді. Күллі дүние Украинаны қолдап, Ресейді жаңа ғасырдағы фашизмнің отын жаққан агрессор ел ретінде оқшаулауға тырысып жатыр. Ал соғыстың қашан аяқталарын ешкім болжай алмай отыр. Екі елдің де экономикасы ауыр шығындарға батты. Оларды қойып тұтас әлемде жоқшылық пен ашаршылықтың елесі көлбеңдей бастағандай. 

P.S: Жоғарыда айтылған болжамдар расқа айналар болса, алдағы уақытта әлемдік нарықтағы қымбатшылық пен тапшылықты ретке келтіру үшін Ресейге салынған санкциялар жеңілдеуі де мүмкін. Ал дүниежүзіндегі ең ірі астық өндірушілердің ондығына кіретін қазақ елі осы жағдайларды сәтті пайдаланып, астық өндіруде табысқа жете алса нұр үстіне нұр болар еді. Әрине, ең маңыздысы әлемнің бейбітшілігі болмақ.

 

Ерқазы СЕЙТҚАЛИ
28.04.2022

Ұқсас жаңалықтар

ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 104
КВАДРОБЕР – ҰЛТ  БОЛАШАҒЫНА  ҚАУІПТІ ДЕРТ
Сәуле Мешітбайқызы - 21.11.2024 104
Бәйтерек ауданы:  Берері мол бағдарламаның жемісін көруде
Ләззат ҚАЖЫМОВА, Батыс Қазақстан облысы - 15.11.2024 623
Бірлік қайда болса, еркіндік сонда, Еркіндік қайда болса, елдік сонда
Бейбітбек БҮРКІТБАЙҰЛЫ, Қызылорда облысы - 15.11.2024 741
ТУҒАН КЕНТІНЕН ЗАУЫТ АШҚАН ЖАҚСЫЛЫҚ
Тұрақ АДИСҰЛЫ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы - 15.11.2024 653
Аспан таулар етегіндегі  еңбекқор жандар
Ертай АЙҒАЛИҰЛЫ, Асым СУЛАЙМАНОВ, Алматы облысы - 13.11.2024 662

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 8796
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8197
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11424
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9178
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10410