«Әзербайжан психологы Гюльнара Акперова КСРО-ның басқыншы саясаты туралы, отарлау ерекшеліктері, отаршылдық психологиясы туралы VarYox-қа берген сұхбатында айтты», – деп жазады Qaz365.kz.
Гюльнараның айтуынша, Кеңес Одағы классикалық мағынада колония, империя болған жоқ, бірақ әскери-саяси билікті орнату, экономикалық езгі және отарлаушының мәдениеті мен тілін енгізу сияқты отаршылдық саясаттың негізгі сипаттамалары болды.
Ол ең алдымен отарлаушының психологиясына, сондай-ақ осы жолдағы КСРО-ның отарлау ерекшеліктері мен жалпы сипатына тоқталды.
Отарлаушы жаңа елдерге шабуыл жасайтынын, сол елге қысым жасау және баю үшін баратынын жақсы біледі. Бұл мақсатта жаппай зорлық-зомбылық жасау үшін отарлаушы өзін қарабайыр жабайыларды құтқаруға баратын ұлы халық ретінде көрсететін әртүрлі мифтерді ойлап табады. Француздар да, ағылшындар да, голландтар да – барлық отарлаушылар да осылай жасаған.
Кеңес Одағы бұл аңыздарға өздерін бауырмал, жасы үлкен аға ретінде «біз азаттыққа қол жеткіземіз, өркениет және технологиялық прогрессті алып келеміз» деген мифті қосты. Колонизатор «Біз адамдарды құтқаруға, көмектесуге, байытуға, дамытуға барамыз» деген үгіт-насихатты күшейтеді, сөйтіп, арада біраз уақыт өткенде бүкіл ұрпақ оған шын жүректен сене бастайды.
«Отарлаушы келген кезде отарланушы басында өзін қаналушы ретінде сезінеді. Бойын жеккөрушілік сезімі кернейді. Бірақ ішкі ыза-кегін білдіру өте қауіпті, өйткені отарлаушы әрқашан зорлық-зомбылық арқылы өз билігін орнатады. Осындай бірнеше әрекеттен кейін отарланған адам өзінің толық дәрменсіздігін түсінеді және бұл сезім оның бойында қалыптаса береді.
Бойына жинақталған ашу-ыза мен жеккөрушілікті отарлаушы бара-бара масаттануға айналдырады. Ол бірте-бірте «бұл адамдар маған азаттықты әперді, мәдениет пен ғылымды, өркениетті әкелді» деген мифке сене бастайды», – дейді Акперова.
Сондай-ақ, психолог барлық отарлаудың ортақ мақсаттарын және олардың бұған қалай қол жеткізетінін атап өтіп:
«Отарлаушы ешқашан отарланған елдерді дамытуды мақсат тұтпайды. Ол тек баюды, материалдық және адами ресурстарды пайдалануды ғана қалайды. Ол үшін екі негізгі жолды қолданады:
1. Аумақты отарлау және сол жерде өз билігін орнату;
2. Жергілікті халықтың миын отарлау.
Ол мұны қандай жолмен жасайды? Ол жергілікті халықты өзінің сәйкестігінен айырады», – дейді.
Оның айтуынша, адамның бірегейлігі мен өзін-өзі сәйкестендіруі тілді қалыптастырады. Тіл бірегей мәдениеттер мен дүниетанымның себебі болып табылады. Тілінен айырылып, езгіге ұшыраған халық өзіне және өзі сияқтыларға отарлаушының көзімен қарай бастайды.
«Ақыл-ойды отарлаудың ең оңай жолы – адамды тілінен айыру. Өйткені тіл – қарым-қатынастың негізі, сол арқылы біз дүниетанымымызды қалыптастырамыз, жақындарымызбен, ата-бабамызбен қарым-қатынас жасаймыз. Адамның тілі жоғалғанда, ұрпақ байланысы да қоса құриды. Тамыры кесілген ағаш сияқты, үп еткен желдің өзі оны құлата алады. Адамның мәдениетін, бірегейлігін және тілін тартып алғанда, ол ешкім болмай қалады. Оны кез келген соғысқа жіберсе де, ауыр жұмысқа салса да, қарсы тұратын қауқары болмайды, өйткені ол барынан айырылған, өзін жеке тұлға ретінде сезіне алмайды.
Отарлаушының өзі туралы айтатын аңыздарының ішіндегі ең бастысы – оның ұлылығы туралы миф. Бұл жерде тағы бір айта кететін жайт – егер бұл мәдениеттің ішіндегі ең кереметі болса, онда басқаларынікі қарабайыр деген түсінік қалыптасады. Ал бүгінде адамдар өз халқы, тілі туралы дамымаған, қарабайыр, әлсіз деген пікірде болса, бұл – ұзақ жылдар бойы жүргізілген үгіт-насихаттың нәтижесі. Адамдар өздеріне отарлаушының көзімен қараған кезде ғана өздері туралы солай айтады, өйткені жылдар бойы олардың миына осындай ақпаратты құйып тастаған».
Психолог бір мәдениеттің екіншісінен жақсы болуы мүмкін екенін ұмытпауға кеңес береді.
«Ол үшін не істей аламыз? Біріншіден, мұның миф, яғни ойдан шығарылған әңгіме екенін түсіну. Ешбір мәдениет басқа мәдениеттен артық бола алмайды. Әр халық үшін өз мәдениетінен асқан ұлы ештеңе жоқ. Оны басқа біреу ұнатпауы мүмкін, түсініксіз болатын шығар, басқаша көрінуі ықтимал, бірақ әр адамның өзінің мәдениеті ерекше, бірегей және оған ештеңе тең келмейді.
Бізге отарлаушы өзінің ұлы мәдениетін алып келді дегенді айтады. Иә, керемет, ол бізге орыс мәдениетін таныстырды, Достоевскийді, Толстойды білеміз, оқимыз және жақсы көреміз, Чайковскийді тыңдаймыз, бірақ осы жолда нені жоғалттық, нені құрбан еттік?! Есесіне біз өз мәдениетіміз бен тілімізді білмейміз, мәдениетіміз жойылды, ақын-жазушыларымызды құрттық. Яғни, бір халықтың мәдениетін, дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарын біржақты енгізу арқылы, жергілікті халықтың мәдениетін, салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарын, ғасырларға жалғасқан аңыз-әңгімелерін жоғалтып алдық».
Сондай-ақ, әзербайжан психологы төл тілің мен мәдениетіңді дамытудың маңыздылығын атап көрсетті. Мұны отарсыздандырудан бастау керек. Дегенмен отарлаудың үгіт-насихат жүргізудің қуатты құралы екенін ұмытпауымыз қажет және өз тілінде сөйлей алмайтындар мен мәдениетін түсінбейтіндерге түсіністікпен қарау керек. Сондай-ақ ақиқатқа тік қараған абзал. Мысалы, КСРО-ның қуғын-сүргінге ұшыратып, соның ішінде ашаршылықты ұйымдастырған агрессор екенін атап айтуымыз қажет.
«Бұл үшін ең алдымен, өз ойымызды құлдық санадан арылту керек. Сол кезеңдегі үгіт-насихаттың жергілікті халықты өзінің ерекшелігінен айыруға бағытталған қуатты машина болғанын сана-сезімімізбен түйсінуге тиіспіз.
Мұны қалай істей аламыз?
1. Тілімізді, мәдениетімізді күшейту қажет. Ең бастысы – білу, түсіну, тыңдау, қызығушылық таныту.
2. Екіншіден, ең маңызды мәселе – өз тілі мен мәдениетін жақсы білмейтін адамдарды ешқашан кінәлауға болмайды. Бұл олардың таңдауы емес еді. Бұл халықты жүйелі түрде орыстандыру саясаты болғанын түсіну керек. Оған қыруар қаржы мен күш жұмсалды. Сонымен қатар тіліміздің әлеуетін қалпына келтіру үшін бізге қолдау қажет. Жеке адамдардың, тұлғалардың, достардың және мемлекеттің тарапынан қолдау қажет. Яғни, біз өз тілімізді, мәдениетімізді және бірегейлігімізді осылай ғана қалпына келтіре аламыз.
3. Кеңес Одағының ұлы және құдіретті держава емес, елімізге экономикалық және экологиялық апаттар әкелген, ашаршылықты қолдан жасаған, ата-бабамызды қуғын-сүргінге салған отарлаушы, агрессор болғанын ашып айтуымыз қажет. Кез келген нәрсені қалпына келтіру шындыққа тура қараудан, оның себебін нақты көрсетуден басталады», – деген Акперова құлдық сананың отарлаушы кеткеннен кейін де сақталып қалатынын айтады. Сондықтан да ол өз отандастарына мәдениетті бірге дамыта отырып, түсіністікпен қарап, қолдау көрсету керек деп үндейді.
«Отарлаушы жоқ кезде де өзімізді әлі де жеткілікті дамымаған, қарабайыр, қуатты біреудің көмегіне мұқтаж адам ретінде сезіну адамның бойында құлдық сананың, ішкі езгінің сақталып қалғанын білдіреді. Отандастарымызға сүйіспеншілікпен қарап, түсіністік танытуымыз, өз мәдениетімізді дамытуымыз үшін оны жақсы біліп, сүйіп, ол туралы барлық жерде айтып жүруіміз қажет», – дейді психолог. Шынында да, айтқан сөзінің жаны бар секілді. Бізге де құлдық санадан арылатын кез жетті.