Жақында АҚШ-тың мемлекеттік департаменті Өзбекстандағы сөз бостандығын, тәуелсіз сот қызметі, адам құқықтары туралы мәлімдеме жасады. Онда өткен бір жыл ішінде адам құқықтарының жағдайы жақсарған жоқ деген қорытынды шығарған екен. Ведомствоның жыл сайынғы есебінде елдегі «адам өлтіру, азаптау, сот жүйесінің тәуелсіздігіне қатысты күрделі мәселелер, трансұлттық қуғын-сүргін, сөз бостандығы мен интернетке елеулі шектеулер, журналистерге қатысты зорлық-зомбылық» қатарлы мәселелер қарастырылған.
БАТЫСТЫҢ «ӘЛӘУЛӘЙІ»
Баяндаманың кіріспесінде «Азаматтардың еркін және әділ сайлау арқылы Үкіметті бейбіт жолмен өзгерте алмауы; саяси қызметтің елеулі және негізсіз шектелуі; сыбайлас жемқорлықтың азаймауы; Үкіметтің елеулі шектеулері немесе жергілікті және халықаралық құқық қорғау ұйымдарын қудалау; гендерлік зорлық-зомбылық, жыныстық зорлық-зомбылық; лесбияндарға, гейлерге, бисексуалдарға, трансгендерлерге, квирлерге немесе интерсекс адамдарға бағытталған зорлық-зомбылық немесе қысым жасаумен байланысты қылмыстар; Тәуелсіз кәсіподақтарға тыйым салу немесе жұмысшылардың бірлесу бостандығын айтарлықтай немесе жүйелі түрде шектеу адам құқықтарының маңызды проблемалары болып табылады», – делінген.
Ақүйде оқылған баяндаманың басында айтылған бұл сөйлемдердегі АҚШ Үкіметінің жер бетіне жайғысы келетін демократиясының өлшемі, адамдық құқық, адамдық еркіндік ретінде қарастырғысы келетін «жыныстық зорлық-зомбылыққа қарсы тұру, трансгендер, гейлер, бисексуалдарға шектеу қоймау» секілді талаптары тек Өзбекстанға ғана емес, әлемнің бірталай мемлекеттеріне қарата айта беретін жаттанды дүниелерге айналғаны белгілі. Батыста қалыптасқан көзқарас бойынша бұл адамдық құқықтың, еркіндіктің көрнісі болуы мүмкін. Алайда дәстүрлі шығыс қоғамында, ислам діні басым орында тұрған елдерде мұндай дүниелер азғындық есебінде қарастырылатындықтан, жуық арада жүзеге аса қоймайтын демократия көріністері еді...
НҮКІСТЕГІ ТОЛҚУЛАР – АҚШ НАЗАРЫНДА
Өзбекстанның саяси жүйесіне қаратылған бұл сыни көзқарастың қалыптасуына негізгі себептер ретінде 2022 жылдың шілде айында Қарақалпақстандағы халықтық толқулардың күшпен жанышталуы әрі осы оқиғаға байланысты зерттеулер жасауға талпынған халықаралық ұйымдардың қызметіне қаратылған шектеулер мен өзбек Үкіметіне жолданған сұраулардың жауапсыз қалғандығын атаған. Бұдан тыс 2023 жылы Ферғана облысын Вадим ауданында шекарашылардың екі адамды атып тастаған оқиғасын да ұмыт қалдырмапты.
«Өзбекстанда Конституция мен заң азаптауға тыйым салады, сондай-ақ мемлекеттік шенеуніктердің бұл тәжірибені қолданғаны туралы сенімді мәліметтер бар. Заңда азаптау нәтижесінде алынған дәлелдемелерді сот процесінде пайдалануға тыйым салады. Ол сондай-ақ азаптау және басқа да адамгершілікке жатпайтын немесе ар-намысты қорлайтын әрекеттер үшін жауапкершілікті қамтиды. Алайда сотқа дейінгі тергеу барысындағы азаптаулар әдеттегідей өзгеріссіз қалып отыр», – делінген баяндамада.
Сонымен қатар, баяндамада жергілікті құқық қорғаушылардың Қарақалпақстандағы қауіпсіздік қызметінің белсенділерді азаптау және психологиялық қысым көрсетуі туралы мәлімдемелерін басып тастау әрекеттерін де назардан тыс қалдырмапты. Бұған дәлел ретінде «Еуразияға еркіндік» құқық қорғау қоғамдық ұйымының «2022 жылдың шілде айында Қарақалпақстандағы наразылық акциясына қатысқаны үшін қамауға алынғандарды жауап алу кезінде азаптау кеңінен қолданылған» деген мәліметін негізге алған.
САЯСИ ТҰТҚЫНДАР ЖӘНЕ СӨЗ
БОСТАНДЫҒЫ
Баяндамада Өзбекстан түрмелерінде әлі де саяси тұтқындар бар екені атап көрсетілген. Атап айтқанда, Өзбекстанның Жоғарғы соты Қарақалпақстанда өткізген наразылық акцияларының ұйымдастырушысы деп танылған Дәулетмұрат Тәжімұратовтың есімі аталады. Бірқатар халықаралық үкіметтік емес ұйымдар, соның ішінде Human Rights Watch ұйымы бұл белсендіні босатуға шақыруда.
Баяндамада бұдан өзге 2021 жылы «адам бопсалады және жала жапты» деген айыппен алты жарым жылға бас бостандығынан айырылған блогер Отабек Саттори туралы да сөз болады. Ағымдағы жылдың 5 ақпанында Қашқадария облысы Қарши аудандық сотының үкімімен Саттори түрмеден босатылды. Алайда содан бері ол жұртшылыққа көрінбейді. 42 жастағы Саттори мұны «тыныш өмір сүріп, болашақта IT саласымен айналысамын» деген жоспарымен түсіндірді.
Өзбекстан Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, 2022 жылы 1800-ден астам тұтқын, яғни елдегі түрме тұрғындарының 6%-ға жуығы діни экстремизмге қатысты қылмыстары үшін түрмеге жабылған. Үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қамауда отырған мұндай тұлғалардың санын өз бетінше тексеру мүмкін еместігін және Үкіметтің 2023 жылға арналған нақтыланған статистиканы ұсынбағанын сынға алды.
Баяндамада Үкіметтің шетел азаматтарына қарсы репрессиялық әдістерді қолданғаны, соның ішінде жеке басын куәландыратын құжаттарын қайтарып алу, олардың жүріп-тұруын шектеу немесе тұрғылықты жерінде қамауға алу арқылы олардың құқықтық мәртебесіне нұқсан келтіру фактілерінің көп екендігі айтылады.
Баяндаманың сөз бостандығына қатысты бөлімінде құқық қорғаушы Татьяна Довлатова, «Kompromat.uzb» Telegram арнасына қатысы бар деп танылған Хуршид Далиев, блогерлер Абдуқадир Моминов, Олимжон Хайдаровтың ісі аталған.
Шенеуніктерді сынағаны және биліктің жоғарғы эшелонындағы жемқорлық туралы жазғаны үшін сотқа берілген Sof.uz және Kun.uz интернет басылымдарының аты аталған. Одан бөлек Президент әкімшілігі жанындағы Ақпарат және бұқаралық коммуникациялар агенттігінің БАҚ өкілдеріне Президент Мирзиеев пен оның отбасы, діни мәселелер, ЛГБТ секілді «нәзік» тақырыптар туралы жазбауға ескерту беріп отыратындығын тілге тиек етіпті.
САЙЛАУ ЖӘНЕ САЯСИ БЕЛСЕНДІЛІК
АҚШ Мемлекеттік департаментінің биылғы есебінде өткен жылы Өзбекстан Конституциясының 65 пайызға жуық бөлігін өзгерткен жалпыхалықтық референдум мен белгіленген мерзімнен 3 жыл бұрын өткен Президент сайлауы ерекше атап өтіліпті.
«Сайлауда тіркелген бес саяси партияның төртеуі өз кандидаттарын ұсынды. Қазіргі Президент Мирзиеев 87 пайыз дауыс жинап, қайта сайланды. Төрт үміткер елдің билеуші партиясы тексерген партиялардың атынан шықты. Сайлауды жариялау мен өткізу арасындағы қысқа мерзім басқа пікірдегі кандидаттарды тіркеуге мүмкіндік бермеді. Мәселен, бір жыл ішінде билік «Ақиқат, даму және ынтымақ» қозғалысының мүшесі Хыдырназар Оллохуловтың саяси партия ретінде тіркелу туралы өтінішін екі рет қабылдамады, бұл оның сайлауға қатысуына кедергі болды», – делінген баяндамада.
Сондай-ақ, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының (ЕҚЫҰ) Демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюросының (ӘҚҚБ) Конституциялық референдум «техникалық жағынан тыңғылықты дайындықпен», бірақ «нақты саяси плюрализм мен бәсекелестік үшін жағдай жеткіліксіз» деген қорытындысын тілге тиек етіпті.
PS: АҚШ мемлекеттік департаментінде жасалған бұл баяндамада айтылған пікірлер ТМД елдерінің көбінде сақталып отырған ортақтық деуге болатындай мәселелер еді. Соның ішінде Орталық Азия елдерінде өте баяу жүріп жатқан билік транзиті мен «мұқият ойластырылып» барып өткізілетін Президент сайлаулары АҚШ саясаткерлеріне жақсы таныс. Ал жоғарыда аталған баяндаманың ішіндегі Өзбекстан деген атауды Орталық Азиядағы басқа бір елдің атына ауыстыра салып, ішінара оқиғаларына өзгерістер енгізіп қана оқи салса, басқа елдің саяси һәм қоғамдық жүйесін сипаттауға толық жеткілікті болар еді деп ойлаймыз...