2018 жылы мемлекеттік грантты иеленіп, ұлылардың қаламы мен қадамы қатар тиген қазақ білімі мен ғылымының қарашаңырағы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің тарих факультетінің студенті атандық. Университет қабырғасында өзім дәріс тыңдаған лектор, профессорлар қатарында академик Талас Омарбеков, Берекет Кәрібаев, Меңдігүл Ноғайбаева сынды тарихшы ғалымдардың дәрістеріне қатысуды жаным қалайтын. Бірде бізге «Әл-Фараби және қазіргі заман» атты пән қосылды. Алғашқы дәрістерге басқа оқытушылар берді. Кейін көп ұзамай аудиторияға профессор Жақыпбек Алтаев кірді. Дәл сол сәт анық есімде, ағамыз өзін таныстырып, бізбен танысып, бұрыннан жақын жандардай әңгімелесті. Көп ұзамай лекция басталды. Сол кезден бастап ғылымның не екенін, ғалымның қандай болатынын анық білдім.
Фарабитанушы ғалымдардың жаңа буынын қалыптастырды
Кейіннен ғасырлар құпиясында қалып қойған Отырар кітапханасы жөнінде де ізденіс жүргізгенімде жол көрсетіп, бағыт-бағдар сілтеп отырды. Жас демей академик Әбсаттар қажы Дербісәлімен таныстырып, ол кісіден де дәріс алуыма септігін тигізді. Бір күні: «Қанат, Отырар туралы ізденіп жүрсің ғой. Маған бір жақсы мақала жазып әкел. Жарай ма?» – деді. Араға 4-5 күн салып «Отырар – кемел тұғырым» атты мақала жазып алып бардым. Ол кезде ағамыз университет кітапханасында орналасқан Халықаралық Әл-Фараби ғылыми-зерттеу орталығының директоры болатын. Орталықтың кең кабинетінде отырып, мақаланы бір деммен оқып шықты. Бір-екі жеріне ескертпе жазып, газеттің тілші-редакторы, шәкірті, Досжан Балабекұлына қолма-қол мақаланы беріп, «Досжан, мына мақаланың жарық көруіне атсалыссаң. Егер орын болмай жатса, менің басылып жатқан мақаламның орнына беруге болады», – деді. Екі күннен соң мақала «Қазақ университеті» газетінің алғашқы беттерінде жарияланды. Бұл менің ағайға деген махаббатымды одан әрі ұлғайтты.
Орталыққа баруды әдетке айналдырдым. Ол кезде орталықта өте көп адам жүретін. Шетелдік, отандық ғалымдар жиі бас қосып, ғылымның жайын сөз ететін. Соларды тыңдайтынмын. Бір айдай уақыт өтер-өтпес ағадан тағы бір тапсырма алдым. «Қанат, мына менің жазғаным, осыған өз ойың мен ізденісіңді қосып, маған алып кел», – деді. Қолжазбаға қарасам, әл-Фараби туралы екен. Түнімен ұйықтамай өзімнің әл-Фараби туралы мәліметтерімді қосып, таңертең орталыққа алып бардым. Ағай оқып шықты да: «Бәрекелді, міне дайын жас фарабитанушы!» – деп қолымды алды. Қағаздың соңына «Жақыпбек Алтаев, Қанат Алтынбек» деп, менің де есімімді қоса тіркеді. Шынымды айтсам, мұндайды күтпеген едім. Бұл жолы да Досжан ағаға мақаланы тапсырды. Сол аптада «Әл-Фараби – ғасырлар ғұламасы» атты тақырыпта газеттің тұтас бір бетін алған тұңғыш мақаламыз жарық көрді.
Алтаевпен мақаламыз жарық көргеннен соң факультетте ерекше мақталдым. Профессормен бір авторлықта мақалам шыққаны расында ерекше оқиға болды. Бұл жерден аңғарғаным Жақыпбек ағамыз менің болашағымнан үлкен үміт күтіп, мүмкіндік берген екен. Осы алғашқы мақаламыздың арты кейіннен бірнеше монографиялардың жазылуының бастамасы болды.
Ұстазым расында әлем таныған профессор. Еуропаның бірнеше университеттерінде лекция оқыған ғалым. Жаратушыға шүкір дейміз, оның ғылымдағы еңбегі мемлекет тарапынан жоғары бағаланып келеді. 75 жылдық мерейтойы қарсаңында Президенттің қолынан мемлекеттік «Парасат» орденімен марапатталды.
«Менің бар ғылыми өмірім әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетімен байланысты дер едім. Сонау 1976 жылы осы университеттің «философия тарихы және логика» кафедрасына аспирантураға түсіп, сол кездегі кафедра меңгерушісі философия ғылымдарының докторы ҚР ҰҒА корроспондент-мүшесі профессор, белгілі фарабитанушы танымал ғалым Ағын Хайроллаұлы Қасымжановтың шәкірті атандым. А. Қасымжановтың философиялық мектебі менің ғұмырыма үлкен рухани өзгерістер алып келді», – деп, ұстазымыз өз естелігінде ұлттық университеттегі алғашқы жылдарын жазады.
Ұстазымыз алғашқы жоғарғы білімді сол кезеңдегі ең үздік жоғарғы оқу орындарының бірі В.И.Ленин атындағы Ташкент мемлекеттік университетінен алады. 1972 жылы аталған университеттің философия-экономика факультетінің, философия бөлімін тамамдаған. 1982 жылы «Философиялық дәптерлер» еңбегіндегі диалектикалық идеялар» тақырыбында кандидаттық диссертациясын қорғап, 1997 жылы «Қазақ философиясының қалыптасу тарихы» тақырыбында докторлық диссертация жұмысын қорғаған. Өмірінің 50 жылға жуық уақытын ғылыми-педагогикалық қызметке арнаған профессор Жақыпбек Алтайұлы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті философия кафедрасында 1985 жылдан доцент, 1998 жылдан профессор лауазымын атқарып, көптеген шәкірттер тәрбиеледі.
Жақыпбек Алтайұлы 2003-2013 жылдар аралығында ҚазҰУ-дың Философия және саясаттану факультетінің, философия кафедрасының меңгерушісі болды. Оның жетекшілігімен философия кафедрасы философия мамандығынан мемлекеттік стандартты және философиялық пәндерден типтік бағдарламалар жасаудың, сондай-ақ философиялық білім берудің еліміздегі іргелі ғылыми-әдістемелік орталығына айналды. ТМД және алыс шетелдегі ғылыми орталықтар және университеттермен ғылыми-зерттеу саласындағы ынтымақтастықты жолға қоюда да көптеген іргелі шаралар атқарды. Жақыпбек Алтайұлы 2008 жылы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің «Ғылымды дамытуға қосқан үлесі үшін» медалімен, 2018 жылы ҚазҰУ-дың «Әл-Фараби үлкен алтын медалімен» марапатталды. 2011 жылы Білім жене Ғылым министрлігінің шешімімен «Жылдың үздік оқытушысы» грантының иегері атанды.
Сонымен қатар, 2008-2020 жылдар аралығында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Әл-Фараби ғылыми-зерттеу орталығын басқарды. Осы аралықта Ж.А.Алтаев жетекшілік еткен ғалымдар тобы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің іргелі зерттеулерді гранттық қаржыландыруы аясында бірнеше ірі жобаларды табысты жүзеге асырды. Ж.А.Алтаев 2010 жылы ЮНЕСКО-ның штаб-пәтерінде өткен халықаралық дөңгелек үстел мәжілісі жұмысының негізгі ұйымдастырушыларының және басты спикерлерінің бірі болды.
2021 жылдың қаңтар айынан бері аталған орталықтың ғылыми кеңесші қызметінде де фарабитану аясындағы ұзақ жылдық ғылыми зерттеулері және тәжірибесімен бөлісіп, фарабитанушы ғалымдардың жаңа буынын қалыптастыру жолында еңбек етіп келеді.
Алтайұлынан тағылым алған АҚШ ғалымының ой-пікірі
АҚШ-дағы Огайо университетінің арнайы шақыртумен аталған жоғары оқу орнының студенттері, магистранттары мен докторанттарына және оқытушы-профессорларына түркі және қазақ философиясының өзекті мәселелері және әл-Фарабидің философиялық мұрасына арналған дәрістер курсын оқып, түркі өркениетінің, соның ішінде қазақ өркениетін дәріптеуде қажырлы еңбек етіп келеді.
Профессор Ж.А.Алтаев 500-ге жуық ғылыми еңбектің, оның ішінде 10 оқулықтың, 17 оқу құралы мен 20-дан астам монографияның, нөлдік емес импакт-факторы бар журналдардағы мақалалардың авторы. Ж.А.Алтаевтың еңбектері әлемнің бірнеше тіліне аударылған.
Жоғарыда айтқанымыздай, Жақыпбек Алтаев өзінің ғалымдық мінезі, адамгершілік мінезімен әлемге аты кеңінен танылған. Ол туралы көптеген ғалымдар мен мемлекет қайраткерлері өз пікірлерін білдірген. Солардан бірер үзінді келтірсек.
Ал, аты аңызға айналған философ, профессор Альберт Фишлер ұстазымыз хақында: «Әл-Фaрaби философиясының түсіндірмешісі профессор Жaқыпбек Aлтaевтың көмегімен біз жұбaйым Мaдлен екеуіміз ҚaзҰУ-дaн бірнеше достaр тaптық: олaрдың қaтaрындa әл-Фaрaби университетінің ректоры, философия және сaясaттaну фaкультетінің декaны, профессорлaр және әрине, көптеген студенттер бaр. Профессор Ж.Aлтaев aрқылы бaсқa aдaмдaрды түсінуге ұмтылу мен бaсқa елдерді тaнудың ең мaңызды іс екендігін түсіндім. Бaсқa aдaмдaрды түсінуге ұмтылу мен бaсқa елдерді тaну – әл-Фaрaби мұрaсынa тікелей қaтынaсы бaр осы екі идея. Ұлы әл-Фaрaбиге бaс иіп, тaғзым етеміз! Және профессор Жaқыпбек Aлтaевқa рaқмет!» – деп ағынан жарылады.
АҚШ, Огайо университетінің профессоры, доктор Джеймс Петрик: «Мен профессор Алтайұлынан тағылым алған жалғыз адам емеспін деп ойлаймын. Ол қазақ философиясы мен әл-Фараби философиясы туралы білімі мен зерттеулерін халықаралық деңгейде насихаттау үшін тынымсыз еңбек етуде. Көптеген кітаптардың авторы, әл-Фараби Орталығының директоры, кең ауқымды халықаралық аудиториялардың иесі – профессор Жақыпбек Алтайұлы, асыра сілтеусіз, «Екінші ұстаз» әл-Фараби мен тұтастай қазақ философиясы туралы біздің біліміміз бен түсінігімізді тереңдете жетілдіре білген қазіргі заман ғалымдарының ішіндегі біртуары. Жан-жақты қырынан ой қорыта келе, профессор Алтайұлымен ғылыми қызметтес әрі достық қарым-қатынаста болған мен және өзге де ғалымдардың ойына әл-Фарабидің қайырымды қала басшысы туралы сөзі бірден еске түседі», – дей келе Жақыпбек Алтаевтың өмірі фарабитанумен егіз болып кеткендігін де алға тартады.
Сексен қыры сақталған бір басында
2020 жылы өткен әл-Фарабидің 1150 жылдық мерейтойын ұйымдастыру жөніндегі мемлекеттік комиссияның мүшесі ретінде Ж.А.Алтаев әл-Фараби мұрасы мен мирасын зерттеу, насихаттау жұмыстарына да мол үлес қосты. Профессордың ғылыми кеңесшілігімен отандық және шетелдік кинокомпаниялар түсірген бірнеше деректі және анимациялық фильмдер жарық көрді. Әл-Фарабидің философиялық мұрасын зерделеген еңбектері шетелдерде ағылшын, болгар, хорват, румян, босния тілдерінде жарияланды.
Ұстазымыз 2022 жылы «Кітап өнері» ХІХ Халықаралық байқауында Жақыпбек Алтаевтың жетекшілігімен шыққан «Әл-Фараби және заманауи Қазақстан философиясы» атты ұжымдық монография «Ғылым және білім» номинациясы бойынша ІІІ орынды жеңіп алды.
Мен өз ұстазыммен шын мақтанамын. Райхан апамызбен ұзақ жылдардан бері Алтаевтар әулетінің бәйтерегі болып отыр. Ол – бақытты әке, қамқор ата, өресі биік ғалым, темірқазық ұстаз. Осындай адамгершілігі мен ғылыми деңгейі бір биікте ұштасқан ұстазыммен соңғы жылдары бірнеше тақырыптарда ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізіп келеміз. 2023 жылы «Апамның алақаны» атты тұңғыш әңгімелер мен өлеңдер жинағым жарық көргенде де ерекше қуанышпен қарсы алды. Ұлттық кітапханадағы тұсаукесерде ерекше тебіреніп сөз сөйлеп, тұсауын кесті. Сол жинақта ұстазыма деген махаббатымды «Ой ғылымын ықыласпен сүйіпсің» атты тақырыпта жыр арнап едім. Содан үзінді келтірсем:
«Кезіктім мен ұлы ұстаз, шын дарынға,
Дара ойдың тұратын шыңдарында.
Ойлы көзбен ойлы сөз жаза білген,
Жалғыз төбе тұрғандай құмды ауылда.
Құрмет тұтам сөзі мен тұлғасын да,
Сексен қыры сақталған бір басында.
Шәкірті боп қасында жүріп келем,
Еңбегіңіз жалғассын мың ғасырға.
Шын мехнаттың өтінде де күйіпсің,
Ой ғылымын ықыласпен сүйіпсің.
Өміріңнен өнеге көп алатын,
Жақып ұстаз Өр Алтайдай биіксің».
Қазіргі таңда бірнеше тың тақырыптарда Қазақстан және шетел архивтерінен мәліметтер жинақтаудамыз. Алдағы күнде өздеріңіз де жақсы жаңалықтан хабардар боласыздар деген ойдамын.
Ұстазын өмір бақи ұлықтап келе жатқан ұстазымның әр ісі бізге өнеге. Әр өнегесі біздің ғылымда жүруімізге темірқазық болмақ!