8 ақпанда ҚР президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтті. Жиын барысында ел көкейінде жүрген біраз мәселе айтылды.
Үкімет «Жаңа экономикалық бағыт. Бірінші қадам. 2022 жыл» атты іс-қимыл бағдарламасын әзірлепті. Бағдарлама орта мерзімді кезеңге арналған Жаңа экономикалық бағытты қалыптастырудың бірінші кезеңін қамтиды. Құжатта макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету, экономиканы әртараптандыру, кәсіпкерлікті дамыту, халықты жұмыспен қамту және адами капиталды дамыту бойынша іс-шаралар қамтылған. Бағдарлама аясында 4 бағыт бойынша шамамен 500 іс-шара көзделген екен.
Үкіметтің есебіне сәйкес еліміздің 2021 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы бойынша пандемияға қарамастан жалпы ішкі өнімнің өсімі 4%-ды құрады.
Сондай-ақ өткен жылғы 11 айдың қорытындысы бойынша сыртқы сауда айналымы 15,4%-ке өсіп, 91,4 млрд долларға жетті. Ал тауарлар экспорты 25%-ке артып, 54,5 млрд долларды құраса, импорт көлемі 4,2%-ке өсіп, шамамен 37 млрд доллар болған.
Белгілі болғандай, Мемлекет басшысы әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси жағдайды тұрақтандыру мақсатында жылдың басында Үкіметке шұғыл және жүйелі 108 тапсырма берген: қазірге дейін 44 тапсырма орындалды. Тағы 32 тапсырма аяқталуға жақын. Қалған 32 тапсырма жүйелі сипатқа ие және қойылған мерзімдерде орындалған.
ҚР президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында логистика саласына халықаралық компанияларды тарту қажеттігін де айтты.
– «Кеден бекеттеріндегі қордаланған мәселелерді жедел шешу қажет. Бұл бюджет үшін айрықша маңызы бар сала. Тағы да қайталап айтамын, ондағы былықты жөнге келтірмесе, салдары қиын болуы мүмкін. Қытайдың статистикасы мен біздегі көрсеткіштің айырмасы 5,7 млрд доллар болуы соның дәлелі. Қазір Қытаймен арадағы кеден бекетінде 12 мыңнан астам көлік электронды кезекте тұр. Құзырлы экономикалық операторлардың заңсыз іс-әрекеті туралы бұған дейін де айттым. Олар кеденнен және басқа да бақылау органдарынан соншама жеңілдікті қалай алып отыр? Не себепті бұл мәселе назардан тыс қалған? Бұл сұрақтарға 10 күннің ішінде нақты әрі толық жауап күтемін», – деген Мемлекет басшысы саланың қызметін заң бойынша қатаң реттеуді тапсырды.