Қайта оралмас оқушы кезді сағындық…

Қайта оралмас оқушы кезді сағындық…

Жылда оқу жылы аяқталған соң, мамырдың 25-де соңғы қоңырау соғылып, жер-жерде оқушылар мектеп бітіріп жатады. Сүйікті достарымен, ұстаздарымен, алтын ұя мектебімен қоштасады. Сөйтіп, бәрі жан-жаққа тарасып, өмірдің ағымымен кете барады. Оқуға түскендері оқып, түспегендері жұмыс істеп, еліміздің әрқилы тараптарында жүреді. Уақыт шіркінде тоқтау бар ма, өстіп жүргенде  жылдар  зырылдап өте береді. Осы уақыт аралығында бір-бірін көрмей сағынысып, «шіркін-ай, достарымды, ұстаздарымды, мектебімді бір көріп, мауқымды бассам ғой!» деп туған ауылынан жырақта жүрген сыныптастар да бар. Соңғы жылдары  мектеп бітіруші  түлектер ұйымдасып, 10, 20, 30, 40, 50 жылдық кездесу кештерін өткізіп жүр. Бұл еліміздің барлық жерінде бұлжымайтын дәстүрге айналды десек қателеспейміз. Мамыр айы туа бере «биыл біздің сыныптың кездесуі, достарыммен қауышам!» деп көңілдері алып-ұшып қызу дайындалып жүрген жандарды көресің. 

 

 

Иә, біздің де мектеппен қоштасқанымызға әне-міне дегенімізше 40 жыл болып қалыпты. Сыныптастар ватсапта «10 «б»-ның кластастар» тобын құрып, «тойдың болғанынан боладысы қызық» дегендей,  «алда болар кездесуді қалай өткіземіз» деп күнде кеңес құруда.  Қазір чатта қызу айтыс-тартыс, гу-гу әңгіме. Осы жыл ішінде біраз өзгерістер де болды. Сыныптастарымыздың бәрі отау тігіп, бала-шағалы болып, немере сүйіп, ардақты ата-әже атанып отырған жайы бар. Туған жеріміз Жетісу облысы Жаркент өңірі Көктал  ауылының Абай атындағы орта мектебінен түлеп ұшып, арман қуып әр тарапқа тарадық. Мәселен Бүрлібай, Берік, Алтай, Дария, Гүлбақыт, Шаргүл, Ділдахан сияқты сыныптастар ару Алматыда оқу оқимыз деп тұрақтап қалдық. Сәуле, Майра Сарыөзекке тұрмысқа шығып, сонда жұмыс істеп жүр. Толқынымыз Талдықорған жақтағы Бақтыбай ауылында. Қалған Нұрмұхамед, Хамза, екі Серік, Бағлан, Болат, Бақыт, Амангелді, Нұрлан, Қайырбек, Тұғылық, Нұрбол, Нүсіпбек сияқты жігіттер ауылымызды көркейтуге атсалысып, туған жердің төсін дүбірлетіп,  әртүрлі мамандықтың иелері болып жүр. Ал Ләтипа, Нұршахан, Клара, Гүлнарлар Көкталға тұрмысқа шығып, бір-бір үйдің түтінін түтетіп отырған пысық келіншектер. Арамызда бұл дүниеден өткен Рысгүл, Қаныбек сынды аяулы да қимас  достарымыз бар. Оларға жатқан жерлері жайлы, жандары жаннатта болсын деп дұға тілейміз. Енді осы 40 жылдық кездесуде достарымен қауышуға асыға  дайындалып жүрген бірнеше түлектердің ыстық лебіздеріне құлақ түрсек. 

 

 

Толқын Искакова: «Мен сыныпта староста болдым. Сабақты құрбыларым Шаргүл, Гүлбақыт үшеуіміз жарысып оқитынбыз. Белсендіміз. Сабақтан соң велосипедіме мініп алып, үй-үйді аралап мектептің жарнасын жинаймын. Бірде Орманбеков Серіктің  үйіне барғаным есімде. Үстіндегі мектеп формасын шешпеген күйі есекке мініп алып ойнап жүр екен. «Мына жүрісің не, тез барып киіміңді шеш. Ертең  мектепке тап-таза боп келетін бол!» деп ұрыстым. Серік өзі қызарақтап менен ыңғайсызданып қалды. Сол балалардың бәрі өсіп, қазір бір-бір үйдің отағасы болып отыр. Енді міне, 40 жылдан кейін кездесейін деп отырмыз. Жүрегіміз дүрсілдеп, сыныптастарымды көруге асығудамыз. Бәрін сағынып кеттім. Олар менің бауырым сияқты  жақын адамдарыма айналып кеткендей. Мен барша достарыма амандық-саулық, сәттілік тілеп, қайда жүрсе де өмірде жолдары ашық болсын деймін!» 

 

 

  Сәуле Алиакпарова: «Біздің 10 «б» сыныптың ұлдары онша сабақ оқымайтын, бұзықтау болды. Сабаққа қатысқысы келмесе, терезеден секіріп қашып кететін. Біздің кабинет 1-қабатта болатын. Сынып жетекшіміз физик Әдепхан Жақыбаев ағай  өте талапшыл, қатал кісі еді. Сабақ оқымағандарды тақтаға қаз-қатар тұрғызып қойып, физиканың заңдарын жаттатқызатын. «Ұйықтап жатқанда мен түртіп қалсам, осыларды жатқа айтып беретін болыңдар» дейтін. Ол кезде «мұғалім  мені ұрды, ұрысты» деп ешбір оқушы ата-анасына шағымданбайтын. Айтсаң, өзімізге ұрсып беретін. Қазір сол ұстаздардың ұрысын сағынамыз. Мен атам мен апамның ерке қызы болдым. Айтқанымның бәрін орындайтын. Апам үзілісте маған кәмпит, құрт, бауырсақ әкеп күтіп тұратын. Шіркін, сол алаңсыз балалық кездер қазір қайтып келсе ғой!»

 

 

Нұрмұхамед Жақыбаев: «Бәріміз бір үйдің баласындай 10 жыл бірге ойнап-күліп, білім алдық. Оқушы кез балалық шақтың ең бір бақытты шақтары ғой. Адам өмірі жылдың 4 мезгілі сияқты. Балалық кезең-көктемде қылтиып өскен бәйшешек сынды. Нағыз ойынға тоймайтын кезіміз. Сабақ айта алмай мұғалім ұрысса, тез ренжіп қаламыз. Үзілісте үйім мектепке  жақын болғандықтан, достарымды ертіп алып шай ішіп келеміз. Ол уақытта үлкен үзіліс жарты сағат болатын. Анамның 7-8 литрлік үлкен қара қазанында сүт пісіп жататын. Содан бір-бір кесе сүт құйып береді. Нанды батырып ішіп-жеп аламыз. Қыста қыздарға қар атып, беті-қолдарын жуып, соған мәз болатынбыз. 8 наурыз бен 23 ақпанда ұлдар мен қыздар бір-бірімізге сыйлық беретінбіз. Алғашқы балаң махаббат бәріміздің басымыздан өтті. Сыныптағы үндемес жуас деген балалардың өзінде де бұл сезім басынан өтті деп ойлаймын. Бір-бірімізге хат жазып, жауабын үйге келіп немесе мектептің артында тығылып оқитынбыз. Міне, біздің бақытты оқушы кезіміз осылай өткен!»

ШАРГҮЛ  БИЕКЕЕВА

 

22.05.2024

Ұқсас жаңалықтар

ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 44
Бәйтерек ауданы:  Берері мол бағдарламаның жемісін көруде
Ләззат ҚАЖЫМОВА, Батыс Қазақстан облысы - 15.11.2024 575
Бірлік қайда болса, еркіндік сонда, Еркіндік қайда болса, елдік сонда
Бейбітбек БҮРКІТБАЙҰЛЫ, Қызылорда облысы - 15.11.2024 689
ТУҒАН КЕНТІНЕН ЗАУЫТ АШҚАН ЖАҚСЫЛЫҚ
Тұрақ АДИСҰЛЫ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы - 15.11.2024 604
Аспан таулар етегіндегі  еңбекқор жандар
Ертай АЙҒАЛИҰЛЫ, Асым СУЛАЙМАНОВ, Алматы облысы - 13.11.2024 613

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 8750
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8150
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11379
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9133
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10364