Қаламгердің авторлық құқығы: НЕНІ БІЛУІМІЗ КЕРЕК?

Қаламгердің авторлық құқығы: НЕНІ БІЛУІМІЗ КЕРЕК?

Тәуелсіздіктен кейінгі жылдары қаламгерлер қауымы тасада қалғандай еді. Абырой болғанда, соңғы онжылдықта жазушы мәртебесі көтеріліп, республика деңгейінде көптеген әдеби іс-шаралар лек-легімен ұйымдастырылып жүр. Бұл бүгінгі билік тарапынан ұлт әдебиетіне жасалып жатқан оң қабақ десе болар. Өйткені, Сағатхан Әшімбаевтың сөзімен айтқанда, «Әдебиеттің атқаратын орасан зор қызметімен ештеңе де теңесе алмайды». Ұлттың рухани дамуында теңдессіз рөл ойнайтын көркем әдебиет екені даусыз. Міне, сол себептен де жастар әдебиетіне де жүйелі көңіл бөлініп, тәуелсіздіктен кейінгі кезеңде қар астынан бүрлеген қызғалдақтай жаңа есімдер танылды. Алайда жалпы қаламды қасиет тұтқан бұл қауымға авторлық құқық ұғымы жаппай түсінікті емес. Ақын-жазушылар көп жағдайда өздерінің авторлық құқықтарының бұзылып жатқанын білмейді немесе білсе де, оны қорғауға немкеттілік танытады.

Жалпы, авторлық құқық деген не? Бұл ұғым мынадай түсінікке саяды: «авторлық құқық – программалық бұйымды әзірлеуге қатысты автордың құқықтық жағдайын анықтайтын заң шығаратын нормалар жиынтығы. Авторлық құқық ғылым, әдебиет және өнер шығармаларын шығару және пайдалануға байланысты қатынастарды реттейтін азаматтық құқық тарауы». Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексімен, «Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы» Қазақстан Республикасының Заңымен реттеліп, арнайы қорғалатын ақын-жазушылардың авторлық құқықтары бүгінде ғаламтор кеңістігінде аяққа тапталып жатыр. Оған бірден-бір дәлелі – әлеуметтік желілерде, сондай-ақ ютуб арналарда автордың рұқсатынсыз олардың шығармаларын аудио нұсқада оқырмандарға ұсынып жүргендер көп-ақ. Және де кітап оқу марафондары деген тағы бар. Олар да көзі тірі автордан бір ауыз рұқсат сұрамастан олардың туындыларын марафонда оқырмандарға ақылы түрде оқытады. «Бас жүлде – «Айфон» деп дабыралап оқырман жинап, өз тарапынан берер туындысы болмаған соң, ғаламтордан оқылым деңгейі жоғары бір әңгіме не поэманы алып, марафонға қатысушыларға ақылы түрде ұсынады. Бәлкім, бұл да қазіргі оқырманға кітап оқытудың бір жолы болар, алайда қаламгердің құқығы табанасты болмау керек. Марафонға білек сыбана кірісетіндер келісілген ақыны төлеп, әдеби шығарманы оқып, соңында өзара жарысқа түседі. Ал марафонды ұйымдастырушылар ақын-жазушының туындысы арқылы белгілі бір дәрежеде табысқа ие болады. Бұл – қазіргі қаламгерлердің авторлық құқығының бұзылып жатқанының бір көрінісі. Марафон ұйымдастырушылардың біріне хабарласып, шығармасы оқылған жазушыға қаламақы беру мәселесі туралы сұрап едім, ыршып түсті. «Мен ешкімге қаламақы бермеймін» деп тік жауап берді. Кітап оқу марафонында автордың аты аталғанының өзі бір жетістік екендігін айтып, тұтқаны қоя салды. Демек, олар жазушының авторлық құқығы барын және оның кез келген шығармасын жазбаша рұқсатынсыз алып жариялау, сол арқылы ақша табу заңбұзушылық болып табылатынынан мүлде бейхабар екен. Ақпараттық технология дамыған сайын, көпшіліктің көзі ғаламтордан айырылмай жатыр. Бұл аудиокітап форматын дүниеге әкелді. Қуанарлық жағдай, бірақ осы аудиокітап жүйесін де ақын-жазушылардың авторлық құқықтарын бұзып-жарып, ақша табу жолына айналдырып алғандар қазір көбейген. Ютубта арна ашып, онда қазіргі авторлардың шығармасын аудио нұсқада береді. Аудионың басында авторды атайды, өзге заңдық талаптарды орындамайды. Қаламгердің жазбаша келісімін алмай, оның көз майын тауысып жазған, жүрегін жарып шыққан «перзентін» – туындысын заңсыз түрде оқырманға ұсынады. Байқауымша, көптеген ютуб арналар өздеріне монетизация қосқан, яғни әңгіменің, не өлеңнің аудиосы оқылып жатқанда ақы төленетін жарнамалар жылтыңдап тұрады. Бұл өзі әдеби туындыны дүниеге әкелу үшін түн толғатып, күн қатпай-ақ оңай табыс табудың сенімді жолына айналып отыр. Оңай кәсіптің көзін тапқан мұндай ютуберлер авторлық құқықтың бұзылуының айқын дәлелі авторлық құқықпен қорғалған материалды рұқсатсыз тарату екенін білмесе керек немесе біле тұра заңды жоққа шығарып отыр. Авторлық құқықтың бұзылу жағдайлары былай түсіндіріледі: шығарманың көшірмесін жасаса және оны сатса, көшірмесін басқа біреуге жіберсе. Бұл аталған заңдық деректерге қарасақ, ютуберлер шығарманың көшірмесін заңсыз жасаған және оны сатып отыр. Осылайша көптеген жазушылардың авторлық құқығына орасан зор нұқсан келуде. Бұл құқықбұзушылыққа қарсы Қазақстан Республикасының «Әдеби және көркем туындыларды қорғау жөніндегі Берн конвенциясына қосылу туралы» Қазақстан Республикасының 1998 жылғы 10 қарашадағы №297-1 Заңы бар. Бұған қоса Қазақстан Республикасының Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымының авторлық құқық жөніндегі шартына қосылуы туралы» еліміздің 2004 жылғы 16 сәуірдегі №547-ІІ Заңы тағы бар. Бұл қос заңға сүйенсек, қаламгердің әлі жарық көрмеген, соған орай авторлық құқығы уәкілетті органмен танылмаған туындысын жариялау да авторлық құқықтың бұзылғандығын көрсетеді. Сонымен қатар, автордың туындысына техникалық көмек жасаған тұлғалар (аудиомәтін жасау, оны бейне форматқа айналдыру, мәтін түрінде безендіру т.б.) заң бойынша шығармаға тең құқылы автор болып табылмайды. Яғни, ютубер өлең мен әңгімені автордың келісімінсіз алып, оны қанша жерден техникалық сипатта көркемдегенмен, тең құқылы автор болып табылмайды және көркем шығарманы сатуға ешбір хақы жоқ. Бұл – ютубердің қаламгердің мүліктік емес құқығын заңсыз иеленуі. Қаламгер өзінің туындысын бүркеншік атпен жарияласа да, шығарма халыққа ұсынылғаннан кейін, ол бәрібір авторлық құқыққа ие болады. Аталған заң бойынша авторлық келісімін алып, оның әдеби туындысын жариялау (аудио, мәтін, бейнежазба түрінде), көпшілікке көрсету, эфир (қазіргі ютуб арналарда) хабарлау заңды түрде халыққа жария ету деп танылады. Осыншама заңдық талаптарды белден басқан ютуб арнасының иелері көптеген заңбұзушылықтарға жол беріп отырғандарын шынымен де білмей ме? Олар автор құқығын, автор есімінің құқығын, оның беделін қорғау құқығына қол сұғып отыр. Төл туындысының заңсыз таралуына қаламгерлер қалай қарайды? Аңдасам, олар өздерінің авторлық құқықтарының бұзылуына аса бір наразы емес тәрізді. Бірі «сұраусыз да ала берсін, туындымыз елге жетсе, ең басты мақсат сол» десті. Енді бірі «сапалы түрде оқырманға ұсынса құба-құп» десті. Оларға құқықтарының аяқасты болуынан гөрі туындыларының қалайда оқырманға жетуі маңыздырақ саналатындай. Бұл жағдай, әсіресе, жазу өлкесіне келгеніне көп болмаған жас қаламгерлерге тән болып отыр. Алайда заңмен бекітілген қаламгерлік құқығымызды неге өзіміз қорғауға алмаймыз? Заң өкілдері нақты не дейді? Бірнеше танымал деген заңгерлерге осы мәселе туралы қоңырау шалдым. Олар өздерінің кәсіби қызметтерінде ешқашан «авторлық құқығымды қорғауды өтінемін» деп келген ақын-жазушының болмағандарын жеткізді. Тағы бір қорғаушыға аталмыш мәселені көлденең тартып, кеңес сұрап едім, «сіздің шығармаларыңызды заңсыз таратып жүргендердің үстінен бірден талап арыз бере алмайсыз. Алдымен жазбаша түрде ескерту жібересіз. Олар ескертуге он төрт күн ішінде жауап бермесе, не мүлде елемесе, сонда ғана заң орындарына шағымдана аласыз», – деп, неден бастау керектігін аңдатты. Қазақстан Жазушылар одағының заңгеріне хабарласқанымда, «автордың келісімінсіз жариялауға болмайды. Ол авторлық құқықты бұзу болып саналады», – деп, айқын жауап берді. Жақсы-жаман жазушы атанғаныма жиырма жыл болған өзім де авторлық құқық туралы бірсыпыра жайтқа қанығып қалдым. Содан кейін барып әлеуметтік желілерде төл туындыларымның қаншалықты «заңсыз қыдырып» жүргенін білу үшін мұқият шұқшидым. Фейзбук, инстаграм, одноклассники желілерінде туындыларым бөлшектеніп, беріліп жатыр екен. Мені автор ретінде, әрине, атаған. Ал, ютубқа кіргенімде шалқамнан түсе жаздадым. Мұнда менің әңгіме-хикаяттарымды өз мүлкіндей көріп, емін-еркін жариялап жүргендердің қарасы қалың екен. Атап айтқанда, олар мені автор ретінде көзге ілмей, туындымды жүйелі жариялап жүрген «Сезім сыры», «Аудиокітап қазақша», «Мөлдір бұлақ», «Тағдыр талқысы», «Қазақша аудиокітап», «Muzbalaq kz», «Aidana Omirzhanova» деп аталатын ютуб арналар. Бір-екеуіне әлеуметтік желі арқылы хабарласып, заң берген құқығымды айта бастап едім, «автор екеніңді дәлелдеп көрші» деп дөрекілік танытты. Тағы біреуінің байланыс нөмірін алып қоңырау шалсам, авторлық құқық туралы ештеңе білмейтінін айтып ағынан жарылды. Менің талап етуімнен соң өз ютуб арнасынан туындымды өшіріп тастады. Кейбірі «сен қайта қуануың керек, менің арқамда оқырманға танылып жатырсың» деп кеудесін керді. Желіде танылмай қалсам да, авторлық құқығымды заңмен реттеуге кірістім. Ақырында Қазақстан Республикасы авторлық құқықпен қорғалатын объектілерге құқықтардың мемлекеттік тізімге мәліметтерді енгізу туралы куәлігіне қол жеткіздім. Аталмыш куәлікте авторлық құқық объектісі ретінде әдеби туынды белгіленген, объектінің атауы ретінде менің кітабым көрсетілген. Менің әңгімелерімді рұқсатсыз алғаны аздай, «сен кімсің? Автор екеніңді қайдан білейін!» деп дөң айбат шегетіндерге батыл түрде ұсына алатын алғашқы авторлық құжатымды осылай алдым. Бірақ заңды құжатқа ие болсам да, ютубта туындыларымды «ұрлап» аудио түрінде оқитындардың қарасы азаяр емес. Оларға жазбаша ескерту жіберуім үшін тиісті байланыс деректерін (электрондық пошта адресі) таппай мен жүрмін.

Зайырлы елде өмір сүріп жатырмыз. Айбарлы Ата Заңымыз бар. Онда бәріміздің құқымыз тең қорғалған. Жоғарыда мен атаған қос заңда қаламгердің авторлық құқықтары толықтай қорғалған. Жазушы төл шығармасын жекелеген ютуб арналар үшін, солардың игілігіне жұмсау мақсатында жазбайды. Ахмет Байтұрсынұлының сөзімен айтқанда, «әдебиетті ешкім мақтаныш үшін жазбайды, ол мінезден туады, ұлтының қажетін өтейді сөйтіп». Қаламды кие тұтатын ақын-жазушылардың ұлттық мүдде үшін жазған дүниелерін әлдекімдер жеке мақсатқа жұмсауына заң рұқсат бермейді. Сондықтан жазушы заң шеңберінде өз құқығын біліп жүрсе, қайсыбіреулер заңмен реттелген авторлық құқыққа нұқсан келтірмесе, зайырлы ел болғанымыздың бір айқын белгісі сол болмақ.

 

Айзат РАҚЫШ, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі
05.09.2024

Ұқсас жаңалықтар

ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 178
КВАДРОБЕР – ҰЛТ  БОЛАШАҒЫНА  ҚАУІПТІ ДЕРТ
Сәуле Мешітбайқызы - 21.11.2024 173
Бәйтерек ауданы:  Берері мол бағдарламаның жемісін көруде
Ләззат ҚАЖЫМОВА, Батыс Қазақстан облысы - 15.11.2024 683
Бірлік қайда болса, еркіндік сонда, Еркіндік қайда болса, елдік сонда
Бейбітбек БҮРКІТБАЙҰЛЫ, Қызылорда облысы - 15.11.2024 803
ТУҒАН КЕНТІНЕН ЗАУЫТ АШҚАН ЖАҚСЫЛЫҚ
Тұрақ АДИСҰЛЫ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы - 15.11.2024 717

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 8873
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8268
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11496
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9252
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10479