Қаламымен тауарих қашаған қаламгер

Қаламымен тауарих  қашаған  қаламгер

Жуырда Жамбыл облыстық  Ш.Уәлиханов атындағы әмбебап-ғылыми кітапхананың ұйымдастыруымен «Қаламымен тауарих қашаған қаламгер»  атты Жамбыл  облыстық  өлкетану  музейінде ардагер журналист-жазушы, Қазақстан  Республикасы Журналистер  Одағының мүшесі Майлыбай Смағұловпен оқырмандардың  кездесуі өтті.

 

Ұлылар туралы жазылған қос кітап

 

Кездесуде  ардагер журналист-жазушы өзінің  шығармашылық өмір жолдарына тоқталып  өтті. Мектеп қабырғасында жүргенде-ақ  шығармашылыққа  ден қоя бастаған ықыласының  өмір бойы  сөнбей келе жатқанын, зейнетке  шыққаннан  кейін  біржола  шығармашылықпен айналыса бастағанына тоқталды. Осы  кейінгі 11 жыл ішінде  11 кітабының  жарық  көргенін тілге тиек етіп, әр кітабының шығу тарихына  қысқаша  тоқталды.  Әсіресе, ұлылар  туралы  жазған екі кітабына оқырмандар назарын аударды. «Ұлылар туралы  жазған  жазушы-журналист – Ұлылыққа  бір табан  жақындай түседі» деген ұлылардың  сөзін  мысалға келтірді. Бауыржан Момышұлы – ұлы  адам. Екінші  Ұлы  адам – Қорқыттан  кейінгі Ұлы қобызшы Ықылас Дүкенұлы.

Олардың  ұлылығы сонда – қанша  уақыт өтсе де олардың еңбегі жаңа қырынан көрініп, жаңарып, жасарып, құлпырып ерлікке-елдікке шақырып  тұрғандай.

 Қазақстанның  халық  жазушысы  Әзілхан  Нұршайықов: «...Баукең  дүниежүзілік   көлемде  ойлайтын  көреген   адам  болды. Оның көрегендігі ұлттық  шеңберден  шығып  кетті. Рузвельт, Черчилль, Сталин  сияқты  өз  заманының  кемеңгерлерімен   қанаттас  ойлады», – деп атап  көрсетті.  

Сталин қайтыс  болғанда Черчилль: «...Аса  ауыр  жылдарда   Ресейді  данышпан  әрі  қаһарман   қолбасшы   И.В.Сталиннің   басқаруы    Ресейдің  ең   үлкен  бақыты  болды. Сталинді  қалай  жамандаса  олай   жамандасын, бірақ  ондай  ұлыларды  тарих та,  халық  та  ешқашан  ұмытпайды», – деді.  Иә, осылай  деді. 

Сталинді   Рузвельт те  мақтады. Баукеңнің  Сталинге  берген  бағасы  ХХ ғасырдың  екі  алып  тұлғасының  бағасымен  бірдей  шықты.  Баукең: «Дүниежүзі тарихында  үш  қана атақты   қолбасшы  болды.  Олар: Александр  Македонский, Шыңғыс хан және Иосиф Виссарионович  Сталин!  Сталин  атақты  ғана  емес, олардың  ішіндегі  ең  данышпан, ең  кемеңгер  қолбасшысы  болды. Сталиннің  әскери  кемеңгерлігіне   жететін  қолбасшы енді  ешқашан  тумайды да!»  – деп өзінің  пікірін  ашық  айтты.    

 

«...Бауыржанның   бойында  Исатайдың  ақкөздігі,  Махамбеттің  ақындығы, Аманкелдінің   ерлігі, Чапаевтың ерлігі, Қажымұқанның   қайраты  бар. Баукең  осы  бес  батырдың  тоғысқан   нүктесі. Ұлтымыздағы  әскери,  әдеби, саяси   даналық   бір   басына  тоғысқан  тұлға  осы!» – дейді   Баукең туралы  көп ізденіп «Ақиқат  пен  аңыз» кітабын  жазған жазушы  Әзілхан  Нұршайықов.

 

«...Әттең!  Әттең!  Елі  кішкентай  жұрттың   ардақты  ұлдарының  даңқы  да  кішкентай.  Дәл  осы  адам  Еуропа  елдерінің   даңқты  қолбасшыларынан   артық  болмаса,  қайсысынан   ақылы  кем?».

І.Есенберлин «Көшпенділер» трилогиясы, Кенесарының  хатшысы болған  білімді  еуропалық  Жүсіп-Иосиф Гербурттың  «Кенесары туралы» ой-толғамы. 

Баукең қазақ деген аз  халықтан шықса да Ұлы Отан соғысында жасаған ерлігі  дүниежүзіне тарап кетті. Қазақ  халқының  даңқын  асқақтатып, мерейін үстем етті.

«Өткен ғасырдың жетпіс  екінші жылы болатын. Совминнің  бұрынғы  төрағасы Нұртас Оңдасынов Бауыржанға алдын ала  телефон соғып, рұқсатын алған соң үйіне  едел-жедел жеткен. Ол  сәлемдесіп, орындыққа  жайғасқанда үй  иесі: 

– Нұреке, бұрын  араласып жүрген кісі емес едік, қарым-қатынасымыз жоқ  еді.  Мүмкін болса, жасырмай  шыныңызды  айтыңыз, сізді  бұл үйге  қандай  құдай  айдап  келді? – деп сұраған. Оның  күткені де осындай  сауал еді.  

– Бауке, келген  себебім: баяғыда марқұм Жұмекең (Шаяхметов) екеуміз  саған  қастық жасаппыз. Генерал  болсын деген  ұсыныс болып еді,  болмасын  деппіз. Герой Советского Союза  болсын дегенде, тағы да  болмасын деппіз. Адамшылыққа жат  сол қысастығымызды  кейін түсіндік. Соған  қатты өкінем, қатты ұялам. Сол есіме  түскенде ұяттан  өртеніп, қара жерге тірідей кіріп кете жаздаймын.  Тағы бір көзім жеткен нәрсе – сен  бізді жеңдің. Жер  жүзіне  атың  кең  жайылды. Көрнекті  Совет  Одағының жазушысы атандың... 

– Рақмет, Нұреке! Өкінбеңіз. Сіздің жаман  ініңіз (бас бармағымен  кеудесін нұқып  көрсетіп) онсыз да международный герой, – деп  Бауыржан қитығып  жорта айта  салып  еді. Нұртас шал  екі беті қып-қызыл боп  көзімен  жер шұқып отырып қалды».

 

Қонаевтың АҚШ Президентіне Баукең туралы айтқан уәжі

 

Хрущевтың билігі кезінде  Америкаға  барған делегацияның құрамында Қонаев та  болған. Әр республиканың  басшыларынан, қайраткерлерінен  құралған  делегацияны  Нью-Йорк штатының  губернаторы  Нельсон Рокфеллер қаладағы  өзінің  жеке  резиденциясында қабылдаған. 

Сапар соңында Американың  Президенті Дуайт Эйзенхауэрдің  өзі  көңілі түсіп,  қонақтармен  кездесуге  ықылас білдірсе керек. Қабылдауында болғанда Президенттің  назары бірден  бұған ауып, көз тігіп  қарағыштай берген. Кабинетте  бәрінен  айдыны  тасып,  айбынып  отырған бұның тегін адам емес екенін  жалт етіп бір қарағанда-ақ  жазбай таныған. 

– Сіз қазақ  емессіз бе? – деп сұрағаны.  

– Ие, қазақпын! – деді Дінмұхамед орнынан  жедел  көтеріліп.

– Екінші дүниежүзілік қырғын  соғыста аз  халық екенмін деп  қорықпай  қалың  жаумен бел шешіп, батыл  шайқасқан  қазақтың  ерлік іздері орыстың  ойға шомған  ормандарында, қансоқта  болған бүкіл  майдан  даласында  сайрап жатқан  жоқ па? Бұны  көзі  қарақты  салауатты  елдің  бәрі жақсы біледі. Олар  дүрк  көтеріліп оққа  қарсы  шапқанда,  Құдай-ау, ажалдың  өзі жан-жаққа  пышырап  қашып,  жоқ  боп  кететін  көрінеді.  «Қазақ қара бұршақтай  сатырлап  жауған қалың оқтан  қорқып  бұғынады, қаптаған  алып  танкіден  тайсақтап шегінеді дегенге сенбе» дейді  немістердің  өздері. Иә, солай. Сөзім  жалаң  болмасын. Соғыстан  кейін  неміс генералының  бір естелігін  оқығаным бар-ды. Ол  өз естелігінде: «Комбат  басымен  дивизия басқарып, біздің болат темір  құрсанған  қоршауымызды  сан  дүркін бұзып  шығып, талай  ойран  салған  ана бір  Бауыржан  Момышұлы деген  дүлейдің  қорлығы өтті бәрінен де.  Сол есіме  түскенде  әлі  күнге  дейін  жынданып кете  жаздаймын. Егер ол біздің  жолымызда  қасқайып қарсы  тұрып  соғыспағанда, несін  айтасың, осы күндері  Кремльдің  биік  төбесінде  немістің туы желбіреп  тұрар еді, амал қанша?» деп  өкінішін  жасырмай  әділ  жазған-ды». 

– Айтпақшы, – деді Президент содан соң  өзі  естіген  бір  алып-қашпа  сөздің  анық-қанығын  сұрап білмек болып: – Бауыржан Момышұлына  Кеңес Одағының Батыры  атағы берілмеді дейді.  Рас па? 

Дінмұхамед шындықтан  тайқып  кете алмады. Ертеңгі  күнім қалай болады демей турасына көшіп: – Рас, – деді. Автор «Бауыржан Момышұлы тек қазақ халқының, Кеңес Одағының батыры ғана  емес, бүкіл түркі әлемінің батыры деген атаққа  лайық» деген ақпаратты алға тартады. Нақты дәлелдер іздейді.

 

Ықылас қобызының зары

 

Менің өмірімнің  басым көпшілігі  Ықылас  Дүкенұлы  ұрпақтарының  арасында  өтті. Ел «Жетінші ауыл» атап кеткен Жамбыл облысы Сарысу ауданы  Талдыбұлақ селолық кеңесінің аумағында бір-біріне өте жақын орналасқан   үш колхоз – Жаңакүш, Ілгерібас, Ынтымақ  – жастық шағымыздың бастау алар өрісі.

Ауылдың  іргетасы  1933 жылы  қаланған. Оның  байырғы  тұрғындары Арқадан көшіп, 1932 жылғы  алапат ашаршылықтың қарашасы мен  желтоқсанында  Шу   өзеніне  жетіп, Мойынқұмды  қыстады. 1933 жылдың  ерте  көктемінде   осы  күнгі  Түгіскен  мен  Досбол  елді  мекенінің  аралығына  келіп  орналасады. 1933 жылы  Жонға  қоныс   аударады. Қазіргі  Жаңатас  қаласының күншығыс  жағындағы  Ақтоғай, Жаңаарық  ауылдары  орналасқан жердің  маңайы.    

Ықылас – қазақтың  XIX ғасырдағы  музыка өнерінің  жанған  жарық  жұлдыздарының  бірі. Ықылас  жастайынан  өте  ұғымтал, құйма құлақ,  халықтық  саз-әуендерге әуес, зейінді болып  өсті.

Ықылас жастайынан  қобызбен  әуестенді. Әкесінің  киіз үйдің  ішінде  ойнаған  қобыз  үнін  жас кезінен  бастап  естіді. Іштей  талаптанып, құмартып  жүрді. Алғашқы  кезде  қобызды  орындау  қиын болса да, Ықылас  ол қиындықтан  қашпады. Күн санап  қобызға  деген  ынтасы, құштарлығы  арта түсті.  Сәл қолы босаса,  қобызға  қол созатын  болды.  Ешбір қымсынбай  қобыз  бос тұрса  тарта берді,  тарта  берді. Келе-келе  Ықыластың  нәзік  саусақтары  қобыздың  қызығына  икемделіп кетті. Қобызда  ойнаған Ықыласты  көрген әкесі  Дүкен бұған іштей  қуанды. Оған  барынша  қобыздың  қыры мен  сырын үйретуге  кірісті. 

Ықылас Дүкенұлының  күйлері  деген  күйлер  өте  көп,  сондай-ақ Ықылас  ел аузынан  естіп елге  таратқан  деген  күйлер  де  өте  көп. Сондай  күйлердің  бір  парасы – «Қорқыт», «Қамбар», «Қазан», «Қыз-Назым», «Ерке атан суға  жығылды», «Айрауықтың ащы күйі», «Кертолғау», («Тоғыз тарау») «Аққу», «Жезкиік», «Мұңлы  қыз», «Секер мен Барақ», «Десе, давай, десін-ау», «Жетім  зары», «Қаншайым». Оның қобыз өнеріндегі ерен еңбегін замандастары  Тәттімбет, Тоқа, Дәулеткерей сияқты  сүлейлер   зор бағалаған. Ықыластың   өмірі мен күйшілік-қобызшылық  өнерін композитор, ғылым  докторы, академик А.Қ.Жұбанов 1940 жылдардың  басында  «Композиторы  Казахстана», 1959 жылы «Струны столетий»  деген  еңбектерінде  жазған болатын. Одан бері де  шебер  қобызшының  өнері  туралы  өнер  зерттеушісі  М.Майшекин, ғалым-жазушы А.Сейдімбеков бірнеше  ғылыми мақалаларын  арнады. Жазушы-композитор Ілья  Жақанов «Ықылас» романын  жазды.

Автор  басқа да  кітаптарының  жазылу  тарихына да  кеңінен тоқталды. Шығып сөйлеген  Халықаралық  Алаш  сыйлығының  лауреаты  Пернебай  Дүйсенбин Майлыбай  Смағұловтың  шығармашылығына  кеңінен тоқталып, оның  «Өнер деп соқққан жүрегі» атты  кітабын  жарыққа шығарып, өнерпаз, сазгер, өнер  қайраткері  Сәбит Нұркеевті тірілткені үшін  рақметін айтты. «Сарысу ауданының Құрметті  ардагері» медалін авторға табыс етті. Ол ауданда жаңа типтегі екі қабатты саз мектебін салдырып, мектептің құрылысының бітуіне 4 ай қалғанда дүниеден өткен екен. Ол осы қысқа өмірінде Ұлы қобызшы  Ықылас Дүкенұлының  портретін Ықаңның туыстарынан сұрастырып салдырған азамат. Туған келіні Рәзия Ықыластың Сәбит  салдырған суретін  көріп, «атамның тура өзі ғой» деп, сәлем салған екен.

 

Кездесуге қатысушылар автордың  кітаптарын, газет бетіне шыққан  материалдарын  оқып  тұратынын, әсіресе Ұлы тұлғалар туралы тұшымды еңбектерінің маңызына  тоқталып, оның жас ұрпақты тәрбиелеудегі рөлін  тілге  тиек етті. 

 

 М. БАЙШОҢОВ, 

Жамбыл  облыстық  

ардагерлер ұйымының 

«Мәдениет  және жастар ісі» жөніндегі комиссияның төрағасы                  

 

15.05.2025

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 8148
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 8274
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 23279
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 21894
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 25394