Жақында Жетісу облысы Панфилов ауданында болдық. Шаруалармен кездестік. Шүкір, көңілді марқайтатын істер жетерлік. Диқандар биыл жаңбырдың молдығын, егіннің қаулап шыққанына, бағбандар да әрқилы жеміс ағаштарынан мол табыс алатынына сенімді екенін айтып жатты. Аудан әкімшілігіне бардық. Аудан әкімімен кездесе алмадық. Әкімнің орынбасары Қанат Досмаилов атты азаматпен кездестік. Газетімізге жазылу жайын айтып едік, күмілжіп қалды. «Қазір қиын, халық газет оқымайды, сондай-ақ оларды бұрынғыдай мәжбүрлей алмаймыз» деді. Бұл тек Жаркентте ғана емес, барлық жерде айтылатын үйреншікті «жыр». Ұлттық идеологияның осы маңызды саласына ешкім де басын ауыртқысы келмейді. «Насихаттаймыз» деді. Бұған сенбедік. Біз кете салысымен ұмытатынын білдік.
Есік алдына шықсақ, бірнеше әйел әкімнің қабылдауына кіре алмай тұр екен. Тіптен біреуі жылап тұр. «Не болды?» – дедік. Үш бірдей баласы бар ана екен. Үйі құлайын деп тұр. «Үйіндінің астында қаламыз ба деп қорқамын» деді ана үрейленіп. Екінші ананың 6 баласы бар екен. Оның да проблемасы баспана. Былтыр бір қайырымдылық қоры «тамаша» үйді сыйға берген. Қабырғалары көгеріп, қысымен бүрсеңдеп шыққан. Одан әрі тұруға, төзуге болмайды. Үшінші ана жатақханада тұрады. Биыл ол тұратын бір бөлмеге тағы бір отбасыны әкеліпті. Үш ананың да проблемасына аудан әкімшілігі немқұрайлы қараған. Төмендегі шуды естіп, біз кірген әкімнің орынбасары Қанат жүгіріп шықты. Әйелдермен ұрыс-керіс басталды. Жалпы әңгіме аужайына қарасақ, мәселе шешілмейтіні көрініп тұр. «Бұл мәселені шешіңіздер. Әйтпесе газетке жазамыз», – дедік біз ескертіп. Бізден сескенді ме, үш ананы олар шақырып алып, «шешеміз» депті аудан әкімшілігі. Неге бұрын шешілмеген? Дегенмен де мәселе шешілсін деп, аттың басын әзірге тартып отырмыз.
Айтпақшы, бүкіл республикаға аян болған, далада қалып, рәсуа болған жүгері мәселесін Қанат Досмаиловтан сұрадық. «Біз кінәлі емеспіз. Жүгері көп егіліп, содан олар еш жерге өткізе алмады», – деп, ол тағы да күмілжіді. Осындайда бәрін ұйымдастыратын әкімшілік қайда? Біздіңше, бұл – немқұрайдылық, енжарлық. Әйтпесе шешілмейтін мәселе жоқ деп білеміз. Халықтың жағдайын шеше алмаса, әкімшілік кімге керек?
Ертай Айғалиұлы