Былтыр жыл аяғында Мемлекет басшысы Ұлттық банк Төрағасы Тимур Сүлейменовті қабылдады. Президентке экономика мен қаржы жүйесінің жай-күйі және биылғы қаңтар-қараша айларында жүргізілген ақша-несие саясатының негізгі бағыттары жөнінде есеп беріліп, 2026 жылға арналған жоспар таныстырылды.
Қасым-Жомарт Тоқаевқа іскерлік белсенділік, инфляцияға ықпал ететін факторлар және бағаны тұрақтандыру үшін қабылданған шаралар туралы айтылды. Үкімет, Ұлттық банк пен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі 2026-2028 жылдарға арналған макроэкономиканы тұрақтандыру және халықтың әл-ауқатын арттыру жөніндегі бірлескен іс-қимыл бағдарламасын жүзеге асыруға кірісті.
Мемлекет басшысына қаржы, валюта және мемлекеттік бағалы қағаздар нарықтарындағы жағдай, Ұлттық қор мен Бірыңғай зейнетақы жинақтаушы қоры активтерінің, алтын-валюта резервтерінің жай-күйі туралы мәлімет берілді.
Жыл басынан бері Ұлттық қордың валюталық активтері 4,8 млрд долларға өсті. 11 айдағы инвестициялық табыс шамамен 8,2 млрд долларды немесе 13,7 пайызды құрады. Есепті кезеңде алтын-валюта резервтері 16,3 млрд долларға немесе 36 пайызға ұлғайып, 62,1 млрд долларға жетті. БЖЗҚ зейнетақы активтерінің көлемі биыл қаңтар-қараша айларында 2,6 трлн теңгеге немесе 11,7 пайызға артып, 25 трлн теңге болды.
Қасым-Жомарт Тоқаевқа жаппай цифрландыру барысы және Ұлттық банктің цифрлық жобалары жөнінде баяндалды. Соның ішінде Антифрод орталығының жұмысына, ұлттық цифрлық қаржы инфрақұрылымдарын технологиялық тұрғыдан жүзеге асыруға мән берілді.
Тимур Сүлейменовтің айтуынша, Ұлттық банк баға тұрақтылығын сақтап, инфляцияны орташа 5 пайыздық межеде ұстап тұру үшін барлық қажетті шараны қабылдауда.
Кездесу соңында Президент инфляцияны төмендетуге, қаржы нарығы мен цифрлық трансформация секторының тұрақтылығын қамтамасыз етуге баса назар аударып, Ұлттық банк қызметіне қатысты бірқатар тапсырма берді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қаржы секторы жайлы үнемі айтып келеді. Тығырықтан шығудың да жолын көрсетуде. «Жаңа инвестициялық кезеңнің тиімді жүзеге асуы көбіне қаржы секторының белсенді атсалысуына байланысты. Бүгінде еліміздің қаржы нарығындағы жиынтық активтердің 84 пайызы банк саласына тиесілі. Дегенмен бизнеске берілетін қарыз үлесі төмен деңгейде қалып отыр. Не бары 38 пайызды құрайды. Ал екінші деңгейлі банктер былтыр «шыбық басын сындырмай», еш қиналмай, 3 трлн теңгеге жуық табыс тапты.
Банктер экономиканың негізгі қаржыландыру көзі ретінде өзінің заңды рөліне оралуы үшін жағдай жасау қажет дегенді талай рет айтылды. Бірақ сылтау таусылмайды. Нәтижесінде банк жүйесіндегі алаяқтық әрекеттерге куә болдық. Ірі, жүйе құраушы банктер мемлекет тарапынан орасан зор көмек берілгеніне қарамастан, дағдарысқа ұшырап, тура мағынасында 1 долларға сатылды.
Қазір банктердің өзіне тартатын қаржы ресурстарының құны жоғары деген әңгіме айтыла бастады. Олардың экономиканы қаржыландыруына осы кедергі келтіріп отыр-мыс.
Демек, экономиканы қолжетімді кредитпен қамтамасыз етудің жалғыз жолы – инфляцияны тұрақтандырып, деңгейін төмендету, содан кейін нарықтық мөлшерлемені азайту. Тағы да қайталап айтамын: бұл ретте Үкімет пен Ұлттық банктің жүйелі, үйлесімді әрі кәсіби тұрғыда жұмыс істегені маңызды. Халықаралық валюта қорының кеңесіне құлақ асып, түрлі терминологияны оңды-соңды қолдануға аса көп ақылдың қажеті жоқ. Аздап ойланып, тым болмаса көптеген түйткілді шешуге талаптанып көру – бұл басқа мәселе».
















