Қауіп өзбектен емес, депутат мырза!

Қауіп өзбектен емес, депутат мырза!

Күні кеше ғана елімізде халық санағы жүріп  (1 қыркүйек пен 30 қазан аралығында жүргізілген Ұлттық халық санағының алғашқы нәтижесі бойынша) Қазақстан халқы 19 169 550 адамға жеткенін естіп қуандық. Қазақстандықтардың 48,71 пайызы – ерлер, 51,29 пайызы – әйелдер.

Қазақстан халқының орта жасы 31,94 жас деп көрсетілді. Жалпы халықтың 33,97 пайызы – 17 жасқа дейінгі балалар, 19,72 пайызы – 14-28 жас аралығындағы жастар. Еліміздегі қазақтардың үлесі – 70,18 пайыз. Халықтың 59,05 пайызы, яғни 11 320 410 адам еңбекке жарамды деп танылды. Қазақстанда халық санағы 10 жылда бір рет өтеді. Бұған дейінгі санақ 2009 жылы өткен еді. Онда санақ қорытындысы бойынша елдегі халық саны 16 миллион 9 мың болған-тын. Арада 10 жыл өтті. Қазір санымыз 19 169 550. Сонда 10 жылда 3 млн 160 мың ғана өсім. Неге аз? Біз сөз етіп отырған 10 жыл қазақ халқының «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» кезеңі еді ғой. Ең қызығы (біз мысқылдап қарайтын, халқы Ресей мен Қазақстанда күнелтіп жүрген) өзбектер тәуелсіздік алған 30 жылда 30 миллионнан асып кетті. Енді кішкене шегініс жасайық. Қазақстан Республикасы халқының саны 1991 жылдың басында 16,4 млн адамды құраса, ал 2000 жылдың басында 14,9 млн адамға дейін кеміген. 2002 жылдан бастап аталған көрсеткіш тұрақты өсіп, 2012 жылдың басында 16,9 млн адамды құрапты, ал 2013 жылға қарай 17 млн адамға жетті. Ал 1990 жылдардағы халық санының елеулі төмендеуін (кейбір білгіштер) этнос өкілдері бөлігінің тарихи отанына тұрақты тұруға кетуімен және бала туу деңгейінің төмендеуімен байланыстырады. Ал тәуелсіздік ала сала отанына оралған қандастардың демографияға қосқан үлесі жайлы көп айтылмайды. (Шындығында бүгінгі деңгейге жетуімізге олардың қосқан үлесі зор). Қалай десекте тәуелсіздіктің 30 жылында  жеткен демографиялық өсімге көңіл көншімейді. Өте нашар көрсеткіш! Ұланғайыр даламыз тұрғанда, аңдыған жау қыр астында жүргенде – қазақ ұлты үшін халық санының аздығы үлкен қауіп. Жарқын болашақта еліміздің демографиясының төмендігі, халықтың шашыраңқы орналасуы қазақ билігі үшін үлкен проблемаға айналуы бек мүмкін.  Бұл жайлы билікке бір табан жақын, айқайласа дауысы жететін Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров мәселе көтерді.

Қытай компартиясы азаматтарына «бір жанұяға 3 бала» деген тапсырма бергені құпия емес. Құрттай құжынаған халқы бар қытай қазірдің өзінде миллиардтан асып кетті.  Әрине бұған дейін Қытай билігі бір баламен халықты шектеп келді. Бір бала саясаты Қытайда «ұрпақ жалғаушы еркектердің» қаулап өсуіне жағдай жасады. Жалаңдаған еркек шіркіндер, маңайына көз қырын салып «қырындауды» әдетке айналдырып алғалы қашан. Басқаны қайдам, қазақпен құдандалы болған қытаймен арада «дорба да, жорға да» жүр, тіпті  жиендердің саны да жыл сайын артып бара жатқаны айтылып та, жазылып та жатыр... Қаның қалай қайнамайды?!  Енді келіп қытай билігі «бір жанұяға 3 бала» табуға рұқсат етуі – нені білдіреді? Бұл тапсырманың артында төрткүл дүние үшін орасан зор экономикалық, саяси салдар тұрған жоқ па?

Мәжіліс депутаты Ерлан Саировтың айтуынша, демография бойынша көрші Өзбекстан тұрақты өсіп келеді. Бізге екі жақтан «демографиялық қысым» болады деген сөз. Екеуі де бізге ауыр тиері сөзсіз. Сондықтан Қазақстан демография, халықты біркелкі орналастыру, территорияларды кешенді дамыту мәселелері бойынша жүйелі жұмыс істеуі қажет екен». (Бұл жерде депутат солтүстік көршімізді тілге тиек етпегені ғана түсініксіз. Әлде өзінше ишара жасап тұр ма?). Жә, делік. Депутат Қазақстанда демографиялық өсім бар, дегенмен бұл өсімнің мөлшері көршілерімізден көшкеруен төмен болып тұр деген пікірде. «Біздің ірі (Алматы, Нұр-Сұлтан, Қарағанды, Ақтөбе, Өскемен) қалалар ауыл-аймақтың халқын өздеріне жылдам  жиып алып жатыр. Әсіресе шекаралық аймақтардың территориясы бос қалу қаупі бар. Шекаралық аймақтар, шығыстағы көршімізбен шекаралас аудандарды кешенді дамытудың философиясын ұсынып, іске асыру қажет. Ол жақта адам болмаса, мемлекет емес, жәй ғана территорияға айналу қаупі бар. Сырттан «алакөздену» жиілейді деген сөз», – дейді ол.

Депутат шеттен қандастарды көшіріп әкелуді тездету керектігін айтуды да ұмытпапты. «Шеттен өзіміздің қандастарымызды көшіріп әкелуді шапшаңдатып, әлеуметтендіруді тездету керек. Елімізде демографиялық өсімді қалыпқа келтірудің, сапалы демографиялық дамудың кешенді бағдарламасын іске асыру керек. Болашақта халықтың саны, территориялардың дамуы кәдімгі «қаруға» айналары һақ. Осыған бүгіннен дайындалу өте маңызды»  деп жанайқайын жоғарыға жөнелтіпті. Бәрі дұрыс. Ұясына жылан өрмелегенде жанұшыра шырылдайтын бозторғайдың үні құлаққа келеді.  

«Өзбектің орнынан Ресейді қояйық та. Қазақ ежелден діні бір, ділі ұқсас Өзбекті «өзағам» деп бекер айтпаса керек. Олардан қорқуыңызға жөн болсын?! 

Қауіп Қытай мен Ресейден шығар, бәлкім. Қазіргі таңда Ресей билігі демографияға үлкен мән беріп, «Ана капиталын» іске қосты. Халқының санын жуық арада 100 млн-ға жеткізуге  күш салуда. Демек астарлы ойлары, құпия жоспарлары бар деген сөз. Сіз болсаңыз, әңгіменің басын жақсы бастап, артын сиырқұйымшақтатып жіберіпсіз. Бұныңыз жарамайды, депутат мырза!  Шындықтың бетіне тура қарамай, ісіміз де, арманымыз да алға жылжи қоймасы белгілі. 

Сөзінің соңын депутат «Бізге екі жақтан «демографиялық қысым» болады» депті. Сондағысы қауіп қытай мен өзбектен секілді. Әу, құрметті депутат мырза! Сөзіңізге сәл өзгеріс енгізейік. 

 

Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК
23.12.2021

Ұқсас жаңалықтар

ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 212
КВАДРОБЕР – ҰЛТ  БОЛАШАҒЫНА  ҚАУІПТІ ДЕРТ
Сәуле Мешітбайқызы - 21.11.2024 208
Бәйтерек ауданы:  Берері мол бағдарламаның жемісін көруде
Ләззат ҚАЖЫМОВА, Батыс Қазақстан облысы - 15.11.2024 713
Бірлік қайда болса, еркіндік сонда, Еркіндік қайда болса, елдік сонда
Бейбітбек БҮРКІТБАЙҰЛЫ, Қызылорда облысы - 15.11.2024 836
ТУҒАН КЕНТІНЕН ЗАУЫТ АШҚАН ЖАҚСЫЛЫҚ
Тұрақ АДИСҰЛЫ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы - 15.11.2024 750

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 8907
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8301
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11529
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9285
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10513