Маңғыстауда Әбіш Кекілбайұлына арналған республикалық конференция өтті
Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: құқық тәртібі, экономикалық өрлеу, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында «Біз озық ойлы ұлтпыз. Сондықтан алысты көздеп, түрлі арандатушылық әрекеттерден биік тұруымыз, парасатты ел екенімізді танытуымыз және тек заңға арқа сүйеуіміз керек» деп шегелеп айтты. Осындай парасатты істің көрінісі ретінде қыркүйек айында киелі өлкенің төл перзенті, сара сөздің сұңғыла сүлейі, замана заңғары Әбіш Кекілбайұлының 85 жылдығына арналған тағлымы мол шаралар басталды.
Бұл іс-шаралар аясында Ақтау қаласында халық жазушысы, көрнекті мемлекет қайраткері Әбіш Кекілбайұлының 85 жылдығына арналған «Әбіш Кекілбайұлы оқулары – 2024» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтті. Келелі кеңеске ҚР Парламенті мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошанов, Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай, еліміздің мемлекет және қоғам қайраткерлері, Түркия, Венгрия, Әзербайжан, Қырғызстан, Өзбекстан мемлекеттерінен келген ғалымдар, ақын-жазушылар, зиялы қауым өкілдері қатысты.
Бұл жиынға газетіміздің басшысы Сәуле Мешітбайқызы құрметті қонақ ретінде шақырылды.
Әбіш Кекілбайұлының мерейтойына арналған ауқымды іс-шараның шымылдығы еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған қонақтардың заңғар жазушы ескерткішінің алдына келіп, рухына тағзым етуімен бастау алды. Тау тұлғаның тас мүсініне тамсанған халық гүл шоқтарын қойып, мерекелік шараның алғашқы рәсімін жасады. Ғылыми-тәжірибелік конференцияның алғашқы сөз тізгінін алған Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын оқып берді:
– «Әбіш Кекілбайұлы – төл мәдениетіміздің көкжиегін кеңейтіп, жаңа деңгейге көтерген заңғар жазушы, классик қаламгер. Сөз зергері ерекше дарыны мен телегей-теңіз білімінің арқасында шеберліктің шыңына шығып, теңдессіз туындылар жазды. Әбіш Кекілбайұлы – тәуелсіздігіміздің тұғырын бекемдеп, мемлекеттігімізді нығайтуға өлшеусіз үлес қосқан қайраткер. Ол жоғары лауазымды қызметтерді абыроймен атқарып, халқына қалтқысыз қызмет етті. Ұлт мүддесін және ел бірлігін қашанда бәрінен биік қойды. Әбіш Кекілбайұлының отаншылдығы, парасаттылығы, білімпаздығы мен еңбекқорлығы – өскелең ұрпаққа үлгі-өнеге. Оның танымы терең, талғамы мол мұрасы әлі талай буынға рухани азық болары сөзсіз. «Қазақ даласының әр тасы – қағбам, әр бұтасы – сәждем» деп, Отанын шексіз сүйген абыз Әбіштің есімін ел жадында сақтау – баршамыздың ортақ парызымыз», – делінген Мемлекет басшысының құттықтау хатында.
Одан соң Ерлан Жақанұлы Әбіш Кекілбайұлының 85 жылдық мерейтойы шын мәнінде халықтың мерекесі, ұлттың тойы екенін айтып, Алаш абызының адами болмысын, қайраткерлік қырларын еске алды. Салтанатты жиынды тізгіндеген өңір басшысы Нұрдәулет Қилыбай ел тарихында баға жетпес мұра қалдырып, өшпес із қалдырған жазушының өмірі мен шығармашылығына тоқталып, шуақты шараның маңыздылығын, ерекшелігін айтып, болашақта осындай іс-шаралар жалғасын табатынын тілге тиек етті.
н табатынын тілге тиек етті. – Киелі түбек топырағынан дүреген дара дарын, атақ-даңқы төрткүл әлемге танылған Әбіш Кекілбайұлы өзі кетсе де, ізінде мәңгі өміршең бай мұрасы, сөзін әспеттеген ойлы оқырманы қалды. Әбіш аға көзі тірісінде-ақ біртума талант иесі ретінде танылды. Шалқар білімімен, терең пайымымен, биік ойөресімен дараланды. Ой қуаты зор қаламгер әдебиет әлеміне соны серпін ала келді. Қазақ руханиятын аса құнды жәдігерлермен толықтыра түсті. Оның шұрайлы, нәрлі, образды тілі, сүбелі ой толғамдары, кесекті кейіпкерлері оқырманды терең ойға жетелейді. Әбіш ағаның тұлғасы туралы терең толғам бір емес, бірнеше кітап томына арқау боларлық дүние. Мұны біз қалам ұстаған қауымның еншісіне қалдырсақ дейміз. Келешек іргесі – келер ұрпақ санасында арда азамат есімі еш көмескіленбей, мәңгі жарқырай беруі үшін мұндай салиқалы іс-шаралар заңды жалғасын таба бермек, – деді облыс әкімі.
Конференцияның пленарлық отырысында ҚР ҰҒА академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Президентінің кеңесшісі Бауыржан Омаров, Академик Кәрімбек Құрманәлиев, «Егемен Қазақстан» газетінің бас редакторы Дихан Қамзабекұлы, техника ғылымдарының докторы Еділ Жаңбыршин, филология ғылымдарының докторы Жанбибі Дүйсенбаева, философия ғылымдарының докторы, Кастомону университетінің профессоры Орхан Сөйлемез Әбіш Кекілбайұлының шығармашылық мұрасы, ұлттық құндылықтар мен ұлттық мүддені дәріптеудегі еңбектері, сондай-ақ, парламентаризм институтының қалыптасуына қосқан үлесі бойынша өзекті мәселелерді сараптап, оның қоғамдағы орны мен маңызы туралы баяндама жасады. Жиында баяндамалардан бөлек зиялы қауым өкілдері халық жазушысын еске алып, талантына бас иіп, ғажап туындылары, ерекше кейіпкерлері жайында сөз қозғады.
«Таулар алыстаған сайын биіктейді деген сөз бар. Бірақ біз үшін Әбіш аға сол баяғы кездің өзінде заңғар тау болып елестейтін. Әбіш ағаның әр он жыл сайын өтетін мерейтойларына қатысыппын. Биыл да 85 жылдық мерейтойға қатысу бұйырыпты. Ол кезде қақаған қыс, қара суық. Әбіш ағамен Ондыға барғанымызда адамдар қаумалап шығып, амандасып, қол жетпегендері алыстан жығыла жаздап, жазушының сырт киіміне қол тигізіп жатты. Халықтың көңілін көріп таңғалдым. Маңғыстау елі Әбішті жас күнінен ерекше ардақтаған, аялаған, сол үшін де жұртшылыққа алғыс айтқымыз келеді, – деп, мемлекет және қоғам қайраткері Сауытбек Әбдірахманов ерекше естелігімен бөлісті. «Әбіш Кекілбайұлы – ойшыл. Ойшыл деген ұғымға барлығы да сияды. Жазушылығы, журналистігі, мәдениеттанушылығы – бәрі-бәрі осы ұғымға кіреді. Соның ішінде мен оның «Егемен Қазақстан» газетінің дамуына қосқан орасан үлесін ерекше атап өткім келеді. Жауапты кезеңде елдің басты газетін басқарды. Яғни Әбіш Кекілбаев тек газет басқарып қана қоймай, жоғары кеңесте кадет төрағасы болды. Екі маңызды қызметті тең ұстап, зор жауапкершілікпен атқарып шықты. Кезінде Тұрар Рысқұлов, Ораз Жандосов сынды аңыз тұлғалар да екі лауазымды қатар ұстап, мықтылығын көрсетіп еді. Әбішке де осындай үлкен лауазымдарды қатар ұстау бұйырды. «Егемен Қазақстан» газетінде қызмет еткенде оның адамгершілігін айтпай өте алмаймыз. Ол газеттегі әрбір қызметкерге «айналайын» деп батасын беретін, қиналған уақытта ағалық ақылын білдіріп, қолдайтын. «Егемен Қазақстаннан» кеткен кезде де газеттің жағдайын назарда ұстаған, қамқорлық көрсетіп отырған. Осы жерде Әбіш ағаның адамгершілік, азаматтық деңгейі көрінеді. Мен «Еуразия университетінде» ұзақ жыл қызмет еттім, сонда жазушының 70 жылдық мерейтойына орай конференция ұйымдастырдық. Әбіш аға сол шараға басынан аяғына дейін қатысты. Мен сол кезде жазушының қарапайымдылығына, кішіпейілділігіне қатты таңғалдым. Қажетті материалдар, құнды қағаздар сұраған кезде Әбіш аға мен Клара апаның арасындағы жоғары сыйластығына, жоғары мәдениетіне куә болдым. Оның тек жақындарына ғана емес, жан-жағындағы адамдарға шуағын шашып жүретінін көріп, тәнті болдым. Бұл Әбіш Кекілбайұлының болмысы бөлек, тұлғасы терең жан екенін паш етеді», – деген «Егемен Қазақстан» газетінің бас редакторы Дихан Қамзабекұлы жазушының әртүрлі қырына тоқталды.
Ақын Ханбибі Есенқарақызы Әбіш Кекілбайұлы туралы сөз айту үшін үлкен өре, үлкен сана керектігін айтса, халық әртісі Асанәлі Әшімов Әбіштің шығармалары халыққа тек кітап арқылы ғана емес, сахна қойылымдары, экрандағы кинолары арқылы таралып жатқанын жеткізді.
Конференция жұмысы филология, философия, тарих ғылымдарының докторлары мен кандидаттары, PhD докторлары өз зерттеулерін ұсынған секциялық отырыспен жалғасып, қорытындыланды.
Сондай-ақ Әбіш Кекілбаевтың 85 жылдық мерейтойы аясында Н.Жантөрин атындағы облыстық музыкалық-драма театрында «Әбіш әлемі» атты ІІІ халықаралық театр фестивалі өтіп, әртүрлі өнер ұжымдары үздік қойылымдарын халыққа ұсынды.