Дәл қазір газет-журналға соңғы жарты жылдыққа жазылу жүріп жатыр. Басылымның мәселесі – қайталанып отыратын бас ауру. «Жатқанға жан жуымайды, жүргенге жөргем ілінеді» деп атқа міндік. Алдымен сапарласым, журналист, «Qazaqstan dauiri»-нің облыс бойынша үйлестірушісі Асим Сулаймановпен кездестім. Уақыт оздырмай бірден іске кірістік. Ұйғыр ауданы әкімін орнынан таппадық.
Әкім Құрбанов Шохрат Тұрдақынұлы болмаса да, әкімнің жұмысын жүргізетін негізгі атқарушы адамдарға бет бұрдық. Алғашқы болып Ұйғыр ауданы Білім бөлімінің басшысы Адильжан Аширов мырзаға кірдік. «Qazaqstan dauiri» газеті мен «Мөлдір бұлақ» балалар журналын таныстырып бұйымтайымызды айттық. Аллаға шүкір дейік, біздің көзімізше қарамағындағы мамандарды шақырып алып тапсырма берді. Бұл табалдырықты менен бұрында Асим мырза әбден тоздырған екен. Сол мекемеде ұзақ жылдан бері қызмет етіп келе жатқан Панара Атакелдиева ханым өте білімді, білікті, жұмысына мұқият адам болып шықты. Жақсы тіл табыстық. Ол кісіге екі күннен соң қайта соққанымда жұмыстарды өте жүйелі жасап қойғанын көрсетті.
Екінші бағытымыз Кеген ауданы болды. Әкім қаншалық қарбалас болып жатқанына қарамай «газет пен журналдан тілшілер келіп тұр» деген мәліметті алған соң, Байедилов Талғат Ескендірұлы уақыт бөліп бізді қабылдады. Ой-пікірімізді асықпай отырып тыңдап, Ішкі саясат бөлімінің бастығы Айбол Баратбекұлын шақырып алып, қолына біздің хатты ұстатты. Қысқа ғана әңгімелессекте алдынан қанағаттанып шықтық. Артынша әкімнің нұсқауымен білім бөлімінің басшысы Мұратжан Қожанұлына жолықтық. Бөлексаз ауылының мектебіне аялдап, ауылдың сайланған жас әкімі Серік Тұрғанбайұлы бауырымыздың оңды ілтипатын көрдік. Мектепке кіріп директордың міндетін атқарушы Күләнда Нүсіпақынқызының алдында, орынбасарына, кітапханашыға жолықтық. Бірлесіп жұмыс істеуге уағдаластық. Ары қарай Райымбек ауданы Нарынқол ауылына беттедік.
Райымбек ауданының әкімінің орынбасары Нұрбол Сағатбекұлы, ішкі саясат бөлімінің басшысы Жамила Оразханқызы бізді тыңдап, лайықты жауаптарын берді.
Осы аудандағы көзге түскен өрескел жағдай жолдың қатты нашарлығы. Біз жолдың нашар екенін сөз еткен едік... «Бұл жолдардың нашар болуына ауданымыздың түкте қатысы жоқ. Ол республиканский жол, соларға айтыңыздар!» дейді. «Олар қайда?» десек, Нұр-Сұлтан қаласында деп қарап отыр. Халық аудандағы жолмен жүреді, жолға әкім қарамаса, чиновниктердің қатысы жоқ болса, оны кім шешеді? Сонда жолды, халықтың мұң-мұқтажын жоғарыға кім жеткізеді?.. Қайтарда шұрық тесік жолмен келе жатып, абайсызда көп шұңқырдың біріне «тарс» етіп дөңгелек жарылды, дискі сынды, біз жолда қалдық.
Ертесі Ұйғыр ауданына келіп тағы араладық, мектептерге кірдік. Сонан кейінгі бағыт Панфилов ауданы Жаркент қаласы болды. Алдымыздан ұқсас сценарий қайталанды. Аудан әкімі Сағынбеков Марат жиналыста жүр екен. Аппарат жетекшісі Нұрбол мырзаның қабылдауында болдық. Одан шығып, білім бөлімінің басшысы Тұрар Бақышұлы бауырымызға кірдік. Уақытымыздың жеткенінше мектептерді араладық. Барлық ауылдарды аралауға мүмкіндік болмады. Аудан басшылары бұйырмаса, оларға арнайы тапсырмаса, еш мектеп директоры бізді тыңдамайтыны анық болды. Тағы да жиналысқа кеткенін айтып, кездесу мүмкін емес екенін қынжыла жеткізді.
Одан кейінгі күнде Еңбекшіқазақ ауданының ауылдарына соқтық. Бағытымыз бойынша тоғыз жолдың торабы Бәйсейіт ауылының Исмайил Тайиров атындағы мектебіне кірдік. Ескерткіш мүсінді суретке түсіріп тұрғанымызда іштен жиырма шақты оқушы шықты. Сұрақтар қойдым... Олар 4-7 сынып арасындағы балалар еді.
Осы сапардан бір байқағаным, әкім үшін ауылға келген журналист аса маңызды емес. Олар үшін облыстан келе жатқан әкім мен Нұр-Сұлтаннан келе жатқан өкіл қорқынышты. Журналистің жазбасына жауап беретін ешкім жоқ. Содан соң осы аудандардағы ұқсас жағдай, олар жолдардың ойылған жерлерін асығып жамап жүр, әкімшіліктің айналасын сыпырып, су шашып жуып, тазалап жатыр. Қысқасы халыққа қажетті жұмыстардан гөрі «Ұлық» көретін жерлерді ретке келтіруде. Облыс әкімі Қанат Бозымбаев мырза 19-26 мамыр аралығында аудандарға барып активтермен кездесуді жоспарлап қойыпты. Аудандардағы қарбаластық сол референдумның айналасында жүріліп жатыр екен. «Рухани жаңғыру», «Оқуға құштар мектеп», «Балалар жылы» науқандық шаруа емес. Бәріміздің илегеніміз бір терінің пұшпағы. Ұрпақ тәрбиесі бәрінен маңызды. «Бір жылдығын ойлаған адам егін егеді, он жылдығын ойланған адам ағаш егеді, жүз жылдығын ойлаған адам бала тәрбиелейді». Мектеп қабырғасында газет-журнал, балалар басылымын оқымаған бала, ертең кітап бетін ашар ма?!. «Кітап оқу тоқтаған жерде ойлау да тоқтайды».