Көшбасшының қателесуге қақысы жоқ!
Иә, жаңа бағыт, тың бастамалар, жарқын жолдаулар тұңғыш президент Н.Назарбаев тұсында да сан мәрте айтылған. Мемлекеттің тілді дамытуға, көркейтуге, халықтың әлеуметтік мәселелерін шешуге, ішкі тұрақтылықты сақтауға миллиондап, миллиардтап қаржы да бөлінген. Тамыры тереңге кеткен сыбайлас-жемқорлықтың кесірінен ниеті түзу асқақ ойлар «су аяғы құрдымға» сіңіп жоқ болғаны қандай өкінішті?!
Ұлы мұратқа жету жолында президент Қ.Тоқаевтың алдында асқар-асқар асулар, шоқы-шоқы қыраттар, төбе-төбе белестер тұр. Қазір билік өз қолына көшуде. Мүмкіндігі де зорая түсуде... «Қосарлана шапқан кісіден» тізгінді алып, маңайын көзбен шолып отырғаны да елге аян. Олай болса Президент қолдауға зәру (мақтау мен одаға емес), халықтың сеніміне кіруге дайын.
Осы мүмкіндікті пайдаланып, аумалы-төкпелі кезеңдегі оқиғаларға шолу жасай келе, мемлекет басшысы Тоқаевты үш аманатқа қиянат жасамауға шақырамыз. Бұны біздің ғана емес, бүкіл қазақ халқының Аманаты деп ұғыңыз. Оның біріншісі – мемлекеттік тілге қатысты. Күні кеше ғана тарих бетіне «Қаңтар қасіреті» болып жазылған шеру – көп түйінді мәселені шешіп берді. Бейбіт шерушілердің талабы мен тілегінің мемлекеттік тілде жолдануында үлкен мән жатыр түсінгенге. Демек, санасуға тұратын үлкен күш – қазақ тілі тұғырына мініп, «Жаңа Қазақстанмен» бірге жарқын болашаққа нық қадам басар кезең туды. Президент Қ.Тоқаев сын сағатта тұр: сайын даланың сара тілі – мемлекеттің дара тіліне айнала алса, «бұрқ етуге» дайын тұрған бұқараның тілін табары сөзсіз.
30 жылдық идеологияның «жемісі» болар, тәуелсіздіктің түйедей құрдастары мемлекеттік тіліңді қақпайды. Оны қойшы, жанға бататыны олардың көршіге бүйрегі бұрып жақтайтыны, жалтақтайтыны. Сөйте тұра билікке де кедергісіз еніп жатыр. Шетел асып кетіп те жатыр.
Бізді мазалайтыны, дүбәра ұрпақтың обалы кімге? Егемен елдің ұландары бейбіт күнде түзу жолдан неге адасты? Тәуелсіздіктің 30 жылында мемлекеттік тіл неге төрге шықпады? Халық неге кедей? Тұрмыс неге нашар? Шенеуніктер неге жағымпаз? Ат төбеліндей олигархтар неге сараң? Парламент неге жалтақ? Сотың неге қарау? Ұлтың неге самарқау?
Үкімет пен Парламент тілге құрмет көрсетпегесін, елде өтетін Саммиттер мен Форумдар, толып жатқан жиындар, ол аз десеңіз, тәуелсіздік жылдарындағы қос президентің халыққа жолдаулары мен үндеулері де Ресейдің мемлекеттік тілінде жарқырап шығып жатты. Қай заманда да басшыға қосшы серік. Елді батпаққа батыратын да, заңғар шыңға шақыратын да көшбасшы. Көшбасшы адасса, тұтас халық тығырыққа тірелетінін бұқара жаңа сезініп дүр сілкініп жатыр... Яғни көшбасшының, ел басшының адасуға қақысы жоқ!
Орыс тілімен Жаңа Қазақстанды құра алмаймыз
Соңғы жүргізілген статистикаға жүгінсек, халық санының 70 пайызы жергілікті ұлт өкілдерін құрайтынын көріп отырмыз. Демек қайталап айтамыз, мемлекеттік тілге сұраныс күшті. «Халық айтса қалып айтпайды» негізі. Бүгіндері әлеуметтік жағдайын сөз етіп шерулеткен ел, қазақтың тілі осылай жетім баланың күйін кеше берсе, «ана тілі үшін» көшеге шығуы бек мүмкін. Беті аулақ. Тыныштыққа не жетсін?! Әйтсе де халықтың жүйкесіне ши жүгірте берудің арты жақсылыққа апармайды.
Көңілге күмән ұялататыны, Н.Назарбаев дәуірінде шарықтау шегіне жеткен ресми тілдің үстемдігі, Қ.Тоқаев ғасырында жалғасын табуы! Жаңашылдыққа ұмтылған «Жаңа Қазақстан» құруға ниетті Президенттің «қойдың жабағы жүніндей сүйретілген» ескілік құрсауынан үш жыл өтсе де шыға алмай жүруін ақтап алу қиын. Баяғы әуен әлі шырқалып жатыр. Жаңашылдыққа «жаны құмар» Қ.Тоқаевтың шетелдік сапары мен халыққа жолдауы Ресей жұртына арналғандай әсерге бөлейді. Бұл қалың қазақтың құқығын таптау емес пе?! «Орыс тілі – әлемдік тіл. Барша ғаламға қазақтың үнін естірту үшін Президент орысша сөйлеуге мәжбүр» деген соңғы айтылған ескерту (Президенттің үкіміндей) жүректі тілгілеп жіберді. Халықтың намысын оятты. Рухын жаныды. Тәуелсіздігімізге күмән туғызды.
30 жыл бойы «өзгелер түсінбей қалмаса екен» деген жалпақшешейлік түбімізге жететін түрі бар. Бізден басқа қай халық (президенті) өз тілінен өзгенің тілін жоғары қойыпты? Бір заманда бұрынғы президент Н.Назарбаев мырза БҰҰ мінберінен қазақ тілінде баяндама жасағанда дүние төңкеріліп кеткен жоқ еді... Қайта халық мәре-сәре болып қуанғаны есте. Елбасының көп уәдесіне сеніп, кейіннен үмітін үзгендердің өзі оған жылышырай танытып, қателігін кешіруге дейін барған еді...
Егер «ескіден қалған» ескі пайым құнын жоймаса, билікке деген халықтың сенімі жоғала береді. Онсызда ақ қаудай қурап тұр төзім-шөп. Кез келген уақытта лап ете қалуы кәдік.
Шындық биігінен қарасақ, әлемде үстемдікке ағылшын тілі ғана ие. Онсыз жер басып жүру қиын. Онда біздікі не әуре? Жаңа технология заманында өзге тілдер тәржімаланып жатқанда, Абай, Ахмет, Мағжан, Мұхтар, Қаныш, Президенттің әкесі Кемел сөйлеген тілді аудару соншалықты қиын ба? Бізде құлық жоқ-ау! Жоғарыда ұлтқа жаны ашитындар аз болғандықтан ба екен? Әлде жағымпаздардың билікке жарамсақтанып сөзбен «майлап», көздерін «байлап» қоятыны да кесірін тигізіп жатыр ма? Егер қажеттілік туса – қазақ тілінің мәртебесін көтеруге мүмкіндік мол. Билік басында ұлттың тіліне мұрындарын шүйіріп қарайтындар көп отырғандықтан еңсеміз пәс. Рухмыз төмен. Олар президент Қ.Тоқаевқа жанашыр емес, құр масыл болып отырғандар екені даусыз! Ата-бабадан аңырап жеткен ардақты тіліңнің әлем алдында құны болмаса – сорың бес елі екен қайран қазағым!
Үміт күткен ел президенті Қ.Тоқаев тілдік мәселені өзінен бастамаса, өзгенің өзгеруі қиын дүние. Президенттің кеңесшілері, елге беделді азаматтар Қ.Тоқаевқа қалың елдің талап-тілегін жеткізуі керек. Ертең кеш болып қалмауы үшін... Елдің сеніміне кіріп, халықты соңына ертудің жалғыз жолы – тілге құрмет. Өзгеге арқа сүйіп басып-жаншимын деу, тілімен дүниені төңкеріп тастаймын деу, шексіз табынудың көрнекі құралы ғана...
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні: Халық пен билік екі тілде сөйлеп, ешқашан «Жаңа Қазақстан» құра алмайтыны тайға таңба басқандай көрініп тұр.
Президент Қ.Тоқаевтың «Жаңа Қазақстан» құруға деген талпынысына қалың елі елеңдеп үміт артып, әлем жұрты көзін алмай сынай қарап отыр. Себебі жаңашылдық – ескіні күйрету, көне сүрлеуді жоқ ету. Бұрынғы қателікті қайталамау, керісінше болашақты айқындау! Жалтақтамау, жасымау! Тыңнан жол салып, толқындай толқыған халықтың екпінін басу да оңай шаруа бола қоймас. Олардың талап-тілегін ескеру де, көңілінен шығу да президент Қ.Тоқаевқа үлкен жүк. Алдаусыратып алдауға көнбейді оянған жұрт. «Шырылдап» өз құқығын талап еткен сәби-халық қазір «ордабұзар отызға» келді. Жақсыны да, жаманды да көрді. Ұрандарға да ерді, жалынды сөздерге де сенді. Енді толысып, маңайына, жаһанға көз салып, рухтары оянып, «Жаңа Қазақстанға» сеніммен қарап отыр.
Бізді мазалайтыны, дүбәра ұрпақтың обалы кімге? Егемен елдің ұландары бейбіт күнде түзу жолдан неге адасты? Тәуелсіздіктің 30 жылында мемлекеттік тіл неге төрге шықпады? Халық неге кедей? Тұрмыс неге нашар? Шенеуніктер неге жағымпаз? Ат төбеліндей олигархтар неге сараң? Парламент неге жалтақ? Сотың неге қарау? Ұлтың неге самарқау?
Ұрыларды қызметтен кетіру жеңіс емес
Президент Қ.Тоқаевқа екінші аманат: Қазақ тарихына көз жүгіртсек, Есім салған ескі жол, Қасым салған қасқа жол бар. Тарих қайталанады деген рас-ау, президент Қ.Тоқаевтың «Жаңа Қазақстан» құруға талпынысы «Қасым-Жомарт салған қасқа жол» болып жылнамаға жазыла ма, әлде «қасқа жолға түсеміз деп, басқа жолға түсіп кетіппіз» деп ұлардай шулаймыз ба кейін, бәріне уақыт төреші. Қазіргі халықтың талабы: Отанын сатқандар, елдің қазынасын ту-талақай еткендер, Н.Назарбаевтың маңына топтасқан кландық жүйедегі шенеуніктер, туған-туыстары мен елбасының көңілін тауып шылқымайға бөккен бай-манаптар жазасыз қалмауы тиіс. «Көп асқанға бір тосқан». Әділдік сонда ғана орнамақ. Оларды лауазымды орындарынан алып тастап – мұқаттым деу күлкі шақырады. Бұл тіпті дәрменсіздік ақырында. Жыланды үшке бөлсе де кесірткелік қауқары болатынын ұмытпаған абзал.
Иә, Қазақстанда «Қаңтардағы бүліктен» кейін бірінші президент Нұрсұлтан Назарбаевтың отбасы мен жақындарының «заңсыз байлығын қайтару» мәселесі күн тәртібіне қайта шықты. Екінші президент Т.Тоқаевтан мұндай ерлік күтпеген халық аңтарылып қалғаны да рас. Себебі халықтың қазынасын кертіп жегендердің қарны шертиіп, кедейліктен жұтаған халықтың сіңірі шығып аралары ашыла түскені жасырын емес.
Айтпақшы 2021 жылғы желтоқсанда АҚШ президенті Джо Байден жүзден астам елдің өкілі қатысқан конференцияда трансұлттық жемқорлықты айыптай сөйлегені бар. Ол айыптаудың бір ұшы Қазақстанды қамтығаны есімізде. «Сыбайлас жемқорларды, соның ішінде ақшасын АҚШ-та тығып отырғандарды жауапқа тарту үшін» бүкіл әлемдегі серіктестерімен бірігіп жұмыс істеуге уәде беруінің астары тереңде.
30 жылға жуық билікте болған Нұрсұлтан Назарбаевтың ел экономикасындағы мұнай, газ, металл, банк секторы секілді негізгі салаларды отбасы мен жақындары иеленгені баяғыдан белгілі. Олар негізінен мұның бәріне офшор компаниялар арқылы иелік етіп отыр. Бұл компаниялардың көбі Батыста тіркелген. Көбіне мұндай амалға заңсыз жолмен алынған табысын елдегі ықпалынан айырылғанда да сақтап қалғысы келетін адамдар жүгінеді. Сондықтан Президент Тоқаев өте жауапты кезеңде тұр. Бір жағында халық, бір жағында ұрылар. Кімге бүйрегі бұрады, сол жақтың қалаулысына айналмақ.
Президент «Жаңа Қазақстанды» құруды армандаса, халықтың қазынасын тонағандарды қызметтен кетіріп қана қоймай, оларды қылмыстық жауапкершілікке тартуды жүзеге асыруы тиіс. Кіжінген халықтың қалауы осы! Бұл басқаларға да сабақ болмақ. Сонда ғана халықпен бірге екенін көрсетеді, Қ.Тоқаев мырза.
Көзді арбаған 162 адамның қолындағы байлық
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 29 қаңтар күнгі «Хабар 24» телеарнасына берген сұхбатында: «Еуропарламенттің бізге қатысты асығыс, байыпсыз қарар жариялауында лоббистердің қолының ізі бар шығар. Ал ол лоббистерді біздің қазынадан масқара соманы алып қашқан олигархтар ауыздандырып отыр-ау. Оларға маңыздысы – «жаман болған сайын жақсы» деген принцип. Әйтеуір айдап салу, арандату. Ал өзбектің байларын қарашы! Өз емес, өзге елде байып келеді де, Өзбекстан президентіне «Қай жерге ақша салсам болады? Қай тұсты көгертейін?» деп айтады. Сөйтіп қаншама аурухана, мектеп салды олар. Міне, қазақ пен өзбек байларының арасындағы айырма», – деді шіріген байларға күйініп.
Айтпақшы 21 қаңтар күнгі жиында мемлекет басшысы: «Маған біреумен жақсы қарым-қатынаста болғаннан гөрі мемлекеттің мүддесі маңызды. Мемлекетке керек болса, мен дайынмын. Мен өте ауыр шешімдерді қабылдадым. Алдағы уақытта да сондай шешімдер болады» деп ұстазымен «ашық айқасқа» шыққанын көрсеткендей ыңғай танытқан. Сөйтсек бұл ішкі қыжыл ғана екен. Сыртқы бейне мүлде бөлек.
Сол күні Президент Қ.Тоқаев отандық ірі бизнес өкілдерімен кездесу өткізгені белгілі. Сонда өрелі ой, ұстамды пікір, бүгінгі шындықты баса айтқаны көпке жақты. «Ұлттық табыстың әділ бөлінуі бойынша теңгерімсіздік пен проблеманың бар екені айдан анық. Халықаралық сарапшылар (KPMG, 2019 жыл) Қазақстан байлығының жартысы 162 адамның ғана қолында екенін растап отыр. Осы ретте халықтың жартысының айлық табысы 50 мың теңгеден аспайды. Бұл – жылына 1300 доллардан сәл ғана асады деген сөз. Мұндай ақшамен өмір сүру мүмкін емес. Бұлай жіктелу мен теңсіздіктің қауіпті екенін айтқан болатынмын. Жағдайды дереу өзгерту керек», – деді ашынып.
Ертеректе тұңғыш Президент «халықтың орташа жалақысы 500 мың теңгеден асады» деп айды аспаннан шығарғанына халық куә. Адам сенбейтін өтіріктердің де осыншалықты биік мінберден айтылатыны қандай қорқынышты еді... Екінші Президент «біріншінің» әлі талай былығын ашатындай «қылық» көрсеткенімен «ескі аға досына» адалдығынан әлі де айнымай жүргені де байқалып қалды. «Қазір ел ішінде түрлі жағымсыз әңгімелер тарап жатқанын білемін. Осыған байланысты Мемлекет басшысы ретінде тағы да қайталап айтамын. Тұңғыш Президентіміз елімізді іргесі берік мемлекетке айналдыру үшін зор еңбек сіңірді» деп қойып қалды ана жолы. Бұл күлкілі нәрсе екенін ел дуылдатып айтып жатыр.
Ли Куан Ю-дан үлгі алыңыз
Әрине, ел басшылары да қателеседі. Пенде ғой бәрі пенде. Президент Қ.Тоқаевтың Н.Назарбаев пен Ли Куан Ю мырзаны салыстыра қарап, бұлардың соңғысы да қателік жібергенін мысалға келтіруін мысқылдап жатқан жұрт көп. Бұра тартпай тарихқа көз жіберсек, Ли Куан Ю билікке келе сала, елдегі жемқорлықтың тамырына бірден балта шауып, ең жақын достарының өзін түрмеге тоғытып жіберген тұлға! Қасына жағымпаздарды емес, халықтың қалауын «тез түсінетін» аңғарымпаздарды жинап, аз-ақ жылда «арық сөйлеп, семіз шыққан» басшы!
Н.Назарбаев еленерлік еңбегі болғанымен, кейін бәрін жуып-шайып, тапжылмай тақта отырамын деп мемлекетте жемқорлықтың бүршік атып, гүл жарып, жапырағы жайқалуына ұзақ жылдар бойы жол берген қайраткер. Кувейттен де бай боламыз деп елді алдап, кейін «екі сиыр алып, оны бағып күнелтіңдер» деп жалт берген кісі...
Сөз соңына қояр нүктеміз, президент Қ.Тоқаев өз билігін жалғастырғысы келсе, «Жаңа Қазақстанды» орнатуды аңсаса, халықтың сенімінен шығуды көздесе, отанын тонағандар мен сатқандарды аяусыз жазалуы тиіс. Сонда ғана жеңістің ақ туын биікке көтеріп ел алдында беделі өсе түсері даусыз.
Дамыған 30 елдің қарасы ғайып болды
Ел президенті Қ.Тоқаев мырзаға үшінші, соңғы аманатты аяулы ақын Мұхтар Шахановтың «Даңқ кімнің күліп тұрса басында, сатқындық та бұғып жүрмек қасында» деген өлеңімен бастамақпыз. Себебі сатқындықтың түрі көп. Күні кеше тұңғыш президенттің қолдауына ие болып, жақсылығын көрген кей игі жақсылар, шерулеткен елдің сұрқынан шошып, кімге жақтасарын білмей сасқанын көзіміз көрді. Н.Назарбаевтың қиын-қыстау кезеңде сұлбасын көре алмай пұшайман болған олар: Тоқаевтың батыл қадамдарынан сескеніп, оны мақтауға кірісті. Ода арнап одыраңдағандар пайда болды. Тұңғыш президентті түкке алғысыз қылып, «Нұр Отанның» мүшелігінен бас тартқандар саны көп? Қу дүниенің құлы болған ондайлардың ешкімге опа бермесі анық. «Жаңа Қазақстан» құруға талпынған президент Қ.Тоқаев маңына тоғышарлар мен жағымпаздарды, күні үшін жүрген өтірікшілерді жолатпағаны өзіне жақсы. Олар бәрібір сатып кетеді. «Жағымпаз жазушыларды түзей алмайсың. Олардың таным-талғамы бүгінгі дәуірмен үйлеспейді. Ал менің мақтау мен мадаққа қарсы иммунитетім бар...» дегені Қ.Тоқаев мырзаның көрегендігі ме, жоқ әлде сенген, күш, қуаты бар ма, өзіңіз бағасын беріңіз? Әйтседе бұл екіжүзді, тайғақ зиялы қауымға берілген нақты баға!
Жонымызды күжірейтіп, «азу тісімізді ақситып», тау барысындай жортуылдап «Әлем бізді таныды. Дамыған 30 елдің қатарына қосылуға таяп қалдық» деп шулағанымызға 30 жыл болыпты. 30 жыл! Ширек ғасырдан да көп уақыт. Бірақ дамыған 30 ел әзірге қарасын көрсетер емес. Көзден ғайып болыпты. Көз жазып қалдық. Ұят-ай! «Ұялған тек тұрмас» дегендей, әйтеуір көзді арбаған бір елесті борбайлап қуып келеміз, қуып келеміз...
Президент Қ.Тоқаев алғаш президент болып сайланғанда «Шетелдік БАҚ-қа берген сұхбатында: «Халық көшеге кедейліктен шықты» дегені бар. Бұл шындық еді. Тоқаев мырзаның шетел көрген әккі саясаткерге тән ұстанымы – демократияға жол ашқандай көрінген халыққа. Енді сол ұстанымын өрістете ала ма?
Ресейшілдік президенттің бағы ма, соры ма?
Ресейге деген адалдық, достық, татулық 30 жыл бойы жалғасып келеді. Толеранттылыққа дәл қазақтай берік халық жер бетінде жоқ шығар. Сөйткен көнбіс халық «Арқасына ер батып, төс тарпасы мен айылы босап кеткенде» кейде жандәрмен тебініп, тулап қоятыны бар. Ондайда әккі билік әупіріммен алдаусыратып, жон арқасынан сипап жіберіп бетін бері қаратып алатын. Соңғы жылдары «тебініп, тулайтын» қоғам «ауыздығын шайнап» тарпа бас салатынды шығарды. Президент Тоқаев «екі тізгін, бір шылбырды қолына ұстағанымен», қауіп бұлты толық тарқамағанын есінен шығармағаны дұрыс. «Билікте өзіме берілген мерзімді өтеймін. Билікте қалу үшін Ата заңды өзгерту менің көзқарасыма қайшы» дегені, «Екі мерзімнен артық президент болып сайланбаймын» деп ел алдында ағынан жарылғаны Қасым-Жомарт Тоқаев мырзаға сенім ұялатып, бедел әпермес. Өйткені ел билікпен қоса жүйенің өзгеруін талап етіп отыр. Енді 30 жыл күтуге, алдануға халық көнбейді. Тым Ресейшілдігі, Путинге шексіз адалдығы Тоқаевтың бағы не соры!
Әлемдік саясаткер У.Черчилл: «Мәңгілік достық, мәңгілік өштік болмайды, мүдде ғана болады» дегені неткен данышпандық қисын. «Орыстан досың болса, қойныңда айбалтаң болсын» дейтін бабалар даналығын шала қазақ үкімет біле ме екен? Алайда «Көршің үшін намазыңды бұз» деген мақалға беріктігі таң қалдырады олардың...
P.S: Шетел жұртына арналған арнайы сұхбатты 28 қаңтар жұма күні Украина президенті Зеленский Киевте өткізді. Оған атағынан ат үркетін BBC, CNN, Bloombergі тәрізді телеарналарды президент өзі аттай қалап шақырыпты. Батыс журналистерінің ығайы мен сығайы жиналыпты. Тікелей эфирде бірнеше сағат түрлі сұрақтар қарша жауды. Көбі ағылшынша қойды сауалын. Зеленский бәріне (түсінбей қалады-ау деп саспастан) ана тілінде жауап қайтарды. Шындығында ол ағылшыншаға жетік. Мүйізі қарағайдай шетелдік журналистер құлаққаппен аудармашыларды тыңдап мәз.
«Өсер мал түстес келеді» деуге келмесе де, мына ұқсастыққа таң қалмай көр: Ертесіне 29 қаңтар сенбі күні қазақ президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та «Хабар 24» телеарнасына орыс тілінде сұхбат берді. (Баспасөз хатшысының айтуынша әлем жұрты түсінбей қалмауы үшін орыс тілін таңдапты президент). Ана тілі – ауыл-аймақ тілі болғаны ғой шамасы. Тоқаев мырза да бірнеше тілді жетік біледі. Бірақ орысшаға бір бүйрегі бұрып тұрады үнемі. Тым құрыса екі тілде жүргізетін бұрыннан келе жатқан «ескі дәстүрді» жалғастырмады да. Бұл қандай жаңашылдық? Бұл қандай емеуірін? Қай президент ұлтшыл? Қай президент халықшыл? Төрелігін өзіңізге қалдырдық!