40 жыл бойы Семей ядролық полигонында кемінде 468 ядролық сынақ болып, онда 616 ядролық және термоядролық құрылғылар жарылды. Жапония Хросима мен Нагасакиге тасталған бомбаны дүниежүзі бойынша трагедия ретінде атап өтіп, жоқтап жатады. Қазақстандағы 1963 жылға дейін Семей полигонында атмосферада сыналған ядролық зарядтардың жиынтық қуаты Хиросимаға тасталған атом бомбасының қуатынан 2500 есе асып түсті. Ядролық қарудың соңғы сынағы полигонда 1989 жылы өтті.
Тәуелсіздік алғаннан соң Қазақстан әлемде төртінші орында тұрған ядролық қарудан өз еркімен бас тартты. Семей ядролық сынақ полигонының жабылған күні – 29 тамыз, бұл күн 18 жылдан кейін БҰҰ Бас Ассамблеясының сессиясында арнайы қарармен ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдың халықаралық күні деп жарияланды. Бұл өзге елдерге сес көрсетіп, саяси күш беретін қарудан бас тарту – Қазақстан мемлекетінің бейбітшілікті бәрінен биік қойып, өлімді емес, өмірді қолдап, адамзаттың амандығы үшін жасаған үлкен бір қадамы болды. Осынау дүниенің күлін көкке ұшыратын қарудың адамзатқа ғана емес, табиғатқа орасан зияны барын, тіпті ядролық арсеналы бар елдер соғысып жатса, тіршіліктің жоғалып кетуі мүмкін екендігін бәрі біледі. Сондай зауалдың алдын алған Қазақстанның жаһандық бастамаларының бірі 2015 жылғы желтоқсан айында БҰҰ Бас Ассамблеясы Ядролық қарудан азат әлем құру туралы жалпыға ортақ декларация қабылдағаны болды. Бұл бейбітшілік бастамасында Қазақстан бүкіл адамзаттың өмірін биік қойған көшбасшы ретінде көріне білді.
Мыңдаған, миллиондаған елдің басына нәубет әкеліп, бейкүнә жандардың өліміне себепші болған соғыс атты зұлматтың зауалын адамзат баласы ұғынуы үшін көптеген ғасырлар қажет болды. Бүгінгі бейбіт күннің өзінде жер шарының бір түпкірінде қарапайым халықтың қырылып, ішқұса болып, қарақат көздерін қан жауып жатқандығын ойлаудың өзі қорқынышты. «Дүниежүзінің басты назарында тұрған Украина жерінде болып жатқан соғыс ядролық қарудың дүмпуіне әкеле ме?» деген үрей көп елді алаңдатып отыр. Қазақстанның бейбіт бастамасы бүкіл әлемге үлгі болса, саяси тұрғыдан позицияны былай ысырып, әуелі адам өмірін мемлекет басшылары бірінші орынға қойса, дүниежүзіндегі бейбітшілікті сақтап тұруға адамзат болып атсалысар едік.
Көп жылдар бойы ұлт қасіретіне айналып отырған Сирия Араб Республикасындағы соғыста да Қазақстан қауіпсіздікті алға тартып, ымыраға шақырып, бітімгершілік шараларымен айналысты. Еліміз өз шаңырағындағы татулық пен тұрақтылықтың тізгінін ұстап қана қоймай әлемнің түйіткілді мәселелерінде өз бастамаларын ұсынды. Әртүрлі дін өкілдері, этнос өкілдері бір қара шаңырақтың ішінде бейбін өмір сүріп жатқан еліміздің әлемдік қауіпсіздік пен тұрақтылықты бірінші орынға қойып отырған қазіргі позициясы барша мемлекеттерге үлгі боларлық іс дер едік.