ҚАЗАҚСТАНҒА АЭС САЛУ ҚАЖЕТ ПЕ?

ҚАЗАҚСТАНҒА АЭС САЛУ ҚАЖЕТ ПЕ?

Қазақ елі, қазақ жері – 1949 жылдан бері әлемде радиациямен, химиялық заттармен ең көп уланған ел. Әлі уланып келеміз. Неге шетелдерде АЭС салуға қарсылық күшті? Ал, бізде саны аз халық үшін АЭС салуға ынтызарлық басым. Бұның сыртында кімдер тұр? АЭС салынса, тек қазақ ғана емес, бүкіл Тұран ойпатын мекендейтін түркі халықтарының экологиялық келешегі не болмақ? Отанымыз АЭС-тен басқа энергия көздеріне – мұнай, газ, көмір, жел мен күн энергиясына өте бай бола тұра соларды пайдаланатын электростанциялар неге салмаймыз? Жалпы, еліміздің сағатына бір триллион киловатт энергия өндіруге мүмкіндігі бар екен. Ғалымдардың айтуында таяу жылдары ең залалсыз әрі тиімді термоядролық синтезбен істейтін электростанциялар пайда болса, зұлмат әкелер АЭС-тің не қажеті бар? Иә, табиғи қорды сақтай отырып, баламалы энергия көздерін пайдалануға елімізде бетбұрыс жасалғанына он жылдан асып кетті. Алайда белгілі бір күштердің (Ресейдің) ықпалынан аса алмай келеміз. Бұл шындық.

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында: «Атом электр станциясын салу немесе салмау мәселесі – еліміздің болашағына қатысты аса маңызды мәселе. Сондықтан, оны жалпыұлттық референдум арқылы шешкен жөн деп санаймын», – деген еді. Шынтуайтында, жалпы жұрт АЭС салу жөнінде екіұдай пікірде. Бірі «АЭС салу керек» десе, бірі «керек емес» деп оның залал-зиянын алға тартады. Қазақ елі, қазақ жер-суы, көк аспаны – 1949 жылдан бері әлемдегі радиациямен, химиялық зиянды заттармен көп уланумен келе жатқан аймақ. Бұған еш дәлел-мысалдың қажеті жоқ. Көптеген озық елдер АЭС-тен бас тартып жатқанда біз неге көпе-көрнеу жер-суымызды, жан-жануарымызды, аспан-ауамызды, халқымызды радиациямен уландыруға тиіспіз? Орынды уәж. Бізде, Қазақстанда АЭС-сіз-ақ баламалы қуат көздерін алуға мол мүмкіндік бар. Солай бола тұра Ресей салып отырған құрық-тұзаққа тағы да мойынсұнып отырмыз. Ресей елімізде онсыз да жылдар бойы ядролық, зымырандық, химиялық, бактериялық геофизикалық, тағы да басқадай қару-жарақ түрлерін сынақтан өткізуде. Енді АЭС-ке, атом бомбаларына қажетті отын дайындау үшін уран кеніштерін көптеп ашып, жерімізді одан сайын улағалы отыр. (Ресейдің өз елінде АЭС салуға жері жетпей ме?..) Бұл жайды Үкімет пен билік білмей отырған жоқ. Алайда басқыншы солтүстік көршіміз залалды қатерге ықтиярсыз, мәжбүрлі түрде итермелеп келеді (қазірдің өзінде ақпарат көздері елімізде АЭС салудың пайдалылығын айтып, ал залалы жөнінде ауыз ашпайды). Президентіміз тағы да бір сөзінде: «Біздің қазіргі ахуалымыз мәз емес. Бұл – ең алдымен, мемлекеттік қауіпсіздік мәселесі», – дейді. Иә, қазақта «бұға берсең, сұға береді» дегенде мәтел бар. Рас, бізде АЭС-ке қажетті шикізат – уран жеткілікті. Қазақстанда 900 мың тоннадан аса уран қоры бар. Яғни уран қорынан Аустриядан кейінгі екінші орындағы елміз. Президентіміз 2023 жылғы 2 қыркүйектегі Жолдауында: «Қазақстан – әлемдегі ең ірі уран өндіруші мемлекет. Ендеше өз жерімізде атом станциясын салуға әбден қақымыз бар», – дейді. Сонда уранымыз бар екен деп АЭС салуымыз керек пе? Мұнай-газды, өзге ресурстарымызды былай қоя тұрғанда, осы өніммен-ақ қабырғамызды сүбелеп жабуға болады. Алайда бір ықпалды күш бұған ерік берер емес... Мәселен, Ресейдің «Росатомы» біздің «Буденовское» аталатын кенішіміздің 49% үлесін сатып алғандай еді... Алайда орыстың озбырлық өктемдігінен бізге ештеме тимей келеді. «Росатом» төлеген ақша біздің бюджетке емес, айналып кеп өздерінің олигархтары Василий Анисимов пен Александр Клебановтардың қалтасына түсуде. Жалпы алғанда, Қазақстандағы энергетика жайы қиын, біздің ырықтан шығып кеткен тәрізді. Мысалы, Бұқтырма ГЭС-і Швейцария, Үлбі ГЭС-і мен Өскемен ГЭС-і АҚШ компаниясының концессиясына 1997 жылдан бері жұмыс істейді. Бұның бәрі ескі диктаторлық-клептократиялық жеке билеу жүйесінің, жемқорлықтың «сыбағасы» деп білсе болады. Иә, бұдан басқа қаншама қазына-байлығымыз, өнімді өндіріс орындарымыз қазағымызға емес, қаймана жұрттың жұмырына кетіп жатыр. «Әділетті Қазақстан» бұл жайды қатты қаперіне алып, ел мүддесіне қайтару жағын ойластыратын уақыт жетті. Академик Р.Ибраев: «БАЭС-тің жобасы экономикалық, экологиялық, технологиялық тұрғыда негізделмеген. Жобаны ашық талқылауға Ресей мен Қазақстанның әскери өндірістік кешендері (орысша ВПК) рұқсат етпейтін көрінеді. АЭС-ті Балқашта салуға Тоқаев пен Путин арасында келіссөздер жүргізілді дегеннің жаны бар» десе, жазушы-публицист Марат Байділдаұлы Қазақстанға АЭС салудың мүлде керек еместігін, оның орасан залалы тек қазаққа ғана емес, бүкіл түркі халқы тұратын аймаққа сұрапыл зиян келтіретінін ашына жазуда. Бұны ғалым, журналистеріміз айғақтап, үнемі айтып келеді. Алайда бір ықпалды күш мойын бұрғызар емес. 

БҰЛ ОШАҚТЫҢ ЗАРДАПЗАЛАЛДАРЫ ҚАНДАЙ?

Атом жайы сөз болса, әуелі Жапон халқы еске түседі. Бұл ел жетпіс бес жыл өтсе де әлі атом зардабын шегіп келеді. Мәселен, мынадай болған екі жарылыстың жайын айтуға болады: 1986 жылғы Чернобыльдегі (Украина) төрт атом реакторының біреуінің ғана жарылыс күші мен залал мөлшері он Хиросималық бомбаға тең болған. Сондай-ақ, ірі жарылыстың бірі 2011 жылғы наурыз айында мұхит жағасындағы «Фукусимада» (Жапония) болды. Ол ел «Фукусимадағы» реакторын суытып тұратын суды мұхиттан алып, шайындысын мұхитқа қайта төгіп тұрған. Мұхит пен Балқаш көлін салыстыруға келмейді. Ал, біздегі Балқаш көлінің жағасындағы Үлкен қалашығы маңында орналасқан АЭС-тің сағатына 40000 тонна реакторды салқындататын суды да көлден аламыз. Онсыз да тартылып бара жатқан Балқаштың бағы тайып, соры қайнамай ма? Ал, соншама улы, шайынды суды қайда, қай мұхитымызға құямыз? Бүгінде Арал, Балқаш проблемасы әлем елдерін алаңдатып отыр ғой... Каспий жайы да мәз емес. Және трансшекаралық өзендер мәселесі (Қытайдан Балқашқа құйылатын) жуық арада шешілетін түрі жоқ. Балқаштан АЭС салу – қазақ халқын көпе-көрнеу көрге көму, жер бетінен жою. Оның үстіне АЭС салуды орысқа беру – көпе-көрнеу өз көріңді өзің қазумен тең. Екі күннің бірінде «басып аламын» деп улы зәрін шашып отырған орысқа қалай сенеміз?! 1986 жылғы Чернобыль апаты дені Еуропа елдеріне елеулі зардап шектірді. Оның ішінде Украинаның 20 облысының 50 мың шаршы шақырым жеріне, Ресейдің 60 мың шаршы шақырым жеріне у жайылып, залал келтірілді. Беларусьтің 23% аймағы мүлдем жарамсызданған. Ал, бүгінгі АЭС зардабы мүлде ауыр. Жүздеген жыл жер асты, жер беті қалыпқа келмейді. Құдай бетін аулақ қылсын, Балқаш АЭСін апатқа ұшыратса, тек қазақ қана емес, бүкіл түркі халқы қасіретке душар болады. Бүгінгі террорлық-лаңкестік заманда, екі күннің бірінде геосаяси жайда құзғындық, басқыншылық пиғылда сес көрсетіп отырған солтүстіктегі «аю» көршіміз бопсалап, мүлде бодан етіп алмасына кім кепіл?! Ресей өзбекке де ауыз салды. Осы жылы 27 мамыр күні Мәскеу мен Ташкент Өзбекстанның Жезақ облысынан «Росатом» жобасымен алты реакторлы АЭС салуға өзара келісім хаттама жасасып, қол қойысты. Мирзиеев Путин ұсынысынан бас тарта алмады. Бұл көршіміздің Тұзкан аталатын көлі жағасындағы станса біздің шекарадан небәрі 55 шақырым жерде. Егер залалды аймағы кем дегенде 250 шақырым аумақты қамтитын болса, тығыз орналасқан, 3 миллионнан аса халқы бар Шымкент қаласы мен Түркістан облысы жұртшылығының жайы не болмақ?.. Егер шынтуайтына келсек, орыстар өзбектерге қысым жасап, АЭС салуға мәжбүрлеп отырған сияқты. Ендігі сөзді кезінде «Росатомда» қызмет жасаған маман Константин Батозскийге берейік, ол: «...атомные сделки с Россией – всегда политика. Поэтому, скорее всего, Узбекстан просто был поставлен перед выбором. У России есть огромные рычаги влияния на эту страну, и самый первый – талибан. Это кошмарный сон для властей Узбекистана. И теперь когда русские и талибы братья навек, на все приграничные страны Россия может оказать огромное политическое влияние. Во-вторых, Россия нуждается в трудовых мигрантах. В то же время, там раздувается абсолютная нетерпимость к трудовым мигрантам после теракта в Крокус-Сити. И очень важно, чтобы лидеры региона не замечали массових издевательств над своими гражданами в России, которых практически использует в качестве рабов, а теперь еще и солдатов» дейді.

ОҒАН ҚАРСЫЛАР МЕН ҚОЛДАЙТЫНДАР

«Қазақстанда АЭС салу мәселесі 1990 жылдары-ақ туындады. Алайда халықтың наразылығы жол бермеді. 1992 жылы Жезқазғанда АЭС салуға тойтарыс берілген. 1996 жылы семейліктер де қарсылығын білдірді. 2001 жылы наурыз айында «Аттан» қозғалысы жалпы жұртты көтеріп, Балқашта АЭС салуға қатты наразылығын білдіріп, қарсылық акциясын өткізді. Ақыры Үкімет кері шегініп, мораторий қабылдады. Ал, бүгінгі Үкімет пен билік, Парламент бұл жайында ауыз ашпай отыр. Бұны қалай түсінуге болады? Тек халық жанашырлары ғана дабыл қағып, шырылдап келеді, әлде референдумды күтіп отыр ма? Біздегі сайлау мен референдум жайы белгілі ғой... Айналып келгенде құлмінезді ел билеуші мен Үкіметіміз опасыз орыстың ықпалында кете ме деп қорқамын.

ШЕТЕЛДЕРДІҢ БҮГІНГІ АЭС-КЕ КӨЗҚАРАСЫ

Бүгінде әлемнің көп елдері АЭС салуды құп көрмей отыр. Ең әуелі Италия өз еліндегі барлық АЭС-ті пайдаланудан бас тартты. Артынша Бельгия, Германия, Испания, Швейцария Тайвань ядролық энергетикадан біртіндеп қол үзуге көшті. Австрия, Куба, Литвия, КХДР, Польша АЭС құрылысының басталған жұмыстарын тоқтатты. Әлемде 440 реактор болса, қазір 164-і жабылды. Әлі де жабылу үстінде.

ӘЛЕМ ЭКОЛОГИЯЛЫҚ ҚАУІПСІЗДІКТІ САҚТАУ ЖОЛДАРЫН ҚАРАСТЫРУДА

Әлем ғалымдары дамудың жаңа, экологиялық тұрғыдан қауіпсіз жолдарын іздестіріп, оны қажетіне жарату жолдарын шешуде. Далалы Қазақстанда таза энергия алудың орасан зор мүмкіндігі бар. Бізде табиғи қорды сақтай отырып, мол баламалы энергия көздерін тұтынуға «жасыл экономикаға» бет бұрғанымызбен, толықтай шешімін таппай келеді. Әйтпесе елімізде жел, су, мұнай және газ ресурстарының энергетикалық мүмкіндігін пайдаланып, энергетика-қуат қажеттілігінің орнын толтыруға жағдайымыз жеткілікті. Рас, аз мөлшерде осылай болып та жатыр. Бірақ жеткіліксіз мөлшерде. Сондай-ақ, таяу келешекте ең залалсыз әрі тиімді, таза термоядролық синтезбен істейтін электростанциялар пайда болса, ондаған миллиард доллар шығындап, зиянды АЭС салып, табиғатты, халықты зардапқа салудың не қажеті бар?! Алайда биліктегілер референдум болмай-ақ, үгіт-насихатты АЭС салуға жұрттың жұлынына егіп жатыр. Қарсылық көрсеткендердің «жағын қарыстырып», қақпайлап жатыр. Ақыры АЭС салып тынатыны белгілі болып қалды. Ендігі мәселе АЭС-ті кімнің, қай елдің салуында. Екі күннің бірінде «Қазақстанды шауып алам, жаулап алам» деп сес көрсетіп отырған Ресейге ме? Бұл жұмысқа кем дегенде 10-15 жыл уақыт кетеді, 2-3 мың орыс жұмысшысы әкелінеді (онсыз да ішімізде есепте жоқ, әртүрлі сылтаулармен миллиондаған орыстар жүр ғой). Сонда әлгіндей басқыншылық пиғылдағы шовинистерге көпе-көрнеу жол ашып бермекпіз бе? Онда біздің егемендігіміз, елдігіміз қайда қалады? Әлде мысықтабандап геосаяси тұрғыда кез келген уақытта сылтау тауып, сырты күліп, іші ұлып тұратын «тұтастығыңды қорғаймын» деп ішке еніп кеткен «қамқор» Қытайға салдырамыз ба? Өзге де АЭС салып беруге құлшынып тұрған, технологиясы дамыған мемлекеттер бар. Мәселен, Оңтүстік Корея, Франция т.б. Кімге салдыруды өзіміз таңдаймыз. Меніңше, екі өкпемізді қысып тұрған Ресей мен Қытайдың мәжбүрлеуіне көнбеу керек. Онсыз да ішімізге визасыз енгізіп алған, есепке алынбаған сан миллиондаған қытайлар қаптап жүргені анық. Бұл жайды биліктегілер біле тұра жалпы жұртқа айтпайды. Бұл – ұлтымызға төнген қауіп. Яғни алып алмағайыптарға салдырудың қажеті жоқ. Бұлар кез келген уақытта бопсалап, аумағы кең, жері кен, халқы аз, қойдан жуас халқымызды өз елінен ығыстырып, егемен ел ретіндегі қазақтығымыздан айыруы бек мүмкін. Ойлан, қазағым, ұйықтама! «Ұйқыдағы ұлттар түбі құрып тынады, не құл боп оянады» деп осыдан жүз жыл бұрын өсиет қалдырып еді ұлы Мұстафа Кемел Ататүрік күллі түрік баласына, оның ішінде қазаққа...

 

Тұрсынтай ҚАЛДАРБЕКОВ, еңбек ардагері, Жамбыл облысы Мойынқұм ауданы
19.09.2024

Ұқсас жаңалықтар

ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 150
КВАДРОБЕР – ҰЛТ  БОЛАШАҒЫНА  ҚАУІПТІ ДЕРТ
Сәуле Мешітбайқызы - 21.11.2024 148
Бәйтерек ауданы:  Берері мол бағдарламаның жемісін көруде
Ләззат ҚАЖЫМОВА, Батыс Қазақстан облысы - 15.11.2024 660
Бірлік қайда болса, еркіндік сонда, Еркіндік қайда болса, елдік сонда
Бейбітбек БҮРКІТБАЙҰЛЫ, Қызылорда облысы - 15.11.2024 780
ТУҒАН КЕНТІНЕН ЗАУЫТ АШҚАН ЖАҚСЫЛЫҚ
Тұрақ АДИСҰЛЫ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы - 15.11.2024 693
Аспан таулар етегіндегі  еңбекқор жандар
Ертай АЙҒАЛИҰЛЫ, Асым СУЛАЙМАНОВ, Алматы облысы - 13.11.2024 703

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 8843
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8240
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11467
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9224
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10451