ҚАЗАҚТЫҢ ЖАНЫ – ДОМБЫРА

ҚАЗАҚТЫҢ ЖАНЫ – ДОМБЫРА

 

Еліміздің бас ұстазы екі миллионға жуық шәкіртімен бірге халық күйлерін орындады

 

Ұлыстың ұлы күні – Әз-Наурыз мерекесіне орай Оқу-ағарту министрлігінің ұйымдастыруымен еліміздегі барлық білім ошақтарында «Күй күмбірі» республикалық челленджі өтті. Оған балабақша бүлдіршіндерінен бастап, мектеп оқушылары мен студенттерге дейін барлығы 2 миллионға жуық бала қатысты. Жас өнерпаздар бір мезетте белгілі композиторлар мен халық күйлерін орындады.

Кең ауқымды республикалық шара Оқу-ағарту министрлігінің бастамасымен алғаш рет былтыр Наурыз мерекесі қарсаңында өткізілген болатын. Содан бері елімізде домбыра үйірмелерінің саны 5 есе артқан. Бүгінгі таңда барлығы 2 мың үйірме жұмыс істейді. Оған 100 мыңнан астам оқушы қатысады. Биылғы акцияға сол жас домбырашылар бір кісідей атсалысты. 

– Көнеден келе жатқан бұл ұлттық аспабымыз халқымыздың жанын, оның дәстүрі мен мәдениетін әспеттейді. Ұлттың рухын көтеріп, даңқын асқақтатқан қара домбыра біздің баға жетпес байлығымыз бен ұлттық символымызға айналды. Балабақшалардағы кішкентай бүлдіршіндер, оқушыларымыз, колледж студенттері ұлттық аспапта ойнауға қызығушылық танытатыны қуантады. Бүгінде еліміздің әр өңірінде бір мезетте белгілі композиторлардың күйлері мен шығармалары орындалды. Дәулескер күйшілеріміздің өшпес туындылары арқылы біздің мәдени құндылықтарымыз ұрпақтан-ұрпаққа беріледі. Біздің жас буын осы киелі өнерді ұлықтауды лайықты түрде жалғастырады деп сенемін, – деді Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев. 

Астанадағы Райымбек батыр атындағы №50 «Қазғарыш» мектеп-лицейі оқушыларының қатарына қосылған Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев осы білім ордасының 300 оқушысымен бірге халық күйі –  «Келіншекті» орындады. 

Мерекелік эстафетаға еліміз бойынша барлығы екі миллионға жуық бала қатысты. Олардың ең кішкентайлары – Абай облысы Семей қаласындағы «Бақыт» балабақшасының тәрбиеленушілері. 

Челленджге қатысушыларға арнаған сөзінде ведомство басшысы бұл шара былтыр қабылданған «Біртұтас тәрбие бағдарламасы» шеңберінде ұйымдастырылғанын атап өтті. Жалпыадамзаттық және ұлттық құндылықтарға негізделген жаңа бағдарлама аясында күні кеше мектеп жасына дейінгі балаларға арналған «Ханталапай» атты ұлттық ойындардың республикалық байқауы да өткен болатын. 350 мыңнан астам бала қатысқан шараның мақсаты – ұлттық ойындарға деген қызығушылықты ояту, халқымыздың мәдени мұрасы мен дәстүрлерін дәріптеу. Домбыра тыңдау және оны сезінуге деген құлшыныс өзімізді-өзіміз танудың тура жолы. Ұлт ретінде жадымызды жаңғыртуға деген жарқын қадам. Осы мақсаттың жүзеге асуын мектеп оқушыларынан бастау – болашаққа жол. 

 

 

Бұл өнер – жанды тәрбие көзі

 

Республика бойынша  20 наурыз күні сағат 12-00-де 2 миллионға жуық қазақстандық оқушылар бір мезгілде домбыра тартып, күй күмбірлетті. 

Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің бастамасымен барлық білім беру мекемелерінде қатарынан екінші жыл осы домбырашылар шеруі ұйымдастырылып келеді. Бір қуантарлығы сол, бұл бір мезгілде оқушылардың жаппай домбыра тартуға деген қызығушылығының артуы. Қазақ халқының ең танымал күйлерін құйқылжыта орындаған оқушылар сапы көңіл сүйсінтті. 

      Биылғы жылы Мемлекет басшысының Наурыз мерекесін тойлауды жаңғырту мақсатында қабылданған «Наурызнама» онкүндігі шеңберінде ұлттық спорт ойындарын насихаттау күнімен тұспа-тұс келген «Күй күмбірі» шеруі мерекелік көңіл күйді шаттандыра түскендей. 

       Астана қаласында Күйші Дина көшесінде орналасқан 50 мектептің салтанатты түрде жоғары эстетикалық ерекше талғаммен безендірілген кіреберіс фойесінде 300-ге жуық оқушы ұлттық киімдерін киіп, аса ыждаһаттылықпен республикалық шерудің тұсауын кесті. Шеруге Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевтың өзі домбыраны қолға алып, балалармен бірге қосыла тартқаны әсерлі болғанын атап өтуге болады. Қазақта «мың естігеннен бір көрген артық» дейді. Министрдің жұрттың алдында жұтындырып күй шертуінің өзі жанды сабақ, жалынды рух. 

Жалпы қасиетті қазақ домбырасы туралы   el.kz сайтында жарияланған 7 қызықты деректі қоса жарияласақ:      

10 мың домбырашы бір мезетте орындаған күй Қытай Халық Республикасы, Толы ауданында 2010 жылдың 30 мамыр күні 10450 адам бір мезетте «Кеңес» күйін орындап, Гиннес рекордтар     кітабына кірді. «Кеңес» күйін таңдап алуында да өзіндік сыр бар. Қазақта «күйдің басы – Кеңес» деген сөз  жайдан-жай айтылмаса керек. 

Бір қызығы, 10450 адамның ішінде 20-ға жуық басқа ұлт өкілдері де болыпты.

 

«Алтын» домбыра

 

Алтынмен апталып, гауһармен әрленген домбыраның құны 50 мың еуроны құрайды. Бұл – кәдесый жасайтын Швецариялық компанияның өнімі. Оған барлығы 24 каратты гауһар тасы бар таза алтын пайдаланылған. Ұзындығы – 100 см, ені – 25 см. Домбыра күнделікті қолдануға арналмаған, оның әуен ойнап беретін арнайы механизмі бар. Онда «Үшқоңыр» (Н.Назарбаев, А.Қоразбаев), «Желсіз түнде жарық ай» (Абай) мен «Аққу» (Сүгір) әндері ойнатылады. 

 

 

Гиннес кітабына енген ең кішкентай домбыра

 

Болатбек Кәрімханұлы жасаған ең кішкентай домбыра Гиннес рекордтар кітабына енген. Оның ұзындығы – 4 см, 5 мм, ал ені – 1 см, 4 мм. Бала кезінен ағаштан бұйым жасауды жанына серік еткен шебер алғашында рекордтар кітабына ену үшін ең алып домбыраны жасау керек деп шешеді. Бірақ, оған қаржының жоқтығы кедергі болып, ең кішкентай домбыраға отырған. Сондай-ақ, Болатбек интернеттен іздеп, қазақтың ең кішкентай домбырасы жасалмағанын көреді. Шамамен бір ай уақытта дүниеге келген бұйым ағаштан ойылып жасалған және құлақтары, ішектері, тіпті сыртқабы да бар.

 

Қастерлі аспабымыз қашан пайда болған?

 

Ұлтымызбен жасасып келе жатқан төл аспабымыздың нақты шығу тарихы туралы ақпараттар жоқтың қасы. Ғалымдар IV ғасырда Өзбекстандағы Хорезм аймағы мен Қазақстандағы Жамбыл облысында жүргізілген археологиялық зерттеулерде табылған тасқа қашалған қос аспаптың суретінен кейін домбыраны тас дәуірінде пайда болуы мүмкін деп болжайды. Ал ғалым Кемел Ақышев болса, б.з.б. 4000 жыл бұрын салынған домбыраның суретін тапқан. Яғни, содан бергі уақытты есептеп қарағанда домбыраның кем дегенде 6 мың жылдық тарихы бар.

 

Домбыра сөзі қайдан шыққан?

 

Кей деректерде «домбыра» сөзі көне шумерден аударғанда «кішкене садақ» мағынасында екені айтылады. Бірақ, бұл қаншалықты нақты дерек? Ғалымдар не дейді?.. Ахмет Жұбановтың айтуы бойынша, «домбыра» сөзінің шығу тарихы «қозы құйрық» сөзімен байланысты «дунбаһ» және «бурра» деген қос араб сөздерінен дүниеге келген. Расымен де, бұл музыкалық аспаптың пішіні конус секілді, яки қозының құйрығы сияқты аяқталады. Ал К.Жүзбасовтың мәліметінше, домбыра сөзі  музыкалық орындауға тікелей қатысты: дем және беру сөздерінен тұрады. Тағы бір деректерде «дом+бұра» сөздерінен шыққан делінеді. «Дом» сөз қазірге дейін «домбығып, ісініп кетіпті» мағынасында қолданыста жүр. Ал «бұра», яғни «күйге келтір» дегенге саяды.

 

Өзі күй шертетін электронды домбыра

 

Ғылымның қарыштап дамуы, домбыраның да өзіне күй шерткізіп қойды. Осындай электронды домбыраның еліміз бойынша алғашқы түпнұсқасын Қарағандыдағы Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушылары дайындап шыққан. Оны дайындауға бір ғана күн жұмсалса, бағдарламаны іске асыруға бір жеті кетіпті. Бұл домбыра әзірге тек «Еркемай» күйін шертіп береді. Болашақта күрделі деген күйлерді де домбыраның өзі төгілтіп орындап беретініне сеніміміз мол.

Айтпақшы, енді домбыраны ұялы телефоныңыздан тартып, ән шырқауыңызға болады. Үйренгіңіз келсе, тегін жүктеп алыңыз. Жобаның авторы  Нұрлан Қамбар домбыра үйренуге әрі домбыра жоқ жерде ұялы телефоннан күй немесе ән тартуға осылай тамаша мүмкіндік тудырып отыр.

 

Қазақ аспабы тағы қандай халықтарда бар?

 

Домбыра – топшур, ұйғыр, түркімен халықтарында – дутар, қырғыздарда – комуз, әзербайжандықтарда – гопуз, тәжіктерде – думрак, өзбектерде – думбыра, думбрак, ал ноғай мен башқұрттарда – домбыра деген атау алған. Әрине, олардың құрылыстарында, біздің домбырамен салыстырғанда, айтарлықтай ерекшеліктері бар. XІV ғасырдағы жазбаларда көрсетілген орыстың музыкалық аспабы «домраның» алғашқы түрі қазақтың домбырасына өте ұқсас. Олардың аттарының ұқсастығы және пайда болуы бірдей екендігі де атап көрсетіледі.

Міне, осындай деректермен әр өскелең ұрпақ танысып қана қоймай, домбыраға деген сүйіспеншілігі артып, ұлттық аспаптар туралы білімі толыға түсері хақ. 

Ал енді тақырыпқа ойысар болсақ, жаңғырып отырған «Күй күмбірі» атауын Оқу-ағарту министрлігі «Төрт тоқсанға төрт өнер», «Тоғыз айға тоғыз іс-шара» жобаларының бірі ретінде  «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы аясында іске асыруды жоспарлаған.  Мақсат – адами капиталды дамыту мен жалпыадамзаттық және ұлттық құндылықтарды сіңіру арқылы ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру. Ал шеру ретінде жаппай көппен бірге ұйымдастыру шаралары бірлік пен ынтымаққа жұмылдыратын тәрбиелік құрал.  

Ерекше креативті форматта домбыра моделімен шеруді ұйымдастырған, мемлекет көлемінде үн қосып, үйлестіріп отырған Астана қаласы, Алматы облысы, Шымкент қаласы, Жамбыл облысы, Атырау облысы, Қостанай облысы, Маңғыстау облыстарының педагогтеріне, тәрбие ісімен шұғылданатын барша мамандарға алғысымыз шексіз. Әр керемет іс-шараның артында оны ұйымдастырушылардың зор еңбегі мен жауапкершілігі тұрары сөзсіз.

Тәрбие – көрумен келетіні хақ. Олай болса, «Тәрбиелеу дегеніміз – адамның бойына білімге негізделген этикалық құндылықтар мен өнер қуатын дарыту»  деп, ұлы бабамыз Әл-Фараби ғұлама айтқандай, осындай маңызды рухты дүниелермен өскелең ұрпақты тәрбиелеудегі министрліктің бастамасы құптарлық іс. Наурыз мерекесі құтты болсын!

 

Дәулетбек Байтұрсынұлы
28.03.2024

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 1045
2
Өркенді қала-қуатты өңірге жетелейді
Show more
Дахан Шөкшир - 2023-06-02 7092
3
Желтоқсан батырлары—саяси қуғын-сүргін құрбандарының бірі
Show more
Сұхбаттасқан Шаргүл Қасымханқызы - 2023-06-02 10944
4
Қарағандыда саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні өтті
Show more
- 2023-06-01 7158
5
Қарағандыда “Қасіретті КарЛаг” Республикалық жыр мүшәйрасы өтті
Show more
- 2023-05-31 7303