«Тұрмыс түзелмей, қылмыс құрықталмайды» деген бұрыннан келе жатқан тәмсіл бар. Иә, адам баласы қылмысқа көп жағдайда жетіспеушіліктен, мәжбүрліктен қадам басатыны шындық. Алайда қылмыс атаулыны бір ғана тұрмыстық ахуалға тіреп қойып, өзге себебін көрмеу – үлкен қателік. «Біреу тойып секіреді, біреу тоңып секіреді» деген мақалдың маңызына үңілер болсақ, тойып секіргеннің қылмысы тоңып секіргеннің іс-әрекетінен әлдеқайда ауыр болатынын байқау қиын емес. Өкінішке қарай, қазіргі кезде тоңып емес, тойып секіргендердің қарасы көп. Ендеше, біздің қоғам, оның ішінде тәртіп сақшылары қылмысты құрықтаумен қатар, оның алдын алуға да айрықша көңіл бөлуі тиіс.
«Баланы – жастан...»
«Тойып секірудің» алдын алу саналы тәрбиеге тікелей байланысты, ал тәрбие тал бесіктен басталады. Әрине, әрбір перзенттің тәрбиесіне бірінші кезекте ата-анасы жауапты. Дегенмен, бұған мемлекеттің ұстанған саясаты мен заңының күш-қуаты, құқық қорғау органдарының іскерлік қабілеті де тікелей әсер ететінін ұмытпауымыз керек. Қазақта «баланы – жастан» деген сөз тегін айтылмаған. Ендеше, біздің әрбіріміз, яғни ата-ана, ұстаз, тәртіп сақшылары балалар тәрбиесіне көп көңіл бөлуіміз керек.
Биылғы жылды мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Балалар жылы» деп жариялады. Бұл балаларымыздың денсаулығына, тәрбиесіне, біліміне, бір сөзбен айтқанда, болашағына негіз қалаудың зор мүмкіндігі деп білгеніміз жөн. Осы мақсат аясында аянбай еңбек ету керек. Балалардың тыныш һәм бейбіт заманда қауіпсіз өмір сүруін қамтамасыз ету – полиция қызметкерлерінің бір міндеті. Өкінішке қарай, соңғы кездері балалардың хабар-ошарсыз жоғалып кету жайттары жиі орын алуда. Ал мұндай сәтте тұрғындар бірінші кезекте полиция қызметкерлерінен көмек сұрайды. Осындай оқиғалар жайында Түркістан облыстық Полиция Департаменті баспасөз қызметінен нақты мәліметтер сұратып едік. Нақты деректер аз емес екен. Мысалы, жақында Ордабасы АПБ қызметкерлері жергілікті тұрғынның жоғалып кеткен 16 жасар қызын Алматы қаласынан тауып берді. Анасы полиция бөліміне хабарласқан бойда толық құрам қызды іздеуге кіріседі. Халық көп шоғырланған аймақтарға жоғалған қыздың суреттері ілініп, аудандық, қалалық полиция бөлім, басқармаларына, тіпті республика көлемінде полицияларға бағыттамалар жіберіледі. Тәртіп сақшылары такси жүргізушілерінен, көріп немесе білуі мүмкін деген адамдардан сұрастыру жұмыстарын жүргізген. Соның нәтижесінде полицейлермен 1 тәулік ішінде қыздың жүрген жері анықталды. Ол Алматы қаласы саябақтарының бірінде қыдырып жүрген жерінен табылып, жасөспірім қыз ата-анасына аман-есен табысталды.
Сондай-ақ, ордабасылық полицейлер «әлеуметтік желіде» жоғалған бала туралы ақпарат тарағанда тыңғылықты іздестіру жұмыстарын жүргізді. Дәлірек айтсақ, Ордабасы аудандық полиция бөліміне таңғы сағат 07:00 шамасында жергілікті тұрғын келіп, 1 сағаттан бері денсаулығында кінәраты бар 2007 жылғы ұлын таппай жүргенін және ұлының велосипеді полиция ғимаратының жанында тұрғанын жеткізді. Яғни тұрғын «мүмкін ұлым ішке кірген болар» деп сұрайды. Ұлын табуға полицейлердің көмек беруін өтінеді. Анықталғандай, тұрғынның баласы осыған дейін бірнеше рет үйінен шығып кетіп, әкесі өзі тауып алып жүрген. Алайда бұл жолы жасөспірім ұшты-күйлі жоқ болады. Ақпарат алысымен кезекші бөлім қызметкерлері учаскелік полиция инспекторларына бағыттама берді.
Іздестіру жұмыстарының нәтижесінде жасөспірім 10 шақырым қашықтықтағы ауылдық жердің күншығыс беткейіндегі жайылымдық алқаптан табылды. Бүгінгі таңда бала ата-анасымен бірге.
Мұндай жағдай балалардың арасында ғана емес, ересектер арасында да кездеседі. Сауран қаласынан 4 айлық кішкентай баласымен бірге үйінен белгісіз бағытқа шығып кетіп, із-түзсіз жоғалған жас әйел Түркістан облысы полицейлерінің жүйелі және жоспарлы түрде жасаған жұмысының арқасында табылды. Тарқатып айтар болсақ, Сауран аудандық полиция бөліміне 4 айлық баласымен бірге жас әйелдің жоғалып кеткендігі туралы хабар түскен. Хабар алысымен киелі өңірдің сақшылары толық құрамда жұмылдырылып, іздеу жұмыстарын жүргізді. Полицейлер әйелдің баруы мүмкін деген орындарды жіті тексеріп, таныстары арасында сұрастыру жұмыстарын жүргізеді. Жан-жаққа бағыттамалар жіберді. Із-түзсіз жоғалу жайты болғандықтан, барлық қажетті шаралар жүзеге асырылып, іздеу жұмысына еріктілер де тартылды. Тәртіп сақшылары жоғалған әйелдің айрықша белгілерін жазып, суретімен бірге бұқаралық ақпарат құралдарына, сайттарға жолдады. Шұғыл іздестіру жұмыстарының нәтижесінде 4 күнде із-түзсіз кеткен әйел мен кішкентай нәресте Шымкент қаласынан табылып, туыстарына аман-есен тапсырылды.
Жалпы, құқық қорғау саласының қызметкерлері балаларды назардан тыс қалдырмайды. Олардың қауіпсіздігі үшін жасөспірімдерді қатаң бақылауға алған. Түнгі уақытта заңды өкілінсіз көшеде, саябақтарда жүрмеуі, жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықты болдырмау үшін балалармен тығыз байланыста. Облыстық Полиция Департаменті баспасөз қызметінің ұсынған дерегіне жүгінсек, облыс көлемінде кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстар мен құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында өткізілген 3 күндік «Түнгі қаладағы балалар» жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында тәртіп сақшылары 1123 нысанды тексеріп, кәмелетке толмағандар саласына қатысты 537 әкімшілік құқық бұзушылық анықтаған. Нақтырақ айтсақ, балаларын тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін орындамағаны үшін 19 ата-ана (ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 127-бабы), кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта ойын-сауық орындарында жүргені үшін 49 ата-ана (ҚР ӘҚБтК-нің 442-бабы 1-бөлігімен), кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта заңды өкілінсіз тұрғын үйден тыс жерлерде жүруі бойынша 420 ата-ана (ҚР ӘҚБтК-нің 442-бабы 2-бөлігімен) анықталып, әкімшілік хаттама толтырылды. Ал түнгі сағат 22:00-ден кейін ойын-сауық орындарында болуына жол берген 20 ойын-сауық орындарының иелеріне ҚР ӘҚБтК-нің 132-бабы бойынша әкімшілік хаттама түзіліп, жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар дүкендер мен сауда орындары, ойын-сауық нысандары тиянақты тексерілді. Нәтижесінде кәмелетке толмағандарға алкоголь өнімін сатқан 14 тұлға анықталып, оларға ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 200-бабы «Қазақстан Республикасы заңнамасының алкоголь өнімін өткізу жөніндегі талаптарын бұзу» бойынша және ҚР ӘҚБтК-нің 423-1-бабы, яғни «Жиырма бір жасқа толмаған адамдарға темекіні және темекі бұйымдарын, оның ішінде қыздырылатын темекісі бар бұйымдарды, қорқорға арналған темекіні, қорқор қоспасын, темекі қыздыруға арналған жүйелерді, тұтынудың электрондық жүйелерін және оларға арналған сұйықтықтарды сату» бойынша 11 тұлғаға әкімшілік шара көрілді. Бұдан бөлек түнгі тексерулер кезінде ұсақ бұзақылық жасағаны үшін 4 жасөспірім ұсталып, ҚР ӘҚБтК-нің 435-бабы «Кәмелетке толмаған адам жасаған бұзақылық» бойынша жауапкершілікке тартылды. Сондай-ақ, жастарға жұмыс берген нысандар да жіті тексерілді. Оның аясында балалардың еңбегін пайдалану бойынша 112 дерек тіркелді. Оның ішінде еңбек шарттары түзілмегені 101 болса, қайыршылық жасау бойынша 1 дерек анықталды.
Есірткі қоғамға қауіпті
Қылмыстың бастауына себеп болатын заттардың бірі – есірткі. Өкінішке қарай, есірткі бизнесі мен оны тұтынушылар санының артуы – әлем мемлекеттерін алаңдатып отырған ортақ проблема. Мұның жолын кесу халықаралық деңгейде жүргізіліп жатқанымен, толыққанды нәтиже берер емес. Алайда әлем ауыздықтай алмай отырған дерттен толыққанды құтылу мүмкін емес деп қол қусырып отыруға болмайды. Ел ішіндегі ахуалды реттеуге айрықша маңыз берілуі тиіс және осы мақсатта көптеген жұмыстар да атқарылуда. Біздің сұрауымыз бойынша Түркістан облыстық Полиция Департаментінің баспасөз қызметі төмендегідей ақпар берді.
«Елімізде есірткімен күресу бағытында біздің қызметкерлер есірткі егумен, сатумен айналысатындардың жолын кесіп, барлық шараларды жүзеге асыруда. Мәселен, Түркістан облыстық Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері «Қарасора – 2022» жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізіп, 2700-ден астам түп көкнәр еккен егде жастағы ер адамды ұстаған болатын. Яғни жергілікті тұрғыннан полиция бөліміне Сарыағаш ауданының тұрғыны есірткі егумен айналысады деген жедел ақпарат келіп түскен. Ақпарат алысымен ПД-нің тәжірибелі тәртіп сақшыларынан шұғыл топ құрылып, есірткіге қатысты қылмыстың алдын алу мақсатында тыңғылықты тексеру жұмыстарын жүргізген. Жинақталған ақпарат көздеріне сүйене отырып, тәртіп сақшылары күдікті азаматтың мекенжайын анықтап, оның үйіне тінту жұмыстарын жүргізді. Осылайша егде жастағы ер адамның үйінің артқы жағында орналасқан егістік алқабынан күтіп-бапталған есірткіге ұқсас өсімдіктер табылды. Айғақты зат ретінде күдіктіден 2720 түп өсімдік тәркіленіп, сараптамаға жіберілді. Сараптама қорытындысымен алынған түптер «көкнәр» өсімдігі болып шықты. Қазіргі таңда аталған жайт ҚР ҚК-нің 300-бабымен «Құрамында есірткі заттары бар, өсіруге тыйым салынған өсімдіктерді заңсыз өсіру» оқиғасы ретінде тіркеуге алынды. Оқиғаның толық мән-жайы анықталуда.
Сондай-ақ, аталған шара барысында есірткі қылмысы бойынша полицейлерге шұғыл ақпарат түсіп, есірткі сатумен айналысады деген күдікпен Созақ ауданының тұрғыны құрықталды. 30 түп «сора» есірткі өсімдігін өсірген тұрғын анықталды. Полиция қызметкерлері күдіктінің үйін тексеру кезінде ауласынан 26 түп, ауланың сыртында ағаштармен қоршалған жерден 4 түп есірткіге ұқсас өсімдік тауып, тәркіленіп алынды. Айғақты зат ретінде алынған заттарға сараптама тағайындалды. Нәтижесінде оның «сора» есірткісі екені расталды. Күдікті полиция бөліміне жеткізіліп, қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. ТО ПД-нің қызметкерлері шекара бекетімен де тығыз байланыс орнатқан. Оған дәлел, жақында ғана шекарадан есірткі алып өтпек болған шетелдік азамат ұсталды. Нақтырақ айтсақ, «Қапланбек» шекара бекетінен Қазақстаннан Өзбекстан Республикасына шетелдік жас жігіт өтер сәтте «Малком» атты қызметтік ит белгі беріп тоқтатқан. Полиция қызметкерлері ақпарат түсісімен оқиға орнына дереу жетіп, шетелдікті тінту кезінде оның шалбарының қалтасынан есірткі затына ұқсас зат тапқан. Нәтижесінде ол «кептірілген марихуана» болып шықты. Аталған жайтты полиция қызметкерлері ҚР ҚК-нің 286-бабы «Айналыстан алып қойылған заттардың немесе айналысы шектелген заттардың контрабандасы» бойынша тіркеуге алды.
Бұған қоса түркістандық полицейлер өзге облыстан келіп, есірткі саудасымен айналысатын азаматтарды қатаң бақылауда ұстауда. Осыған орай қырағы сақшылар есірткі саудасымен айналысады деген күдікпен Алматы облысының тұрғынын ұстады. Оның жеке басына тінту жүргізу кезінде қолындағы сөмкесінің ішінен 14 дана полиэтилен пакетке салынған қоңыр-жасыл түсті айрықша иісі бар есірткіге ұқсас зат табылды. Әрі қарай күдікті әмиянынан 1 дана пакетке салынған, сондай-ақ 1 дана қағазға оралған есірткіге ұқсас ұнтақ және «Трамадол» жазуы бар 5 дана психотроптық дәрісін тапсырды. Полицейлердің қырағылығы мен кәсіби шеберлігі арқасында табылған айғақты заттар толығымен тәркіленіп, сараптама тағайындалды. Зерттеу қорытындысына сәйкес, сөмкеден алынған заттың салмағы 1 келіге жуық «гашиш» болып шықты. Ал әмияннан алынған пакеттегі зат 1,5 грамм синтетикалық есірткі, қағаз орамадағы зат 1 грамм «героин» екені расталды. Ал оқиғаның толық мән-жайы тергеу барысында анықталатын болады. Күдікті қамауда.
Дәл осындай 1 келіге жуық есірткі заты Сайрам ауданының тұрғынынан да табылды. Оның өзін және көлігін тінту кезінде көліктің артқы орындығынан полиэтиленді пакетке оралған есірткі затына ұқсас зат табылды. Оны полицейлер айғақты зат ретінде тәркілеп алып, сараптама тағайындады. Нәтижесінде ол салмағы 1 келіден астам «марихуана» есірткі заты болып шықты. Қазіргі таңда сезікті қамауға алынып, оған қатысты тергеу амалдары жүргізілуде. Аталған жайтты полиция қызметкерлері ҚР ҚК-нің 296-бабы «Есірткі, психотроптық заттармен, сол тектестермен, прекусорлармен өткізу мақсатынсыз заңсыз жұмыс істеу» бойынша тіркеуге алды».
Осы тектес заңбұзушылықтар мен қылмыстар орын алмас үшін, қоғамды зиянды әрекеттерден аулақ ету үшін Түркістан облыстық Полиция Департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері облыстық әкімдік, Жастар орталығымен бірлесіп «Есірткісіз болашақ» атты кең көлемді іс-шара өткізді. Балалар арасында түрлі спорттық жарыстар ұйымдастырып, сыйлықтармен ынталандырып, нашақорлықтың алдын алу тақырыбында түрлі акциялар ұйымдастырылды. Тәртіп сақшылары 1 айға жоспарланған акция кезінде жастарды қатыстыра отырып, спорттық марафон ұйымдастырды. Таңертеңгілік жаттығу, велосипедшілер шеруі мен Жылдам қимылдайтын арнайы жасақ қызметкерлерінің өнер көрсетуімен флешмоб өткізді. Сондай-ақ, полиция қызметкерлері тұрғындар арасында көпшілік баратын орындарда, саябақтар мен көшелерде түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Керуен-сарай кешенінде алдын алу акциясы өткізіліп, «Өмір қайығымен есірткісіз болашаққа» көрнекіліктерімен қайықтарға мініп, жұртшылықпен жүздесті. «Есірткісіз болашақ» акциясына сәйкес 30 күн бойы өткізілген түрлі конкурстар мен сайыстарға қатысушылар мен жеңімпаздар салтанатты жағдайда марапатталып, концерттік бағдарлама ұйымдастырылды. Есірткі затынан аулақ жүруге үгіттейтін мұндай акциялар алдағы уақытта да жалғасын табады деп сендіреді тәртіп сақшылары. Себебі есірткі затының денсаулыққа зияны, қоғамға қаупі жайында, қылмыстық жауапкершілігі туралы халық арасында кеңінен насихатталуы тиіс және бұл жұмыстар жүргізіліп те жатыр. Мәселен, полицейлер сала мамандарын қатыстыра отырып, жиі-жиі онлайн, офлайн кездесулер ұйымдастыруды үрдіске айналдыруда. Онда медициналық-санитарлық көмек көрсететін орталықтың қызметкерлері, психолог мамандар, мешіт имамдары есірткі заттарын қолданудың алдын алу, салауатты өмір салтын насихаттау, өзіне, өзгелерге саналы және жауапкершілікті қарым-қатынасты қалыптастыру, өскелең ұрпақты салауатты өмір салтын ұстануға шақыру аясында, балалармен жұмыс істеу кезінде оларға кімде-кім есірткі затын ұсынса, бірден заңмен тыйым салынған заттарды қолданудан бас тарту дағдыларын үйрету керектігі туралы ақыл-кеңестер мен тиімді ақпараттар беріледі.
Заңсыз аң аулағанға жаза қатаң
Браконьерлік – қылмыс қана емес, қоршаған ортаға, жануарлар мен өсімдіктер әлеміне төнер үлкен қауіп. Осы қауіптің алдын алу мақсатында 2020 жылдан бастап елімізде браконьерлікпен айналысқандарға қатысты заң күшейтілген-ді. Ендігі жерде елімізде заңсыз аң аулаумен айналысқандар 6 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Қылмыстық Кодекстің 337-бабында осылай делінген. Ал сирек кездесетін, құрып кетудің алдында тұрған аңдарды аулағаны үшін 7 жылдан 12 жылға дейін түрмеге тоғытылу қаупі төніп тұр. Бұдан бөлек өсімдіктер мен жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі инспектордың, қорықшылық қызметінің өміріне қол сұғушылық 15 жылдан 20 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады. Алайда кейбір құныққан браконьерлер арасында мұндай қатаң жазаға да құлақ аспайтындар табылады.
Айталық, жуырда Түркістан облысы Полиция Департаменті Криминалдық полиция қызметкерлері арнайы операция жүргізу нәтижесінде облыстың 3 ауданының аумағында балық ресурстарын заңсыз өндірумен айналысқан күдіктілердің жолын кесті. Түркістан облысы ПД Криминалдық полиция басқармасы мен Жылдам қимылдайтын арнайы жасақ қызметкерлері бірлесіп, Түркістан облысының 7 тұрғынынан тұратын алдын ала сөз байласу арқылы қылмыс жасаған адамдар тобын ұстады. Олардың біреуі бұрын да сотталған екен. Күдіктілер балық аулауға қажетті барлық құрал-жабдықтармен жабдықталған, яғни қайықтар, костюмдер, электр қондырғыларын қолдана отырып, табиғи ресурстарды өндіруді табыс көзіне айналдырған.
Белгілі болғанындай, браконьерлер түнгі уақытта Шардара және Көксарай су қоймаларында табиғат қорғау инспекторларының жоқ сәтін біліп, заңсыз балық аулаған. Содан кейін олар екі автокөлікпен заңсыз ауланған балықтарды Шымкент қаласының базарларына апарып сатқан. Ақшасын өзара бөлісіп отырған. Қазіргі уақытта алдын ала сөз байласып, қылмыс жасағандардың заңсыз балық аулаудың 3 жайтына қатыстылығы дәлелденді. Ал келтірілген шығын көлемі 11,5 миллион теңгеден асады. Күдіктілердің тұрғылықты жерін тінту кезінде 2 автокөлік, 3 қайық, 4 қайық қозғалтқышы, 10 қармақ, 6 балық аулау костюмі, 2 радиостанция және басқа да балық аулау құралдары, сондай-ақ 120-дан астам балық аулау торлары мен 1,5 тоннадан астам заңсыз ауланған балық тәркіленді. Бүгінде 3 күдікті қамауға алынып, топтың қалған мүшелеріне қатысты «ешқайда кетпеу туралы қолхат» түрінде бұлтартпау шарасы таңдалды. Тергеу ҚР ҚК 335-бабы «Балық ресурстарын, басқа су жануарларын немесе өсімдіктерін заңсыз өндіру» бабы бойынша жүргізілуде.
Түркістан облысы аумағында бұған дейін браконьерлікті, биологиялық ресурс объектілері мен өнімдерінің заңсыз айналымын анықтауға және жолын кесуге бағытталған «Браконьер» өңірлік жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілген болатын. Ұйымдастырылған іс-шараға Түркістан облысы Полиция департаментіне қарасты барлық қала-аудандық полиция бөлім мен басқармалардың табиғатты қорғау инспекторлары атсалысты. Жалпы, іс-шара өткен 19 тәулік ішінде полицейлер 2 экологиялық қылмыс пен 140 әкімшілік құқық бұзушылық оқиғаларын анықтады. Атап айтсақ, балық ресурстарын және басқа да су жануарлары мен өсімдіктерін заңсыз алу бойынша 2 қылмыс тіркелген. Мысалы, Созақ аудандық ПБ-ның табиғатты қорғау инспекторы, полиция капитаны Жомарт Атабаев Құмкент ауылына қарасты «Ақжар» көлінің маңайында күдік тудырған «Нива» маркалы автокөлікті байқаған. Тексеру кезінде автокөліктің жүк салғышынан заңсыз ауланған балықтар табылған. Аталған жайт ҚК 335-бабы «Балық ресурстарын, басқа да су жануарларын немесе өсімдіктерді заңсыз аулау» оқиғасы бойынша тіркелді. Анықталған 3 күдікті азамат Сайрам ауданының тұрғындары болып шықты. Олардан 42 келі сазан балығы мен 200 метр балық аулауға арналған тор тәркіленіп алынды. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Сонымен қатар, анықталған әкімшілік құқық бұзушылықтар бойынша табиғатқа зиян әкелген тұрғындарға 1,5 миллионнан астам айыппұл салынған. Түркістан облысында «Браконьер» жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында ІІО-да тіркелмеген 5 дана аңшы мылтығы, 1 дана электромотор, заңсыз ауланған 45 келі балық, 200 метрден астам қытай ау-торы, 1 дана жүзу құралы айғақты зат ретінде алынды. 2 автокөлік айыптұраққа қойылды.
Бейнебақылау – адалдықтың бастауы
Қылмысты болдырмау, алдын алу әдістерінің заманауи әдісі адам көп жиналатын қоғамдық орындарды, көшедегі көлік қозғалысын бейнебақылау арқылы бақылау болып табылады. Қазіргі таңда сервистік моделге сай полицейлер жаңа технологияларды қоғамдық тәртіпті тұрақтандыруда, халықпен тығыз байланыс орнатуда оңтайлы пайдаланып келеді. Соның бір дәлелі – қызылордалық тұрғынның түркістандық полицейлерге шынайы ризашылығын жеткізіп, алғыс бейнежазбасын жолдауы. Бұл оқиға жайында ТО ПД баспасөз қызметі абайсызда қолайсыз жағдайға тап болған азаматшаның алғысын алға тарта отырып, былай деп хабарлайды: «Мен Түркістан қаласына жеке жұмыстарыммен барып, қала ішінде белгісіз таксиге отырып, діттеген жеріме келген соң түсіп қалдым. Арадан бірнеше минут өткенде көлік ішінде 1 млн теңге ақшасы бар кіші қол сөмкемді ұмытып кеткенімді байқадым. Бірден түскен жеріме қайта келгеніммен, ол көлікті таппай қалдым. Білетінім тек қана көліктің түсі және маркасы, ал оның мемлекеттік тіркеу нөмірі немесе байланыс телефондарынан мүлдем хабарсыз едім. Содан жүгіріп жақын маңдағы полиция пунктіне хабарласып, көлікті табуға көмек берулерін сұрадым. Бірақ іштей «табылмайды-ау» деп күдерімді үзген едім. Алайда Түркістан облысының қырағы, кәсіби шебер полицейлерінің шұғыл жұмысы барысында 4 сағат ішінде көлік те, сөмкем де, ақшам да табылды. Өте қуаныштымын. Тәртіп сақшыларына Алла разы болсын!» – деп, шынайы алғысын білдірді».
Оқиға жайында нақтырақ айта кетсек, Түркістан ҚПБ-ның полицейлері ақпарат алысымен тез арада әйелдің ірі көлемде ақша салынған сөмкесін тауып беруге кіріскен. Тәртіп сақшылары қажетті деп танылған барлық шараларды іске асырған. Нәтижесінде жедел басқару орталығындағы бейнебақылау камералары арқылы бірнеше сағат ішінде тұрғынның сөмкесі қалып кеткен көлік табылған. Яғни полицейлер тез арада облыс орталығында орналасқан бейнебақылау камераларын жіті тексеріп, автокөлікті анықтап, тапқан. Жоғалған сөмке, ішіндегі барлық ақшасымен заңды иесіне қайтарылған.
Бейнебақылау камералары – құқық бұзушылық пен қылмыстың алдын алуға, сонымен қатар қадағалауға пайдасы зор. Бұл камералар полиция қызметкерлерінің жұмыстарын жеңілдетіп, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Себебі осы көмекші құрал арқылы іздеген жоғын табады, ұрының жолы кесіледі. Осы тақырып аясында Түркістан облысы әкімдігінің кіші мәжіліс залында маңызды жиын өткен болатын. Бұл шараға Түркістан облысы Полиция департаменті Жедел басқару орталығының қызметкерлері облыс әкімдігінің цифрландыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасы, «Көркем Телеком» ЖШС басшылары қатысты. Жиналғандар бейнебақылау камераларының тиімділігі мен болашақта азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша қойылатын бейнебақылау камералары туралы кеңінен талқылап, зерделеді. Одан бөлек жедел басқару орталығына қосылған 1035 бейнебақылау камераларының жұмыс тиімділігі тексерілді. Айта кетсек, облыс бойынша 1 303 бейнебақылау камералары орнатылып, оның 1035 данасы жедел басқару орталығына қосылған. Қазіргі таңда 81 камера істен шығып, жөндеу жұмысына берілді. Сонымен қатар «Сергек» камераларын қосымша қою туралы шешім қабылданды.
Ал облыс орталығы – Түркістан қаласында 56 дана «Пелко» бейнебақылау камерасы орнатылған. Бүгінде қасиетті өңірімізге келушілер саны жыл сайын көбейгендіктен және жаңа мөлтекаудандардың құрылуына байланысты бейнебақылау камераларын арттыру жұмысы басты орында. Осыған байланысты камераларды қажетті аумақтарға қою жұмысы қарастырылуда. Сервистік полицияның жұмысын жандандыру үшін барлық жоспарлар жүзеге асырылуда.
Қорыта айтқанда, Мұрат Қабденов басшылық ететін Түркістан облыстық Полиция Департаменті қызметкерлері қылмыстың алдын алу, онымен күрес барысында көптеген іс-шаралар ұйымдастырып, ол нәтижесін беріп келеді. Әрине, әлі де жұмыс сапасын арттыратын тұстар да жоқ емес, ол басшылық тарапынан әрдайым күн тәртібіне қойылып, нәтижені арттырудың амалдары үздіксіз жүргізілуде. Тәртіп сақшыларының жұмысы қарқынды, нәтижесі оңды болса, халықтың да қауіпсіз ғұмыр кешері сөзсіз.