Қордайдағы игі істер мен табыстар – ел мерейі

Қордайдағы игі істер мен табыстар – ел мерейі

«Ауыл аманаты – ел аманаты» атты «АMANAT» партиясы, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі, ҚР Оқу-ағарту министрлігі, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, 

«Ардагерлер кеңесі» РҚБ, «ЕлАна» қоғамдық, әлеуметтік-танымдық сайты,   «Qazaqstan dauiri» газеті, «Мөлдір бұлақ» журналының бірлескен экспедициясы Жамбыл облысында

 

Қордай ауданы

 

Ауыл аманатын, ел аманатын «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидаты аясында жеткізуді өзіне міндет санаған «Qazaqstan dauiri» газеті экспедициясы Жамбыл облысына ат басын тірегені туралы жазған болатынбыз. Әулиеата өңіріне сапары аясында «Qazaqstan dauiri» ЖШС-ның Бас директоры Сәуле Мешітбайқызы аймақтағы аудандарды аралаған шақта бірқатар көңіл қуантарлық істердің куәсі болды, «әттеген-ай» дейтін де тұстар төтеден шыққаны жасырын емес. Жалпы оңтүстік аймақтағы шаруақор ағайынның бүгіні турасында тарқатып айтсақ...  

 

 

Іргелі мекеннің  ілгері жайы 

 

Жамбылға сапар аймақтағы ірі аудандардың бірі – Қордайда жалғасын тауып, алғашқы кездесу аудандық әкімдікте өтті. Облыс орталығынан 300 шақырым жерде орын тепкен, 160 мыңға жуық тұрғыны бар, бір ғана аудан орталығы Қордайдың өзінде 40 мың халық тұратын іргелі мекендегі әлеуметтік-экономикалық жағдай өзгелерден көш ілгері болғанымен, әлі де болса проблемалық мәселелер де жоқ емес. Жиынға Сәуле Мешітбайқызы,  Қордай ауданы әкімінің орынбасары Дамира Сүгірбай, «АMANAT» партиясының аудандық филиалының төрағасы Бейқұт Жамангозов, бөлім мен мекеме басшылары, ауылдық округ әкімдері мен білім беру мекемелері директорлары қатысты.  Кездесу «Ауыл аманаты» жобасының ауданда іске асуы бойынша ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы Ғалымжан Оспановтың баяндамасымен басталды.   

«Ауылшаруашылығы тауарларын өндірушілерді жан-жақты қолдау, ел тұрғындарын аграрлық бизнеске барынша тарту, азық-түлік қауіпсіздігі және азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуға байланысты мәселелерді шешу мақсатында жобаланып, жүзеге асырылып жатқан «Ауыл аманаты» мемлекеттік бағдарламасына қордайлықтар үлкен қызығушылық танытты.  Жобасының басты мақсаты – ауылды жерлердегі халықтың табысын арттыру. Қарыз алу шарттары да өте тиімді, себебі ондағы пайыздық мөлшерлеме әлдеқайда төмен. Несие мерзімі – 5 жыл, ал мал шаруашылығы және ауылшаруашылығы кооперативтерін құру саласындағы жобалар бойынша – 7 жылға дейін берілетіні  қазір баршаға белгілі. Қордайда бұл жоба 2019 жылдан бері іске асып келе жатқанын ескерсек, осы күнге дейін бағдарлама шапағатын талай шаруа көргенін айта аламыз», – деген Ғалымжан Жарылқасынұлы бірқатар статистикалық мәліметтерді келтіре кетті.

Мәселен, ауданда «Ауыл аманаты» жобасы Жамбыл ауылдық округінде пилоттық жоба ретінде 2019 жылы бастау алып, жобаның 1-бағыты бойынша үй іргесін тиімді пайдалану үшін 8,5 миллион теңге берілген. Жалпы сол кезде жобаның 2-ші бағытымен округтің 250 тұрғыны 701 миллион теңгеге 1729 бас мүйізді ірі қара, 2150 бас қой және 114  жылқы сатып алған. Жобаның 4-ші бағытымен  «Жаңатұрмыс-Бірлік» өндірістік кооперативі  59,9 миллион теңгеге 17 бірлік техника  атып алды. 5-ші бағыты өз кәсібін ашу бойынша «Кирилов» жеке кәсіпкерлігі бал арасын өсіру үшін 3,1 миллион теңге несие алып, кәсібін жүргізуде. 2022 жылы жоба ауданда жалғасын тауып Кенен ауылдық округінің 74 тұрғыны жобаның 2-ші бағытымен 71 бас мүйізді ірі қара,   4518 бас қой және 114  жылқы, 4-ші бағытымен «Кенен Береке» өндірістік кооперативі 53,8 миллион теңгеге 9 бірлік  техника сатып алса,  5-ші бағытымен құс шаруашылығы бойынша 4 адам 34,4 миллион теңге несие алған.  Ал, 2023 жылы Қарасу ауылдық округінің 69 тұрғыны жобаның 2-бағытымен 450,2 миллион теңгеге  1300 бас мүйізді ірі қара,  1200 бас  қой және 125  жылқы,   4-бағытымен «Береке Өтеген» өндірістік кооперативі  38,5  миллион теңгеге 5 бірлік техника, 5-бағытымен гидропоника (жылыжай өндірісі) 3,8 млн. теңгеге сатып алған. Сондай-ақ,  Қаракемер ауылдық округінің 144 тұрғыны жобаның 2-бағытымен 912 миллион теңгеге 1460 бас мүйізді ірі қара, 1185 бас қой және 33  жылқы алса, 4 – бағытымен «Қаракемер Агро – 2023» өндірістік кооперативі   38 миллион теңгеге 2 бірлік техника сатып алыпты. Сарыбұлақ ауылдық округінде жобаның 2-бағытымен  47  адам 273 миллион теңгеге 782 бас мүйізді ірі қара, 802 бас қой сатып алыпты. Қақпатас ауылдық округінде 2-бағытымен  46 адам 212,6 млн теңгеге 510 бас мүйізді ірі қара, 1060 бас  қой және 27 бас жылқы,  8 адам 60,2 миллион теңгеге 86 бас мүйізді ірі қара және 608 бас қой сатып алған.  

Жалпы аудан бойынша 2,9 миллиард теңгеге 6016 бас мүйізді ірі қара, 10879 бас қой және 405 бас жылқы сатып алынса,  4 өндірістік кооперативі ашылып 190 млн теңгеге 25 техника мен құрал-жабдықтар алған. Жалпы жобаға  631 адам қатысқан. 

2024 жылы «Ауыл аманаты» жобасына енгізілген өзгертулерге байланысты V бағыт – жеке кәсібін ашуға және қайта жарақтандыруға ғана берілетін болды. Өзгеріс жақсы болғанымен, негізінен табысын мал шаруашылығынан алатын жандар үшін қолайсыздау болып отырғаны да жиын  барысында сөз болды. 

Кездесуде Жамбыл облысы әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасының бас маманы Бақыт  Сейтімбетова «Ауыл аманаты» жобасы бойынша жалпы облыста қолға алынған жұмыстарға шолу жасап өтсе, ең алғаш рет аталмыш жоба пилоттық болып іске асқан Жамбыл ауылдық округінің әкімі Айдар Бірімқұлов атқарылған жұмыстарға тоқталды. 

Өз сөзінде Сәуле Мешітбайқызы осы «Ауыл аманаты» жобасындағы 5-бағыт бойынша өзгертулер көп шаруаға қолбайлау болып, ары қарай ауыл дамуына кедергі болуы да мүмкін екенін жасырмады. 

Кездесу барысында әңгіме барысы өзге тақырыптарға да ойысып, бірқатар ой-пікірлер айтылды. 

«Халықаралық мәртебесі бар «Qazaqstan dauiri» басылымының ұстанатын бағыты айқын – ол ел ішіндегі күнделікті орын алып жатқан келелі істер мен кемшін тұстарды билік пен бұқара арасындағы алтын көпір іспетті байланыстырып отыру. Бұл бағыттағы атқарған ісіміз орасан, алға қойып отырған жоспарымыз да ауқымды. «Ауыл аманаты – ел аманаты» экспедициясының өңірлерді аралаудағы мақсаты, халықтың жай-күйі», – деді қоғам қайраткері Сәуле Мешітбайқызы. 

Басқосуда тек ауылшаруашылығы, экономика емес, ұлттық құндылық, бала тәрбиесі, тіпті ата-ана тәрбиесі сияқты сұрақтарға ауысып, ол жайында да толғанысы мол тағылымды дүниелер айтылды. 

«Бүгін сіздермен араға бір жыл салып қауышып отырмыз. Еліміздің 16 облысын аралап, ел ішіндегі елеулі істерді жалпыға жар салып келеміз. Проблемалық мәселелер болса, оны да «биліктегілердің назарына» деп айқара айдар қойып, оның тіпті шешу жолдарын да бірге іздеуге дайын болып жүрген жайымыз бар. Әңгіме ауыл туралы болған соң оның дамуы, болашағы, сол ауылдағы қара домалақтардың болашағы ойландырмай қоймайды. Ұялы телефон деген ноқтаны басына қымтап киген бүгінгі бала ертең сол ноқтаның жетегінде бір қазыққа байланып, бір орында айналшықтап қалатыны анық. Қазір «еті сенікі, сүйегі менікі» дейтін ата-ана жоқ. Қит етсе ескерту айтқан мұғалімді сын тезіне алып, дүрсе қоя беретін, баланың емес, өз тәрбиесіне жауап бере алмайтын ата-аналар көбейді. Ұлттық сана, ұлттық құндылық, «ата тұрып ұл сөйлегеннен без» дейтін тәрбие бүгінде мақұрым қалып барады. Осыны ойланайық, ағайын! Пікір керек, орамды ой керек, кесіп айтар шешім керек. Соны сіздерден сұраймын», – деді Сәуле Мешітбайқызы. 

Тәлім мен тәрбие, қазіргі жас буынның беталысы жайында аудандық білім бөлімінің басшысы Санан Әшірбеков сөз сөйлесе, Қорадай аудандық ардагерлер кеңесі төрағасы Біржан Әлімбет аталмыш тақырып аясында өз ойын қоса кетті. 

«Жалпы жобалар турасында мәселеге келер болсам, көбісі шикі немесе аяқталмаған болып шығады. Көп мемлекеттік деңгейде қолға алынған осы тақылеттес істер не соңына жетпей қалады немесе басқа жағынан қиындықтар тудырып жатады. Осы орайда айтарым, қандай да бір үлкен жоба қолға аларда ең алдымен халық талқысына салу қажет деп есептейтін. Осыны жоғары жақтағы азаматтарға жеткізуді сұраймын. Ал, бала тәрбиесіне келер болсақ, қазір бұл өте өзекті мәселе болып отыр. Біздер күнделікті әр мектеппен жұмыс істеп, ұлттық сана, тәрбие бағытында жұмыс жүргізгенімізбен, әлі де болса қола алар жұмыстар жетерлік екенін көз көріп жүр. Жақында аудан орталығында оқушылардың арасында мақал-мәтелден жарыс болды. Ол бағытта балалардың білімі өте төмен болып шықты. Бұл өте ойланатын жай. Сонымен қатар мұғалімді «жерден алып, жерге салатын» ата-ана тәртібіне аса мән берген жөн деп білемін. Бұл сұрақты заң аясында қарастыру қажет», – дейді Біржан Әбдікерімұлы. 

Жиынды қорытындылаған аудан әкімінің орынбасары құрметті қонаққа алғысын білдіріп, ел өркендеуі, қоғамның өркендеуі жолындағы еңбегіне табыс тіледі. 

 

Арман болған көпбейінді аурухана 

 

«Qazaqstan dauiri» газеті экспедициясының Денсаулық сақтау министрлігімен бірлескені де бекерден емес. Қордай ауданына сапар барысында Сәуле Мешітбайқызы аудандық орталық арухананың жайымен танысты. Биыл өзінің мерейлі 100 жылдығын атап өткен денсаулық сақтау мекемесі кадрлар ұстаханасы, мықты, білгір дәрігерлер тәрбиелеп шығарған, медициналық қызметкерлер династиялары еңбек еткен ерекше орын. Тек, осы күні тозығы жетіп, қазіргі таңдағы медициналық көмек көрсету стандарттарына ғимараттарының сай келмей тұрғаны. 100 жылдық тарихы бар аудандық медицинаның орталығы саналатын аудандық аурухана аумағындағы ғимараттардың салынғанына кемінде 50-60 жыл болған. Қазіргі талаптарға ол ғимараттардың сай келмесі де заңдылық. 

Шұғыл және жоспарлы емдеу-диагностикалық, стационарлық көмек көрсететін емдеу мекемесінде жылына жалпы 10 000-нан астам науқас емделеді екен. Аудандық  орталық аурухана 158 704 тұрғынға қызмет көрсетуде.  Оның ішінде 14 жасқа  дейінгі 51 058  балаларға, 6 446 жасөспірімдерге 32 254 құнарлы  жастағы әйелдерге  медициналық көмек көрсетеді. Орталық ауруханасының бөлімшелері орналасқан ғимараттар 1956-1992 жылдар аралығында салынған. Тозу көрсеткіші қазір 100% құрайды.

Халық санының көптігінен былай аудандық дәрігерлерге қосымша жұмыстар да жетіп артылады. Мәселен,  Қордай ауданы аумағынан  «Алматы –Термез», «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық маңызы бар трассалар, облыстық маңызы бар жолдар өтеді.  Өкінішке орай, жол-көлік оқиғалары орын алуына байланысты барлық зардап шеккендер осы ауруханаға түсіп жатады.  Зардап шеккендердің жаппай келуі кезінде хирургиялық бөлімде резервтік кереуеттердің жеткілікті санын орналастыруға мүмкіндік жоқ болғандықтан, дәрігерлер оларды дәліздерге орналастыруға мәжбүр. Ондай оқиғалар үнемі қайталанып тұрады. 

Бүгінгі күні аталмыш денсаулық сақтау мекемесі  «Денсаулық сақтау объектілеріне қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар» санитариялық қағидаларын және ҚР санитариялық нормалары мен қағидаларына  сәйкес келмейді. Бұл сәйкес келмеушілік онсызда жұмысы күрделі медициналық мекемеге үлкен ауыртпалықтар әкелуде. Соларға қысқаша тоқталып кетсек. Аудандық аурухананың ғимараттары бір-бірінен шамамен 100 метр қашықтықта орналасқан. Корпустар арасындағы жабық оқшауланған өткелдердің болмауы, жүре алмайтын науқастарды тасымалдауды  қиындатады,  сумен жабдықтау жүйесінің металл құбырлары тозған, жылыту жүйесінде жылу беруде жиі үзілістер болады, қоғамдық денсаулық сақтауды басқару органдары тексерген кезде санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға сәйкес келмеуіне байланысты  хаттамалар мен айыппұлдар жүйелі түрде салынады. Бұл «жығылғанға жұдырық» деп ерте шешім шығармай-ақ қоюға болады. 

Стационар үй-жайларында медициналық қалдықтарды уақытша сақтауға, жинау құралдарын сақтауға арналған арнайы бөлмелер, дезинфекциялық құралдарды сақтауға және сұйылтуға арналған үй-жайлар жоқ, бұл «Профилактикалық (иммунобиологиялық, диагностикалық, дезинфекциялық) препараттарды сақтау, тасымалдау және пайдалану қағидаларын бекіту туралы» бұйрықты бұзу болып табылады екен. Орны жетіспеушілігіне байланысты медицина қызметкерлерінің демалысын ұйымдастыру үшін жағдайлар туралы мұнда тіпті естімеген.  Бөлімшелер палаталарында алаңдардың болмауына байланысты науқастар палатада 5-6 адамнан орналасады, бұл «Емдеу-алдын алу мекемелері» туралы нормалар мен ережелерді бұзу болып табылады. Науқастардың көп жиналуына байланысты науқастарды  қажетті ауа кубатурасымен және жарықпен қамтамасыз ету де мүмкін емес.

Қордай аудандық орталық ауруханасының қазіргі таңдағы жағдайы осындай. Осыларды ескере отырып,  270 төсектік көпбейінді орталық аудандық аурухана салу қажеттілігі туындаған. Бірақ, жобалық-сметалық құжат жасалғанымен, ондағы соманың тым үлкен болуына байланысты әзірге мемлекет тарапына қолдау таппай отыр. Жалпы сомасы 30 миллиард теңгеден асып түскен. Мұндай қаржы оңайлықпен қолдау таппайтыны да анық. Дей тұрғанымен де, 150 мың халқы бар үлкен аудан үшін бұл қажеттілік. Қажеттілік болғанда, уақыт күттірмейтін қажеттілік. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың  2022 жылғы 1 қыркүйектегі  «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында айрықша тоқталған «Ауылдағы денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасын жүзеге асыру шаралары Қордайда неліктен іске аспай жатқаны ойлатпай қоймайды. Ұлттық жобаны жүзеге асыру аясында таяудағы екі жыл ішінде шалғайдағы елді мекендерді қоса алғанда барлық ауылды медициналық инфрақұрылыммен қамту, аудандық ауруханаларды көпбейінді медициналық мекемелер деңгейіне дейін жаңғырту, арнаулы медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру, ауыл халқын скринингпен қамту, ауылдағы медициналық ұйымдар базасында дәріхана пункттерін ашу, кадр мәселесі және ауылдағы медициналық көмекті дамытуға бағытталған басқа да мәселелерді шешу қарастырылған. Алайда, іс жүзінде Президент тапсырмасы іске аспай отыр деген сөз. Биыл Қордай ауданындағы Масаншы және Сортөбе ауылдарындағы ауруханаларға қомақты қаржы бөлініп, қосымша заманауи ғимараттар салыныпты. Бірақ, бұл дегеніңіз орталық аурухана назардан тыс қалуы керек деген сөз емес болар. Ол жұмыстар аудан орталығында көпбейінді аурухана салуға кедергі болмауы тиіс.

 

Жұмысшы  мамандар дайындау – заман талабы

Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында кәсіби білім беру жүйесін реформалаудың маңыздылығы туралы сөз ете келе мынадай маңызды мәселеге тоқталған болатын. «Мен 2025 жылды Жұмысшы мамандықтары жылы деп жариялаймын. Осы уақыт ішінде техникалық және кәсіби білім беру жүйесін реформалау қажет. Сондай-ақ біз жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясын насихаттаймыз. Бұл біз ұсынып отырған «Адал азамат – Адал еңбек – Адал табыс» қағидатына толық сай келеді. Бір сөзбен айтқанда, біздің қоғамда еңбекқорлық, кәсібилік сияқты қасиеттер өте жоғары бағалануға тиіс. Өз кәсібін жетік меңгерген мамандар ұлт сапасын арттырады. Сондықтан біз еңбек адамының мәртебесін көтеріп жатырмыз.

Бұл бағыттағы жұмыс тоқтамайды, жалғаса береді. Жұмыстың жаманы жоқ, кез келген еңбек қадірлі. Ең бастысы, әркім жауапкершілікті терең сезініп, өз міндетін сапалы атқаруға тиіс. Сонда ғана еліміз дамудың сара жолына түседі», – деген еді. Сол жұмысшы мамандықтарды даярлайтын мықты орталық Қордай ауданында орналасқан. Сәуле Мешітбайқызы экспедиция аясында осы күні Бетқайнар ауылында болды. Қазірі жұмысы қарқын алған №7 колледж жұмысымен танысу барысында бұл орында Президент айтқан жұмысшы мамандарды дайындауда үлкен жетістікке жетіп отырғанына көз жетті.  Гүлнар Әлімбаева басшылық ететін білім ошағының тарихы 1974 жылдан басталады.  «Фермер шаруашылығы», «Тігін өндірісі және киімді үлгілеу», «Дәнекерлеу ісі», «Ақпараттық жүйелер» мамандығына оқытатын колледжде білгір ұстаздар корпусы қалыптасқан. 

120 орындық типтік асхана, 1 оқу полигоны, 2 оқу шеберханасы, 3 оқу зертханасы, 3 тігін шеберханасы және оқу залы мен спорт кешені бар, кітапхана қорында 9500 оқу-құралдары қамтылған, заманауи мультимедиа сыныбы бар.   «Фермер шаруашылығы» мамандығында қыркүйек-қараша айларында жер жырту, тырмалау, күздік бидай себу, жүгері жинау, қант қызылшасын жинау жұмыстары атқарылса, ал наурыз бен мамыр айларының аралығында жер жырту, арпа мен жүгері себу, тыңайтқыштармен жұмыс істеу, өсімдіктерді күтіп баптаумен айналысады.

 

«Тігін өндірісі және киімді үлгілеу» мамандығы бойынша колледжде теориялық сабақ өткізуге екі кабинет және тәжірибеге тігін машиналарымен жабдықталған төрт шеберхана берілген. Қонақтар тігін цехына кіріп, саусақтары майысып, бірдей киім киген, түрлі киім үлгілерін тігіп отырған бойжеткендерді, яғни студенттерді көргенде таңғалысын жасыра алмады. Мақта өңдеуге дейінгі қажетті станоктары бар, оқу үрдісін тәжірибемен ұштастырып, тіпті былтырғы жылдары лимон өсіріп «айды аспаннан бір-ақ шығарған» аталмыш білім ошағы, сол жұмыстарды шебер ұйымдастыра білген білікті басшысы Гүлнар Әлімбаева жайында газетіміздің жаңа жылдағы алқашқы сандарында толығымен баяндайтын боламыз. Өйткені, жұмысшы мамандықтарды дайындауда бұл білім ошағының жеткен жетістіктері толағай. 

Бұл оқу орны туралы толығырақ ақпаратты  алдағы уақытта газетімізден және сайтымыздан оқитын боласыздар.

 

Тау болып үйілген қызылшаның обалы кімге? 

 

Сапарға, жалпы экспедицияға негіз болған «Ауыл аманаты» жобасы аясында Сәуле Мешітбайқызы Қордай ауданының Сарыбұлақ ауылында несие алып, шаруасын дөңгелетіп отырған жандармен кездесті. 

Қордай ауданы әкімінің орынбасары Жұлдызбек Бақаев, Ауыл шаруашылығы бөлімі басшысы Ғалымжан Оспановпен бірге Сарыбұлақтағы Медет Әлмежанов, Азамат Сатыбалды және Төлеген Абилдиновтың үйінде болды. Бірі алған қаржыға қой алса, екіншісі ірі қара алып, тіпті бір рет бордақылап сатып, екінші рет алып отырған жайы бар екен. 2,5 пайызбен мемлекет тарапынан жасалып отырған қолдауға ризашылығымыз шексіз дейді шаруалар.

Ең бастысы осындай халыққа тиімді бағдарламалар көбірек болса, ел тұрмысы тіктелер күн де алыс еместігін айтуда қараша халық. Жоғарыда атап өткеніміздей, Сарыбұлақ ауылдық округінде жобаның 2-бағыты бойынша 47  тұрғын 273 миллион теңгеге 782 бас мүйізді ірі қара, 802 бас қой сатып алыпты. Игерілген қаражат көлемі 354,9 миллион теңге болған. Алда қаражат алуды күтіп отырған жандар да жоқ емес. Көп ұзамай олар да өз жұмыстарын бастамақ. 

Осы орайда айта кетерлігі, аталмыш округтегі шаруалар биыл қант қызылшасын өсіруде рекордтық көрсеткішке ие болған. Аудан бойынша биыл 19 шаруа қожалық қызылша отырғызған. Соның ішінде аталмыш округте 600 гектар алқапқа тәтті түбір себіліп, әр гектарынан орташа есеппен 1000 центнерге дейін өнім алған. Алайда, оны өткізетін орын болмауы салдарынан жалпы аудан бойынша 30 мың тонна қызылша тау болып алқаптарда үйіліп жатыр. Оның себебі Меркідегі қант зауытының оны қабылдауға қауқарының жетпеуінде. Бізге жеткен мәліметтерге сенер болсақ, «Меркі қант зауыты» ЖШС қант қызылшасын қабылдау бойынша қоймаларында шикізаттың лимиттен тыс толы болуына байланысты кейбір шаруалар жиналған өнімді Жетісу облысына жіберуге мәжбүр. Бұл өсірілген өнімнің өзіндік құнының қымбаттауына әкеп соғатынын білу үшін әулие болудың қажеті жоқ.  Меркі қант зауытының қыркүйек айында қабылдаған қант қызылшасы уақытылы өңдеуден өтіп үлгермеуі себепті қазан айының соңында өнім бұзыла бастаған.

Ал, мында алқап жанында тау болып жатқан қызылша шаруаның жаздай төккен тері, еңбегі, енді қармен араласып қып-қызыл жасқа айналып ағып кетпесіне кім кепіл? Жақында Астанадағы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз конференциясында облыс әкімі Ербол Қарашөкеев ауылшаруашылығы саласының әлеуеті мен мемлекеттік қолдау шаралары туралы баяндай келе, өңірде қант қызылшасынан басқа барлық дақылдар бойынша егін жинау науқаны аяқталып, 3,6 миллион тонна өнім алынғанын айтып, 600 мың тонна қант қызылшасы жиналып, орташа өнімділігі 650 ц/га құрағанын жеткізді. Жиналған өнім Меркі және Ақсу зауыттарына өткізіліп жатқандығын да айтып ақпарат берді. Қант қызылшасын субсидиялауға жергілікті бюджеттен 3,4 миллиард теңге бөлініп, жыл соңына дейін республикалық бюджеттен 5 миллиард теңге көлемінде қаржыландыру күтілуде, – деді аймақ басшысы.

Бірақ сол қаржы жеткенше шаруа мен далада қалған өнімінің жайы не болмақ? 

Жандос ОМАРОВ, Жамбыл облысы Қордай ауданы
14.12.2024

Ұқсас жаңалықтар

Байзақтағы табыстар  мен игі істер  – ел мерейі
Нұрболат АМАНБЕК, Жамбыл облысы, Байзақ ауданы - 14.12.2024 422
Еңбектің тайқазанын қайнатқан  жамбылдықтар көпке үлгі
Дариха ҮМБЕТИЯРОВА, Жамбыл облысы - 14.12.2024 486
Қордайдағы игі істер мен табыстар – ел мерейі
Жандос ОМАРОВ, Жамбыл облысы Қордай ауданы - 14.12.2024 441
Еңбектің тайқазанын қайнатқан  жамбылдықтар көпке үлгі
Дариха ҮМБЕТИЯРОВА, Жамбыл облысы - 14.12.2024 472
ӘУЛИЕАТАЛЫҚТАРДЫҢ  ТОЙ МӘДЕНИЕТІ ТУРАЛЫ  ҮНДЕУІ ҚОЛДАУҒА ЛАЙЫҚ
Сәуле МЕШІТБАЙҚЫЗЫ, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері - 12.12.2024 663

Топ жаңалықтар

1
Хоккейдегі миллиондар кімдерге кетіп жатыр?
Show more
Айым Кенес - 2024-12-05 1158
2
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 11142
3
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 10084
4
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 13328
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 12287