ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова: Жұмыспен қамту шараларының 60%-ы ауыл тұрғындарына арналады

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі  Светлана Жақыпова:  Жұмыспен қамту  шараларының  60%-ы ауыл тұрғындарына  арналады

Естеріңізде болса, өткен қыркүйектің 20 жұлдызында «Qazaqstan dauiri» ЖШС-ның Бас директоры Сәуле Мешітбайқызы мен журналист Ерқазы Сейтқали ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова ханымның қабылдауында болған еді. Өз кезегінде Светлана Қабыкенқызы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің «Qazaqstan dauiri» газетінің «Ауыл аманаты – ел аманаты» экспедициясының қатарына қосылғандығын тағы да бір мәрте еске алып, экспедиция жұмысына қарата бірқатар маңызды ұсыныстарын жеткізген болатын. Біз осы орайды пайдалана отырып Светлана Қабыкенқызына көңілде жүрген біраз сауалымызды қойған едік. Министр ханым қызметінің  қарбаластығына  қарамастан  сұрақтарымызға жауап беріп, ой бөліскен болатын. 

 

Өз қызметіңді  заңдастыру үшін не қажет?

 

– Ауылда өзін-өзі жұмыспен қамтып отырған адамдар мен мүлде жұмыссыз адамдардың МӘМС, БЖЗҚ-ларға қаражат жинау мәселесінде біраз сұрақтар бар. Яғни аталған қорларға ақша аудармаған адамдардың емделу жағында, зейнетақы алу жағында өзгелермен салыстырғанда белгілі парықтар сақталатыны сөзсіз. Осы мәселелерді реттеудің тетігі бар ма?

– Әлеуметтік қорғау мәселелері әрбір қазақстандықтың мүддесін тікелей қозғайды және халықтың әлеуметтік әл-ауқатын қамтамасыз ету мақсаты аса маңызды. Өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар мен тұрақты жұмыс орны жоқ адамдарға жәрдемдесу мақсатында мемлекет жұмыспен қамтуды арттыру және оларды кәсіпкерлік қызметке тартуға бағытталған әртүрлі қолдау шараларын ұсынып отыр.

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Әлеуметтік кодекс аясында жергілікті атқарушы органдармен бірлесе отырып, жұмысқа орналастыру бағдарламаларын іске асырады. Азаматтарға субсидияланатын жұмыс орындары, қысқа мерзімді оқыту және біліктілігін арттыру мүмкіндіктері ұсынылады, бұл ауыл тұрғындарының еңбек нарығындағы бәсекеге қабілеттілігін арттырады. Сонымен қатар, кәсіпкерлік бастамаларды қолдау үшін кәсіпкерлік негіздеріне оқыту және қайтарымсыз гранттар беру шаралары іске асырылуда. Жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларының жалпы көлемінің 60%-ы ауыл тұрғындарына бағытталған.

Ауыл шаруашылығы министрлігі тарапынан ауыл тұрғындарына өз ісін бастап, өздерін жұмыспен қамтуға мүмкіндік беретін «Ауыл аманаты» жобасы жүзеге асырылуда. Еңбек министрлігі де жобаның қатысушыларын жұмысқа орналастыру бойынша мониторинг жүргізіп, міндетті зейнетақы жарналарын төлеу деректерін талдайды.

Өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар өз қызметін заңдастыру үшін бірнеше нұсқаны пайдалана алады:

1. Салықтық әкімшілендіру мақсатында салық заңнамасына сәйкес кез келген салық режимін таңдау.

2. Кәсіпкерлік кодекстің 35-бабының 3-тармағына сәйкес, тұрақты негізде жалдамалы қызметкерлерді пайдаланбайтын жеке тұлғалар кейбір жағдайларда жеке кәсіпкер ретінде тіркелмеуге құқылы. Салықтық әкімшілендіру үшін жеке табыс салығы бойынша декларация тапсырып, ағымдағы салық кезеңінде жеке табыс салығын төлеу жеткілікті.

3. Платформалық жұмыспен қамту аясында (интернет-платформалар арқылы) әлеуметтік қорғау жүйесіне қатысу үшін салықты жеңілдетілген режимде төлеу мүмкіндігі бар.

Өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтарға медициналық қызметтердің толық спектріне қол жеткізу және жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатысу үшін Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры мен Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына (БЖЗҚ) ерікті жарналар жасау мүмкіндігі ұсынылған. Бұл оларға әлеуметтік төлемдер алуға және қатысу өтіліне қарай базалық зейнетақы төлемдерін алуға мүмкіндік береді.

Еңбекпен қамтылған азаматтардың әлеуметтік қорғау деңгейі міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесі арқылы әлдеқайда жоғары болғандықтан, азаматтарға әлеуметтік қорғау алу мақсатында жұмысқа орналасу немесе кәсіпкерлік қызметпен айналысу ұсынылады.

Министрлік ауылшаруашылығындағы жұмыспен қамтуды заңдастыру жұмыстарын да жалғастыруда, бұл ауылдық аймақтардың орнықты дамуын қамтамасыз ету жолында маңызды міндет болып табылады. Ұлттық статистика бюросының мәліметтеріне сәйкес, 2023 жылы Қазақстанның ауылшаруашылығында 1,1 млн адам жұмыспен қамтылған, оның жартысынан астамы – өзін-өзі жұмыспен қамтығандар. Ауылшаруашылығындағы орташа жалақы республикалық деңгейден екі есе төмен, бұл ауылдық аймақтардағы бейресми жұмыспен қамтудың жоғары деңгейі мен әлеуметтік қорғалудың төмендігін көрсетеді.

Ғылыми қауымдастықпен және Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесе отырып, соңғы 24 жылдағы климаттық деректер талданды. Әрбір өңірдегі климат пен топырақ ерекшеліктерін ескере отырып, нақты ұсыныстар жасауға мүмкіндік беретін математикалық модельдер құрылды. Бұл модельдер механикаландырылған жұмыстар кешенін нормативтеу және ауылдық аймақтарда нақты жұмыспен қамтуды ұйымдастыруды қамтамасыз ету үшін қолданылады.

Сондай-ақ ауылдағы жұмыс орындарының жаңа формаларын – вахталық және маусымдық жұмысты, мобильді кәсіпкерлікті енгізу бағытында жұмыстар жүргізілуде. Бұл:

- жұмыспен қамту құралдары арқылы сұранысқа ие және төмен ақы төленетін кәсіптерді субсидиялау арқылы жұмыс берушілерді ынталандыруды;

- дайын бизнес идеялардың мобильділігін қолдау арқылы кәсіпкерлік бастамаларды кеңейтуді;

- жазғы демалыс кезеңінде студенттерге қосымша табыс табу мүмкіндігін қамтиды.

Бұл жүйені енгізу ауылшаруашылығындағы ресурстарды тиімді пайдалануға, оның жалпы ішкі өнімдегі үлесін арттыруға, жұмыспен қамтуды заңдастыруға және ауылдық аймақтардан қалаға миграциялық ағымдарды төмендетуге ықпал етеді. 

 

Мүгедектікті  белгілеуде қағазбастылықты азайту,  әділ бағалау – өзекті мәселе

 

– Мүгедектікті белгілеу критерийлеріне, мүгедектік мерзімін белгілеу жағындағы белгілемелерге қарата сын айтылып жатады. Мұнда нақтылы жағдайды зерделеуден гөрі қағазбастылыққа бой ұру бар секілді. Мысалы ұйқы безінің біраз бөлігін алып тастаған адамды үшінші топтағы мүгедек ретінде 6 жыл бақылап барып екінші топқа өзгерту қаншалықты қисынға сияды? Не үшін екінші топқа жатқызбасқа...

– Мүгедектік белгілеу критерийлері мен мерзімдері Әлеуметтік кодекс пен «Медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізу қағидаларына» сәйкес реттеледі. Мүгедектік тобы үш факторға негізделеді: ағза функцияларының тұрақты бұзылуы, өмір сүру қабілетінің шектелуі және әлеуметтік қолдауға қажеттілік. Бұл процесс кешенді тәсілді талап етеді, оның ішінде медициналық көрсеткіштерді талдау және өзіне-өзі қызмет көрсету мен еңбекке қабілеттілігін бағалау бар.

Ұйқы безінің бір бөлігін алып тастау – күрделі операция және мүгедектік тобы функциялардың жоғалу дәрежесіне және мүмкін болатын асқынуларға байланысты белгіленеді. Ұйқы безінің бір бөлігін алып тастаған пациент жағдайында, медициналық комиссия оның сол кездегі денсаулық жағдайына сүйене отырып, оған үшінші топ мүгедектігін тағайындаған болуы мүмкін. Денсаулығы нашарлап, қосымша асқынулар анықталған жағдайда ғана оның тобын екінші топқа көтеру мүмкіндігі туындады, сондықтан оның мүгедектік мәртебесі қайта қаралды.

Медициналық-әлеуметтік сараптама қағидаларына сәйкес, денсаулық жағдайының өзгеруі ағза функцияларының тұрақты бұзылуына әкелсе, мүгедектік тобы ауырлау топқа өзгертілуі мүмкін. Сондықтан алты жыл бойы бақылауда болған пациентті кейінгі тексеру кезінде осындай өзгерістер анықталып, оның үшінші топтан екінші топқа ауысуына себеп болған.

Естеріңізге сала кетейін, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің VI отырысында Мемлекет басшысы ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін барынша қолайлы жағдай жасауды, олардың инстанциялар мен қағазбастылық бойынша жүруін, сондай-ақ көрсетілетін қызметті берушілердің көрсетілетін қызметті алушылармен байланысын болдырмауды тапсырды. 

Осы тапсырманы орындау мақсатында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Денсаулық сақтау мен Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрліктерімен бірлесіп Қазақстанның барлық 20 өңірінде пилоттық режимде медициналық-әлеуметтік сараптама (МӘС) жүргізудің сырттай форматы бойынша жобаны іске асыруда.

2024 жылдын басынан бастап мүгедектік тобын белгілеу үшін медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізудің сырттай форматы бойынша пилоттық жобаны іске асыру шеңберінде Қазақстанның барлық өңірлерінен 77,2 мыңнан астам өтінім қаралды. Бүгінгі күні сырттай форматта куәландыру 30 нозологиялық нысан бойынша жүргізіледі. 

2023 жылы 76,4 мыңнан астам өтінім сырттай форматта қаралды, бұл куәландырудан өткен мүгедектігі бар адамдардың жалпы санының 30,4%-ын құрайды.

Мүгедектік тобын белгілеу жөніндегі қызметті алу үшін өтініш берушіге тұрғылықты жері бойынша емханаға жүгіну және қажетті тексеруден өту қажет, қалған процестер ақпараттық жүйелерді интеграциялау есебінен оның қатысуынсыз өтеді.

Сырттай куәландыруға көшу:

- әкімшілік және бюрократиялық кедергілерді жояды;

- МӘС сараптамалық шешімдерінің ашықтығын қамтамасыз етеді;

- мүгедектікті белгілеу және мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау шараларын анықтау бойынша қызметтерді үйден шықпай-ақ алуға мүмкіндік береді;

- көрсетілетін қызметті алушының көрсетілетін қызметті берушімен тікелей байланысын болдырмайды, сол арқылы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтады.

Біздің министрлік МӘМС жүйесін қолжетімді әрі ашық ету үшін белсенді жұмыс істеуде. Енгізіліп жатқан жаңашылдықтар арасында мыналар бар:

- медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізу мақсатында дәрігерлік-консультациялық комиссияның жолдамаларын жергілікті жерлерде орталықтандыру;

- ампутациялар, туа біткен патологиялар және Даун аурулары сияқты кейбір аурулар бойынша мүгедектікті автоматты түрде тағайындау, бұл бюрократиялық кедергілерді азайтады;

- МӘМС-ке жібергенде балдық жүйені енгізу, мұнда бұзылу деңгейі балмен бағаланады, бұл неғұрлым негізделген шешімдер қабылдауға мүмкіндік береді. 

Біз сондай-ақ қашықтықтан қаралатын аурулар тізімін кеңейтудеміз. Бұл шаралар куәландыру сапасын арттыруға, қарау мерзімдерін қысқартуға және азаматтардың жағдайын әділ бағалауға бағытталған, артық бюрократиялық кедергілерсіз.

– Шетелден келетін жұмысшылар еліміздегі еңбек нарығына сөзсіз әсер ететіні анық. Бұл әсіресе ТМД елдері мен визасыз режим енгізілген Қытайдан келетін азаматтардан анық байқалуда. Қазір, шыны керек, визасыз режимді пайдаланып Қазақстанға келіп алып, жылдар бойы осында жұмыс істеп жатқандар бар. Бұл мәселелерді қалай реттеуге болады?

– Қазақстанның Еуразиялық экономикалық одақ сияқты аймақтық интеграциялық бірлестіктерге қатысуы өзара міндеттемелерді көздейтіні рас. ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің азаматтары еңбек қызметін әр елдің еңбек заңнамасына сәйкес атқара алады. Алайда Қазақстанның еңбек көші-қоны саласында тәртіп пен бақылауды қамтамасыз ету үшін белсенді шаралар қабылдап жатқанын атап өту маңызды.

Мәселен, Қазақстан мен Қытай арасында визалық талаптардан өзара босату туралы келісімге сәйкес екі ел азаматтарына бір сапарда 30 күннен артық және жалпы алғанда 180 күн ішінде 90 күннен артық болуға рұқсат етіледі. Ұзақ мерзімге қалу және еңбек қызметін жүзеге асыру үшін тиісті санаттағы виза қажет. Сонымен қатар, визасыз режимде жұмыс істеу, оқу немесе миссионерлік қызметпен айналысу құқығы қарастырылмаған және бұл талаптар ішкі істер органдарының қатаң бақылауында.

Қазақстан аумағында көші-қон талаптарын реттеу мен сақтауды бақылау мақсатында биыл ішкі істер органдары бірқатар шаралар жүргізді. Нәтижесінде, 71,8 мың шетелдік азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 8,9 мың азамат сот шешімімен елден шығарылды.

2023-2027 жылдарға арналған Көші-қон саясаты тұжырымдамасы аясында министрлік migration.enbek.kz миграциялық ресурстар порталын іске қосты. Бұл платформа шетел азаматтары туралы мәліметтерді, олардың елге кіруі, шығуы және ел ішіндегі қозғалысын орталықтандыруды қамтамасыз етеді, бұл Қазақстандағы көші-қон үдерістерін бақылауды және басқаруды айтарлықтай жеңілдетеді.

Осылайша, Қазақстан ұлттық еңбек нарығындағы қауіпсіздік пен тұрақтылықты сақтау мақсатында көші-қонды реттеу бойынша кешенді шараларды қолдануды жалғастыруда.

 

Компаниялар  шетелдік мамандарды жергілікті мамандармен алмастыруға міндетті

 

– Мемлекет барынша қолдау көрсетіп отырған шетелдік инвесторлар, өздері ашқан кәсіпорындарында түрлі сылтауларды көлденең тартып жергілікті азаматтарды жұмысқа алғысы келмейтін жағдайлар бар. Жалпы шетелден келетін инвесторлардың жергілікті азаматтарды жұмыспен қамту мәселесін қаншалықты қадағалап отырсыздар?

– Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі шетелдік компаниялардағы қазақстандық қызметкерлердің жұмыспен қамтылуын қадағалау міндетін жауапкершілікпен атқарады. Инвесторларды тарту – маңызды басымдықтардың бірі, сондықтан мемлекет қазақстандықтарға жаңа жұмыс орындарын ашуға ықпал ететін және жұмыс берушілердің жергілікті кадрларды жұмыспен қамту бойынша міндеттемелерін сақтауын қамтамасыз ететін тиімді жағдайлар жасап отыр.

Инвестициялық басым жобаларға шетелдік мамандарды квота мен рұқсатсыз тартуға жеңілдікті режим қарастырылған. Бұл режим құрылыс кезеңінде және нысанды пайдалануға бергеннен кейінгі алғашқы бір жыл ішінде әрекет етеді. Мұндай жобаларға АЕК-тің екі миллион еселенген көлемінен кем емес инвестиция салынған жаңа өндірістік нысандар жатады. Жеңілдікті кезеңнен кейін компаниялар жергілікті кадрлар үлесін сақтау, салық алымын төлеу және 4-санаттағы шетелдік мамандарды жергілікті мамандармен алмастыру тәрізді жалпы талаптарды орындауға міндетті.

Сонымен қатар, барлық жұмыс берушілер үшін шетелдік жұмыс күшін тартуға қойылатын бірқатар талаптар белгіленген: 

- I және II санаттағы шетелдік қызметкерлер саны жалпы құрамның 30%-нан, ал III және IV санаттағы қызметкерлер саны 10%-дан аспауы тиіс;

- шетелдік мамандардың біліктілігі ұлттық біліктілік стандарттарына сәйкес болуы қажет;

- әрбір шетелдік маман үшін салық алымын төлеу міндетті (санатына байланысты – 137-ден 250 АЕК-ке дейін);

- қазақстандық мамандарды даярлау және қайта даярлау, сондай-ақ кадр құрамында жергілікті кадрлар үлесін арттыру жұмыстары міндетті болып табылады.

Бұл талаптар инвесторлардың мүдделері мен отандық еңбек нарығының қорғалуын теңестіруге мүмкіндік береді. 2024 жылға белгіленген шетелдік жұмыс күшін тарту квотасы 0,23% немесе 22 мың адамды құрайды, бұл өткен жылмен салыстырғанда 0,9%-ға төмен. 2024 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша Қазақстанда 1 799 компанияда ресми түрде 14 235 шетелдік азамат жұмыс істейді. Сонымен қатар, осы кәсіпорындарда қазақстандық қызметкерлердің үлесі 95%-дан асады, бұл жергілікті кадрлар үлесі бойынша талаптардың табысты орындалғанын көрсетеді.

Талаптардың орындалуын бақылауды күшейту мақсатында министрлік жергілікті кадрларға қойылатын талаптардың сақталмауы жағдайында шетелдік мамандарды тартуға 12 ай мерзімге шектеу енгізуді көздейтін бұйрық жобасын әзірледі. Бұйрықты қабылдау жақын арада жоспарлануда.

Бұл шаралар инвестицияларды тартуға, қазақстандықтар үшін жаңа жұмыс орындарын құруға және ішкі еңбек нарығын қорғауға бағытталған. Біз шетелдік бизнеске қолдау көрсетуді көздейміз, сондай-ақ компаниялардың және азаматтардың жұмыспен қамту құқықтарын қорғау арасындағы мүдде тепе-теңдігін қамтамасыз етуге ұмтыламыз. 

– Жұмысшылардың құқықтарын қорғау жағында терең зерттеуді қажет ететін мәселелер сақталып отыр. Мысалы Астанада құрылыста жүріп жазым болған адамдардың аузына арақ құйып жіберіп, бүкіл жауапкершілікті марқұмның өзіне артып жіберетін «пысықтар» туралы әңгімелер бар.  Осындай келеңсіздіктер туралы ақпараттар сіздерге жете ме?

– Астана қаласындағы құрылыс нысандарында биылғы жылдың тоғыз айында 28 адам жарақат алып, 8 адам қайтыс болды. Әрбір қайғылы жағдай бойынша еңбек инспекциясы арнайы комиссиялар құрып, жан-жақты тексеру жүргізді. Тергеу барысы мен нәтижелері қатаң бақылауда болды және біз әр жағдай бойынша жауапкершілікпен мәлімдейміз: оқиға кезінде зардап шеккендердің алкогольдік ішімдік қолданғаны анықталған жоқ. Қызметкерлердің құқықтары мен қауіпсіздігін қорғаудың маңыздылығын түсіне отырып, мұндай оқиғалардың барлығы барынша мұқият және жауапкершілікпен зерттеледі.

Жалпы республика бойынша ағымдағы жылдың осы кезеңінде 971 қызметкер зардап шекті, бұл өткен жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 2,4%-ға төмен (2023 жылы – 995 адам). Қайтыс болғандар саны 9,7%-ға азайып, 131 адамды құрады (2023 жылы – 145 адам). Бұл көрсеткіштер жұмыс орындарында жарақаттану деңгейін төмендетуге деген ұстанымымызды көрсетеді.  

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі еңбек қауіпсіздігі талаптарының сақталуын бақылауды жетілдіру бағытында белсенді жұмыс атқаруда, ал қауіпсіздік және еңбек қорғау мәселелері ерекше назарда. 

Денсаулыққа қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету мақсатында министрлік кешенді шараларды жүзеге асыруда. 

2019 жылдан бастап «Нөлдік жарақаттану – Vision Zero» тұжырымдамасы ілгерілетілуде, ол 7 алтын ережені қамтиды. Қазіргі уақытта 580-ден астам кәсіпорын осы Тұжырымдамаға қосылды. 

Республика кәсіпорындарында 18 мыңнан астам өндірістік кеңес құрылып, жұмыс істеуде, онда 24 мыңнан астам техникалық инспектор еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша қызмет атқаруда. 

Еңбек кодексіне енгізілген өзгерістерге сәйкес, құрылыс алаңдарында бірнеше ұйым (екі және одан көп) бір мезгілде жұмыс істегенде, қауіпсіздік және еңбек қорғау талаптарын орындауды жалпы үйлестіруді бас мердігер жүзеге асырады. Бұл вертикалды бақылауды қамтамасыз етеді: бас мердігер – мердігер. Бүгінгі таңда 270-тен астам кәсіпорын осындай бақылау моделін енгізді.  

Өткен жылдың соңында Үкімет қаулысымен 2030 жылға дейінгі Қауіпсіз еңбек тұжырымдамасы бекітілді. Құжат тәуекелге бағдарланған тәсіл негізінде еңбек қауіпсіздігін басқарудың ұлттық жүйесін жаңғыртуды, кәсіби тәуекелдерді төмендету шараларын экономикалық ынталандыруды, еңбек қорғау саласындағы кәсіби құзыреттер мен ғылыми әлеуетті дамытуды, сондай-ақ бақылау мен мониторинг тиімділігін арттыруды көздейді. 

Министрлік Тұжырымдаманы белсенді жүзеге асыруға кірісті. Отбасының цифрлық картасы сияқты, Кәсіпорындардың цифрлық картасы құрылды, ол нақты уақыт режимінде еңбек жағдайларын бақылауға мүмкіндік береді. Мониторингке қажетті мәліметтерді мемлекеттік еңбек инспекторларымен қатар, кәсіподақтар да енгізетін болады. Кәсіпорын картасында кәсіподақтарға жеке жұмыс орны жасалады. Барлық бизнес-процестер автоматтандырылады, соның ішінде жұмыс орнын бағалау, жеке қорғаныс құралдары мен басқа кепілдіктерді ұсыну, барлық деңгейлерде еңбек қауіпсіздігі бойынша білімді тексеру шаралары.

Тұжырымдаманы жүзеге асырудың нәтижесінде әлеуметтік серіктестіктің барлық тараптары үшін оң нәтиже күтілуде. Қызметкерлер үшін – өмір сүру сапасын арттыру және денсаулықты сақтау; жұмыс берушілер үшін – қауіпсіз жұмыс орындарын құруға экономикалық қызығушылық және еңбек өнімділігін арттыру; мемлекет үшін – әлеуметтік-экономикалық даму және елдің бәсекеге қабілеттілігін арттыру.

Жоғарыда аталған шаралардың жүзеге асырылуы өндірістік жарақаттану мен кәсіби аурулар деңгейін төмендетуге, біліктілікті арттыруға және еңбек жағдайларын жақсарту бойынша экономикалық ынталандыруды күшейтуге ықпал етеді деп үміттенеміз.

– Уақытыңызды  бөліп,   сұрақтарымызға жауап бергеніңізге көп рақмет!

 

 

 

Сұхбаттасқан – Ерқазы СЕЙТҚАЛИ
13.11.2024

Ұқсас жаңалықтар

Төбет – қазақтың ұлттық бренді
Жасұлан АБДИҒҰЛОВ, Қуат НҰРҒАЛИЕВ, әуесқой итбегілер - 09.12.2024 78
  Алтын қолды дәрігер
Аяужан ЖАЙЛАУҚЫЗЫ, Алматы қаласы - 08.12.2024 31
Шымкент – ауылшаруашылығына қолайлы өңір
Ш.МЕКЕНБАЙҰЛЫ, Шымкент қаласы - 08.12.2024 87
Шығыста шаруа қазаны қаз-қаз қайнап тұр
Дәулетбек БАЙТҰРСЫНҰЛЫ, «Мөлдір бұлақ» журналының Бас редакторы - 08.12.2024 91
АБАЙ ЕЛІНДЕ АЛАШТЫҢ РУХЫ БАР
Дәулетбек БАЙТҰРСЫНҰЛЫ, «Мөлдір бұлақ» журналының Бас редакторы - 08.12.2024 96
Шығыста шаруа қазаны қаз-қаз қайнап тұр
Дәулетбек БАЙТҰРСЫНҰЛЫ, «Мөлдір бұлақ» журналының Бас редакторы - 08.12.2024 91
АБАЙ ЕЛІНДЕ АЛАШТЫҢ РУХЫ БАР
Дәулетбек БАЙТҰРСЫНҰЛЫ, «Мөлдір бұлақ» журналының Бас редакторы - 08.12.2024 96
Шымкент – ауылшаруашылығына қолайлы өңір
Ш.МЕКЕНБАЙҰЛЫ, Шымкент қаласы - 08.12.2024 87
Ақмола астық жинаудан рекордтық көрсеткішке жетті
Дайындаған – Ерқазы СЕЙТҚАЛИ - 07.12.2024 85
РЕСЕЙ ПРЕЗИДЕНТІНІҢ КӨКСЕГЕНІ НЕ?
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 07.12.2024 82
Ән өнерінің саңлағы
Саяжан ҚАЙДАР - 06.12.2024 93
ТҮРЛЕНГЕН ТҮРКІСТАН, ҒИБРАТЫ МОЛ КИЕЛІ МЕКЕН
Дәулетбек БАЙТҰРСЫНҰЛЫ, «Мөлдір бұлақ» журналының Бас редакторы - 06.12.2024 92
Тоқсанның төріндегі театр
Сәтжан ҚАСЫМЖАНҰЛЫ, Абай облысы - 06.12.2024 87

Топ жаңалықтар

1
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 10371
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 9351
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 12591
4
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 11563
5
Өркенді қала-қуатты өңірге жетелейді
Show more
Дахан Шөкшир - 2023-06-02 16574