Ата Заң мемлекет тағдырын шешеді

Ата Заң мемлекет  тағдырын шешеді

Конституциямыздың жаңа жобасын таңғы сағат 04:01-ге дейін отырып, асықпай оқып шықтым.

Тағы қайталап айтам, Құраннан кейінгі қасиетті құжат – Конституция! Бұл құжат біздің тағдырымызды шешеді.

Ата Заңның бұл жобасын сыпырмайым жоққа шығарудан мүлде аулақпын. Керемет жақсы нормалар бар!

Енді осыған байланысты өз ойларымды ортаға салайын.

 

Бірінші, сөйлемдердегі  олпы-солпылық сауатты түзетілген.

Бірден байқағаным, бұрынғы нормалардың сөйлем құрылысындағы олпы-солпылық жақсы реттеліпті. Мысалы, мен үнемі жыртысын жыртып келе жатқан 21-баптың бірінші тармағы бұрын былай болатын:

- Қазақстан Республикасы аумағында заңды түрде жүрген әрбір адам, заңда көрсетілгеннен басқа реттерде, оның аумағында еркін жүріп-тұруға және тұрғылықты мекенді өз қалауынша таңдап алуға құқығы бар.

Енді осы норма жаңа Жобада 24-баптың бірінші тармағы болып, былай түзетіліпті: 

- Заңда белгіленген жағдайларды қоспағанда, Қазақстан Республикасының аумағында заңды түрде жүрген әр адамның ел аумағында еркiн жүрiп-тұруға және тұрғылықты жерін еркін таңдауға құқығы бар.

Тамаша! Оқып, қатты риза болдым.

Жаңа Жобада мұндай түзетулер өте көп. Бұрынғы қызыл ескертулерден түгел арылыпты. Тіпті, бастан-аяқ түзетіліпті десе де болады. «Жаңа Конституция» десе, дегендей...

Жалпы, сонша көп түзетулердің ішінен осы 24-бапты мысалға алуымның өзіндік себебі бар. Бұл бапқа менің жаным ашиды. Біздің атқарушы билік пен заң шығарушы орган осы баптың басынан аттап өтіп, 2023 жылы 19 сәуірде Атажұртына оралған этникалық қазақтарға «Халықтык көші-қоны туралы» заңның 20-бабының 5) тармағы арқылы ӨҢІРЛІК ШЕКТЕУ қойып тастаған ғой. Сөйтіп, олардың тұрғылықты жерін еркін таңдау құқығын шектеп тастаған.

Ең қызығы, сол өңірлік шектеудің біз атап отырған бапқа мүлде қайшы екенін біліп не білмей, Конституциялық сот оң қорытынды бере салған...

Сол норма әлі күшінде тұр, бірақ арғы беттен оралған ағайындар Үкімет айқындаған облыстардан өзге өңірлерге де қоныстанып, азаматтықтарын алып жатыр.

 

Екінші, «еркін» мен «жетіктің» айырмасы жер мен көктей!

Сосын, қолданыстағы Конституция бойынша, қысқартып айтсақ, Қазақстан Республикасының Президенті мемлекеттік тілді еркін меңгерген Республика азаматы сайлана алады. Осы талап Конституцияның жаңа жобасында «мемлекеттік тілді жетік меңгерген» деп өзгертіліпті.

Әрине, «еркін» мен «жетіктің» айырмасы Жер мен Көктей!

Қазақ тілін еркін меңгерген адам күнделікті үйреншікті сөздерді біледі және сонымен сөйлесе береді. Бірақ, Тұңғыш Президент секілді мақалдап-мәтелдеп, еркін көсіле алмауы мүмкін.

Жетік меңгерген кісі қазақ сөзінің астарын, бұлың-бұшпағын, ишарасын қалт жібермейді, сөйлегенде шапқан аттай, атқан оқтай кетеді…

«Еркіннің» «жетікке» өзгертілгені өте дұрыс болған!

Құтты болсын!

 

Үшінші, мен «ереуілді» есікке лақтырып тастауға түбегейлі қарсымын!

Бұрынғы Конституцияның 24-бабының үшінші тармағы былай болатын:

- Ереуіл жасау құқығын қоса алғанда, заңмен белгіленген тәсілдерді қолдана отырып, жеке және ұжымдық еңбек дауларын шешу құқығы мойындалады.

Өкінішке орай, Конституцияның жаңа жобасында бұл норма былай өзгертіліпті:

- Заңда белгіленген тәсiлдерді қолдана отырып, жеке және ұжымдық еңбек дауларын шешу құқығы танылады.

Мен «ЕРЕУІЛДІ» есікке лақтыруға түбегейлі қарсымын!

Бұл – демократия мен сөз бостандығының тамырына балта шапқандық болып табылады.

Айтыңызшы, кілең құқық қорғау органдарына сүйеніп ӘДІЛЕТТІЛІК орнатуға бола ма?! 

Оның екінші жағында тәуелсіз БАҚ пен азаматтық қауым тұрмаса, атқарушы билік пен құқық қорғау органдары білгенін істемей ме?!

Міне, ЕРЕУІЛ дәл осы жерде керек!

Оның үстіне, соңғы жылдары жұрт ереуілге шығып та жырғатып жатқан жоқ. Қылт еткенін полиция ала жөнеледі, айыппұл салады, қамайды, тіпті соттап та жібереді…

Ең құрығанда, жеке және ұжымдық еңбек дауларын шешу үшін деген сылтаумен демократияның жұрнағы болып, «ЕРЕУІЛ» деген сөз Конституцияда тұруы керек.

Әйтпесе, әлемдік қауымдастықтан ұят болады…

 

Төртінші, меніңше, осы нормасындағы сөйлем  құрылысы толық емес секілді.

Сосын, Конституцияның жаңа жобасында «...Қазақстан Республикасының Құрылтайы Қазақстан Республикасы Президентінің сайлауын өткізу туралы (?) жариялайды.» деген норма бар екен.

Жаңылмасам, 51-баптың 2. тармағы.

Меніңше, осы нормасындағы сөйлем құрылысы толық емес секілді.

Қазақстан Республикасының Құрылтайы Қазақстан Республикасы Президентінің сайлауын өткізу туралы НЕНІ жариялайды?

Жұмыс тобы бұл норманы назарына алып, сөйлемдік жағын дұрыстайды деп сенемін.

Мүмкін, мен қателесіп отырған шығармын…

 

Алтыншы, президенттік институт үш билікті, керек болса, бір-ақ құзыретпен уысында ұстап отырады.

Менің байқауымша, Ата Заңның өзгеруіне, екі палатаның біріктірілуіне ешкім қарсы болған жоқ. Бірақ, жаңа Жобаға көңілі толмайтындар жетерлік көрінеді.

Оларға Парламенттік комиссия мен Жұмыс тобының тотықұстай сайраған мүшелері де дес беретін емес! Бірінен соң бірі сөз алып, шетінен көсіле сөйлеп, жаңа Жобаның мақтауын асырып-ақ жатыр. Тақырыптарды біреу бөліп берген секілді, бірінің сөзін екіншісі еш қайталамайды.  Ең қызығы, олар Жұмыс тобының мүшесі бола тұрып, өздері тарапынан қай бапқа қандай норма ұсынғанын немесе қай баптан қай норманы алып тастау керектігі туралы бір ауыз сөз айтпайды. Тек, Президенттің Ұлттық құрылтайда ортаға салған ұстанымдарын бөліп-бөліп алып, қайталаумен болды...

Жаңа Конституцияның жобасы осы беті қабылданса, Президент баяғыдай Республика Парламентіне және оның Палатасына кезекті және кезектен тыс сайлау тағайындай береді.

Президенттік институттың осы және қолданыстағы Конституцияның 44-бабындағы құзыреттері өзгерген жоқ. 

Қайта, Президенттік институттың құзыреті одан ары арта түскені, Құрылтайды таратудың, тарата салудың тетігі ерекше көбейіп кеткені байқалады. 

Енді жаңа Жоба бойынша Құрылтай қандай жағдайда таратылады екен, соған назар аударып көрейік.

- Құрылтай Қазақстан Республикасының Вице-Президентін тағайындауға келісім беруден қайта бас тартқан жағдайда Қазақстан Республикасының Президенті Құрылтайды таратады;

- Құрылтай Қазақстан Республикасының Премьер-Министрін тағайындауға келісім беруден қайта бас тартқан жағдайда Қазақстан Республикасының Президенті Құрылтайды таратады;

- Құрылтай Конституциялық Сот судьяларын, Орталық сайлау комиссиясы мен Жоғары аудиторлық палата мүшелерін тағайындауға келісім беруден қайта бас тартқан жағдайда Қазақстан Республикасының Президенті Құрылтайды таратады;

- Құрылтай Төрағасын сайлаудан қайта бас тартылған жағдайда Қазақстан Республикасының Президенті Құрылтайды таратады;

- Қазақстан Республикасының Президенті Құрылтай келісімімен тағайындалатын лауазымға Президент ұсынған кандидатураны тағайындауға келісім беруден қайта бас тартылған, сондай-ақ Құрылтай Төрағасын сайлаудан қайта бас тартылған жағдайда Құрылтайды таратады…

Өз басым реформаға қарсылардың да, көңілі толмайтындардың да қатарында емеспін. «Мына бабы былай болуы керек!» дегендердің сапындамын. 

Мысалы, маған салса, жоғарыда айтқан, «Республика Парламентіне және оның Палатасына кезекті және кезектен тыс сайлау тағайындайды» деген құзыретті президенттік институтқа қалдырып, 44-баптағы қалған мемлекеттік құзырлы орган басшыларын тағайындау құқығын түгел Құрылтайға берер едім.

Бірақ, бұдан президенттік институттың құзыреті кеміп қалмайды.

Президенттік институт, керек болса, «Республика Парламентіне және оның Палатасына кезекті және кезектен тыс сайлау тағайындайды» деген «жалғыз» құзыретпен-ақ үш билікті уысында ұстап, ойнатып отырады.

Егер үш билік арасында дағдарыс туындаса, Президент осы құзыреті арқылы Құрылтайды таратып кеп жібереді. 

Қайтадан жаңа Құрылтай жасақталады, атқарушы билік пен сот тармағына қайтадан жаңа басшы тағайындалады.

Осы тәсілмен үш шайқап алса, бәрі орнына келгелі тұр...

Қазақстанда лауазым атаулыға бәсекелестікпен жету дәстүрі жоқ! Бәсекелестікке түсіп, қарымы мен қабылетін дәлелдей алмаған беймәлім үміткер үшін мемлекеттің қаншама қаржысын сарып қып жасақтаған Құрылтайды тарата беруге қарағанда, бұл әлдеқайда тиімді болар еді. 

Сонда ғана үш билік арасындағы тежемелік пен тепе-теңдікті қамтамасыз етуге  болады!

Ең бастысы, бәсекелестік пен таңдау салтанат құрады...

Сезгенім, мына Жұмыс тобы ондай қадамға баратын емес!

 

Президенттің «...ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» формуласы тағы да сөз, ұрын күйінде қалып барады.

Менің ішімнің удай ашығаны, Президенттің «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» формуласының соңғы екі бөлігі тағы да сөз, ұрын күйінде қалып бара жатқандығы.

Жаңа Жобада «...ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қалыптастыратын нақты бірде-бір тетік жоқ екен.

Баяғы «тағайындауға келісім бередіден» аяқ алып жүре алмайсың. Одан қалса,  қаптаған «есебін тыңдайды» мен «есептерін талқылайды» деген қауқарсыз құзыреттер.

Жаңа Жобадағы 57-баптың 13) тармақшасы болып енген «Құрылтай депутаттары жалпы санының кемінде бестен бірінің бастамасымен Құрылтай депутаттары жалпы санының көпшілік дауысымен Үкіметке сенімсіздік вотумын білдіруге құқылы» деген құзыреттен зор үміт күтуге болады.

Бірақ, Мәжілістің Қолданыстағы Конституциядағы (57-бап) «6) Палата депутаттары жалпы санының кемінде үштен бірінің бастамасы бойынша Республика Үкіметі мүшелерінің өз қызметі мәселелері жөніндегі есептерін тыңдауға хақылы. Есепті тыңдау қорытындылары бойынша Үкімет мүшесі Республика заңдарын орындамаған жағдайда Палата депутаттары жалпы санының кемінде үштен екі көпшілік даусымен оны қызметінен босату туралы Республика Президентіне өтініш жасауға хақылы. Мұндай жағдайда Республика Президенті Үкімет мүшесін қызметінен босатады» деген керемет құзыретін бір рет те кәдеге жарата алмағанын, ең құрығанда, бір Үкімет мүшесін кетіруге батпағанын ескерсек, Құрылтайдың жаңа Жобадағы 57-баптың 13) тармақшасын пайдаланып, Үкіметке сенімсіздік вотумын білдіре қояды дегенге сенім аз.

Тіпті, Үкімет басын қойып, Республика заңдарын орындамаған Үкімет мүшесі босатуға өтініш жасай алмай,  56-баптың 17-тармағын да қор қыла ма деп қорқамын.

Одан гөрі Құрылтайға мен ұсынған «Үкімет пен Жоғары аудиторлық палатадан республикалық бюджеттің атқарылуынан есеп алатын алады» деген құзырет берілсе, жаңа Конституциядан Президенттің «...ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» формуласының, ең құрығанда, сұлбасы көрінер еді... 

 

Жетінші, сайлаушылардың тікелей бірде-бір дауысын алмаған кандидаттарды Орталық сайлау комиссиясы құрылтай депутаттығына қалай іріктемек?!

Бұл – мені бәлен жылдан бері толғантып келе жатқан сұрақ. Осы жолғы Парламенттік реформа қарсаңында тіпті мазамды кетірді.

Қазақстан Республикасы Конституцияның жаңа Жобасында «Құрылтай конституциялық заңда белгіленген тәртіппен біртұтас жалпыұлттық сайлау округінің аумағы бойынша пропорциялы өкілдік жүйесі негізінде сайланатын бір жүз қырық бес депутаттан тұрады» (53-баптың бірінші тармағы) деп жазылыпты.

Ал, осы Жобаның 36-бабының екінші тармағында былай деп жазылған:

– Қазақстан Республикасы азаматтарының мемлекеттік органдар мен жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарын сайлауға және оларға сайлануға, сондай-ақ жалпыхалықтық референдумға қатысуға құқығы бар.

Көрдіңіз бе, «Қазақстан Республикасы партияларының» емес, «Қазақстан Республикасы азаматтарының» деп тұр. Сондықтан, сайлаушылар ең алдымен «Қазақстан Республикасы партияларын»  емес, «Қазақстан Республикасы азаматтарын» сайлауға құқықты;

Ал, сайлануға ең алдымен «Қазақстан Республикасы партиялары» емес, «Қазақстан Республикасы азаматтары» құқықты.

 

Астын сызып тұрып, мұқият оқыңызшы, осы жерде ерекше ескеретін тағы бір өте ҚЫЗЫҚ әрі тым КҮЛКІЛІ үш сұрақ бар.

Конституцияның жаңа Жобасының 53-бабының бірінші тармағы бойынша, сайлаушылар партиялық тізіммен сайлауға түскен кандидаттарға емес, тек қана партияға дауыс береді.

Сөйтіп, біздің болашақ жаңа Конституцияның 36-бабына сай, Партиялық тізіммен сайлауға түсіп, ең көп дауыс алған Қазақстан Республикасы азаматы Құрылтай депутаты болып сайлану керек қой.

Сонда, сайлауда партия ұсынған кандидаттар өздеріне қай өңірдің сайлаушылары қанша дауыс бергенін және өзінің жалпы сайлау қортындысы бойынша қанша дауыс алғанын қалай есептейді?! 

Немесе, партиялық тізіммен сайлауға түскен, бірақ сайлаушылардың тікелей дауысын алмаған кандидаттарды Орталық сайлау комиссиясы Құрылтай депутаттығына қалай іріктемек?!

«Құрылтай депутаттары жалпыға бірдей, тең жəне төте сайлау құқығы негізінде жасырын дауыс беру арқылы сайланады» деген жаңа Конституцияның 54-бабының бірінші тармағы қайда қалды?!

Осы үш сұрақты ойласам, жоғарыдағы Қазақстан Республикасы Конституциясының жаңа Жобасының 53-бабы мен 54-бабының бірінші тармақтарына қарап, еңіреп тұрып жылағым келеді!

Президентіміздің Әділетті Қазақстан идеясы және Заң мен Тәртіп қағидаты жаңа Конституциядан көрініс тауып, салтанат құрып жатқан кезде, Президент Әкімшілігі мен партия басшылары «Мына партиядан мұнша депутаттар болсын...» деп, 145 депутаттық орынды үш жүздің баласы мен диаспора өкілдеріне «лайықтап» бөліп беретін тұрпайы дағды ескі Конституциямен бірге кетуі керек!

Егер Құрылтай депутаттары бұрынғы «сайлаулардағыдай» жалаң партияларға «дауыс беру» тәртібімен «сайланса», онда болашақ жаңа Конституцияның да 53-бабы мен 54-бабының бірінші тармақтары ӨЛДІ деген сөз! 

Жай емес, АРАМ ӨЛДІ деген сөз! Сондықтан, жаңа Жобаның 53-бабының бірінші тармағын төмендегі редакциямен ауыстырып қабылдауды ұсынамын: 

- Құрылтай конституциялық заңда белгіленген тәртіппен біртұтас жалпыұлттық сайлау округінің аумағы бойынша пропорциялы өкілдік жүйесі негізінде кандидат пен сол кандидатты ұсынған партия қатар сайланатын бір жүз қырық бес депутаттан тұрады.

Партиялық тізім бойынша сайлауға қатысты нормаға берген ұсынысымды одан ары дәлелдеп, тағы да ұсынғалы отырмын.

Құдай бұйырса, көресіздер, осы ұсынысым өтеді.

Өтпесе, ұят болады…

Сөз соңында айтарым...

Айтпақшы, Комиссия мүшелері «Ата Заңға енгізілетін өзгерістер ауқымына қарасақ, жаңа Конституция қабылдауымыз керек» деген байлам жасапты. Комиссия мүшелерінің бұл ұсынысын Президент те қолдап отыр екен.

 

Қысқасы, «Жаңа Конституция қабылдауымыз керек!» деген бұл байлам – өте дұрыс бастама және әділетті шешім!

Құдай бұйырса, бұл «Тоқаев Конституциясы» деген атпен тарихқа қалары сөзсіз!!

Құтты болсын!!!

Егер Конституциялық комиссия шынымен жаңа Конституция қабылдауымыз керек деп шешкен болса, онда Комиссия мүшелері мен Жұмыс тобы 1991 жылғы 16 желтоқсанда қабылданған «Қазақстан Республикасының мемлекеттiк тәуелсiздiгi туралы» конституциялық заңын міндетті түрде басшылыққа алуы, оның 18-бабын сөзсіз ескеруі керек!

Онда «Осы Заң Қазақ КСР Мемлекеттік егемендігі туралы Декларациямен бірге Республиканың жаңа Конституциясын әзірлеуге негіз болады.» деп жазылған.

Аталған заңның 7- және 8-баптарындағы шекара сыртында қалған этникалық қазақтарға арналған нормалар түгелімен жаңа Конституциядан сөзсіз көрініс табуы тиіс!

Ауыт МҰҚИБЕК
05.02.2026

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 23073
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 22828
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 38854
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 36365
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 40455